• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2011

Дүбірге толы дүние

316 рет
көрсетілді

ОБАМА ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҚАЙТА САЙЛАНА МА? АҚШ-тағы президенттік сайлауға әлі бір жарым жылдай уақыт бар. Бірақ сол сайлау туралы жалпы саясатқа қатысы бар адамдардың бәрі сөз ете бастады. Оған себеп – АҚШ-тың қазіргі президенті Барак Обаманың сол сайлауға қатысатынын мәлімдеуі. Билікке тала­сатын жаңа адам емес, Барак Оба­ма­ның қайрат­кер­лік қарым-ша­лымы жұртқа белгілі. Бас­қа­сын былай қой­ғанда, АҚШ-тай алып елдің қара нә­сіл­діден сайланған ал­ғашқы президенті ретінде де оның аты тарих шежіресіне жазылады. Кейбіреу­лер­дің айтып жүргенін­дей, бұл елде нәсілдік кемсітушілік бар болса, онда Обаманың жеңісін екі есе ба­ғалауға болар еді. Оның билік тізгінін ұстаға­ны­на екі жылдан сәл ғана асты. Со­ған қарамай, оның қызметіне жан-жақты баға беруге әбден болады. Болғанда да,  біреу іш тарта баға­лайды, екіншілері оның ісінен жақсылық көргісі жоқ. Жалпы, Обаманың жеңісі кез­дейсоқ емес, шын мәнінде сол ба­сында тарихи жеңіс болған. Қа­зақ­ша айтқанда, қарадан хан бол­ған дегендей, АҚШ-та қара нәсіл­ден президент сайлану бұл жеңіс иесінің айрықша тұлға екенін аң­ғартады. Сол жеңістен кейін өзі­нің кешегі қарсыласы Хиллари Клин­тонды басшы қыз­метке ша­қы­руы да оның үлкен азаматтық келбетін аңғартқандай еді. Обаманы жақтайтындар әлем­­дік дағдарыстан алып елді күй­рет­пей алып шықты десе, дат­тай­тындар әлеуметтік сала­дағы қи­ын­дықтарды, жұмыс­сыздық өске­нін айтады. Әлі нәтижесі көріне қой­мағанымен, оны қолдайтын­дар медициналық сақтандыру жө­нін­дегі заң, қар­жылық реформа, ұлттық эконо­ми­каны сауық­тыру туралы заң ертең игілік әке­леді десе, қарсы­лары оған күмән келтіреді. Сыртқы саясатта Ирактағы әс­керді әкету, онда тек нұсқау­шы­лық іспен айналысатындарды ғана қалдыру жөніндегі уәдесін орын­дағанын біреулер алға тосса, Гуан­танамодағы әскери три­бу­­нал­ды неге бірден жаппады, деп екіншілері кінәлайды. АҚШ-тың НАТО жұмысында өз одақ­тастарына көбірек бастамашы­лық әрекеттер­ге баруға мүмкін­дік беруін біреулер құп көрсе, екіншілері оны өз позициясынан айырылуы деп жаз­ғырады. Үшін­шілері беделден айырылды деп табалайды. Даттайтындар Обамаға Нобель сыйлығы берілгенін де елегісі келмейді, оның есесіне бір жолы президент Ақ үйге кірерде өңкей әйнектен жасалған терезе мен есікті ажырата алмай қалған екен, соны бүгінге дейін әңгіме қылады. Ал жақтайтындар Ливия­ға қарсы күш қолдануды да демо­кратияға адалдық деп ақтайды. Барак Обама қайта президент болып сайлана ма дегенде, оның сайлау мәшинесі жұмысқа кірісіп кеткенін, басқалар әлі өз үміткер­лерін атай алмай жат­қанын да айтқан жөн шығар. Бірақ негізгі аргумент оның қызметі ғой. Аяр­лық әрекетке бармайтын, ойын ағынан жары­лып айтатын осынау қайраткер америкалықтардың кө­бінің көңілінде жүргендей көрінеді. СОҒЫС КҮШПЕН ЕМЕС, КЕЛІСІММЕН ТОҚТАСА ЖӨН Араб дүниесінде соғыс жүріп жатыр. Сырттан келген жау жоқ. Өзара соғыс. Сол соғыс арқылы бір-бірін жеңу үшін олар өз-өздерін қырып жатыр. Есі кіргендер (Тунис, Египет) сол соғыстарын тоқтатып, келісімге отырды. Енді біреулері соғыспен іс бітпейтінін енді аңғарғандай. Осындайда араағайындар ке­рек-ақ. Сол араағайындыққа жүретін­дер кімдер дегенде, жұрт­тың кө­ңі­ліне оралатыны – халықаралық ұйымдар, мем­лекетаралық қауым­дас­тықтар, кей­бір беделді жетекші елдер. Бұл БҰҰ-ның басты мін­деті де деуге болады. Еуро­одақ, НАТО да өз аймағындағы тыныштық, түсіністік кепілі бо­луға тиіс. Африканы алсақ, онда Араб мемлекеттері лигасы, Африка одағы дегендер бар. Араб революциясының от-жалыны шарпыған кезде сол ұй­ымдар алғашында біршама аб­ды­рап, бұл елдердің ішкі ісіне ара­ла­суды артықтай көріп, сырт­тап қалғаны бар. Кейбіреуі, айта­лық, Араб мемлекеттері лигасы өзде­рінің оқиғаға көзқарастарын жиі өзгертіп,  келісімнен гөрі бір жа­ғын айыптауға немесе қол­дауға бейімділік танытты. Соны­сымен шиеленісті өршіте түсті. Осы жерде Ливиядағы жағдай сабақ болғандай. Бұл елде азамат соғысы жүріп жатыр. Биліктің қолында айтарлықтай қару бар. Оппозиция да тек таяқ қана ұстап отырған жоқ. Бірақ Еуропаның біраз елі АҚШ-пен қосылып, оппо­зицияны қолдап, билікке қарсы күш қолдануға кірісті. Соғыс жаңа сипатқа ие болды. Соғыстың дәл осы сипатын біраз елдер де, көзі қарақты ха­лық та құптаған жоқ. Келісімге же­ту­дің жолы бар ма еді? Бар еді. Оны, басқасын былай қой­ғанда, сол Каддафидің АҚШ пен Франция президенттеріне, Ұлы­бри­та­ния премьер-министріне және БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунға жолдаған уәжді хаттары­нан аңға­ру­ға болар еді. Сонда Ливия бас­шысы оппозицияға қар­сы соғысқа олардың үлкен қа­руға иелік етпесі үшін мәж­бүр­лік­пен барып отыр­ғанын айтқан. Тіп­ті сол хатқа жауап ретінде беделді комиссия шығарып, оны ке­­ліссөзге ша­қыр­ғанда, дәл қа­зіргі алапат бом­балаудан құр­бан болған талай адам аман қалар ма еді, кім білсін. Кештеу де болса, Африка одағының (АО) келісім жөніндегі бастамасы құптарлық-ақ. Оң­түс­тік Африка Республикасының (ОАР) президенті Джейкоб Зума бас болып, Мавритания, Мали және Конго президенттері, Уган­да­ның сырт­қы істер министрі Ливия көсемі­не барып, бітімгершілік жолын ұсынды. Оны Каддафи құп алды. Бұдан кейін бітімгерлер оппози­цияға барып, босқа қан төгілмеу­ін алға тосты. Бұған дейін анти­ливиялық коалицияның қолдауы­ның біраз дәмін татып қалған оппозиция бір сәт келісімге бара­тындай ыңғай танытқа­нымен, бірақ райынан тез қайтып, келісімге бармайтындарын мәлімдеді. Антиливиялық коалицияның біраз қантөгіске соқтырған асы­ғыс­тау әрекеттері расында Ливия басшылығын айтарлықтай әлсі­рет­ті. Бірақ оппозицияға да же­ңіс­ті ұстата қойған жоқ. Оның есесіне екі жақтан да құрбан бол­ған­дар саны еселене түсті. Дегенде, алған беттен қайтпай­мыз деп өзімшілдік көрсетпей, антиливия­лық коалиция келісім жағына қарай ойысар болса, әлі де кеш емес-ау дейсің. Йемендегі жағдайға байла­ныс­ты да сол Парсы шығана­ғын­дағы елдер қауымдастығының бітімгершілік жолын ұсынуы да жемісін беруі мүмкін деген үміт бар. Олар Али Абдалла Салехқа қыз­метінен кетуіне байланысты оның өзіне де, отбасына да кепілдік бермек. Ондай ұсыныс Бен Алиге де, Хосни Мүбәракқа да жасалған жоқ. Бұл қазіргі биліктегілердің амандығына кепілдік беріп қана қоймайды, қо­ғамды екіге бөлуден, қақтығыс­тың одан әрі ушығуынан сақтайды. Қарумен келген же­ңіс­тің артында кек қайтару жалғасы болады. Мамадияр ЖАҚЫП.