Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзетін дені сау адамның өзіне кей жағдайда екі қолға бір күрек табылмай жатқанда, кезінде қылмыс жасап, сотталып, қайта оралған адамды қоғам қалай қабылдамақ? Өйткені, темір тордың арғы жағындағы тіршіліктің ережесі мүлде бөлек екені белгілі.
Оған қамалған жан бірнеше жылда еркіндіктегі тұрмыстың жан-жақты ерекшелігін ұмытып, бір ғана бағыттағы қатаң түрме күйін үйреніп және соған дағдылануына тура келеді. Сондай-ақ, көп нәрседен қол үзуге, ұмытуға мәжбүр болады. Жұмыс істеу ебін жоғалтып, адамдармен қарым-қатынас жасау мәдениеті төмендейді. Әрине, қоғамнан еріксіз оқшауландырылғаннан кейін жағдай жақсы болмайтындығы белгілі, бірақ кім болса да қылмыс жасады ма, жазасын тартуы тиіс.
Түзеу мекемесінің де негізгі міндеті – сотталғанның бостандыққа шыққанда қайтадан қылмыс жасамауы үшін соған сай алдын ала жұмыс істеу. Сонда жыл сайын темір тордың арғы жағынан топ-топ болып шыққан, яғни бостандықтың не екенін ұмытуға таяп қалған жандарды қоғам қалай қарсы алмақ? Барар жері қандай болмақ? Түрменің қатқыл тіршілігіне еті әбден үйренген олар алдағы күндеріне үмітпен қарауды жалғастыра ала ма?
Міне, мәселе мәні осында. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жасалған рақымшылыққа байланысты біраз сотталғандар бостандыққа шығып жатыр. Демек, түрмеден кейін де өмір бар екенін ұмытуға болмайды. Олар үшін нағыз өмір енді басталады. Өйткені, түзелді деп есептейміз. Түзелгендер дұрыс өмір сүреді. Ал олардың қайтып қылмыс жасамауы үшін еңбекке араласқаны жөн. Жұмыс істеуі керек.
Үстіміздегі жылдың қаңтар айын қоса алғанда, елімізде еңбекке жарамды 18 731 сотталған бар екен, олардың 17 403-і ерлер, 1328-і әйелдер. Сол 19 мыңға жуық сотталғанның 12 655-і түзеу мекемелерінде жұмысқа тартылған. Бас бостандығынан айырылғандардың көбінің мамандықтары жоқ. Мұндай кемшіліктің орнын толтыру мақсатында түзеу мекемелерінде кәсіптік білім беретін оқу орындарының санын арттыру қамтамасыз етілген. Мәселен, соның арқасында 2017 жылы кәсіпке дайындау орталықтары 54-ке жетіп, 2 975 адамды қамтыпты.
Осыған орай бүгінде еңбекке жарамды сотталғандарды жұмысқа орналастыру жобасы басталып кетті. Мәселен, 2018 жылға дейін сотталғандардың кемінде 75 пайызы жұмыспен қамтылуы тиіс. Мұның нақты нәтижесі де көрініп жатыр. Қазірдің өзінде түрмедегілерді ақылы жұмысқа орналастыру 51-ден 67 пайызға өскен. Тіпті, колониялардың ішінде 207 кәсіпкер өндіріс орындарын ашыпты.
Ал түрмеден босатылатын адамдар таңдаған тұрғылықты жерiне немесе жұмыс орнына дейiн тегiн жол жүрумен, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағының шегінде жол жүргенде азық-түлікпен не ақшамен қамтамасыз етiледi. Мекемеден босатылатын адамның маусым бойынша қажетті киімі, аяқкиімі және оларды сатып алуға қаражаты болмаған жағдайда, ол бюджет қаражаты есебінен киіммен және аяқкиіммен қамтамасыз етіледі. Оларды тамақпен, киiммен, аяқкиiммен қамтамасыз етудi, сондай-ақ жол жүруіне ақы төлеуді жазаны орындайтын мекеме жүзеге асырады. Оларға оңалтуға жәрдемдесетін мемлекеттік мекемелердің байланыс мәліметтері, сондай-ақ тұрғылықты жері бойынша тіркелу, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау және т.б. органдарына есепке қою тәртібі көрсетіледі.
І және ІІ топтағы мүгедектер, 63 жастан асқан ерлер және 58 жастан асқан әйелдер мүгедектер және қарттар үйлеріне жіберіледі. Әлеуметтік көмекке мұқтаж өзге де адамдар әлеуметтік бейімдеу орталықтарына жіберіледі. Сөйтіп, жалпы өткен жылдың көрсеткішіне қарасақ, 5 230 (2015 ж. – 3 292) босап шыққан адам жұмыспен қамтылған екен. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарылған істің нәтижесінде, яғни түрмеден шыққандарды жұмысқа орналастыру арқасында есепте тұрған адамдардың қылмыс жасауы 30 пайызға азайыпты.
Енді 2017 жылдың 6 наурызынан бастап бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған азаматтарды жұмысқа орналастыру бойынша «Қақпа алдындағы кездесу» атты жаңа әлеуметтік жоба бастау алды. Бұл жобаның да түпкі мақсаты – түзеу мекемелерінен босатылып жатқан адамдарға әлеуметтік көмек көрсетіп, жұмысқа орналастыру. Осылайша түрмеден кейінгі өмірге де мемлекет толық жағдай жасап отыр. Тек сол мүмкіндікті қолдан шығармау керек-ақ...