• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Борыш ауыртпалығы жеңілдеді

141 рет
көрсетілді

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде 25 мыңнан аса қарызды қайта қаржыландыру жоспарланып отыр. Ипотекалық кредиттерді қайта құрылымдаудан үміткер қазақстандықтар жылдам шешім қабылдауы керек, себебі, мемлекеттік бағдарлама қаражатын игеру кезеңі 2017 жылғы 1 сәуірде аяқталады. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 ақпандағы кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы проблемалы кредиттерден арылу, банктердің кредиттік жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіру және оған іс жүзінде мұқтаж қазақстандықтардың ипотекалық кредиттер бойынша борыштарын қайта құрылымдау мәселесін шешу қажеттілігі туралы тапсырма бергенін еске саламыз. Осы тапсырманы орындау үшін ипотекалық қарыз алушылардың проблемаларын шешу жөніндегі шаралардың бірі ретінде Ұлттық Банк Үкіметпен бірлесіп ипотекалық және ипотекалық тұрғын үй қарыздарын қайта қаржыландыруға Ұлттық Банктің қаражатынан 130 миллиард теңге бөлу туралы шешім қабылдаған болатын. Тиісті бағдарлама 2015 жылғы сәуірде бекітілді. Реттеуші статистикаға талдау жасап, ипотекалық қарыз алушылардың өтініштерін зерделеді және осы жұмыс қорытындысы бойынша банктердің 2004-2009 жылдар аралығындағы кезеңде қарыз алған клиенттеріне кө­мек беру керек деп шешті, себебі, проблемалы ипотекалық қарыздардың жалпы көлемінің айтарлықтай үлесі (82%) дәл осы кезеңге келеді. Сол жыл­дары қаржылық қызметтерді тұтыну­шылардың құқықтарын қорғау жүйесі енді қалыптаса бастағаны, банктердің қамтамасыз етудің құны сияқты жағдайға мән беріп, қарыз алушылардың төлем қабілетіне жеткілікті түрде талап қоймай, халықты белсенді кредиттегені көпшіліктің есінде. Өкінішке қарай, көп­теген қарыз алушылар өздерінің қа­рызға қызмет көрсету жөніндегі қар­жылық мүмкіндіктерін дұрыс есептемеді, ал жылжымайтын мүліктің жоғары бағасы содан бері бірнеше есе төмендеді. Ипотеканы қайта қаржыландыру бағдар­ламасын іске асырудың айқын­дылығын қамтамасыз ету мақсатында бағдарламаны әзірлеу кезінде ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды.Жұмыс тобының құрамына Ұлттық Банктің мамандарымен қатар, мем­ле­кеттік органдардың, саяси партия­лар­дың және түрлі қоғамдық бір­лестіктердің өкілдері кірді. Іс жүзінде мұқтаж қарыз алушы­ларға көмек көрсету үшін қайта қар­жыландырылатын қарыздардың нақты өлшемшарттары айқындалды. Атап айтқанда, 2015 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша негізгі борыш бойынша 36,5 млн теңгеден аспайтын қалдығы бар ипотекалық тұрғын үй және ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру туралы шешім қабылданды. Борыштық жүктемені жеңілдету мақсатында қарыз алушының жылдық 3%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесі бойынша негізгі борышы қайта қаржы­ландыруға жатады, бұл ретте сыйақы, комиссиялар, қарыз бойынша тұрақсыздық айыбы бойынша жинақталған берешекті банктер кешіреді. Бағдарлама меншігінде жалғыз бас­панасы бар қарыз алушыларға арналған. Қайта қаржыландыру бағдарламасын іске асыру барысында туындаған мәсе­ле­лер­ді талдау нәтижелері бойынша Ұлт­тық Банк оның талаптарын жетілдірді. Халықтың әлеуметтік осал топта­рының (ХӘОТ) ішіндегі қарыз алу­шыларға жәрдем беру үшін қарыз алу­шы­лардың осы санаты қарыз бойынша берешекті банктің пайдасына өндіру кезінде сот тағайындаған мемлекеттік баж төлеуден босатылды, ал проблемалы валюталық қарыздарды қайта қаржыландыруды Ұлттық Банктің 2015 жылғы 18 тамызда белгіленген ресми бағамы (1 АҚШ доллары үшін 188,35 теңге) бойынша жүргізу шешілді. Қазіргі кезде қарыз алушылар Ұлттық Банктің бастамасымен Бағдарламаның талаптары бойынша қарыздарды қайта қаржыландыру кезінде туындаған са­лық­тарды төлеуден босатылды. 2017 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша банктер ипотеканы қайта қаржыландыру үшін 27 099 өтінім берді, оның ішінде 123,8 млрд теңге сомаға 20 473 өтінім мақұлданды. Ұлттық Банкте бағдарламаны іске асыру үшін бөлінген ақшаны игеру кезеңі 2017 жылғы 1 сәуірде аяқталатынын еске салады. Алайда ипотекалық қарыздарды қайта қаржыландыру мүмкіндігі осы мерзімнен кейін де сақталады. Мәселен, тағы да 10 жыл ішінде қарыздар бұрын қаржыландырылған қарыздарды өтеуден түскен ақша есебінен қайта қаржыландырылуы мүмкін.