• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2011

Басты мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру

803 рет
көрсетілді

Сәуірдің басындағы сайлауда Елбасыға көрсетілген ерекше сенім мемлекеттің бүкіл билік жүйесіне барынша жауапкершілік жүктейді. Оның үдесінен шығу үшін биліктің бар­лық тар­мақ­тары жұмыла жұмыс істеуге тиіс. Бұл күндерде осы мәсе­лелер жан-жақты талқыланып жатыр. Тіпті жексенбі күні де. Иә, жексенбі күні кешкісін Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Парламент депутаттарымен, Үкімет мүшелерімен, орталық мемлекеттік органдардың, «Нұр Отан» ХДП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ басшыларымен, облыс әкімдерімен Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізді. Онда Елбасы сөз сөйлеп, Үкіметке еліміздің алдына қойған стратегиялық мақсаттарына сәйкес бірқатар жаңа тапсырмалар берді. Өз сөзінде Президент басқо­су­дың негізінен экономика мәсе­ле­сі­не арналатындығын атап көр­сет­ті. Сайлау кезінде халық топтас­қан­дығын танытты. Биліктің бас­ты буынына, Елбасыға деген жо­ға­ры сенім көрсетті. Биліктің ендігі міндеті – сол сенімді ақтап, халқымыздың әл-ауқатын жақ­сар­ту болып табылады. Таяу бес жыл­да Қазақстан азаматтарының табысы жоғары елдер тобына енуі қажет. 2016 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің жан басына шаққан­дағы көлемі кемінде 15 мың АҚШ долларына жетуі тиіс. Бұл үшін экономикамыз жыл сайын кемінде 7 пайыздық өсім көрсеткішімен дамып отыруы қажет етіледі. Өз сөзінде Елбасы Үкіметтің жақсы жұмыс істегендігін айтып өтті. Соған сәйкес оған қайтадан сенім көрсетіліп отыр. Елбасы қа­былданған индустриялық-инно­ва­ция­лық бағдарламаны жүзеге асы­ру Үкіметтің алдындағы басты мін­дет болып қала беретіндігін атап көрсетті. Өткен жылғы қар­қын мен бақылау босаңсымай, қайта кү­шей­тілуі керек. Бағдарламаны жү­зе­ге асыру шағын және орта биз­нес­тің дамуына жағдай жасауы тиіс. Осы ретте қағидатты түрде алғанда Үкіметтің және әкім­дер­дің жаңа міндеті – шағын және орта бизнесті, шикізаттық емес секторды ұдайы дамыту арқылы экономиканың жыл сайынғы өсі­мін тағы да қосымша 3 пайызға жет­кізуді қамтамасыз ету. Оның 3 түрлі жолы бар. Олар – инвестиция тарту, инновацияны енгізу, мем­лекеттік және қоғамдық инс­титуттардың тиімділігін арттыру. Елбасы өз сөзінде міне, осы мә­селелерге нақты тоқталып, Үкі­мет­ке бірнеше тапсырма берді. Инвестиция тарту Инвестиция тарту – ел бай­лығын арттырудың, халықтың әл-ау­қатын жақсартудың өзекті ар­на­сы екендігі белгілі. Бұл шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына қолайлы жағдай туғызады. Қазіргі күні бүкіл әлемде бағаның, соның ішінде, әсіресе, азық-түлік ба­ға­сының өсуі айқын байқалып отыр. БҰҰ Халықаралық азық-түлік ұйы­мының мәліметтері бойынша бұл әлемдік құбылысқа айналып бара­ды. Алайда, Қазақстан өзін-өзі және ауыл шаруашылығы өнім­де­рін дамытуды қамтамасыз ете ала­тын елдердің қатарында. Демек, салаға инвестициялар тарту ар­қы­лы тығырықтан жол тауып шы­ғуға болады. Бұған Қазақстанның жақсы мүмкіндіктері бар. Осы рет­те Елбасы кейбір азық-түлік ры­­ноктарының монополия­лан­дырыл­ғандығын сынға алды. Аграрлық сектор және азық-түлік мәселесі бойынша барлық жұмысты жолға қоюды Мемлекет басшысы Пре­мьер-Министрдің бірінші орынба­са­ры Өмірзақ Шөкеев пен жа­ңа­дан тағайындалған Ауыл шаруа­шы­лығы министрі Асылжан Ма­мыт­бековке тапсырды. Транзиттік мүмкіндікті арттыру Тағы бір мәселе елдің транзиттік мүмкіндігін арттыру ісіне қа­тыс­ты. Алып мемлекеттердің, Ба­тыс пен Шығыстың арасында Қа­зақстанның қолайлы геогра­фия­лық орналасуы бұл істің біз үшін аса маңызды екендігін көрсетеді. Осыған орай Елбасы респуб­ли­ка­ның көліктік инфрақұрылымын жетілдірумен қатар олардың жүк тасымалы, туристер қозғалысы үшін ашық болуын атап айтты. Жүктерді жедел ресімдеу, елдің тран­зиттік мүмкіндігін дамытуда мемлекеттік жеке меншікті әріп­тес­тікті енгізу мәселесін шешу жө­нін­дегі ұсыныстарды жеделдетіп қа­рау­ды Үкіметке тапсырды. Кезіндегі Батыс пен Шы­ғыс­тың арасын жалғап жатқан көне Жібек жолын қазіргі заман тала­бы­на сәйкес қайта жаңғырту, осы­лай­ша елімізді халықаралық эко­но­микалық сауда жолының үлкен дәліздерінің біріне айналдыру Ел­басымыздың маңызды страте­гия­лық мақсаттары­ның бірі екендігі белгілі. Елбасы Үкіметке ауылшаруа­шы­лық жерлеріне тексеру жүр­гізуді тапсырды. Жерде оны игеруге қабілеті бар, қоғамға пайда әке­летіндер жұмыс істеуі керек екендігін айтты. Жалпы, Қазақстан аумағының жер қойнаулары әлі толық тексеруден өтпеген. Мұның өзі алдағы уақытта геологиялық жұмыстар­ды жолға қоюды қажет етіп отыр. Бұл ұлттық геологиялық компания құ­ру­дың қажеттігі туындауда деген сөз. Мұндай іспен айналысу Пре­мьер-Министрдің орынбасары – Ин­дустрия және жаңа технологиялар ми­нистрі Әсет Исекешев пен «Са­мұрық-Қазына» қорының жаңа бас­шысы Тимур Құлыбаевқа жүктелді. Инновацияны енгізу Мемлекет басшысы дамудың саналы стратегиясын басшылыққа алған елдердің барлығы иннова­ция­ны енгізу бойынша бәсекеге түс­кендігін атап көрсетті. Инновация дегеніміз – болашаққа бас­тай­тын жарқын жол. Сондықтан осы істі  дамыту жалпыұлттық басым­дық ретінде жария етілетіндігін жет­кізді. Бұл мақсатқа жетудің төте жолдарының бірі – Қазақ­стан­ды әлемдік деңгейдегі білім орталықтарының біріне айнал­дыру, осы іске таудай талаппен кірісу болып табылады. Экономи­ка­лық прогресс дегеніміз, бұл – бірінші кезекте таланттыларды   тау­ып, дамытып, оларды ел игілігіне айналдырудың көшелі жолы. Қа­бі­летті адамдар инновациялық аху­алды қалыптастыру ісінде қай елде болсын ерекше рөлге ие. Қазақстан да осы бағытта жұмыс істей бастады. Соның маңызды кө­рінісінің бірі – Елбасының тікелей бастамашылдығымен қолға алын­ған «Болашақ» бағдарламасы. Өз сөзінде Елбасы республи­камызда осы әлеуеттің әлі күнге дейін тиімді пайдаланылмай келе жатқандығын сынға алып, мұның нақты дәлелдері ретінде көптеген фактілерді келтірді. Мәселен, осы уақытқа дейін еліміздің 4 мыңға тарта  жастары шет елдерден заман талабына сай білім алып келгендерімен, олардың жартысына жуығы нақты өз мамандықтары бой­ынша қызмет істеп жүрген жоқ. Былтырғы жылы оқу бітіріп келген 1200-ге тарта жастың үш­тен бірі ғана өз білімдеріне лай­ық­ты қызметке орналасқан. Бі­тіру­шілердің 85 пайызы Астана мен Алматы қалаларында қалғы­сы келеді. Себебі, көптеген өңір­лер­де оларға деген сұраныс болға­нымен, осы әлеуетті іске асыруға өңір басшылары айтарлықтай дә­ре­жеде көңіл бөлмей отыр. Сонымен қатар, Елбасы ендігі жерде мектеп бітірушілерді мемлекет қаржысы есебінен бакалавриат бойынша оқуға жіберуді шек­теп, бұл іс бойынша тек магистратуралар мен пейджи доктор­лыққа жөнелтуге ғана мән берудің қажеттігін ескертті. Мемлекет басшысы еліміздің орта және кәсіптік білім беру ісін дамыту мәселесіне ерекше мән берді. Астанада ашылған «Назарбаев Университеті» қазірдің өзінде үлгіге айнала бастады. Көптеген шетелдік мамандар онда жұмыс істеуге ынта танытуда. Міне, осы университетке оқуға түскен 500 студенттің 248-і еліміздегі қазақ-түрік лицейлерін бітіргендер екен. Бұл нені көрсетеді? Біздің орта білім жүйесінің заман талабына сәй­кес емес екендігін меңзейтіндей. Еліміздің инновациялық да­муы­на үлес қоса аларлықтай идея­лар аз емес. Осы ретте Елбасы өз тарапынан мынандай ұсынысын айтып қалды. Қазақстанда жерас­ты су қорының үлкен көздері бар екендігі  белгілі. Міне, осыларды жер бетіне шығарып, халық игілігіне жаратудың өзі үлкен инно­вациялық іс емес пе? Ендеше, игілік келтіре алатын істермен неге шұғылданбасқа. Елбасы өз сөзінде еліміздің Эко­номикалық даму және сауда министрлігін республикамыздағы бар­лық министрліктердің жұмыс­та­рын үйлестіретін өзіндік бір ақыл-ой­дың орталығына айнал­ды­ру қажет­тігіне тоқталды. Өкі­ніш­ке қарай, бұл ведомство ондай талапқа әзірге жауап бере алмай отыр. Ендігі кезекте осы министр­ліктің жұмысын нығайту, жаңа қырынан жан­дан­дыру талап етіледі. Оған бәсеке­лестікті қорғау қызметі де қосымша тапсырылып отыр. Сонымен қатар, аталмыш министрлікке бұрын «Самұрық-Қазынаның» құрамында болып келген даму институттары тапсы­рылады. Ал «Самұрық-Қазына» ұлттық қорының негізгі міндеті компаниялардағы корпоративтік басқару ісін одан әрі жетілдіре түсу болып табылады. Мемлекеттік және қоғамдық институттар тиімділігін арттыру Елбасы өз сөзінде бұл мәселе­ге кадрлық саясатты айқындап жолға қою, сыбайлас жем­қор­лық­пен күресті күшейту, еліміздің құқықтық жүйесін дамыту, мемлекеттік қызмет сапасын арттыру, өңірлік және фискалдық саясатты жүргізу ісін жетілдіру, жергілікті өзін-өзі басқаруды белсенді түрде дамыту секілді қырларынан келіп көп тоқталды. Соның ішінде сы­бай­лас жемқорлықпен күрес мә­се­лесін ерекше айтты. Ендігі кезекте мемлекеттік органдар мен компанияларда негізгі жауапкершілік жүгі артылған қызметкерлер сы­бай­ластыққа ұры­натын болса, оған сол ұйымның бірінші бас­шы­сы тікелей жауап береді. Оған мұндай жағдайда қыз­меттен кетуге тура келеді. Осыған орай Елбасы құқық қорғау жүйесінің ашық болуы тиісті екендігін айтты. Сонымен қатар, соттан тыс құқық қорғау жүйесін жетілдіру қажет. Меншік барынша қорғалуы керек. Сонда ғана нарық экономикасын дұрыс дамытуға болады. Қазақстанның құқықтық жүйе­сін дамыту басымдық мәні бар мәселе болып табылады. Бүгінгі күні соттар атқарушы билікке тәу­ел­сіз. Бірақ олардың кәсіпқойлық деңгейінің төмендігі, жауапкерші­лі­гінің аздығы сот өндірісінің са­па­сына елеулі әсер етіп отыр. Де­мек, сот жүйесіндегі, барлық құ­қық қорғау органдарындағы пара­қорлықты түбірінен жоятын кез келді. Осыған орай Елбасы Үкі­мет пен Президент Әкімшілігіне құқық қорғау, сот жүйесін одан әрі жетілдіру ісін тапсырды. Мемлекет басшысы халыққа қызмет көрсету орталықтарының қазіргі жұмысына өзінің көңілі толмайтындығын білдірді. Бұл орталықтардың әу баста халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызмет­тің көптеген түрлерін бір жерге жи­нақтай отырып, бір терезе қа­ғи­даты бойынша жұмыс істеу үшін құрылғандығын еске сала келе, осы қағидаттың әлі күнге дұ­рыс орын­далмай отырғандығын сын тезіне алды. Осыған орай жал­пы мемлекеттік қызметтің са­пасын одан әрі арттыру қажеттігін, бұл үшін қыз­мет стандарттарын, қызметтерді оң­­тайландыруды, электрондық қыз­метті енгізуді, соның ішінде бі­рінші кезекте халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жетілдіруді тапсырды. Сонымен, кеңесте атап көр­се­­тіл­геніндей, Қазақстан қазіргі күні қуатты мемлекет ретінде қа­­лып­тасу үстінде.  Еліміз өзі­нің соң­ғы жылдарғы эконо­ми­калық қа­рышты дамуы нәти­же­сінде ел ішіндегі пробле­ма­лар­ды толықтай шеше алатын­дай жағдайға жетті. Бұл ретте Тәуелсіз Қазақстан мемле­ке­ті­нің табысты дамуының үш негізгі шарты ретінде мықты мем­лекеттің құрылғандығын, тиімді мемлекеттік саясаттың жүзе­ге асырылып келе жатқандығын, бір­те-бірте кәсіби кадрлардың қа­лып­тасу үстінде екендігін атап көр­сетуге болады. Енді осы істі одан әрі жетілдіре түсу қажет. Ке­ңесте Елбасы көтерген мәсе­ле­лердің барлығы осыған қарай ба­ғытталды. Ал оның түпкі нәти­же­сі халықтың тұрмыс жағдайы­ның елеулі жақсар­ғандығынан, өмір са­пасының арта түскен­ді­гінен көрінбек. Мән беретін мәселелер Сөзінің соңында Елбасы қазір­гі күннің қамынан туындайтын ағымда тұрған бірнеше мәселені атап көрсетті. Олар – индус­трия­лық жобаларды жүзеге асыру ісін белсенді түрде жалғастыру, азық-түлік бағасының өсуіне жол бермеу, көктемгі егісті дұрыс жүргізу, әлеуметтік сала мәселелеріне ерекше мән беру. Сонымен қатар қысқы жылыту маусымына дай­ын­дықты қатаң назарда ұстауды, өткен жылдың сынағынан бірнеше мысалдар келтіре отырып Үкі­метке нақты тапсырды. Барлық тапсырмалардың орындалуына ба­қылау жасауды Президент Әкім­ші­лі­гіне жүктеді және жо­ғарыда ай­тыл­ған тапсырмалардың қалай орын­далғандығы кімнің кім екендігін көрсететіндігін қадап тұрып айтты. Сенімге іспен жауап бермек Отырыста бірінші болып сөз алған Премьер-Министрдің орын­басары – Индустрия және жаңа тех­нологиялар министрі Әсет Исе­кешев үлкен маңызды шаруаларда Елбасының сенім білдіргендігіне рахметін айта келе, ин­вестициялық жобаларды жүзеге асы­ру мәселесінде қолға алынып жатқан істерді баян етті. Қазіргі күні инвесторларға, ірі, орта және шағын бизнес өкілдері мен ісін енді бастаған кәсіпкерлерге қа­жетті тетіктер әзірленген. Биылғы жылы 1,5 триллион теңгенің ин­вестициялық жобалары жүзеге асырылатын болады. Жалпы жыл соңына дейін 192 жоба іске қо­сы­лады. Сонымен қатар, биылғы жыл­дан бастап бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан кәсіп­орын­дар­ды модернизациялау тұрғысынан қай­та жаңғырту ісі  қолға алынады. Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев өз сө­зін­де өңір жұртшылығы Елбасы сеніміне іспен жауап беретіндіктерін жеткізді. Биылғы жылы бұл өңірде 10 үлкен инвестициялық жоба жүзеге аспақ. Былтырғы жыл­дан бері жалғасып келе жат­қан осындай ірі жұмыстардың нәтижесінде 26 мың жаңа жұмыс орнын ашу көзде­ліп отыр. Маңғыстау облысы азық-түліктің көптеген түрлерін сырттан әкелетіндігіне қарамас­тан, олардың бағасының көтерілуі еліміз бойынша алғанда ең тө­менгі деңгейлердің бірінде. Сондай-ақ ол облыс өз бетімен жұмыссыздықпен күрес жөніндегі «Жол картасын» жүзеге асыруды одан әрі жалғастыра түскендігін, осы іске жергілікті жерде 4,5 миллиард теңге бөлінгендігін жеткізді. Биылғы жылы облыста халық­ты газбен, теледидарлық хабарлармен қамту ісі 100 пайыз орын­далатындығын мәлім етті. Парламент Сенатының де­пу­таты Анатолий Башмаков сайлау кезінде халықтың Елбасына жоғары сенім көрсеткендігін айта келе, Нұрсұлтан Әбішұлын осы сенімді жеңісімен құттықтады. Өзі­нің депутат ретінде Елбасы ұсын­ған қоғамдық институттарды дамы­ту, соның ішінде жергілікті өзін-өзі басқаруды жетілдіру мәсе­ле­сін ба­рынша қолдайтындығын айтты. Кеңес соңында Қазақстан Рес­публикасының Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов сөз сөйледі. – Бұдан екі апта бұрын бүкіл­халықтық сайлауда Сіз қазақ­стан­дықтардың 95,55 пайыз қолдауы­на ие болдыңыз. Менің Сізді осы залда отырғандардың атынан тағы да сол теңдессіз жеңісіңізбен құт­тықтағым келеді, – деді Премьер-Министр. – Екі аптаның ішінде Сіз барлық атқарушы биліктің органдарын қалыптастырып, қай­та бекіттіңіз. Үкіметке толық құ­рамда, жеке маған Үкімет басшы­сы ретінде Сіз жоғары сенім ман­датын бердіңіз. Сіздің тарапыңыз­дан Қазақстанның 2030 жылға дейінгі даму Стратегиясында, 2020 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарда, Сіздің биылғы жылғы қаң­тардағы Жолдауыңызда, «Нұр Отан» ХДП съезінде сөйлеген сө­зі­ңізде, ұлықтау рәсіміндегі сөзі­ңізде алға қойған міндеттер бүгін де өте маңызды. Кәрім Мәсімов Елбасының тап­сырмалары Тәуелсіздіктің жи­ыр­­ма жылдығына орындала­ты­нына сендірді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. ----------------------------------------- Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.