• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2011

Майқамыста – Штрек, көрші ауылда – Эвальдт...

434 рет
көрсетілді

Айналасын жасыл желекке, тал-терекке ораған үлкен жол облыс орталығын Успен ауданымен жалғастырады. Кеңестік кезеңнен неміс ұлтының өкілдері бұл ауданда көп тұрды. Қазақстанды Отаным деп, өскен ауылдарында қалып қойғандары әлі де аз емес. Біздің іздеп келе жатқан Николай Штрек пен Руфф Эвальдт та солардың қатарында. Немістер сол уақытта-ақ тұрақтап қалған ауылдар үй-жайларын, көшелерін жайнатып жөндеп, бау-бақша егіп, сол кезден-ақ талпынып, жақсы тұрмысқа қол соза бастады. Шаруашылығы қарқынды дамыған, тұр­мыс­тары жақсы, республика көлемінде бас­шы­лардың көзіне түскен озық аудан ретінде аты шықты. Әрі неміс ұлтының өкілдері тұ­ра­тын аудан деп ерекше бөліп, өзгелерге үлгі тұтылып келді. Аты Мәскеуге жеткен, тыным таппайтын Еңбек Ері Яков Геринг деген басшысы болды. Біздің қазақ ауылдарының кей­бірі енді ғана қол жеткізіп, қызығын кө­ріп жүрген мәдени, ойын-сауық демалыс түр­лерінің бәрі, оның ішінде бассейн, кафе, клуб, спорттық ойындар алаңдары, тіпті, қыс ішінде көкөніс жеп отыратын жылыжайға дейін сол кездің өзінде бар еді. Екі-үш қабатты жаңа заман үйлері бұл ауданда 80-ші жыл­дардың өзінде-ақ бой көтерді. Әлі күнге дейін Герингтің ауылында Яков Гельбертович­тің ауыл мен шаруашылық арасына жүріп-тұ­ратын трамвай жолын салмақ болып дай­ындап қойған аяқталмаған құрылысы жатыр. Трамвай тұрмақ, ол кезде Герингтің ауылын­дай өркениетті өмір сүру дегеніңіз қазақ ауылдары үшін ертегідей еді. Ауылдағылар немістер тұрып жатқан өмірді көру үшін бұл жаққа келіп, таңданып қайтатын. Сөйтіп, немістер Германияға барып, сол жақтан көріп келгендерін осы жақтағы өз ауылдарына біртіндеп әкеле бастаған еді. Жер­гілікті жұрт бұл жерді “Герингтің ауы­лы” атап кеткенімен, сол кездің өзінде “ша­ңы­раққа қарай білген” Яков Гельбертович сонау жақтан тағдыр тәлкегімен арып-ашып келгенде құшақ жая қарсы алған қазақ жеріне бас иіп, ауылындағы құрдасына арнап “Добрая земля Нургали” деген кітап жазып кетті. Ал, Нұрғали атаның сол ұрпақтары бүгінде елдік мақсат, ұлт болып ұю жолында осы жерге тірек болып қалды. ҚИЫРСЫЗ КЕҢ ДАЛА ҚЫМБАТ Міне, Қозыкеткен ауылдық аумағына қарайтын Майқамыс бөлімшесі, кең дала, Штректің отбасы тұратын жалғыз үй, есік алдында қымбат «Джип» мәшинесіне қоса тағы да жеңіл көліктер, топырлаған саққұлақ күзетші иттер, жаңа үлгіде салынып жатқан қора-қопсы, астық сақтау қоймалары... Алыс­тан қарауытып мола-зираттар көрінеді. – Онда қыпшақтардың ата-бабалары жа­тыр. Бұрын осы маңайда ауылдар болған, бәрі көшіп кетті, орны ғана жатыр, қыпшақ­тарды күзетіп мен ғана қалдым, – деді Николай Штрек әзіл-шыны аралас күле сөйлеп. Өзі­нің де туған ағасы, көрші-қолаңы қазір Гер­манияда тұрады, өзі осы Майқамыстан кет­пей, олардың соңында қалған. Осы жерде туды, өсті, оқыды, білім алды, көшкен елге қосылуға ауылын қимады. Кең далада қызған еңбек, жайқалған астық, әкесі механизатор болған Николай бала кезден жермен қалай жұмыс жасау керектігін көріп, түсініп өсті. Әлі есінде, көршілері болған Қазбек Жүнісов аға егіс бригадирі болып еңбек етті.Ол кісілерде демалу деген жоқ еді, күні-түні далада, ерте кетіп, кеш келетін-ді. Ал, күзгі жиын-терін, көктемгі науқан уақытында тыным жоқ, жоспардан жоспар, мол өнім алу жолында күрес басталатын. Қазір мүлде басқа. Әкелерінің уақытынан бөлек тамаша бір заман келді. Қазір өзің үшін еңбек етесің. Бәрі өзіңдікі. Мемлекет қол­дау көрсетіп отыр. Жер ал, еңбек ет, қы­зығын көр дейді. Әкелері комбайн, трактордан түспесе, ұлдары «Джип» мініп, ен даланың ырзығы мен байлығының қызығын көруде. Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей, деген осы. Орта мектепті бітіргеннен кейін, аудан орталы­ғындағы кәсіптік-техникалық училищеге оқуға түсті.Содан, 24 жасқа келгенде әкелері – үлкен Николай 1991 жылы «Штрек» шаруа қо­жалығын құрды. Біраз жұрттың уақытша қиындықтан қорқып, жан-жаққа үдере көшіп жатқан кезі еді. Әке­лері кішкентайларынан жердің қадірін ұқты­рып өскен ұлдары Николай, Сергей, Алек­сан­дрға сенді. Қазір өздері ыр­зығын көріп жүрген мына кең далаға терін төгіп еңбек еткен әкелерін еске алып, өздері демеушілік жа­сап, ауыл мектебінде жыл сайын үс­тел тен­нисінен жарыстар өткізіп тұруды дәс­түрге айналдырыпты. «Е-е, ағама қонаққа ба­рып қайтуға барғаным болмаса, ол жақта тұра ал­маймын. Осы Майқамыс, осы жер ме­нің өс­кен жерім, туған ауылым. Қараңызшы, мы­нау кең далаға, жердің иесі, киесі болады дейді қа­зақтар, дейді ол. – Кең даланың аты кең дала ғой, далаға үйренген ауыл баласына Герма­ния­ға барып тұру, әй, қиын болар. Балаларым да осы бөлімшеде туып-өсіп, ержетіп келеді. Қо­зы­кеткен ауылына барып-келіп мектепте оқиды». Балалары да кейін өзі сияқты «даламен ауыратын» шығар деп ойлайды Н.Штрек. Дегенмен, жаңа өмірдің жастары ғой, алда оны өмір көрсете жатар. Бұл күндері аты об­лысқа белгілі “Штрек” шаруа қожалығы негізінен ауыл шаруашылығы дақылдарын – бидай, қарақұмық­­, картоп, күнбағыс өсірумен айналысады, 6560 гектар жері бар. Техника­ның түр-түрі жетеді. Қожалықта, сонымен қа­тар, 270 қара мал, 16 жылқы, 80 қой, 40 шошқа, 100 бас құс өсіріледі. Айлық еңбек­ақылары 25 мың теңгені құрайтын ауылдың 15 адамы жұмыс жасайды. «РЭГТАЙМ» – НЕМІС АУЫЛЫ Келесі бағытымыз – көрші ауыл, яғни “РЭГТайм” атты шаруа қожалығы. Онда облыс көлеміне аты белгілі шаруашылықтың басшысы Руфф Гильдебертович Эвальдт деген неміс жігіті тұрады. Жалпы, бұл шаруа­шы­лық “Дойче Kase” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің негізінде құрылған көрі­не­ді. Ет және сүт өндірумен айналысады. Сыр мен шұжықтың он шақты түрін шығаратын Руфф Эвальдтың бұл зауыты түгелімен неміс технологиясының құралдарымен жабдықтал­ған. Өнімдері Өскемен, Қарағанды, Астана, Семей және өз облысымыз бойынша тұты­нуға түседі. Зауытта отызға жуық адам еңбек етеді. Айына 35 мың теңге жалақы алады. Негізінен неміс ұлты өкілінің адамдары ең­бек ететін зауытқа келгенде шынында не­містің жерінде жүргендей боласыз. Құрал-жабдық, дүние-мүлік Германиядан жеткенімен, ет пен сүтің осы ауылдардан. Өзгеше бір ауыл, өзгеше бір тәртіп орнағандай. Кәсіпорын айналасы да, іші де өркениетті заманауи тірлікті көзге елестетеді. Былайша айтқанда, Эвальдтың ауылында бәрі немісше тірлік дерсің. Ет пен сүт өңдейтін, сыр, шұжық, сары май, күнбағыс майын шығаратын «РЭГТайм» кәсіпорнын аралап шықтық. Эвальдт 1956 жылы тың игерудің қызған шағында Целиноград облысында дүниеге келіпті. Әкесі Гильдеберт 1941 жылы Алушта қаласынан Челябі жаққа жер аударылады. Ал, Эвальдт болса, сол жақта 8 жылдық мектеп бітіргеннен кейін Целиноградтағы сельхозтехникумды техник-механик мамандығы бойынша бітіреді. Екі жыл әскер қатарында болып, содан кейін әке жолын қуып, дала төсінде еңбек жолын бастайды. Жинақталған тәжірибе, жермен жұмыс жасаудың қызықтылығы арқасында ол ауыл шаруашылығы институтына оқу түседі. Сөйтіп, институтты бітірген соң, біз жоғарыда атап кеткен Яков Герингтің шақыруы бойынша ол басқаратын кілең неміс ұлты тұратын атақты колхозға жұмысқа келеді. – Геринг жай ғана басшы емес еді, бізді – жастарды байлықтың көзі – жермен қалай жұмыс жасау керектігіне үйретті, дейді Эвальдт өткен күндерін еске алып. Ол колхозда жүріп, трактор бригадасы­ның бригадирі, дренаждық-суландырғыш жүйені салу инженері, жерасты суларын суландыратын «Радуга» атты зертхананың меңгерушісі болды. Кеңес өкіметі де келмеске кетті. Өмірге үлкен өзгеріс келді. Қазақ елі өз егемендігін алды. Өзге ұлт өкілдері жан-жаққа – өз елдеріне қайтып жатқан кез. Эвальдт қазаққа бауыр басып, осы жерді, кең даланы қоныстанған Герингтің ауылында қалды. Осы жерде тудым, ержеттім, білім алдым, өстім, отбасын құрдым, орыс, қазақ, неміс достарым болса жетеді, мына даланы қиып тастап, қайда барамын, өз ауылым – өз Отаным емес пе, деген тоқтамға келді ол. Сөйтіп, ауылда 1992 жылы «Немецкий» деген маркалы ірімшік өндіретін шағын орталық ашты. Шағын орталық біртіндеп Эвальдтың аты-жөні, тегінің бас әріптерінен құралып «РЭГТайм» шаруа қожалығы аталды. Бүгінде ол облысқа танымал үлкен серіктестік болып отыр. Эвальдт Қазақстан немістерінің 4 съезіне делегат болып қатысты. Аудандық мәслихаттың депутаты ретінде аудандағы ауыл шаруашылығы және басқа да көптеген мәселелердің жақсы жолға түсуіне үлес қосып келеді. Ауданда тұрып жатқан осы жерді елім, Отаным деп қалған неміс ұлтының өкілдері де, кәсіпкерлер де аз емес. Облыстағы неміс кәсіпкерлері басқармасының мүшесі, Қазақстан неміс кәсіпкерлері ассоциа­циясының мүшесі Руфф Эвальдт Елбасы атынан Алғыс хатқа, марапаттауларға ие болды. Президентіміздің Германияға, Берлин қаласына жасаған сапарларына қатысты. Жыл сайын облыстық байқауларда өнім сапасы үшін бәсекелерде биіктерден көрініп келеді. ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК Мал шаруашылығы қатар жүретін ауыл шаруашылықты өңір болып саналатын Успен ауданы бұл саланы дамыту үшін аянып қалған жоқ. Ауданда 22 ауыл, 239 шаруа қожалығы, 14 жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Шаруа қожалықтарының басым көпшілігі егін, күнбағыс өсірумен айналысады. Мал басы, құстың саны жылдан-жылға өсіп келеді. Отыз мыңға жуық ірі қара мал, үш мыңнан аса жылқы, басқа да түліктер қатар өсіп келеді. Өткен жылдары аудан бойынша егіс алқаптары қосымша 20 мың гектарға ұлғайтылды. Ауданның ауыл шаруашылығын өркендетуге тартқан инвестициясының көлемі жыл сайын 200 миллион теңгені құрап отыр. Бұл тек көктемгі дала жұмыстарына жұмсалатын қаржы болып табылады. 2004 жылы ауданда “Туған жер” атты ауыл шаруашылығын өркендетудің арнайы бағдарламасы қабылданды. Бұл бағдарлама дәнді дақылдар егуде жер таңдаудың бір кездері экологиялық жағдайларға сай жүргізілмегеніне қарай, жерді, топырақтың құнарлылығын сақтап қалу үшін құрылды. 2001 жылдан бері шамамен 664 миллион теңгеге елімізде және шетелдерде шыққан техника түрлері сатып алынды. Сүт те, ет те көп. Әр ауылда қазір сүт қабылдайтын арнайы орындар бар. Бұл ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеудің кластерлік жүйесін пайдалануға жол ашты. Тұрғындар үшін наубайханалар, кондитерлік цехтар жұмыс істейді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы, Успен ауданы. --------------------------------------------- Суреттерде: сол жақтан бірінші тұрған Н.Штрек; Р.Эвальдт.