Мемлекет басшысының «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» деп аталатын биылғы Жолдауындағы «Сот жүйесіне сенімнің артуына қол жеткізу
қажет», деген бір сөзінің астарында сот жүйесіне артылып отырған барша міндет пен тапсырманы орындаудың салмағы мен жауапкершілігі жатыр.
Жолдауда қойылған міндеттерді жүзеге асыра отырып, сот жүйесі жеке меншікті қорғауға, құқық үстемдігі мен баршаның заң алдындағы теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңғырту жұмыстарын одан әрі жалғастырып, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың кең ауқымды мүмкіндіктерін аша түсуді көздеп отыр.
Сот төрелігін жүзеге асыру барысында күнделікті неғұрлым жиі кездесетін әлеуметтік-экономикалық мәселелердің тізімі айқындалуда. Соттар әуелгі кезекте жеке меншікті қорғауға, бұқаралық кәсіпкерлікті қолдауға, салық-бюджет саясатын жақсартуға, бюджетті оңтайлы қолдануға, инвестициялық даулар бойынша біркелкі сот практикасын қалыптастыруға, әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіруге, қоғамдық қауіптілігі төмен экономикалық қылмыс құрамдарын қылмыссыздандыруға қатысты мәселелерге ден қойып отыр.
Жоғарғы Сот Жолдаудың басымдықтары бойынша сот практикасына қорыту жүргізіп, заңнаманы қайта тексерістен өткізу және тиісті органдарға кешенді ұсыныстар әзірлеу жұмыстарын бастап та кетті. Қаржылық секторды «қайта жүктеу» бөлігінде коллекторлық қызмет туралы заң жобасы бойынша және банктерге арнайы талап-арыздардың ескіру мерзіміне қатысты бірқатар түзетулер ұсынылды. Әкімшілік және қылмыстық заңнаманы ізгілендіру мәселесіне жіті назар аударылуда.
Шетелдік инвесторлар үшін Қазақстан экономикасының тартымдылығын арттыру жұмысын күшейту бағытында инвестициялық даулар бойынша біркелкі сот практикасын қорыту, заңнаманы жетілдіру мәселелері қолға алынып жатыр. Соттар қоғамдық қауіптілігі төмен экономикалық қылмыс құрамдарын қылмыссыздандыру, мемлекеттік сатып алу саласын жетілдіре отырып, аз көлемде айыппұл салу институтын қайта қалпына келтіру мәселелеріне назар аударып отыр.
Жолдауда адамның өзінің баруын қажетсінбейтін толық электронды форматқа көшіру қамтамасыз етілуі керек екендігі айтылды. Мұндай жұмыстардың мемлекеттік биліктің сот тармағында біркелкі табысты жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Жаңа ақпараттық технологияға негізделген электронды бағдарламалар өз нәтижесін көрсете бастады. Олардың қатарында «Төрелік», «Сот кабинеті» және басқа сервистер бар.
Пошта байланыстарының орнын ешбір қаражат шығындамайтын электронды пошта, SMS хабарлама, электронды бағдарламалар мен сервистер, гибридті электронды пошта және басқалары басты. Қазір сот процестерін қосымша уақыт пен қаражат шығындамай-ақ қашықтықтан бейнеконференцбайланыс арқылы өткізу қалыпты құбылысқа айналып барады. Жолдау талаптарын жүзеге асыру барысында бұл жұмыстар одан әрі дамытыла береді.
Бек ӘМЕТОВ,
Батыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы