Қазақстан аумағында қауіпті экзогендік процестер – сел ағындары, қар көшкіндері және лай көшкіндері болу мүмкіндіктері бар. Олардың туындауы төтенше жағдайларға, яғни айтарлықтай материалдық, әлеуметтік және экологиялық шығындарға, тіпті адам өліміне әкеледі.
Сел, су тасқыны, лай және қар көшкіні секілді апатты құбылыстардың 27 қала мен 400 елді мекендерге, жалпы саны 6 миллионнан астам тұрғындарға бүліншілік әкелу қаупі бар. Өндіріс әлеуетінің де 40 пайызы осында орналасқан. Сондықтан инженерлік қорғау проблемалары мемлекеттік маңызға ие.
Селден, қар және лай көшкінінен қорғау проблемалары Қазақстанның таулы және тау етегіндегі аймақтарын игерумен бір мезгілде пайда болды. Бүгінгі күні республикада 84 қорғау құрылысы тұрғызылып, пайдалануға берілген, олардың қатарында 21 селге қарсы бөгет, 59 желілік құрылғылары (тұрақтандыру арнасы, жағаны бекіту, каналдар, науалар, дамбылар, төмен қысымды бөгеттер және Астана қаласын Есіл өзенінің су тасқынынан қорғау кешені) бар. Көшкінге қарсы 3 кешенге 2 100 қар ұстағыш қалқан қойылды. Көшкін қаупі бар учаскелерде (негізінен «Медеу-Шымбұлақ» автожолы бойы) көшкінге қарсы ошақтық құрылғылар орнатылды.
Соңғы он жылдары «Қазселденқорғау» ММ Қарғалы өзенінде селге қарсы құрылғы құрылысы аяқталды. Төменгі Көлсай өзенінде автоматты су тастау құрылғысы және селді тоқтататын Талғар бөгеттері салынды. 2006-2010 жылдар аралығындағы Астана қаласын Есіл өзенінің су тасқынынан қорғау кешені салынды және пайдалануға берілді. Аталмыш кешен Астана қаласының болашақтағы және қазіргі бар құрылысын Есіл өзенінің жоғарғы суларынан және басқа да төтенше жағдайлардан қорғауға арналған. Ұзындығы 31 километр қорғаныш дамбысы салынды. 2010 жылдың көктемінде қорғаныш құрылғы 30,0 млн. текше метрден астам тасқын суды жинауға мүмкіндік берді.
Соңғы жылдары Сырдария өзені бассейнінде судың көбейе түсуі байқалуда. Сырдария өзені арнасы режімінің күрт өзгеруі көршілес мемлекеттердің экономикасының ирригациялық режімінен энергетикалық режімге ауысуына байланысты орын алды, сөйтіп, Қазақстан аумағымен өзен арнасы бойынша ағатын қысқы су көлемі орта есеппен 2,5 есе көбейді.
Қазақстанның оңтүстік аймағының су тасқыны қауіпсіздігі мәселелерін шешу үшін 2008 жылдың көктемінде Мемлекет басшысы Үкіметке Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сырдария өзенінде Көксарай су реттегішін салуды бастау туралы тапсырма берген болатын. 2010 жылдың 18 наурызында Президент Н.Назарбаевтың қатысуымен Оңтүстік Қазақстан облысының Сырдария өзеніндегі су тасқынына қарсы Көксарай су реттегішінің бірінші іске қосқыш кешені ашылды, ол 910,0 млн. текше метрден астам тасқын суды шоғырландыруға мүмкіндік берді. Су реттегіш құрылысын ағымдағы жылдың соңына дейін толықтай аяқтау жоспарланып отыр.
Атап өтетін жәйт, республиканың таулы аумағындағы селге қауіпті аудандарды қарқынды игеру, ұлттық саябақтарды, демалыс орындарын салып, инфрақұрылымдарды құру табиғи тәуекелдер дәрежесін арттыра түсуде. Сондықтан табиғи қауіпті құбылыстардың ықпалынан халықты, шаруашылық нысандарын кепілді қорғауды қамтамасыз ету мақсатында еліміздің таулы аймақтарындағы селге қауіпті учаскелерде қорғаныш құрылыстарын салуды жалғастыру қажет.
Төтенше жағдайлар министрлігі болашақта Қорғас өзенінде, Беделбай және Батарейка өзендерінде, Үлкен Алматы өзенінің жоғарғы, Аюсай өзенінің төменгі бөлігінде, Алматы облысындағы Есік өзенінің шеткі учаскесінде, Шығыс Қазақстан облысындағы Сарымсақты өзенінде қорғау құрылыстарын салу бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.
С.АЛМАСОВ.