• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2011

Юрий Солозобов: «Қазаққа достың бірімін»

384 рет
көрсетілді

Ресей Федерациясы Ұлттық стратегия институтының Арнайы жобалар бойынша директоры Юрий Михайлович Солозобов – танымал саясаттанушы. Физика-математика ғы­лымдарының кандидаты, күрделі компьютерлік жүйе­лер­ді құрастыру және осы саладағы сараптамамен айна­лысатын ғалымның саясаттану ғылымындағы еңбектері де бір төбе. Бірнеше кітаптардың авторы, посткеңестік кеңістіктегі проблемаларды түбірімен зерттеуші, геоэкономика, саяси элита тақырыбын, энергетикалық қауіпсіздік мәселе­ле­рі­нің саяси астарын қазып бағдарлаушы ғалым 3 сәуірде өт­кізілген кезектен тыс президенттік сайлауға байқаушы ретінде қатынасты. Біз Ю.СОЛОЗОБОВҚА жолығып, оған бірнеше сауал қойған едік. – Юрий Михайлович, сай­лауға байқаушы ретінде қа­тыс­қандағы көрген-білге­ні­ңіз­бен, бағдарлап, бағалаға­ны­ңызбен бөлісе отырсаңыз. – ТМД елдерінен жасақ­талған байқаушы ретінде сайлау барысын көңілдің де, көздің де елегінен өткізіп отырдық. Бұл менің посткеңестік елдерде өтіп жүрген сайлауларға байқаушы ретінде алғашқы қатысуым емес. Қазақстанның өзінде сай­лау­ға 3 рет байқаушы болып кел­дім. Сондықтан, өзге әріп­тес­теріме қарағанда осыған дейінгі сайлаулармен салыстыра отырып айта алатындай тәжі­рибем баршылық. Әрі ғылыми жұмыстарым Орталық Азия мен Қазақстанға бағытталғандық­тан, осы сайлауға қатысуымның мен үшін мәні зор екендігін де айта кетейін. Бұл мемлекеттегі саяси дамудың ішкі мазмұны мен мағынасына тереңірек үңі­ле түсуге мүмкіндік жасай­тын­дықтан, ғалым ретіндегі қызы­ғу­ш­ылығымның да көңілімнің бір түкпірінде жатқаны аян. Қазақстандағы кезектен тыс сайлауға өзге елдердің ықыласы қаншалықты болғанын келген байқаушылардың санынан-ақ бағдарлауға болады. Және бір айта кетерлігі, осы жер-жерден келген байқаушылардың қай-қайсысының жұмысына кедергі келтіретін, тосқауыл қоятындай инедей де кінәрат болмағаны. Мен сайлау барысында әдейілеп әскери бөлім, студенттер жатақ­ха­насы, денсаулық сақтау мекемелеріндегі учаскелерге барып, олардағы дауыс беру үдерісіне байқаушылық атқардым. Барлы­ғында да дауыс беру ашық түр­де, өте бір жоғары деңгейде өт­кізілді. Мұны тек мен ғана емес, өзге мемлекеттерден келген бай­қаушылар да айтып, сайлау­ды ұйымдастырудағы іскерлікке риза болысты. Жалпы, Қазақстанда әрбір сай­лаудың ұйымдастырылу дең­гейі жоғары келеді. Оны мен сияқты бірнеше сайлауға қатыс­қандар батыл түрде айтады. Осы жолғы сайлау турасында мен австриялық бір әріпте­сім­мен пікірлесіп қалдым. Сонда ол айтты: «Бұл мен көріп жүр­ген сайлаулардың ішіндегі ең мөлдірі болды. Халықтың дауыс беруге құлшынысы қандай жо­ғары», деп таңғалды. Бұл – Қа­зақ­стан демократиясының бола­шағы мол деген сөз. – Сіз жаңа ғана еліміздегі бір­неше сай­лау­ға қатыстым деп қал­дыңыз. Ай­ты­­ңызшы, ол сай­­лау­лардың осы сай­­лаудан өз­­ге­шелігі болды ма? Болса қан­дай? – Біріншісі, сай­лау өткізу мә­де­ниетінің жоға­ры­лауы. Сай­лау­ал­ды үгіт-наси­хат­­тың ешқандай агрессиясыз өт­кі­зілуі. Үміткер­лер­дің ара­сын­да мінеп, шенеу, на­мысқа тию тәрізді нәрселер­дің бай­қал­мауы. Біз мұны ішімізге түйіп, елімізде өтетін сайлау үде­рісінде пайдалану үшін Қа­зақстаннан әдістемелік құ­рал­­дар алып кетпекшіміз. Өзіңіз білесіз, Ресейге бірнеше сайлау толқыны келе жатыр. Мемлекеттік Дума және 2012 жылғы президенттік сайлау. Біз сіздердегі тәжірибені зерттеп, өзімізде пайдалану жағын қарастыруы­мыз қажет. Екіншісі, мұндағы халықтың саяси белсенділігінің артуы. Қазақстандықтар өздері туралы Батыста қалыптасқан гео­саяси жағынан бір шығанда жатқан, артта қалған, «саяси қорықта» өмір сүріп жатқан деген ұғымды бұзды. Тағдыр­ларын өздері шеше алмайды, өр­ке­ниетті түрде таңдауларын жа­сай алмайды дегендердің қан­ша­лық­ты қателескендігін дәлелдеді. Егер Оңтүстік-Шығыс Азия­ның мықты секірісімен әлемді таңқалдырған Сингапур, Малайзия елдері ІЖӨ-сін 3-6 есеге өсірсе, Қазақстан барысы 12 есе­ге секіртті. Бұл нені көр­се­теді? Яғни, Қазақстан демокра­тиясының синонимдері «кедейшілік», «анархия» еместігін дә­лелдеді, қазақстандықтар демо­кратиялық дамудың әдемі түрін көрсетті. Қазақстандықтар де­мо­кратияның сенім, тәртіп бар жерде жақсы өнім беретінін танытып, 20 жыл елін өрге сүйреген Көшбасшы саясатына сенетіндіктерін көрсетті. Ал сенім дегеніңіз оңайлықпен келетін дүние емес. Қазақстан­дық­тар Назарбаевқа дауыс берулері арқылы осы таңдаған даму жо­лының әрі қарай жалғасқанын қалайтынын көр­сетті. Және бір ерекшелік, Назар­баев­тың сайлауалды үгіт-на­сихат үде­рісі шоу түрінде өткен жоқ. Ха­лықты алдау­сы­ра­тып болса да дау­ыс беруге әкелу­дің нышаны да байқалмады. Біз осы сайлауалды насихатқа мониторинг жүргізген­де барлы­ғы­ның бірдей дә­ре­жеде насихат­тал­ғанына көзіміз жет­ті. Сайлаушы барлық үміткер­дің бағдарламасы­мен танысуға мүм­­кіндік алды, сосын барып таң­дауын жасады. Осы жерде ра­дикалды оппо­зи­цияның сайлауға қатыспай­мыз деген ойларын еш қабыл­дай ал­май­тынымды айтқым келеді. Бұл – сессияның болаты­нын біле тұра дайындалмайтын студентті көз­ге елестетеді, егер олар өзде­рінің саяси карьера­лары­на осылай қараса, онда олар елінің болашағына да солай қарайды деп бағамдауға бо­латын сияқты. Оппозицияның мін­деті – билік көрмей қалған тұстарды байқап, билікке оны шешудің жолдарын айтып оты­ру. Оппозицияның қажеттігі – мемлекеттік билікті тұралатуға емес, қайта оны жетілдіре түсу­ге, түптеп келгенде, халықтың әл-ауқатын көтеруге жұмыс жа­сауында. Мәселе, егер бейнелеп айтсам, капитан тұғырынан кө­рін­бейтін рифтерді кезінде бай­қап қалып, кемені діттеген жеріне жеткізетін оп­по­зицияның болуында. Қазақстанның жетістіктері сыртқы саясаттағы қарымды­лы­­ғы­нан да көрінеді. Біз пост­ке­ңестік елдерде мемле­кет­ті­ліктің шатқаяқтап қалғанына да, өкінішке қарай, куә бо­лудамыз. Ол елдер демокра­тия­лық сай­лау­лардың жақсы бір үлгілеріне қол жеткізулері де мүмкін. Мә­селен, Қырғыз­стан­ды алайық. Оларда жақында ғана демо­кра­тиялық қағидат­тар­ға жауап беретін сайлау өтті. Алайда, олар мемле­кеттіліктің мәнісін жоғал­тып алды. Қазір сынған кесені құрсаулағандай күй кешуде. Бұл – өте бір өкінішті жағдай. Әри­не, ешбір ел мұндай тағ­дыр­ды қайталағысы келмейді. – Сіздің Қазақстанның досы екеніңізді білеміз. Айты­ңызшы, біздің елімізді өзінің зерттеу нысанына айналдыр­ған ғалым ретінде Қазақстан болашақта неден сақ болуы тиіс деп ойлайсыз? – Мен Қазақстан екі нәрсеге байқас болуы керек деп ойлай­мын. Бірінші, осы сайлау ба­ры­сында ірі қалаларда сайлау­шы­лардың 70 пайызы келгені анықталды. Біз, ресейліктер, оның 63 пайыз болатынына етіміз үйренген. Бұлар кімдер? Ірі қалаларда өзге өңірлерге қара­ған­да бай адамдар өмір сүреді. Олар мемлекеттегі проблема­ларды менің проблемам деп бас ауыртып жатпайды. Көп ақ­ша­мызбен айда да, жұлдызда да, өзге құрлықта да, Лондон мен Парижде де жақсы тіршілік етеміз деген сенімдері бар. Ал Назарбаев жобалары осы аз ғана бай топқа емес, негізінен орта деңгейдегі қалың көпшілікке ар­налуда. Қазақстан үшін жо­ғарыда айтылған Луи Витонның сөмкесін асынып, конвейерде емес, қолдан құрастырылған қым­бат көлікке отыратындар осы