Ежелгі түркілердің ұғымында Ұлыстың ұлы күні – ең алғашқы күннің көкжиектен тууы, ең алғашқы бәйшешектің гүл атып қауыз жаруы, ең тұңғыш төлдің шарананы жарған қасиетті сәті, табиғат ананың бусанып, бүкіл ғаламды, өмірді жаратқан ілкі мезеті болып саналатын.
Ерте, ерте, ертеде табиғат ана толғатып, күллі өмір-тіршілікті жаратқанда әлем алғаш қалыптаныпты, сол кезде алып бәйтерек кішкентай ғана шілік екен, түпсіз мұхит шалшық екен, заңғар таулар бір уыс балшық екен, қара тас сәбидің еңбегіндей балқып жатыпты, алғашқы шыққан күннің нұрын бойына сенген түйе көре алмай, ойына сенген айлакер тышқан көріпті, сол кезден бері жылқайыру пайда болыпты дейді түркі әпсанасы.
Түркінің он екі жылдық мүшелінде бірінші жыл неге тышқан болды? Күлдір-күлдір кісінеген жылқы, қоңыр мінез қой, алғыр барыс, сахара кемесі түйе неге алға шықпады бәйгеде? Себебі, мифологиялық-ертегілік эстетика ұдайы әлсіз кішкентайды дәріптеп, жеңістен жеңіске жеткізіп, зорекер алып күштіні сүріндіріп, үнемі утопиялық әділеттің салтанат құруын жақтайды. Ендеше даладағы ең алып хайуан түйе мен ең кішік жануар тышқан бәсекелеседі де, нәтижесінде аңқау да көмбіс Ойсылқара оңбай жеңіліп, санаттан шығады, ал денесі әлсіз болғанымен, ақылы мен айлакер қулығы үстем шыққан тышқан Жылбасы мәртебесіне ие болады. Әйткенмен, ұлық мал түйені түркі-моңғол халықтарында он екі мүшелден қалдырмайтын әпсана да бар. Ол бойынша, мүшелдегі хайуандар бәрі жиналып, түйенің мүшелерін бөлісіп алған. Шынында да түйенің құлағы тышқандікіндей, тұяғы сиырдікіндей, кеудесі барыстікіндей, еріні қояндікіндей, мойыны жыландікіндей, шудасы жылқының жалындай, жоны қойдікіндей, бөксесі мешіндікіндей, төбесі тауықтікіндей, сандары иттікіндей, құйрығы доңыздікіндей емес пе!
Сол он екіні біріктірсек, тұтас түйе құрастырылады. Осылайша түркі күнтізбе жүйесінде түйенің бөлшектенуінен он екі мүшел пайда болған деген тұспал, сырлы астар аңғарылады. Ұлыстың ұлы күні түркілер кілең жаңа ақ киім киетін, ақ боз атқа мінетін, ақсақал абыздан бата алып, ағарып атқан таң нұрына маңдайын тосып тәу ететін, ақ тағамдарды ішетін. Малшылық мәдениетті тірек еткен Тұран халықтарының бұл жаңа жылы кейіннен диқаншылықты негіз ететін түстіктегі сақ жұрағатынан таралған іргелес елдермен, әсіресе Иран өркениетімен араласып-құраласып, Наурыз деген халықаралық бірегей мейрам болып бүгінге жетіп отыр.
Түркі Жаңа жылы қыс пен жаздың, өмір мен өлімнің тартысқан түйінді сәті ретінде рәмізделеді. Махмұд Қашқаридың «Қыс пен жаздың айтысы», ел ескілігіндегі «Қар мен қоянның айтысы», қыс иесі Зымыстан мен жаз иесі Табысқанның күресі – мұның бәрі ескінің құлап, жаңаның жалғасуын тұспалдайтын бейнелер. Алай-дүлей ақ түтек бораны ақырған қаһарлы қыс дала халқы үшін өлім иесіндей көрінген, құрт-құмырсқасы қыбырлап, гүл бәйшешек өнетін, қазы қаңқылдап келетін шуақты көктем шаруалар үшін өмірдің бейнесіндей сезілетін. Мифологиялық зұлымдық иесін «Қарабасқын» десе, толассыз жауатын ақ кіреуке қарды «Ақбасқын» деп атаған. Әлбетте, малды аяқ жайылым, ауыз жайылымға қойып аспан қабағын баққан көшпелі қауым сары аяз қысқан қысты жұт, алтын күрек самал ескен ақжарылғап көктемді құт деп ұққан.
