АШЫҚ АСПАН
Аспан шайдай ашық. Мөп-мөлдір көкте бір шөкім бұлт жоқ. Айнала мүлгіген тыныштық. Бір үп деген леп болсайшы. Көз көрім жер аппақ қар көрпесін жамылып сұлқ жатыр. Жаздағыдай көк күмбезін жарып өтпей, еңістей жылжыған күн көзі жомарт шуағын еркін төгіп, жарылқап тұр.
Асықпай ақырын басып, шыңылтыр аязды күнгі тұнық ауаны кеуде кере жұтып, Жайықты бойлап, серуендеп келемін.
Қасымда ескі досым Ғазиз Хаймолдин. Бала кезден доспыз. Тағдырдың жолы бізді екі айырып, мен күнгейдегі сонау Жетісай ауданында өстім де, ол осы өңірдегі Тайпақ, қазіргі Ақжайық ауданында жетіліп, ат жалын тартып ел қатарына қосылған азамат. Кезінде партия, совет қызметінде болып, Қазақ республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты – халық қалаулысы қызметін атқарған.
Өзі көп біледі. Осы өңірдің тірі шежіресі десе де болғандай. Сол себепті басымыз қосыла қалса болғаны, оны-мұны сұрап, ылғи сөзге тартамын.
Бірақ, бұл жолы әңгімені Ғазиздің өзі бастады.
– Сен Алматыдан келіп үлгермей қалдың. Бұл өңірдегі соңғы кездегі үлкен оқиға – Жұбақаңның, Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдық мерейтойы болды.
– Иә, маған хабар кештетіп жетті ғой.
– Ұлан-асыр той болды. Тойға қалай әзірлік болғанын өзің де шет-жағасын көрдің. Әзірлік барысын да, оның өткізілуін де облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы қатты кадағалап, өзі тікелей басқарып отырды. Ақынжанды азамат қой. Әйтеуір, ел бір серпіліп қалды. Және келген қонақтарды, келін-балаларымен келген Софья апайды әкім өзі қарсы алғаны Жұбаң жоқта да жоғары деңгейде шын жүректен құрметтеу екеніне жерлестері дән риза.
Бұдан кейін Ғазиз сәл ойланып, үнсіз қалды.
Былтырғы ми қайнатқан ыстық тек егін емес, мал шаруашылығына көп қиындық әкелді. Шөп қурап кетіп, қысқа пішен дайындау да үлкен сын болды.
Биыл жердің оты мол болып, жасыл шалғын жайқалып тұрса, қане...
Бірақ, кім білсін...
Енді бәрі де көктемнің мінезіне байланысты болса керек. Егер де көктемде күн бірде жылытып, бірде (түнде деңіз) тоңазытып, қар суын Жер-ана баппен бойына сіңірер болса – онда құба-құп.
Ал күн күрт ысып, қар бірден еріп, су боп ағып кетсе, онда пайда шамалы көрінеді. Осы күндерде Орал маңайындағы тасқын су бәрімізді қатты әбігерге түсіріп жатыр.
Кім білсін. Үміт бар. Үмітсіз шайтан дейміз. Үмітке еріп, күдік жүреді. Үміттің көлеңкесі тәрізді...
– Мен ең бастысын ұмытып барады екем ғой.
Ұйқыдан оқыс оянғандай селт ете қалдым.
– Иә, бұл тойдың ең бір есте қалар тұсы – Жұбақаңның ескерткіші ғой… Батыр тұлғалы абыз ақынның тік тұрған мүсінін көргенде онымен тұпа-тура бетпе-бет келгендей ғажап әсер аласың. Ақжайық ауданының ортасында бой көтерген бұл ескерткіш мүсін өнерінің озық үлгісі десем, артық айтқандық болмас.
Бұл тұста аудан әкімі Абай Иманғалиевтің еңбегін айрықша атап өткен жөн болар. Бюджеттен соқыр теңге сұрамастан қаржы мәселесін шешкен сол. Жергілікті бизнесмендерді ұйымдастырған көрінеді. Сөйтіп, ақын ескерткіші дүниеге келген.
...Осыдан кейін екеуміз де үнсіз қалдық.
Мен аспанға көз тастадым. Мөп-мөлдір көк күмбезі шайдай ашық.
