ДОСТЫҚ ФЕСТИВАЛІ – БІРЛІК БАСТАУЫ
Ақтөбе қаласындағы «Достық» үйінде тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай «Тәуелсіз ел – Қазақстан» атты облыстық халық достығының фестивалі өтті. Екі күнге созылған фестивальде этномәдени бірлестіктердің өкілдері ұлттық қолөнер бұйымдарының көрмесін ұйымдастырып, өз өнерлерін ортаға салды.
Он екінші рет ұйымдастырылған дәстүрлі шараға он үш этномәдени бірлестіктің өкілдері қатысты. Жыл сайын өтетін достық фестивалінде елімізді мекендейтін этностар бір-бірінің тарихымен, жәдігерлерімен, салт-дәстүрімен танысып, етене араласады. Фестиваль аясында ұйымдастырылған көрмеде заттары үздік деп танылған және ән, би номинациялары бойынша әдемі өнер көрсеткен бірлестіктер жеңімпаз атанады.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.
* * *
АКАДЕМИККЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Жуырда 80 жылдық мерейтойына орай Семейге көрнекті қоғам қайраткері, академик Төрегелді Шарманов келіп кетті. Академиктің ұсынысымен оның осы сапары барысында мұнда тағамтану орталығы ашылды. Оның сыртында Семей мемлекеттік университетінің ауласында болашақ ғылым аллеясының іргетасы қаланды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен сол күні түс ауа белгілі академик-ғалымның мерейтойы Абай атындағы драма театрында салтанатты жағдайда атап өтілді.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.
* * *
ҚОС АҚЫН ШЫҒАРМАЛАРЫ ОҚЫЛДЫ
Атырауда мектеп оқушыларының он екінші рет өткізілген Абай-Шәкәрім оқулары мәреге жетті. Шараға қатысушылар қос ақынның ұлағатқа толы шығармаларын «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» атты бірінші бөлімде жатқа оқудан, ал «Көңілім әнді ұғады» деп аталған келесі кезеңде әндері мен күйлерін орындаудан сайысқа түсті.
Сонымен бірге, поэзияға ынталы оқушылар өз өлеңдерін оқыды. Мектеп оқушыларының сөйлеу мәнерін, жадыда сақтауын, ойын жеткізе білуін жетілдіруге сеп болатын осы шарада А.Нәзенғалиева, Д.Жұмашев, М.Есениязов секілді оқушылар жеңімпаз атанды.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау облысы.
* * *
ЖҰРЫНОВТЫҢ ЕСІМІМЕН АТАЛАДЫ
Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің сенат залына академик Мұрат Жұрыновтың есімі берілді. Мұның өз мәні бар. Елбасымыз Түрік мемлекетінің басшыларымен келісіп, ХҚТУ-ді ашуға ұсыныс айтқанда осы оқу орнын Түркістаннан ашу қажеттігін алға тартқан тұңғыш ректоры Мұрат Жұрынов болатын. Қаланың құлазыған шығыс бетінен алғашқы қазығын қаққан да өзі еді.
Бүгінде Ясауи атындағы ХҚТУ киелі қаланың ажарын ашып қана қоймай, Қазақстандағы іргелі оқу орындарының біріне айналды. Жұртшылық ХҚТУ-дің қазіргі ректоры, профессор Лесбек Тәшімовтің өнегелі ісіне риза болды. Академик М.Жұрынов алғысын білдірді.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы.
* * *
ТІГІН МӘШІҢКЕСІН ТАРТУ ЕТТІ
Мүгедек жандарды қамқорлыққа алған «Үміт» қоғамдық ұйымы жанынан, міне, бірнеше жылдан бері тігін цехы жұмыс істейді. Онда денсаулықтарына байланысты аталған топтағы ісмер әйелдер балаларға арнап жеңіл киім түрлерін тігеді. Бұған дейін олар мәшіңкелерді жалға алып, табыстарының бір бөлігін сол үшін төлеп келсе, енді жағдайлары жеңілдей түсті. «Кәсіпкерлікті дамытудың «Даму» аймақтық қоры тарапынан тарту етілген бірнеше техника еңбектерін жандандыруға үлкен көмек болып тиді.
Осындай қолдаудың арқасында тігін бұйымдарының сапасын жақсартумен бірге, түр-түрін көбейтуге де мүмкіндік туып отыр.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.
* * *
БАЛЫҚ АУЛАУҒА ТЫЙЫМ САЛЫНДЫ
Өткен аптада Тобыл-Торғай облысаралық су бассейні инспекциясы балықтың бірнеше түрін аулауға уақытша тыйым салды. Амангелді, Жангелдин аудандары мен Арқалық қаласы төңірегіндегі су қоймаларынан сәуірдің 20-сынан мамырдың аяғына дейін сазан, карп, тыран, қарабалық ауланбайтын болды. Ал бұл тізімге шортан кірмейді.
Шортан мен сазан тұқымдас язь балығын облыстың өзге аймақтарындағы суларда сәуірдің ортасынан мамырдың ортасына дейін, ал карп, тыран, көксерке, оңғақ балықтарын мамырдың ортасынан маусымның аяғына дейін аулауға болмайтынын ескертті. Қалған кездерде балықшыларға сатып алған жолдамамен бес килограмға дейін балық аулауға рұқсат бар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.
* * *
БІЛІМІ МЕН БІЛІГІН ТАНЫТТЫ
«Үздік ауыл мектебі» байқауы Талдықорған қаласындағы №14 мектеп-гимназиясында өтті. Байқауға аудандық жарыстардан үздік танылған 18 білім шаңырағы қатысып, бақ сынады. Ұстаздар өз ұжымдарындағы жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие берудің сан қырларын, озық технологияны қолдану, шығармашылық ізденістерін ашып көрсетуге ұмтылды.
Қазылардың жоғары талғамынан көрінген Көксу ауданындағы қазақ мектеп-гимназиясы «Үздік ауыл мектебі-2011» атағына ие болды. Ал, Еңбекшіқазақ ауданындағы О.Жандосов атындағы орта мектеп екінші, Ақсу ауданы Қаракемер орта мектебінің педагогикалық ұжымы үшінші орыннан көрінді.
Күмісжан БАЙЖАН.
Алматы облысы.