Сол себептен де Наурызда жастар Әз мырза мен Үт бике болып қолдұзақ ойнап, жаздың тез оралуын тілеген. Қыс иесі Зымыстан, Қалтырауық қамыр кемпір, Ақ боран секілді кейіпкерлер ойында жеңіліп тұра қашатын болған. Мұндағы Қалтырауық қамыр кемпірді өзбек, тәжіктер Аямажүз, Азиз-мома, Аджуз Калтирак деп атаған. Аджуз Калтирак қолында таяғы бар ызғар шашып қалтырап-дірілдеп жүреді, таяғымен кімді нұқып қалса, ол қалтылдақ болып қалады деп қорыққан. Хамал айында өліара мезетте күн райын бұзып жел соқтыратын боран иесі – Қалтырауық кемпір, ал оның екі ұлының аты Ақпан, Дақпан деседі.
Құрбанғали Халиди «Отамалының желсіз, борансыз өтуі сирек болатын оқиға. Қыстың шығар мезгілі, суықтың әлсіреген уақытына тура келіп, оны арабтар «аяма жуз», «барды ажуз» әлсіреген күндер, әлсіз суық деп атайды» деп түсінік берсе, Мәшһүр Жүсіп Көпей бұл күндерді қазақ «Кемпірдің желі» деп атайтынын жазады. Алып дорбасына ызғарлы жел толтырып алып Наурыздың алдында сойқан салатын кесірлі кемпірдің бораны туралы хикая біршама халықтарға ұласып таралғаны байқалады.
Мінеки, Наурыздың келуін қасиетті Күн салтанатының жеңісі, тіршілікке нәр берген көктем иесі Табысқанның үстем түсуі, ал оған қарсы шыққан, алты ай қыстай Ақбасқынмен төпеп, «жұт шашқан» Зымыстан бастаған неше алуан кесірлі күштердің жеңіліс табуы деп ұғу – негізінен Орталық Азия халықтарының танымына тән тәмсіл.
Жайнаған көктеммен бірге қайта түлеп жаңаруды тілеген ел «Ұлыс береке берсін, бәле-жала жерге енсін» деп ырым жасап, ескі кетік ыдыс-аяғын сындырып, өртеп те жіберетін болған. «Ескі ыдыс-аяқтың, түтіні шығар будақтап» дейтіні сол. Күн менен түн теңелген жаһан жаралған қасиетті шақта адамның бәрі теңдікке ие болған. «Күң құтылар сырықтан, құл құтылар құрықтан» дегендей бұл күні құл патшаның тағына отырып, бір күн билік етуге де рұқсат берілген дейді кәріқұлақ әңгіме. Ел көріскенде «Бір жасың құтты болсын!» деседі. Себебі, бұл күн адамдардың ғана емес, бүкіл ғаламның туған күніне саналады. Мұны жыл сайын қайталанатын, қазіргі адамдар әлем жаралған атамзамандағы ежелгі уақытқа саяхат жасап, ілкі бабалар мезгілімен тоғысып, өзіне күш-қуат алу мүмкіндігіне ие бола алатын мифологиялық-ғұрыптық қасиетті нөлдік уақыт десек болады. Әлбетте, түркінің мифологиялық күнтізбесі – тарихи күнтізбедей сызық бойымен жалғаспалы емес, шеңбер тәріздес жыл сайын қайталанатын, мәңгілікпен үндесетін ұласпалы құндылық. Ол «Ата-баба не істесе, біз соны қайталаймыз» деген ғұрыптық-салттық жосынға арқа сүйейді.