Сұрапыл соғыстың зардабын шеккен біздің ұрпақ ашық аспанның қадірін, бейбіт күннің қасиетін жұрттың бәрінен артық білсе керек.
Ішімнен “мың да бір шүкір” деп тағы да бейбіт көгіме көз тастадым.
Бейбітшіліктен артық қазына, одан асқан байлық, дәулет жоқ біз үшін...
ОРДАҒА ГАЗ КЕЛДІ!
Менің көзіме жас үйірілді. Бақтықожа бауырымыз – Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов: «Қайреке! Ордаға газ барды. Лентасын өзім қидым. Халық қуанып жатыр», дегенде өлгенім тіріліп, өшкенім жанғандай қатты тебірендім. Көзіме жас келді.
Тебіренетін жөнім бар.
Бір кезде хандардың ставкасы болған Орда еңбегі еш, тұзы сор болып, мүшкіл хал кешіп келген тұрмысы ауыр аудан. Күні бүгінге дейін, яғни айтқанда жиырма бірінші ғасырдың оныншы жылына дейін тезек пен қи жағып келген. Ал көмір дегеніңіз сонау алыстан – алты жүз, жеті жүз шақырым жердегі облыс орталығы Оралдан жеткенше бағасы аспандап кетеді де, күнкөрісі төмен отбасылар сатып алуға қауқарсыз. Кешегі кеңес кезеңінде бір топ ауданды мешеу аудандардың санатына жатқызғаны мәлім. Солардың жуан ортасында осы Орда ауданы бар-тын.
Орда енді аудан орталығы болуға тиімсіз саналып, күйі қаша бастады. Аудан орталығы темір жол станциясы – Сайхынға көшірілді. Орда совхоз орталығы боп қалды.
Енді лирикалық емес шегініс жасап көрелік.
Өткен ғасырдың орта шенінде Орда атом сынағының астанасына айналды. Капустин-Яр, Азғыр, Тайсойған полигондары қауырт жұмыс істеп жатты.
Аудан таратылды. Аудан халқы шыжыған шілдеде сонау Тәшкеннің, Шымкенттің, Мақтааралдың аржағына – Ильич ауданына көшірілді. Құдық суын ішіп үйренген халық бақа-шаяны быжынап, құрт-құмырсқасы құжынап жүрген арықтардан су ішкен соң, коныс аударып барған халықтың (дұрысы қазақтың дегеніміз мақұл) алпыс пайызы қырылып қалды.
1947 жылдан бастап бізге – мектеп жасындағы балаларға, әсіресе, күніне 4-5 адам өліп тұрғаны қабырғаға қатты батқаны даусыз.
1972 жылы аудан қайта ашылды. Сол жылы бұрын Жәнібек ауданын басқарып жүрген соғыс ардагері Рахметолла Егізбаев қайта ашылған ауданға сұранып, Орда ауданына аупарткомның бірінші хатшысы болып келгенде таңғалғанын ылғи қайталаудан танбайтын. «Менің қайран қалғаным – Орда ауданы қайта ашылғанда Қазақстанның түкпір-түкпірінде тіршілік етіп жатқан ордалықтар, тіпті жауапты қызметтерді атқарып жүргендеріне дейін Ордасына қайтып оралғандары болды».
Көзі ашық, көкірегі ояу ел азаматтарының арқасында, көненің көзіндей бұрынғы хан казначейі ғимараты қазіргі кезде кешенді үлкен мұражайға айналды. Оны қалпына келтіру жұмысы әлі де жалғасуда. Оған үкімет бюджетінен қыруар қаржы бөлінген. Тарихы тереңде жатқан Бөкей Ордасының қайта жаңғыруына үкімет тарапынан қосылған үлкен қамқорлық бұл.
Бұрын Оралдан Орда ауданына, Жәнібекке ұмытпасам, чехтың L-400 деген ұшағы қатынайтын. Қайта құру (осы сөздің екінші мағынасынан қорқатынмын!) кезеңінде ол ұшақ көзден бұлбұл ұшты.
Бұрын темір жолмен жолаушылап, Саратов облысында – Урбах станциясында ауысып мініп (анашым немерелерін ертіп алып, Нарын құмға осы жолмен талай сапар шеккен!) Сайхынға жетіп қалатын. ТМД дәуірі басталғалы ол жол да жабылып қалды.
