Қазір төрткүл дүние адам баласының ғарышқа ұшқанына 50 жыл толуын жан-жақты атап өтіп жатыр. Осыған орай, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің оқытушылары мен студенттеріне арнайы келіп, қазақтың айтулы азаматы, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаев «ҚР Ұлттық ғарыш агенттігінің қызметі және ғарыш кеңістігін бағындырудың болашақтағы жоспары» деген тақырыпта дәріс оқыды.
Ғарыш әлемінде үш рет болған Талғат Амангелдіұлы жиылған жұртқа еліміздің өткені мен бүгінін жан-жақты саралай келіп, Біріккен Ұлттар Ұйымы ғарыш күнін әлем жұртшылығының ортақ мерекесі деп жариялағанын алға тартты. Ол сонымен бірге, адамның бүкіл тірлік-тынысы тікелей ғарышпен байланысты екенін, көп игілікті іске ғарыш технологиясы ұйытқы болып отырғанын тілге тиек етті. Ғарышқа жұмсалған қаржының қайтарымы еш кетпейтінін, болашақта жер байлығын ғарыш байлығы алмастыратынына нақты дәйектер келтірді. Біз қашанда алға ұмтылып, келер күннен үмітін үзбеген ұлттың ұрпағымыз. Ғарыш әлемін бағындыру үшін үлкен әзірліктер қажет. Әсіресе, кадр дайындау, ғарыштық базаны жетілдіру, сөйтіп, отандық ғарыш жүйесін құру арқылы әлемге таныламыз, деген ғарышкер таяу уақытта «Қазсат-2» жер серігінің көкке көтерілетінін, «Қазсат-3» бойынша дайындық жұмыстарының жүріп жатқанын атап өтті. Ұлттық байлық болып есептелетін «Байқоңыр» ғарыш айлағы туралы да өз тұжырымын білдірді.
Елдің еңсесін көтеріп, абыройын асыратын ғарыш әлемі жайлы ғарышкердің дәрісінен кейін студенттер алуан түрлі сұрақтар қойып, оған нақты жауаптар алды. Әсіресе, олардың болашақ қазақ ғарышкерлері туралы ой-байламдары ерекше естіліп жатты. Елді сүю, Отанды қадірлеудің үлгісі боларлық ғарыш әлеміне талпынсақ деген тілектер де айтылмай қалған жоқ. Сұрақтардың арасында Мәскеу авиация институтын бітіріп келіп, қазір сынақ мерзімінде жүрген сымбатты жас жігіттің: «Мен алдағы уақытта жұмысқа қабылданамын ба?» деген сұрағына агенттік төрағасы найза ұстаған батырдай жарқ етіп: «Қажет мамандық иесі неге қабылданбайды?» деп тиісті адамға бірден тапсырма берді. Оның бұл азаматтық шешіміне зал толы жұрт дуылдата қол соғып, қошемет көрсеткенде мамандығына қарамай, адамын аңдып асықпайтын қосшыдан талғамы мықты, талантты тап басып танитын басшы артық па деген ойға ден қойғанымыз анық.
Дәріс соңында университеттің проректоры, академик Рахметқажы Берсінбай қазақ ғарышкеріне үлкен ілтипат көрсетсе, студенттер өлеңнен шашу шашты.
Сүлеймен МӘМЕТ.