Самалық,самалық! Самарқанның көк тасы, Жібіді ме, көрдің бе? Самалық, самалық, Қап тауының көк құсы, Жүгірді ме, көрдің бе?
Иә, бұл күні жер алғаш жаралғандағыдай, күн алғаш туғандағыдай өмір-тіршілік дүркіреп қайта түлейді. Жаһан жаралғанда қара тас та былқылдап еріп, мидай балқып жатқан дейді әпсанада. Сол ілкі асыл сәт жыл сайын ұлыстың ұлы күні қайталана бермек. Ендеше заңғар Қап тауының көк құсы көзін ашып, сеңгір биіктен ұлыстың ұлы күнінің нұрын көріп, Самарқанның көк тасы да бусанған табиғат ананың мейіріне балқып еруі тиіс. Мұндай асыл сәтті «судағы балық сезіп аунап түседі, қорадағы мың қойдың бірі түйсінеді» дейді ел аңызы.
Бүгін ескірген самалық деген сөз ізгі жаңалық, алғашқы леп, перзент, кейде ұзақ сапардан қайтқан жолаушы алдынан жүгіріп шыққан балаларға арналған сәлем-сауқат деген мағына да береді. Құрғақшылық кезде аспаннан бұлт көрінсе, балалар кейде «Самалық» айтып, жауын шақыратын да болған.
Самалық жырының кейбір шумағы өзбек балалары сандуғаш тұқымдас сайрауық пайыз торғайды алғаш көргенде айтатын мына өлеңге ұқсас: «Пайыз торғай, пайыз торғай! Есен-аман келдіңіз бе, Көзіңіз ашылды ма, бөстегіңіз шешілді ме?». Мұның мәні – пайыз торғай қыстай қой терісінен жасалған жылы бөстекке оранып ұйықтап жатып, көктем келгенде ғана көзін ашады екен-мыс. Қадым заманда халықтардың көбі жыл құстары қанатымен жадыраған жазды, жылы лепті әкеледі екен деп сенгендіктен құс пен шуақты көктемді байланыстырып, осылайша неше алуан аңыз-жырлар туғызған.
Сахарадағы қазақ көктемнің шуақ төгіп елжіреуін «Самарқанның көк тасы еруімен» бейнелесе, Самарқанның іргесіндегі өзбектер дәл мұндай әпсана айтпаған. Олар болжамы мүлт кетпейтін Қолыжұмық деген ғажайып есепші күн мен түн теңеліп, Наурыз келгенін сезіп майдай жібіген қолындағы көк тасты пышағымен тіліп елге көрсететін болған деседі. Екі халықтың арасында айтылатын көк тас туралы арналы аңыздардың төркінінде жұлдыздарды бақылап, салдама жасайтын Ұлықбек расытханасының кереметінің көркемделген жұрнағы бар дегенді көптеген зерттеушілер айтады.
Түркі халықтарының ұғымында халықтың жадында сақталған Әз Наурыздың бас кейіпкерінің бірегейі Қыдыр ата деуге болады. Бұл кейіпкер кейде Қызыр-Ілияс деп қосарланып айтылады. Негізінен, Ілияс теңізде, Қыдыр құрлықта сапарда жүрген жолаушыларды жебейтін рух-ие деседі.
Қазақтың мифологиялық түсінігінде бақ пен құттың иесі – Қыдыр ата. Сол себептен де ақ батада оның есімі жиі ауызға алынады: Асың, асың, асыңа, Берекет берсін басыңа. Бөденедей жорғалап, Қырғауылдай қорғалап, Қыдыр келсін қасыңа… Қыдырың қияласын, Шаңырағыңа Бақ құсы ұяласын!
Кейбір деректе Қыдыр ата, кейде керісінше Бақтың көзі жабық, соқыр кейіпкер ретінде бейнеленеді, себебі олардың қасиетті жанары оқыстан түскен пендеге таусылмас дәулет бітеді-мыс делінеді.