Ал асфальт жол болмағандықтан, 600 шақырымнан астам алыста жатқан ауданмен қатынас күзгі жаңбыр маусымында, көктемгі лайсаңда үзіліп қалатыны өзінен-өзі түсінікті жайт. Бірақ, үміт ешқашанда үзілмек емес. Облыс басшылығы осынау қордаланып қалған қат-қабат мәселелердің түйінін шешудің жолдарын қарастыруда.
Өз басым осы мәселеге республикалық орталықтан қаржы бөлінуін тілеп әр таңымды тәтті үмітпен атырып жүргенім рас.
Ал газ жағып отырған мекенінен ешкім де ешқайда қоныс аудармасы айдай ақиқат.
Бұрын Батыс Қазақстан облысы тұрғындары 27 пайыз көлемінде газбен қамтылған болса, енді бұл көрсеткіш 97 пайызға жетті. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің осы проблеманы шешуде асқан жігерлілік танытып, халықтан мың мәрте алғыс алғанына куә болдым. Тіпті, осы мәселемен Лондонға да екі рет барып қайтқаны бар. Әкім Сырым, Қаратөбе аудандарында да, тіпті Оралдың іргесінде отырып, газдан мақрұм қалған Теректі ауданына, тіпті қаланың түбіндегі Подстепное елді мекеніне де газ алауын жақты. Халықтың қуанышында шек жоқ.
Бөкей Ордасы ауданында ең бірінші газ осы өңірдің байырғы тұрғыны, ел ағасы, Социалистік Еңбек Ері Ескендір Есімов пен Ардақты Ана – Мәрзия, он перзент өсірген әжей шаңырағында, облыс әкімі бергізген жаңа үйде тұтанды. Қариялардың қуанышында шек жоқ.
Әкімге алғысын жаудырған қариялар да, жергілікті халық та: «Әкімнің өзі де жанды-жақты үлкен отбасының перзенті, он баланың бірі ғой!», десті мәз-мәйрам болып.
ҚҰРМАНҒАЛИДЫҢ МОНШАСЫ
“Егемен Қазақстанның” тілшісі, қаламы қарымды журналист інім Темір Құсайын бір кездесіп қалғанымда: «Қайреке, сізге бір қызық көрсетейін», дегені бар.
Қандай қызық болуы мүмкін деп ойланып қалдым да, бірден келісімімді бердім. Ә дегенше бір көшенің шеткергі тұсына кеп тоқтадық.
Бір бұрышта сырахана, қарсы бетте – сыпыртқы сатып отырған жез мұрт қария.
«Мұның таңданарлық несі бар екен» деп түйген мен самарқаулық таныттым. Темір інім мені бір үлкен ғимараттың ішіне ертіп кірді. Сөйтсем бұл монша екен. Мәскеу, Петербор моншаларын, өзіміздің Алматыдағы атақты “Арасан”, “Тауспаларды” тауысқан басым Оралда мен таңғаларлық монша қайда болсын деген нық сеніммен батыл басып, ішке ендім.
Кәдімгі монша.
Темір екінші қабаттағы ерлер бөліміне бастап апарды. Таңғаларлық түгі жоқ. Қаптаған халық. Кейбіреулері қалғып-мүлгіген қалпы кезегін күтіп, ұзын сәкіде отыр. Мен күліп:
– Темақа, осы ма таңғалдырғаның? Мені кезек күткен адамдарды көрмеген шығар дегенің бе? – дедім. Темір жымиып:
– Қызығы алда. Сабыр етіңіз, – деді қысқа қайырып.
Содан кейін менің көзімше кассаға барып, билеттің қанша тұратынын сұрап еді, аржағынан «екі жүз теңге» деген дауыс естілді.
Мен таңғалып, тосылып тұрып қалдым. Көке-ау, мына заманда бұл «батпан құйрық, тегіннен тегін жатқан неткен құйрық» демекші, екі жүз теңгеге сәлеміңді де алмайды ғой!
