Бірде «Дәуір» баспасына бардым. Мен іздеген адам келмепті. Біраз күтуге тура келді. Содан кейін сыртқа шығып, Абай мен Гагарин көшелерінің қиылысындағы орындыққа жайғастым. Күн шайдай ашық. Алматының аспаны жарқырап тұр.
Кенет... Иә, кенет күтпеген көрініске тап болдым. Ашу ма, әлде ұят па – бір сезім құмырсқа шаққандай тұла бойымды дуылдатты. Себебі, дәл қасымда сыртына қазақтың оюы салынған қоқыс жәшігі тұр.
Қазақтың оюы және көшедегі қоқыссалғыш. Таң қалатын парадокс! Үйлеспейді. Тігісін қанша жатқызсаң да миға қонбайды. Киелі өрнектің мынандай киесіз жерде тұрғаны оңған қылық емес.
Оюлар – төріміздегі, өріміздегі қасиетті өрнек. Ұлттық құндылық. Сол арқылы жастарымыз өткенді таниды, намысын жаниды. Оны бабаларымыз бекерге қолданбаған. Қымбат заттарын алтын жіптермен зерлеген. Ою – халықтың қастерлі қолтаңбасы.
Қазақ мәдениетіне үлкен үлес қосқан Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз «Шертер», «Адырна» секілді ұлттық-фольклорлық ән-би ансамбльдерін құрды. «Жолайрықта», «Қазақ киімі», «Қазақтың ұлттық қолөнері» деген кітаптарды жазды. Соның бәрінде оюларға ерекше көңіл бөлген. Оның әдемілік құпияларын түсіндірген.
Еліміздің көгінде көк туымыз желбіреп тұр. Онда көлдеңінен созылған ою-өрнектері бар. Атаның шекпенінде, әженің камзолында жүр. Атақты боксшы Генадий Головкин шаршы алаңға оюланған шекпен киіп шығады. Қанат Ислам да сол дәстүрді қайталап жүр. Бәлкім, оюдың киесі оларды қолдап жүрген шығар?
Әйгілі қолөнерші Дәркембай Шоқпарұлы «Ою – өнердің көне, әрі күрделі түрі» дейтін. Өнертанушы ғалым Төлеутай Бәсеновтің толғаныстарында да терең сыр жатыр. Ол оюларға қатысты зерттеулердің кейбіріне сыншыл көзқараспен қарап, ойын былайша тұжырымдайды: «...зерттеушілер халық ою-өрнегінің жұмбақ тілін жете түсіне, шынайы сырына үңіле алмады. Олар өз ойларын халқымыздың өнер кілтін ашатын тума тілде емес, буржуазиялық жат тілде, өзге халыққа деген астамшылық көзқараспен саралады», дейді.
Қоқыс салатын жәшікке қазақтың оюын салу кімге керек?! Олай ету өнерге де, өнегеге де жатпайды. Бұлай істесек, жас ұрпаққа қандай ұлттық тәрбие бермекпіз?!
Әлдекімдердің дабырлаған дауыстары менің ойымды бөліп жіберді. Өзара әңгімелескен, қауқылдасқан бір топ жас мәз-мейрам болып бара жатыр. Олардың бірі жаңағы оюлы қоқыс жәшігіне босап қалған темекінің қорабын тастады. Екіншісі бөтелкені тоғытты. Үшіншісі шырт түкірді де өте шықты...
Болат Мәжит,
журналист
Алматы облысы