Қыдыр ата халық түсінігінде ақ киімді, ақ сақалды қария, немесе кезбе кедей, дәруіш кейпінде суреттеледі. Ол адамдарға өңінде кездеспесе, түсінде аян арқылы көрінуі мүмкін деген наным бар. Кей аңызда оның көзі соқыр, ол сондықтан жарыққа құштар, сондықтан ел Қыдырмен жолығу үшін Ұлыстың ұлы күнінде жұп шырақ жағып, ырым жасайтын болған. Ол мәңгілік жасайды, себебі өліп қайта тірілген, немесе Ескендірмен бірге өлместің суын іздеу сапарында киелі суды тауып ішкендіктен ажалсыз қаһарманға айналған деген әпсана бар. «Қырықтың бірі Қыдыр» дейді халық. Күніге қырық адамға кезігіп сәлемдескенде соның бірі Қыдыр болуы да ықтимал. Қыдырдың бармағы сүйексіз. Сол себепті қазақ баласы бір-біріне амандасқанда қос қолын қатты қысып, ыстық қауышып, құшақтасады. Өйткені, бармағы сүйексіз былқылдаған Қыдырдың қолын сәтін салып ұстап қаламын деп те ел ырымдайды.
«Ертеде Бақ пен Қыдырдың тау бөктерінде келе жатқанын көрген жетім-жесір, ғаріп-кәсір, бай-манаптар барлығы ол екеуінің алдын орап, шапағат сұрапты» – дейді ел аңызы – «Көзін жабағы қасы жапқан Бақ тұқырайып тұрып, қалың қасын жалп еткізіп, басын жоғары көтеріп қалғанда, тау басындағы кемтар қызға көзі түсіпті. Қыдыр ақ таяғын қолына алып, жылап тұрған қызға қарата бір нұсқап қалыпты да екеуі де көзден ғайып болыпты. Көп өтпей әлгі қыз сауығып, күйеуге шығып, үйлі-баранды болып, басына дәулет дарып, барша мұратына жетіпті. «Бақ қараса – Қыдыр дариды» деген тәмсіл осыдан қалған екен-мыс».
Тағы бір аңызда: «Қыдыр әр адамға өмірінде үш мәрте кездеседі екен.Тек сол шапағатты сәтті сезініп, тілек тілеген адамға бақ қонады екен» делінеді. Кейде «Қыдыр атаның қолында қамшысы бар. Ол қасиетті қамшысын күн мен түн теңескен Ұлыстың ұлы күні көкке бір мәрте ғана көтереді. Сол сәтте күн кенет қызып, теңгедей мұз, тебінгідей тоң қалмай балқып еріп, табиғат жадырап, бусанып кетеді» дейді. Кейде «Қыдырдың қамшысы жерге түскенде дариялардың мұзы шарт-шарт сынады» деп иланады халық.
«Пәленнің үйіне бір жаяу мүсәпір адам қоныпты. Нашар, жаяу қонақты үй иелері жөнді елемепті. Ертең ерте елең-алаңда тұрып, әлгі қонақ үй иесі кемпірге: «Бәйбіше, не нәрсеге мұқтаж, ділгірсіз?» деп сұрапты. Бәйбіше: «Байқұс, не нәрсеге ділгір болайық, тек бір-екі күннен бері ошағымның бір бұты түсіп қалып, сол ғана ділгір болып тұр» депті. Қонақ қош айтып, шығып кетіпті. Қонақ кеткен соң қараса, ошақтың түсіп қалған бұтының орнына алтын бұт бітіп қалыпты. Үй-іші жүгірісіп, аузын ашып аңқиып, санын бір-ақ соғып қалыпты. Қонақ Қыдыр екен» деген әңгімені бала күнімізде естіп, тамсанып, нанып, көзімізді шарадай қылушы едік», деп жазады Сәкен Сейфуллин.
Ендеше, алтын айдарлы тауық жылы барша шаңыраққа бақ қонып, Қыдыр дарығай!
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ, фольклортанушы ғалым