Темір мені осы моншаның директорымен таныстырды. Құрманғали деген жігіт екен. Толықша келген. Қараторы. Мен түсінбегенімді айтып, орысшалап “вылетишь в трубу” дегенімде ол күліп: «Аға, осы бағамен қанша халықтың алғысын алып жатырмын. Орталықта бір монша бар еді, ол жабылып, басқаша қызмет ететін болды, оған қалтасы тайыздар жолай алмайды», деді байыппен. Айтса айтқандай. Қарасам – қаптаған қарақұрым халық. Оны көріп, ойға қалдым: «Е, мың теңгеге бір адам кіргенше, бес адамның кіргені тиімді екен. Және жалпы халыққа да оңтайлы, сонда – екі есеп, бір есеп!».
Мен Құрманғалидың осы заманға лайық қызмет көрсетіп, жұрттан алғыс алғанына және оның жолын тапқанына дән риза болдым.
Шіркін, осындай азаматтарымыз көбірек болса, қане!
ҚАСҚЫР ШАПҚАН АУЫЛ
Тападай тал түсте ауылға қасқыр шапты. Бұл жақта қасқырды “жаманауыз” дейді. Оқыс оқиға облыстық теледидар арқылы да халыққа мәлім болды.
Қазақ қасқырды қанша жек көрсе де оны есті аңдардың санатына жатқызатыны әлімсақтан белгілі. Оны аңдардың элитасы санатына жатқызатын жөні бар. Бөрі негізінде текті аң. Оны қазекең «қасқыр да қастық қылмас жолдасына» деп әнге де қосқан. Ал кейбір адамдар жөнінде бұлай айта алмаймыз. Сол өкінішті.
Сонымен, Жаңабұлақ ауылына қасқыр шапты. Абырой болғанда қасқыр талай жаздаған әйелді көршісі көріп қалып, ажалдан арашалап алған екен. Сөйтіп, ауыл халқы бір қасқырды соғып алып, олжаласа керек.
Енді бұл жаманауыз неге шапты екен бұл ауылға дегенге келсек, бір қызығы қасқырды кінәлап, айыптаудың мүлде жөні жоқ болып шықты.
Енді бұл оқиғаның болу себебіне үңіліп көрелік.
Бұл өңірде қөршілес Ресей Федерациясы аңшыларының, балықшыларының лек-легімен келіп, аң аулауы, балық аулауы таңсық оқиға емес. Оған өзімнің талай рет куә болғаным бар.
Тіпті, сонау Нарын құмы аймағына барғанымда да шыжыған қырық шілде кезінде құмның балпағын аулап жүрген орыс ағайындарды өз көзіммен көргенім бар. Балпақтың ол жақта ірі болатыны және өте семіз боп келетінін бәрі біледі. Інінің қасында екі аяғымен тік тұрып жан-жағын қадағалайды да адам жақындаса ініне кіріп кетеді. Аңшылар сол індерге су құйып, болмаса ыстап, ақыры інінен атып шыққан балпақтың терісін сыпырып, етін пісіріп жейді. Қазақтардың балпақпен мүлде ісі болмайды. Ресейден келген сол аңшылар балпақтың бұл бағалы терісін қап-қап қылып арқалап қайтатын еді.
Балықшылар да солай.
Оралдан тоқсан шақырым жердегі Шалқар көліне қашан барсаңыз да көл жағалай иіріліп тұрған ресейлік машиналардан көз тұнады. Қанша аулаймын десе де, қашан аулаймын десе де еркі. Олардың бұл үшін төлейтін төлемі де болмашы ғана. Осы маңайда жер сілкінгенін бәріміз де білеміз. Жер асты байлығын үңгіп ала берген соң пайда болған қуыстардың салдарынан болған зілзала деседі. Өйткені, бұл батыс өңірінде жер жаралғалы сілкініс болмаған ғой. Бұл аймақ – сейсмикалық аймаққа жатпайды. Сол зілзаланың зардабынан Шалқар көлінің суы бір шақырымдай кейін шегініп, тартылып қалғанын былтыр барып қайтқанымда көріп едім.
Бірақ, оған қарап жатқан көрші елдің балықшылары жоқ – дүмеп келіп балық аулауда.
Биыл қасқырлар жалпы Қазақстан көлемінде тіпті көбейіп кетсе керек. Бұл хабар ресейлік аңшылардың құлағына жетпей ме. Оны естіген аңшы қауымы жер түбіне де жетері хақ. Ал біз іргелес жатқан көршілес ел болғандықтан саятшылар бірер сағатта жетіп келмек.
