• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2017

Ет дегенде бет бар ма?..

1634 рет
көрсетілді

Күн жексенбі. Облыс орта­лы­ғындағы жергілікті халық «жа­бық базар» деп атайтын сау­да орнының ет сататын сө­ре­лерінің маңы ығы-жығы, иін ті­рескен халық. Әншейінде алу­шыдан сатушы көп болатын. Бұл жолы сатушы аз да, туырылып жатқан етке тамсанатындар көп. Тамсанбағанда қайтсін, сиыр етінің бағасы бұрын-соңды жетпеген деңгейге көтеріліп, соңғы апталарда күрт өсті. Бір килосының бағасы 1700-1800 теңге. Осыдан шамамен бір ай бұрын 1300-1400 теңгеден сатылған. Шынын айту керек, қала тұрғындарының қазанына түсетін еттің дені қара малдікі. Адамның асқазанында келесі күн батқанша қорытылатын қой етінен денсаулығына байланысты тартынатындар көп. Ол кезде жылқы еті тісіңе кірмей, тү­сіңе кіретін. Қара малмен са­лыс­тырғанда әлдеқайда қым­бат-тұғын. Соңғы уақытта ке­рі­сінше баға нарығы қа­лып­тас­ты. Қазір жылқы еті 1500-1600 тең­ге шамасында. Бағаның бұлайша шарықтап кету се­бебін ет сатып тұрған адамдардан сұ­рап білдік. Олардың айтуына қа­ра­ған­да, ең бірінші себебі, облыс орта­лы­ғына жеткізілетін қара мал­дың етін қарағандылық алыпсат­арлар са­тып алып жатыр екен. Шалғайдағы ел­ді ме­кен­­дерден мал етін жеткізетін дел­дал­д­ар­ға әрбір кило ет үшін әдеттегі бағадан үш жүз теңге артық төлейді. Таң сәрі­ден «КамАЗ-дарын» базарға тіреп қоя­ды да, елден ет жет­кіз­ген­дердің қолын­да­ғы­сын көтерме бағамен сатып алады. Бі­ле­тіндердің айтуына қарағанда, Қа­ра­ған­дының өз басында сиыр етінің әр килосының бағасы 2500 теңгеге жетіпті. Оның да себебі бар. Өткен жылы сол өңірде қара мал жұқпалы ауруға ұшы­ра­ған. Қазір Қарағанды об­лысының елді ме­кен­дерінде мал ба­сы күрт азайды деп отыр. Бұрынғы мал­­дың дені санитарлық сақ­тық үшін пы­шаққа іліккен. Біздің облыста мал басы аман.Ке­­мі­ген жоқ, қайта сәл де болса өсе түс­кен. Бұл енді қорадағы емес, қа­ғаз­дағы есеп. – Еттің азаюының себебі мал басы­ның азаюынан емес. Ауылда, мал ішін­­де өскен әрбір адам жақсы білуге тиіс­­ті. Жуан жіңішкеріп, жіңішке үзі­ле­тін қа­раөзек шақта ешкім желіндеп тұр­ған ма­­лын етке тапсырмайды ғой. Са­ты­ла­тын тайын­ша, торпақты өткен күзде өт­кі­зіп бітірген,–дейді облыстық ауыл ша­руашылығы басқармасының мал ша­руашылығы бөлімінің меңгерушісі Се­рік Шайкөзов. – Өткен жылы бұрнағы жыл­мен салыстырғанда қара малдың ба­сы 4 пайызға өсіп, 399 мың басқа жетті. Ет бағасы өсуінің тағы да бірнеше жа­на­ма себептері бар. Мәселен, шал­­ғай­да­ғы шағын ауылдармен қа­ты­най­тын жол­дарды қар басып қал­ды. Оппа қарға ом­былап жүрген жүр­гінші қаптап ет та­сымақ түгілі, қа­ра­қан басын әзер алып жү­­реді. Екін­ші бір себеп, бензиннің қы­м­­б­а­т­тауы. Тағы бір себеп, мал азы­ғын­ың жылдан-жылға көтерілуі. – Мал бағудың да азабы аз емес. Ай­ту­ға ғана жеңіл, әйтпесе, төрт түлік­тің ішінде қара малдың өзіндік құны өте жоғары. Есептеп көрейік, біздің жақта қа­ра мал алты ай қолға қарайды. Алты ай­дың ішінде бір басқа бір тіркеме шөп, бір тонна жем қажет екен делік. Шө­бі­­ңіз­­дің құны 30 мың теңге, жеміңіз де сол шамада. Екеуін қоссаңыз, бір бас қара малды қыстатып шығару үшін ал­пыс мың теңге қаржы керек. Қол­да­ғы малдың тұқымы азып кет­кен. Үш жыл бақпасаңыз пышақ кө­тер­мей­­ді. Сонда қара мал өзіне жұм­сал­­ған шығынды ғана жабады деген сөз ғой. Ал шалғайдағы шағын ауыл­да­­ғы ағайындар маңдай терін сыпы­рып жү­­ріп баққан малын бұлдап өткізе де алмайды. Ол үшін селолық округ әкім­дігінен мал өзіңіздікі екені туралы анықтама аласыз. Одан соң мал дә­рігерінен тағы бір құжат қажет. Бар­саңыз базардан орын тиетіндігіне кө­зіңіз жетіп тұр ма? Осынша мехнатқа өз еңбегіңізді қосыңыз,–дейді Зеренді ау­дан­ындағы Жаңауыл ауылындағы ша­руа қожалығының жетекшісі Құлан Бо­латов. – сондықтан да, басы артық жұ­мыстан қашқан ауыл адамдары мал­да­рын делдалдарға тапсырғанды оңай көреді. Осы арада қадап айта кететін бір өзекті мәселе бар. Қазір делдал­дар ауыл тұрғындарынан қара мал етінің килосын 800-900 теңгеден алады. Ал базарда екі есе қымбат. Сон­да делдал үш жыл бақ­қан мал ие­сі­мен пара-пар табыс табады екен. Егер біз қымбаттады деп отыр­ған ба­ғаны малдың ақ адал иесі алса еш қарсылығымыз жоқ. Ондай жағ­­дай­да қорасындағы бірді-екілі қар­а­ның сү­месімен күн көріп отыр­ған, одан бас­­қа табысы жоқ ауыл тұр­ғы­н­да­ры­ның ең­бегі еш болмас еді. Қай­та сол малдың ар­қасында ес жиып, етек жауып қалар еді. Сондықтан да, тиісті орындар жыл он екі ай мал бағып, қыстың ақырған ая­зына то­ңып, шілденің қара қарғаның миы қай­найтын ыстығына күйіп, бар тау­қы­метін толайым тартып мал баққан адам­­дардың сол малының өнімін еш ке­­дергісіз сата алатындай жағдайын туғ­ызу керек. Сонда барып ауылдың аң­қау қазағы делдалға жем болмайды. Еңбегі жанады. Бұлайша таусылып айтып отыр­ға­нымыздың да себебі бар. Көкшетау қа­ласының тұрғыны, көзі таныс азамат Әміржан Молдағайыпов жұмыссыз қалған соң ет сатумен айналыспақшы болған. Көзі қанықпаған адамға оңай-оспақ шаруа емес. Алдымен құлқын сәріден барып бір тайыншаны көтере сатып алыпты. Енді ет сататын сөре керек. Сөйтсе, базардағы сөрелердің бірі де бос емес. Шеттен келген, көл­де­неңнен қосылған адамның кіруі мүмкін емес екен. Тіпті әрі итеріп, бері итеріп, на­мыс­қа тиер сөз айтып, келеке еткен де, жұ­дырықтасуға дейін барып қалған. Ақыр соңында күнімен тұрып ештеңе өн­діре алмаған соң, алған малының әр килосын 100 теңгеден бағалап, жаңағы ұйым­дасқан саудагерлердің өздеріне өткізіп кетіпті. Сөз соңын шиыра қайырғанда, сиыр еті бағасының қымбаттау себебі осын­дай. Базар толы халық. Біреуі етке, екіншісі еттің бағасы жазылған қа­ғазға қа­райды. Қалтасы көтергені алып, ас­панға қарап шалқайса, қалтасы кө­тер­мегені жерге қарап сытылып шығып бара жатыр. Қайда барар екен? Бағаны айтам да... Байқал БАЙӘДІЛОВ