• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Біз еңсерген бес қауіп

247 рет
көрсетілді

Былтырғы 2016 жыл аса күрделі, ауыртпалығы көп, экономикамыз үшін өте ауыр жыл болғанын атап өту керек. Әлемде болжамы қиын әлеуметтік, экономикалық, діни, саяси аумақтық қарсы тұрулар, нарықтар жіктелуі мен қаржы нарықтарындағы ресурстар­дың қолжетімсіздігі сияқты жаһан­дық қайшылықтарды бастан кешір­дік. Оның үстіне көптен қордаланып келген еліміздің сыртқы экономика­лық саясатындағы ұстанымы да өзі жайлы «дауыс көтеріп» тұрақ­ты­лық­қа кері ықпалын жасады. Бұл жер­де біздің меңзеп отырғанымыз экспорт­қа шикізат сатуға үйір болып, әртарап­тандыру мәселесі сөз жүзінде қалып ел экономикасы дамуының шикізатқа тәуелді сипатының сақталуы еді. Чехов айтқандай, «Егер I актіде сахнада мылтық ілулі тұрса, III актіге қарай атылуға тиісті», ал әлем эконо­мистерінің «шикізат лағнеті» деген сөзі тағы бар, әйтеуір, «мың асқанға бір тосқан» демекші, 2016 жылдың қаң­тарында әлемдік мұнай бағасы 27 АҚШ долларына дейін құлдырады. Ол аз болғандай, темір прокаты, түрлі-түсті металдар, т.б. шикізаттардың әлемдік бағалары 30%-ға дейін арзандап кетті. Мұндай жағдай шикізат экспортына арқа сүйеп келген ел экономикасына қауіп-қатер тудырғаны түсінікті жайт. Осыдан келіп 2016 жылы Қазақ­стан­ға 5 қатерлі жағдайдың болу қаупі туындады. Біріншіден, бұл рецессия қаупі бола­тын. Жай сөзбен айтқанда, ұлт­тық экономиканың құлдырау қаупі. Мысалы, 2015 жыл­дың қорытындысы бойынша Ресей экономикасының өсу көрсеткіші 3,2%-ды құрап, рецессияны бастан кешірді. Рецессияның бір жаман жері оның салдары көпке дейін экономикаға тежеуіш болып, салааралық теңгерімді бұзып, арасалмаққа нұқсан келтіреді. Үкімет 2016 жылға 2,1% экономикалық өсу көрсеткішін жобалаған кезде сырт­қы және ішкі факторлардың осын­ша ушығарын болжай алған жоқ еді. Сондықтан ендігі мәселе, эко­но­ми­каның құлдырауына жол бермеу болатын. Қазақстан халқының ыж­да­ғатты еңбегі мен шыдам­ды­лы­ғының арқасында 2016 жыл­дың қорытындысы бойынша +1% көр­сет­кішке қол жеткізіліп, рецессияға жол берілген жоқ. Бұл сөзсіз, үлкен жетістік. Екіншіден, инфляция қаупі еді. Инфляция – қымбатшылық пен тең­генің құнсыздануы халықтың әл-ауқатын әлсіретіп, тұтыну қабілетін төмендетіп, әлеуметтік наразылық пен толқулар тудыруы мүмкін. Оның үстіне 2015 жылдың қорытындысы бойынша жыл­дық инфляция 13,6% болған еді. Әлем­дік тәжірибеге сүйене отырып, Прези­дент Н.Ә.Назарбаев Үкімет пен Ұлт­тық банкке 2016 жылғы инфляция­ны 6-8% аралығынан асырмауды тап­сыр­ған болатын. Бұл тапсырма да негі­зінен орындалды деуге болады. Жап­пай қымбатшылыққа жол берілген жоқ. Үшіншіден, Ұлттық қордағы резервтерді жұмсап, тауысу және оның салдарынан қаржы жүйесінің бұзылу қаупі еді. Ұлттық қорымыз болашақ ұрпақтың несібесі және экономикамыздың қиын-қыстау кезеңдегі қауіпсіздік кепілі. Ендеше, ертеңін ойлаған мемлекет Ұлттық қорды мейлінше қорғап, үнемдеп, тек жылдық өсімінің ғана белгілі бір мөлшерін мысқалдап жұмсап, оны үстемелеп өсіруге міндетті. Сонымен, 2016 жылдың 1 желтоқсанында еліміздің халықаралық резервтері 90,9 млрд АҚШ долларын құрап, жыл басынан кейінгі кезеңде бар болғаны 0,6%-ға кеміді, ал Ұлттық банктің алтын-валюта резерві жыл басынан 7%-ға өсіп, 29,8 млрд АҚШ долларына теңелді. Төртіншіден, жаппай жұмыссыздық қаупі болатын. Экономика ғылымында табиғи жұмыссыздық көрсеткіші еңбекке жарамды белсенді халықтың 5-6% деңгейінде болса, тұрғындарды толық еңбекпен қамту орын алды деп есептеледі. Жұмыссыздар саны аталған көрсеткіштен асқан сайын әлеуметтік тұрақсыздық күшейіп, Үкіметтің орнында қалуына қауіп төнері сөзсіз. Сондықтан 2016 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы жалғастырылып, тек өткен жылдың 10 айында 175 мың адам тұрақты жұмыс орнын тапты. Бесіншіден, инвестициялық тоқы­рау қаупі, яғни кәсіпорындар­дың негізгі капи­талына салынатын қаржы­ның азаю қаупі. Мұндай жағдайда жаңа кәсіпорын ашылуы да, бұрынғы кәсіпорындардың жемісті әрекеті де қаржы тұзағына ілігіп, экономика ұзақ мерзімді тоқырауға ұшырауы мүмкін. Бұл қауіптен де еліміз аман-есен шыға алды. Сөйтіп, өткен 2016 жылы Қазақстан сыртқы қатерден арылып қана қойған жоқ, сонымен бірге, ұзақ мерзімді өсу бағыт-бағдарын сақтап, «2050» Стратегиясына сай алға басуын жалғас­тыра алды. Ескі жыл ескеріп, Қазақстан жаңа жаһандық әлем ахуалына толық бейімделгенін жыл қорытындысы арқылы дәлелдеп шықты. Жангелді ШЫМШЫҚОВ, экономика ғылымдарының кандидаты