Осындай аңшылар қасқырдың екі бөлтірігін атып алады да Жаңабұлақ ауылына келеді. Содан өшіккен қасқырдың қаншығының осы ауылға шауып жүрген себебі де осы. Бөлтіріктері үшін ауылға шапқан қасқырды еске алғанда, балаларынан азар да безер болып ат-тонын ала қашқан әйелдер ең болмаса осынау аңнан үлгі алса ғой, шіркін, деген ой келеді.
ГОРЬКИЙ КЕЛДІ БІЗДІҢ ҮЙГЕ
– Қош келдің, қарағым. Төрлет!
Орта бойлы, қараторы жігіт сыпайы амандасты. Біраздан соң шүйіркелесіп сөйлесе бастадық. Бір бастық ініміздің жүргізушісі болатын бұл жігіт.
– Атың кім, қарағым?
– Горький.
– ?!.
Мен сәл мүдіріп барып жаңағы сұрағымды қайталап едім, ол тағы да сол “Горькийін” анық та айқын айтып, бетіме қарағанда енді мен үнсіз қалдым. Ішімнен ата-анасы орыс совет әдебиетін сүйіп оқитын адам шығар деп топшыладым. Астанада тұрғанымда Сауытбек бауырым ана жылы Жапонияда кездестірген бір қазақ жігітінің әкесінің аты Демьян екенін айтып берген еді. Оның әкесі Қытайда туған екен, әкесінің әкесі, яғни атасы сол Демьян Бедный өлеңдерін жақсы көріп, баласына Демьян деген ат қойыпты... Бұдан кейін Мира атты қаламгер қарындасыммен таныстым. Ол – Орал қалалық “Жайық үні” газетінің бас редакторы екен. Қабылдау бөлмесіне қоңырау шалып едім, тағы бір қыз бала трубканы көтеріп «Алевтинамын» деп таныстырды. Көршімнің аты – Люция екен. Бір замандасымыз әйелінің аты Екатерина екенін түсіндіріп жатты.
Ал Клара, Валентина, Роза, Елизавета, Люция, Маргарита, Нина, Светлана, Ирина, Лариса, Тамара тәрізді есімдерге құлағымыз үйренгелі не заман.
Ерлердің есіміне келсек, біздің өмірде басқалардан жиірек кездесетін Николай, Борис, Вячеслав, Константин, Макар, Владимир, Максим, Александрлармен қатар, заманына қарай амалы болса керек, сол дәуірден хабар беріп тұрғандай Маркс, Энгельс (қыз болса Энгельсина), Мэлс, Морис, Ким, Молотов, Виль (Владимир Ильич Лениннің қысқартып алғаны), Макс, Даздраперма (Да здраствует первое мая), Трактор, Нарсотбай (народный судья), Съезд, Октябрь, Теңдік, Лән (Ленин әлемінің нұры), Январьбек, Совхозбек, Колхозбек, Мтсбек, Космонавт, Гамлет, Клим тәріздес есімдер баршылық.
Бұл – ғасырлар бойы санамызға сіңіп қалған құлдық психологияның нәтижесі, соның жемісі.
Дей тұрғанмен де біз пессимистер емеспіз.
Қазір егемен ел болдық. Тәуелсіз мемлекеттер қатарына қосылғанымызға да, құдайға тәубе, міне, жиырма жылдың мұғдары.
Ендігі оң бетбұрысты бүгінгі таңда баршамыз да көріп-біліп, сезіп жүрміз.
Өмір сапарында “киімшең” табылған, туған бауырымнан кем көрмейтін інілерім бар. Солардың өз перзенттеріне берген есімдеріне дәйім көңілім толатыны рас. Нұрлан, Серік, Есенбай, Шыңғыс, Жантастардың балаларына Мирас, Айымгүл, Нұралы, Ләйлі, Мәншүк, Әлия, Алаш, Нұрсұлтан, Дана, Айзере деп атаулары қатты қуантады. Мен де былтыр туған немеремнің атын Алан деп қойдым. Осының бәрі де тәуелсіздіктің алтын күрегі ескен кезеңнің арқасында мүмкін болып отыр. Мен осыған шүкіршілік етемін.
