Инемен құдық қазғандай еңбегінің арқасында өз саласында төңкеріс жасағанымен, соның жемісін татпағанына, елеп-ескерілмегеніне, әділетсіздік кешкеніне қарамастан бәрібір ізденісін итжандылықпен жалғастырып, айналасына қуана қарайтын да адам бар арамызда. Сүлеймен Рахымжанұлы нендей кедергіге тап болса да, өзіне дейін ешкім жүйелемеген экономикалық сөздік түзу машақатын жалғастырып, үнсіз күреседі, яғни жазады, сызады, салыстырады, түзейді, қалайда соңғы жаңа нұсқасын табады. Іздегені сөз болса да, сөздің емес, істің адамы. Ғылыми атағы, бір де бір марапаты жоқ, сый-сияпатқа ентелемеген момын, тап-таза қалпында, міне, 75 жасқа жетті.
Журналистика факультетінде бірге оқыған Сүлеймен Тоқсанбаев 1969 жылы университетті қызыл дипломмен бітіріп, жаңадан құрылып жатқан «Қазақ совет энциклопедиясына» ғылыми редактор болып орналасты да, ұлтымыздың рухани қазынасына қосылған 13 томның дайындалуына бастан-аяқ қатысты. 1978 жылдан Партия тарихы институтының құрамындағы «В.И.Лениннің толық шығармалар жинағын қазақ тілінде шығару жөніндегі Бас редакцияда» кеңестік көсем шығармаларын, Саяси бюро мүшелерінің сөйлеген сөздерін аударуға белсене қатысты. Сол тұста аудармада араласпаған саласы жоқ екен: медицина, биология, ветеринария, химия, математика, география, құрылыс, политехника, философия, тарих, т.б. Ғылыми атағы жоқ, партия мүшесі емес, сондықтан, энциклопедияға аты-жөні жазылмады. Аса жауапты да азапты жұмыс Сүлейменді төзімділікке баулып, қаламақы төлеудің түрлі қитұрқысына көнуіне тура келді. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстан ұлттық энциклопедиясында эконономика, заң, демография салаларын бір өзі жүргізіп, онда 500-ге тарта мақаласы жарияланып, біразында аты-жөні көрсетілді.
Сүлеймен Рахымжанұлының қаржы-экономика салаларының терминдерін жинап, жүйелеуі, бір ізге түсіруі 1990 жылы Қаржы министрлігіне аударма бөлімінің бастығы болып келген кезінен басталып, сүйікті кәсібіне айналды. Экономика салалары бойынша автор ұсынған 2 500 аталым мемлекеттік терминкомда бекітілді. Күні бүгінге дейін жарық көрген сөздіктерінің саны 20-ға жетіп, жалпы көлемі 2 200 есепті баспа табақтан асты. Оның біразын өз ақшасына шығарды, қоржында сүрленіп жатқан 5-6 сөздігі тағы бар.
«Үлкен экономикалық орысша-қазақша сөздігі» – «Большой экономический русско-казахский словарь» Парламенттен бастап, атқарушы билік құрылымдарының аудармашыларына дейін қолдан түспейтін сөздікке айналды. Өйткені, мұнда экономиканың негізгі терминдері мен шет сөздерге қысқаша түсініктеме берілген. Сірә, сондықтан да шығар, бұл сөздікті ҚазМҰУ-дің экономика факультеті мен Т.Рысқұлов атындағы ҚЭУ-дің студенттері мен оқытушылары оқулық ретінде пайдаланып келеді. «Большой экономический русско-казахский словарь» (үшінші басылым, 85 мың терминді қамтиды, көлемі 112,2 есепті баспа табақ) және «Іскер адамдарға арналған орысша-қазақша тілашар» мен «Банк жүйесінің қызметшілеріне арналған орысша-қазақша анықтамалық-тілашар» 2007 жылы Кипрдің астанасы Никосия қаласында шығатын халықаралық «ABBYY Lingvo х 3 электронды сөздіктер әлеміне» (Қазақстаннан жалғыз) еніп, электронды нұсқасы дүние жүзіне тарады. Аталмыш «Үлкен сөздік» Мәскеудегі «Что? Где? Когда?» танымдық бағдарламасынан берілді және Сүлеймен Тоқсанбайдың еңбегі жайында «Айтуға оңай» бағдарламасында «Аударма және терминология» тақырыбы аясында телехабар көрсетілді.
Ол зейнетке шыққаннан бері сөздік түзуге біржолата ден қойып, күніне 15-20 сағат компьютердің алдында отырады. Нәтижесінде, кім-кім де таңғаларлықтай, екі томдық экономикалық сөздік дайын.
150 мың терминді қамтитын сенсациялық көлемдегі мұндай сөздік әлемнің бірде-бір елінде жоқ. Бұл сөздігін Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына арнауы да сондықтан.
Мағира ҚОЖАХМЕТОВА,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері