Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сенатында болып, жоғары палатаның жаңа Төрағасы мен Сенат келісімін беретін биік лауазымдар иелерін таныстырды.
Отырысты Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев ашты. Алдымен Төраға ұйымдастыру мәселелері ғана қарастырылған күн тәртібін бекіту туралы қаулыға дауыс беру қажеттігін жариялады. Қолдарында қаулының жобасы болған сенаторлар оған ешқандай қосымша ұсыныс жасамай, бірауыздан дауыс берді. Осыдан кейін күн тәртібінің бірінші мәселесі бойынша сөз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді.
Президент өзінің сөзін БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун мырзамен бір кездескенінде айтылған мәселеден бастады. Мен онда Қасым-Жомарт Тоқаевты шебер дипломат-маман, үлкен тәжірибелі адам ретінде мәртебелі ұйымға қызметке алуды ұсынған болатынмын. Бұл былтырғы жылдың ортасында айтылған әңгіме еді, сол ұсынысым биыл қолдау тауып, 12 наурызда Пан Ги Мун мырза кешкі сағат 20.00-де маған телефон шалып, Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ-ның Женевадағы бөлімінің бас директоры болып тағайындалғанын жеткізді. Сонымен бірге, бұл қызмет бойынша ол Қарусыздану жөніндегі Женева конференциясының бас хатшысы болып табылады. Сөйтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ-ның осындай дәрежедегі басшылық қызметіне тағайындалған алғашқы азиялық тұлға болды. Бұл Қазақстан үшін зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік, бізге деген зор сенім. Мұндай абыройлы қызметке өз өкілдерін ұсынатын елдер көп. Қасым-Жомарт Кемелұлы тағайындалған осы қызметке 15-ке жуық ел өз өкілдерін ұсынған болатын. Олардың өкілдері де тәжірибелі дипломаттар еді, бірақ Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке басының қасиеттері, атқарған қызметтері мен мол тәжірибесі ескеріліп, кандидатурасы жеңіп шықты. Мен оның жаңа қызметті абыроймен атқаратынына сенім білдіремін, дей келіп, Президент Қ.Тоқаевтың өткен жылдардағы қызметіне қысқаша тоқталып өтті. Оның жемісті жұмысына шын жүрегінен ризашылығын білдірді.
Осыдан кейін Президент Н.Назарбаев Сенат депутаттарының қарауына Қ.Тоқаевты басқа жұмысқа ауысуына байланысты Сенат Төрағасы қызметінен босату туралы ұсыныс енгізетінін жариялады. Депутаттар Қ.Тоқаевты Сенат Төрағасы қызметінен босату туралы бірауыздан шешім қабылдады. Одан кейін Президент өзі тағайындаған депутат Қ.Тоқаевтың мәселесі шешілгенін, енді оның орнына жаңа тағайындаған депутаттың өкілеттігін мақұлдау қажеттігін және оны қарастыру үшін шағын үзіліс жариялау керектігін айтты.
Осы үзілістің алдында БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Женевадағы бөлімінің бас директоры Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сұрап, алдымен Елбасы Н.Назарбаевты кезектен тыс президенттік сайлауда айқын басымдықпен жеңіске жетуімен құттықтады. Одан әрі Президенттің елдегі зор еңбектеріне тоқталып өтті, сонымен бірге, шетелдерде оны Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалаушы «ұлы реформатор» деп танитынын айтты. Ал жеке басына келгенде, өзіне сенім білдіріп, үлкен қызметтерге тағайындағаны және үнемі қолдау білдіріп отырғаны үшін алғысын жеткізді.
Шағын үзілістен кейін жалғасқан Сенат отырысын Төрағаның орынбасары Мұхамбет Көпеев жүргізіп отырды. Алдымен сөз Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) төрағасы Қ.Тұрғанқұловқа берілді. Ол ОСК-нің Президенттің 15 сәуірдегі Жарлығына сәйкес Қайрат Әбдіразақұлы Мәмиді Қазақстан Республикасы Сенатының депутаты ретінде тіркегенін жариялап, тиісті куәлік пен төсбелгіні тапсырды. Одан кейін Сенат отырысы өзінің жұмысын одан әрі жалғастырып, күн тәртібіндегі палата Төрағасын сайлау туралы екінші мәселеге көшетіні жариялады. Бұл мәселе бойынша сөз Президент Н.Назарбаевқа берілді. Біздің алдымызда ұлан-ғайыр істер тұр. Осыған байланысты Парламенттің жоғары палатасына да жауапты міндеттер жүктеледі. Сондықтан жаңа Төрағаның барынша тәжірибелі, өз ісін жетік білетін, халыққа танымал және мүмкіндігінше заңгер адам болуы керектігін қалап, Сенат Төрағасы лауазымына Қайрат Мәмидің кандидатурасын ұсынамын, деді Елбасы. Одан әрі Конституцияға сәйкес сайлау процедуралары толығымен жүргізілді. Сенат Төрағасының жасырын дауыспен сайланатыны қаперге салынды. Сөйтіп, Президент ұсынған кандидаттың есімі жасырын дауыс беруге арналған бюллетеньге қаулымен енгізілді. Одан кейін барлық сайлау процедурасы сақталып, депутаттар жасырын дауыс беру кабинасына өтіп, өздерінің шешімін білдірді. Сайлау қорытындысы бойынша Қайрат Мәми Сенат Төрағасы болып бірауыздан сайланды.
Санақ комиссиясының құрамын бекітіп алған соң Өмірбек Байгелди сөз алды. Мемлекет және халық үшін маңызды оқиғалар болып жатыр, деген сенатор қос палаталы Парламент құрылғалы бері бесінші төраға сайланып жатқандығын ерекше атап өтті. Сол төрағалардың барлығы да халық сенімін ақтады, дей келіп, депутат әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевтың жемісті де жақсы жұмыс атқарғандығын жан-жақты айтып өтті.
Президент ұсынған кандидатураға қатысты сөзінде Қайрат Мәмидің есімі елге кеңінен танымал екенін, барлық қызмет баспалдақтарынан өтіп, үлкен абыройға ие болғанын тілге тиек етті.
Бұдан кейін сөз Санақ комиссиясының төрағасы Серік Ақылбайға берілді. Аталған комиссияның ұйымдастыру отырысында үш хаттама әзірленгендігі белгілі болды. Алғашқы хаттамада Санақ комиссиясы төрағасы мен хатшысы сайланса, екіншісінде Парламент Сенаты Төрағасының жасырын дауыс беру арқылы сайланатыны мен бюллетень саны мен мәтіні нақты көрініс тапқан. Үшінші хаттамада Елбасы ұсынған кандидатураның аты-жөні және «жақтаймын», «қарсымын», «қалыс қаламын» деген үш бағана берілген. Сол үшінші хаттама бойынша депутаттар он минөттік үзіліс кезінде дәлізде орнатылған кабина ішінде бюллетень толтырып, жәшікке салды. Оның нәтижесі көрсеткендей, 44 сенатордың барлығы да жаңа Төрағаны сайлауға дауыс беріпті.
Жаңадан сайланған Сенат Төрағасы Қайрат Мәми өз сөзінде осымен төртінші рет Сенат мінберіне шығып отырғандығын мәлім етті. Қай қызметке барса да ел сенімін ақтап, абыроймен атқаруға тырысып келе жатқандығын тілге тиек еткен Қайрат Әбдіразақұлы адал болуға да ант берерін алға тартты. «Бар білімімді, күш-жігерімді, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіз жалғастырып келе жатқан еліміздің экономикалық және саяси реформаларға өзек болатын сапалы заңдарды қабылдауға жұмсаймын», деді жаңа Төраға.
Сенат Төрағасы сайланған соң депутаттар назарына тағы үш лауазым иелерінің кандидатуралары ұсынылды. Сөз Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Елбасы осымен елдегі барлық кадрлық өзгерістердің аяқталатынын айта келіп, олардың жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалатынын ерекше атап көрсетті. Сонымен, Президент палатаға Конституцияның 55-бабы 1-тармағына сәйкес Жоғарғы Сот Төрағасы қызметінен Мұсабек Тұрғынбекұлы Әлімбековті босатуды ұсынды. Ол Президент атына жазған арыз хатында алты судьяның қызметіне сәйкес болмай, жұмыстан босатылуы салдарынан Жоғарғы Сот Төрағасы ретінде қалуға моральдық құқым жоқ деп санап, отставкаға кетуге мүмкіндік беруін сұраған. Осы орайда Елбасы Әлімбековтің жеке басына тағатын ешқандай кінә жоқтығын, таза әрі өз ісіне берілген маман екендігін, алайда судьялар ісі бойынша оның осындай шешім қабылдауын дұрыс көргендігін атап көрсетті. Президент ұсынысы бойынша палата Мұсабек Әлімбековті Жоғарғы Сот Төрағасы қызметінен босатуға келісімдерін бере отырып, оны Жоғарғы Сот судьясы етіп қалдыруды дұрыс деп тапты.
Жоғарғы Соттағы келеңсіз жәйттің теріс салдарын айта келіп, Президент реформалардың жалғасатынын ескерте кетті. Барлық сот жүйесін басқаруда Жоғарғы Сот пен оның Төрағасына деген талап та өте жоғары болуға тиіс. Сондықтан да бұл лауазымға Бектас Әбдіханұлы Бекназаровтың кандидатурасы ұсынылды. Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдаған ол сот орындаушысынан облыстық сот төрағасына дейінгі қызмет сатысымен көтерілген. Соңғы қызмет орны Ақтөбе облыстық сотының төрағасы. Осындай өмір жолы мен тәжірибесін ескере келіп, сенаторлар аталған кандидатураға қолдау білдірді.
Ата Заңның 44-бабы 4-тармағына сәйкес Президент босаған Бас Прокурор лауазымына Асхат Дауылбаевтың кандидатурасын ұсынды. Руденко атындағы Свердлов (Ресей) институтын бітірген А.Дауылбаев бірқатар лауазымдық қызметтер атқарған. Мәжіліс депутаты да болған. Елбасы кандидат туралы сөзінде оның өз ісін жетік білетіндігімен қатар, елдің мүддесін қорғай алатын азамат ретінде де танылғандығына ерекше тоқталды. Нәтижесінде палата келісім беру қаулысын бірауыздан қабылдап, кандидатураның тағайындалуына өз келісімдерін берді.
Сондай-ақ, кешегі отырыста Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев өз қызметіне қайта тағайындалды. Нұртай Әбіқайұлының өз қызметінде қалуы туралы Президент ұсынысына депутаттар бірауыздан өз келісімдерін берді. Осыдан кейін Президент кандидаттарды тағайындау туралы Жарлықтарға қол қойып, бекітті.
Сенат отырысының күн тәртібіндегі жұмыстар толығымен қаралып біткен соң Елбасы Н.Назарбаев қорытынды сөз сөйледі. Президент өз сөзінде Қазақстан ЕҚЫҰ Саммитін, Азия ойындарын және кезектен тыс президенттік сайлауды табысты өткізгеннен кейін халқымыздың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған көтеріңкі көңіл-күй үстінде жүргенін айта келіп, оған сенаторлардың да үлкен үлес қосқанын атап өтті. Ал алдағы міндеттер қазіргіден де зор. Еліміздің индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруымыз аса қажет. Біз шикізат қорларына ғана тәуелді ел болып қалмау үшін өте тез қимылдап, оны толығымен жүзеге асыруымыз керек. Қазір заман өте тез өзгеріп бара жатыр. Болашақта қалай болатынын ешкім нақты болжай алмайды. Әлемдік дағдарысты да біреулер аяқталды десе, басқалар әлі аяқталған жоқ, тағы біреулер қайтадан басталып келеді дейді. Мұның үшеуінің де жаны бар, біз осы үшеуіне де дайын болуымыз керек. Африка елдерінде болып жатқан толқулардан сабақ алып, әлеуметтік бағдарламалардың толық жүзеге асуын қамтамасыз етуге міндеттіміз. Дауыс берген халықтың зор сенімінен шығуға тиіспіз, деді Елбасы. Одан әрі осы аптада Үкіметті толықтай жасақтап шыққанын, олардың арасында жаңа тұлғалардың аз екенін, өйткені, бұрынғылардың сенімнен шыққанын атап өтті. Сонымен бірге, Қазақстан халқының бірлігі күнін, Тәуелсіздіктің 20 жылдығын лайықты атап өтуге мұқият дайындалу қажеттігін және алдағы уақытта елімізде болатын әлемдік форумдар туралы айтты. Сөзінің соңында жаңа Төрағаның басшылығымен Сенаттың жақсы табыстарға жетуін тіледі.
Жақсыбай САМРАТ,
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.