АНАЛАР ДОСТЫҒЫ
Менің өмір бақи таңғалатын нәрсем – аналарымыздың достығы. Қазір өзім де біраз жасқа келген адаммын. Бұл өмірде мен де ащы мен тұщының дәмін таттым. Алыс пен жақынды, бар мен жоқты да бір адамдай көріп, біліп бақтым. Бірақ, аналарымыздың достығындай адал достықты көрмедім және көрмейтін де шығармын.
Бүгінде Әбіш Кекілбайұлының анасы Айсәуленің, Асқар Сүлейменовтің анасы Айтотымның және менің анашым Жаңылғаным үшеуінің достығы ел арасына кең тарап кеткен тәтті аңыз. Үшеуі де сұрапыл соғыстың қаһарына ұшырап, жастай жесір қалған. Бірақ, “қарағайға қарсы біткен бұтақтай тағдырдың талапайын көрсе де иілмей” қарсы тұра білген үшеуі де жалғыз тал ұлдарының қас-қабағын бағып, тек солардан үміт күткен. Жалғыздың маңдайынан ешкімге шерткізбеген. Сол себепті, үшеуі де қайтып тұрмыс құрмай, перзенттері үшін жастығын құрбан етіп, бар ғұмырын сол бір тал балаларына арнаған.
Үшеуі де дүниеден озды. Бірақ, араларынан қыл өтпестей татулығына адал қалпында өтті өмірден. Жалғыздарын жеткізді арып-ашып, адасқан қаздай жадап-жүдеп жүріп. Үш ананың ішіндегі ең ұзақ ғұмыр кешіп, ғасыр жасаған Айсәуле шешеміздің жарық дүниемен қоштасардағы соңғы тілегі: «Әбішімді ренжітпеңдер», болыпты. Міне, Ана атты құдіретке табынатынымыз да сондықтан.
Туған топыраққа табаным тиіп, ел-жұртымның құрметіне бөленген соң шабыттана жыр жазуға кірісіп кеткен шағым болатын. Біздің үйге бір бейтаныс әйел келді.
Біздің үйді тауып келген әйел – Жамал шешейдің немересі боп шықты. Аты – Сәбира. Мұнда мені шақырта жіберіп отырған сол шешейдің өзі екен.
Бірден есіме түспей, Сәбира түсіндірген соң барып еміс-еміс жадыма өткен жылдар елесі орала бастады.
Жамал шешей – анашымның замандас досы болған. Біздің колхозда жауапты қызметтер атқарған Бақыт Әжіғалиевтің әйелі.
Сонда барып бәрін де ұқтым: шешейдің үлкен ұлы Ибадатпен бірге оқығаным, кейін оның қайтыс болғаны жадымда жаңғырып шыға келді.
Менің Астанадан Оралға қоныс аударғанымды, Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің мені арнайы шақырып, үй бергенін, жұмыс бергенін теледидардан көріп-біліп, жергілікті “Орал өңірі”, “Жайық үні” газеттерінен хабардар болған тоқсаннан асқан кейуана өз балалары осындай марапатқа ие болғаннан бетер есі шыға қуанса керек. «Япырай, мұндай да әкім болады екен-ау! Айналайын, өркені өссін! Екі дүниеде жамандық көрмесін! Баяғыда полигоннан зардап шегіп, сонау Тәшкеннің аржағына Мақтаарал, Жетісай деген жерлерге жер ауғандай боп кетіп еді. Әкім соның қиуазын қайтарған екен. Мәртебесі үстем болсын! Мың жасасын!» деп көзіне жас алып, қатты тебіренсе керек.
Менің қуанышымда шек жоқ. Шақырған күніне жетіп бардық. Қалаға іргелес жатқан Подстепное деген ауылға қоныстанған екен.
Жамал шешей өзінен өрбіген ұрпақтарын да түгел шақырыпты. Көптен көрмеген шешемізді – анашымның замандасын көріп, дастарқанынан дәм татып, мәре-сәре болдық.
Анашымның құрбыласының оны ұмытпай, оған деген пәк көңілінің сол қалпында сақталғанына әрі таңғалып, әрі қуанып, Жамал шешейдің кемеліне келіп, кемерінен асып, күрпіп отырғанын, шып-шырғасы шықпай шырпып отырғанын көріп мен өзімді бақытты сезіндім. Кіші ұлы Бақтыбайының қамқорлығына бөленіп, үлкен ұлы марқұм Ибадатының тұяғы Уәлиханның шаңырағында қолын жылы суға малып отырған кейуана әлемдегі ең бақытты ана боп көрінді маған.