елде жүріп байлыққа кенелгендіктен, онысымен мемлекетпен бөлісу қажеттігі. Мен оны тартып алу қажет деген ойдан мүлдем аулақпын, менің ойым, егер олар бизнесте жетістікке жетсе, соның үздік жолдарын мемлекеттік басқаруға ендірсін деймін. Өйткені, ел еуропалық көзбен қарасаң, ұлан-байтақ жерді алып жатыр. Осы алып мекендегі артта қалған жерлерді өрге сүйреуге жоғарыда айтыл­ған байлар атсалысуы керек. Сосынғы бір маңызды мәсе­ле, саясатқа жастардың құл­шы­нуы. Мен осы сайлауға Конс­ти­туцияға сәйкес 40-тан асқан азаматтар үміткер ретінде қатыса ма деп ойлаған едім. Тәуелсіздік алғанда 20-дан енді асқандар елдің болашағы жайында не ой­лайды? Назарбаев ұстаған жол­ды олар қалай жалғастыруды көздейді? Осы сауалдарға қалай жауап беріледі деген ой бола­тын. Назарбаевтың бір кереметтігі – ол бос уәденің, құрғақ сөздің адамы емес. Ол өткен жылы Тәуелсіздік мерекесінде өте бір ұтымды ой айтты. Өкі­нішке қарай, сол сөзді іште де, сыртта да онша ұғынғандар жетіспей қалды. Назарбаев Қазақ­станның осы 20 жыл ішінде 100 жылда жететін жетістікке жеткенін айтып, ал мемлекеттің жемісті жобасын толық орындау үшін 40-50 жыл керек екенін біл­дірді. Ал қандай бір ұзақ жа­сады дейтін саясаткердің өзі 50 жыл мемлекет басында отыра алмайды. Сол себептен, дамы­ған мемлекетті құру – бірнеше буынның ісі. Ендеше, Назар­баевтың сенімді жастардан ізбасары болуы тиіс. Сонда Ұлт Көшбасшысының барлық алға қойған игілікті мақсаттары орын­далады. Мен өзімді Қазақстанның шынайы досы деп білемін. Сон­дықтан барлық ойларымды дос пейілден шықты деп қабыл­дайды деп ойлаймын. Бар пейіліммен Қазақстанның көркейе түскенін қалаймын. Маған өз елімде: «Сен Қазақстанды неге үлгі ете бересің? Бізден жері аз, экономикалық қуаты да төмен ел бізге қалай үлгі болады?» – дейтіндер де табылады. Мен олар­ға қазақстандық басқару үлгісін үйреніңдер, олар әлем­дік тәжірибеден өздеріне керектерін тиімді пайдаланып жатыр. 20 жылда алған асулары неге үлгі болмайды, деп қарсы уәж айтамын. – Сіз Қазақстаннан үйрене­тін жайларымыз бар дейсіз. Ал Қазақстан Ресейден нені үйренуі тиіс? – Әрине, осы сауалыңызға орай мен осы жерде екі елге ор­тақ мәселелерді сөз ете кетсем деймін. Біз бірлесе жақсы жо­баны қолға алдық. Ол – Кеден одағы. Бұл – жаңа геоэко­но­ми­калық мықты орталық құруға ба­ратын жол. Біздің елдеріміз екі алыптың – Еуроодақ пен Қытайдың ортасында жатыр. Сондықтан бізді шет аймақтар ретінде не Еуроодақ пайдала­на­ды немесе Қытай ассимиляция­ға ұшыратып жіберуі мүмкін. Бұл – біздің елдеріміздің шын мәнінде тәуелсіздігіне нұқсан келтіретін үлкен проблема. Одақ құру арқылы біз осының алдын алдық. Ал ол жемісті болуы үшін біздің елдеріміз күш­терін біріктіре түсуі тиіс. Мысалы, Ресейдің экономикасы батысында – Еуропамен, шы­ғы­сында Қытаймен қоян-қолтық араласа дамуда. Ал Сібір назардан тыс. Неге осы Сібір эконо­микасын көтеруге Қазақстан араласпайды? Бұдан екі ел де ұтар еді. Біз Қазақстанды ин­дус­трияны дамытуды тиімді ұйымдастыра алатын донор есебінде көреміз. Біздің осы аймақ­тағы тамаша ғылыми әлеуетіміз тоқырауға келіп тіреліп қал­ған­дай. Міне, осындай жобаларды біріге атқарсақ, біздің жоғарыда айтылған қаупіміз сейіледі. Осы­лайша, біз бір-бірімізден үй­рену арқылы мемлекеттілігімізді нығайта түсетінімізге кәміл сенемін. Қарап отырсақ, біздің діліміз өте жақын, бір-бірімізді ұғыны­суымыздың деңгейін өзгелер­мен салыстыруға болмайды. Назарбаевша айтсам, біз құдай қосқан көршілерміз. – Ағынан ақтарылып, дос пейілден көсіле айтқан әңгі­ме­ңізге көп рахмет. Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.