Әке туралы мақалды сәл өзгертіп, анаң өлсе де анаңды көрген өлмесін дегім келді.
Жамал шешей әлі тың екен, анашым туралы, менің балалық шағым туралы әңгімелерін ұйып тыңдадым. Оның үстіне інісі Қадемнің әйелі Хансұлу әдебиетті сүйетін, өзі өлең жазумен әуестенетін өнер сүйгіш адам екен. Дастарқанның көркін келтіріп, шырайын шығарып отырды.
«Екі қолын қамшы, екі аяғын ат етіп жүріп, арқа еті арша, борбай еті борша болып жүріп сені жеткізді ғой мамаң. Немере, шөберелерін көріп кетті. Бағына жақсы келін тап болды ғой. Жаңылғаным бақытты адам», деп түйді Жамал шешем сөзін. Тіпті, кейін ән шырқап берді.
Мұндай қуанышқа кенелермін бе?!
...Жарты жылдан соң Жамал шешей дүниеден өтті. Айтар сөзінен жаңылмай, ақыл-есі бүтін қалпында. Мен жөндеп араласуға да үлгермей қалдым. Өйткені сүйегі асыл кейуананы қайтыс боп кетеді деп тіпті ойламайды екенсің. Көне көкіректің көп сырын біле алмай қалдым. Біздің балалық шағымыз туралы, ата-аналарымыз жөніндегі телегей теңіз сырды өзімен бірге ала кеткені өкінішті-ақ.
Бір медет тұтатын жайт, Батыс Қазақстан облыстық телерадионың басшысы Асланбек Ғұбайдуллиннің қамқорлығы арқасында осы өңірдегі ұзақ жасаған қариялармен қатар Жамал Әжіғалиева шешей туралы телехабар бейнетаспаға жазылып қалды. Шешейді сағынғанда соны көріп отыратын боламыз.
Аналардың достық дәстүрін біз, солардың ұрпақтары, әрі қарай жалғастыруға тырысудамыз.
Олай деуіме негіз бар.
Былтыр мен Қазақстанның күнгейіне орналасқан Шардара ауданына барып қайттым. Өзім де сол балалық шағым өткен өлкені бір көріп қайтсам деп аңсап жүр едім. Құдай жарылқап, сапардың сәті түскеніне қатты қуандым.
Бұл жолы анашымның тағдырлас құрбыласы Кермеқас шешейге сәлем беріп шығудың сәті түсті. 1952 жылы қаптаған полигондар ашылып, Орда ауданы таратылып, бізді күнгей өңірдегі Жетісай (ол кезде Ильич ауданы) ауданына көшірген болатын. Арып-ашып, азып-тозып барғанда мен Режеп Тәжібаев деген баламен дос болып кеттім. Режептің анасы осы Кермеқас шешей бір тілім нанға жарымай жүрген кезімізде талай рет тандыр нанын, жаппа нанын, бауырсағын құшақтатып жіберетін. Өзі анашыммен сырлас болып, жақын жегжаттай араласып кеттік.
Кермеқас шешейді көрмегеніме тура елу жыл болып еді. Мені ұмытқан шығар деп едім. Ұмытпапты.
Достым Режеп те, зайыбы Қуанышкүл де әдемі қартайып келеді екен. Режеп екеуміз балалық шаққа саяхат жасап қайтқандай болдық. Ол бала кезінен басынан нақақ бір ауыз сөзді асырмайтын өр болатын. Сол қалпында, өзгермеген екен. Тағы өзі әзілқой. III-Интернационал атындағы мектепте оқып жүргендегі өз қылықтарымызды еске алып, мәз-мәйрам болдық. Математик Әубәкір Жиенбеков, әдебиетші Шажалы Сағымбеков сияқты сүйікті ұстаздарымызды, Тағай, Бәкір сияқты құрдастарымызды құрметпен еске алдық.
Кермеқас шешейді көріп, көзайым болып, оны аялап, саясын саялап отырған Режептің отбасының дәмін таттым. Бақытты отбасын көріп, «тәубе!» дедім. Тек Алла тағала ұзағынан сүйіндіргей!
Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ.