Халыққа қажет әрі қамқор сала – медицина. Елбасы Жолдауында отандық медицина алдына әлемдік үрдістерге сай үлкен міндеттер қойылып, талап күшейтілгені белгілі. Нұрсұлтан Әбішұлы Алматыдағы жедел жәрдем ауруханасында болған кезінде елдің денсаулық сақтау саласындағы кейбір кемшіліктер мен олқы тұстарды да нұсқап көрсеткен-ді. Әлбетте, соның бірқатары жоғары білікті медицина кадрларын даярлаумен, дәрігердің кәсіби санаттылығымен тікелей ұштасып жатыр. Осы орайдағы көптеген көкейкесті мәселелер мен проблемалар, оларды шешу жолына бағытталған іс-шаралар хақында С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің ректоры, медицина ғылымдарының докторы, профессор Айқан АҚАНОВТЫҢ пайымды толғаныстарына зер салған артық болмас еді.
– Айқан Ақанұлы, Елбасы Жолдауында нұсқалған өздеріңізге қатысты проблемаларға тоқталсаңыз.
– Жолдау біз үшін нақты мақсатты айқындаған үлкен құжат болып табылады. Медициналық білім беретін жоғары оқу орындарының денсаулық сақтау саласын көтеруге көмектесуі, өзіндік үлес қосуы ол құжатта баса айтылған. Соның біріншісі, әрине, білікті дәрігер мамандарын даярлауға саяды. Екіншіден, қазір әр өңірде арнайы бағдарлама құруға бағыт алынды. Ол бағдарламалар бойынша балалар мен әйелдердің, жалпы ауыл тұрғындарының денсаулығы, өкпе аурулары, ВИЧ, СПИД, сондай науқастарды емдеу, соларды диспансерлеу мәселелері көтеріліп, осы реттегі жұмыстарға мониторинг жасауға тапсырма берілді.
Бүгінде көп міндет практикалық емханаларға жүктеліп отыр. Мәселені зерттеу орайында біздің университет өкілдері бір жарым ай ішінде алты облысты – Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, одан әрі Батыс Қазақстан, Атырау облыстарын айналып шықтық. Сондағы көрген-білгенімізді Елбасы сөзі де айғақтайды. Денсаулық сақтау ісіне мемлекет тарапынан көп қаржы бөлінуде, неше түрлі емханалар салынып жатыр. Ол кісі ендігі іс тетігі медицина қызметкерлерінің өз қолында десе, соның растығына көзіміз жете түсті.
Біздер болған аймақтардың қай жерінде болсын емдеу мекемелерінің материалдық іргетасы нығыз. Облыстық ауруханаларға құрал-жабдық, аппаратура алу, жаңа технологиялар енгізу жағынан үлкен көңіл бөлінуде. Әсіресе, жаңадан ашылған аурухана, емханалар керемет. Мәселен, Алматы облысының әкімі саланы дамытуға ерекше мән беретінін аңғартты. Қызылорда облыстық ауруханасы да республика бойынша таңдаулылар қатарында. Оралдағы кардиохирургия орталығына да көңіл толғандай. Атыраудағы облыстық аурухананың жылдық бюджеті 1,2 млрд. теңге болса, оған қосымша әкім 1 млрд. теңгеге жаңа жабдықтар алып беріпті.
– Олай болса, олқылықтар неден шығуда?
– Біз соны зерттедік. Барлық аудандардың бас дәрігерлерін жинап, әңгімелестік. Сонда көп мәселе кадр жетіспеушілігіне тіреле берді. Сонда сіздерде қандай мамандар жетіспейді, нендей көмек керек?, дедік біз. Міне, сонда айтылған жайларды жинақтап, талап-тілекті теріп алып келеміз де, өз бағдарламамызға қосамыз, нақты жұмысымыздың арқауы етеміз. Қазірде әр жерде көбіне-көп анестезиолог, ревматолог, акушер-гинеколог, хирургтар, алғашқы медициналық жәрдем көрсететін дәрігерлер жетіспейді. Қазақстан бойынша жетімсіз маман саны 4-5 мыңның шамасында.
Біз қолдан келгенше дәрігерлер білімін жетілдіруге көмектесіп жатсақ та, тағы бір түйткіл сол аздың өзін ауылға жеткізуден көрініс табады. Біздің оқу орнын жылына 1000 маман бітіреді, соның ішінде тікелей емдеумен айналысатындары 700-дің ары-берісі. Өкінішке қарай, солардың ауылдық жерге баратыны 50-ақ пайыз. Бөлгеннен, келісімшартқа отырғаннан пайда шамалы. Бүгінде бұрынғыдай міндеттейтін заң жоқ. Дипломды алып қалып, үш жыл жұмыс істетудің дәурені өткен. Әкімшілік тетіктер пәрменсіз. Демократия дейміз, адамның құқын құрметтейміз дейміз, отбасылық жағдайға қараймыз, немесе басқа бір жолын табады, әйтеуір, барғысы келмеген жерге, әсіресе, ауылға бармайды. Бұрын үш жыл ауылда жұмыс істемей аспирантураға жол ашылмайтын.
– Бұл түйткілді шешу жолдары қандай деп ойлайсыз?
– Жуырда осы мәселені министрдің алдында да көтердім. Ол кісі негізінен дұрыс қабылдады. Бізде жылына 3-3,5 мың маман даярланады. Осылардың ауылға жетуі жүйелі жолға қойылса, айналасы 2-3 жылдың ішінде мәселе оң шешімін табар еді, жетпей жатқан 4-5 мың маманның орны толар еді. Бірақ бұл арада қол байлайтын тағы бір бөгесін бар. Ауылға келген жас маман ықыласты жылы қабақпен қарсы алынып, әлеуметтік көмек көрсетілуі, баспанамен қамтамасыз етілуі керек. Баяғыда «подъемный» деген болушы еді. Қазір жас маманға жағдай туғызудың жайы, жұқалап айтқанда барлық жерде бірдей емес. Мысалы, бүкіл Қазақстан бойынша ауылда 2 мың маман жетіспейді. 2009 жылы 431 жас дәрігерге үй берілді. Бұл барған маманның жартысы ғана. Ал, өткен жылы 800-дей маман барса, соның жартысының жартысына ғана үй берді. Астана мен Алматының өзінде жас мамандарға ешқандай жәрдемақылық көмек жоқ. Әлеуметтік қолдау әр облыста әртүрлі. Айталық, бір реттік көмек Ақмола облысында 250 мың теңге болса, Алматы облысында 90 мың теңге екен. Алшақтық тым үлкен. Сондықтан, бұл арада мемлекеттік саясатты бұрмаламай дұрыс жүргізген жөн деп білеміз. Өйтпесек, халықаралық деңгейге, еуропалық стандарт деңгейіне қайтіп көтерілмекпіз?
– Еуропалық деңгей демекші, Елбасы жедел жәрдем ауруханасында болғанда біздің дәрігерлердің сапасына көңілі толмайтынын білдірді емес пе?
– Иә, біздің дәрігерлердің жалпы деңгейі Австрияның орта буын медицина мамандарының деңгейімен қарайлас деген Елбасы реніші орынды. Бір жағынан, отандық дәрігер қауымының намысын қамшылағаны да дұрыс. Бірақ қазір жастардың ішінен көптеген жақсы мамандар шығып жатыр. Мысалға медицинаның ең жоғарғы пилотажы, озғын технологиясы саналатын кардиохирургияны алайық. Төрт жылда елімізде осы саланың мамандары қаржы бөлініп, көптеп даярланды. Кардиохирургия қазір облыстарда 80 пайыз қамтылған. Бұл қызмет кенжелеп тұрған кезде жүрек ауруларымен науқастанушылар шетелге барып, 200-300 мың доллар шығын шығарып емделетін. Мұны кімнің жағдайы көтере берсін? Енді, құдайға шүкір, 80-90 пайыз шамасында жүрекке операциялар өзімізде сәтті жасалуда. Қолжетімді, сенімді, арзан. Осыған 4 жылда қол жеткіздік десек, халықаралық сарапшылар сенбейді. Неге десеңіз, бұл кемінде 7-10 жылда жолға қойылатын шаруа. Жақсы нейрохирургтарымыз да шығып жатыр. Бір өкініштісі, осының ауқымын кеңейту ойластырылмаған. Белгілі бір жүйе жоқ. Мұны қазір қолға алсақ, емдеу ісін екі-үш жылда жақсы деңгейге көтеретіндей үміт бар. Медицинаның негізгі білімін алу үшін 6 жыл оқиды. Сол негізгі білім жақсы болса, оны кейін толықтыру, жетілдіру жеңілге түспек. Біздің кеңес кезінен қалыптасқан базалық біліміміз жақсы деп санаймын. Кардиохирургияны 4 жылда көтеруіміз осыны айғақтайды.
Астананың өзінде холдингте істеп жүрген мамандардың біліктілігі соңғы екі-үш жылда бірталай жерге барып қалды. Еуропаңызбен қарайлас. Елбасы қалайда халықаралық деңгейге шығу керек деп отыр. Жедел жәрдем ауруханасындағы кездесуде мен де болғам. Сонда Нұрсұлтан Әбішұлына медицинада кісі қызығарлықтай жастар өсіп келе жатқанын айтқам. Бір студентімді ертіп әкеліп көрсеттім. Әлі дәрігер емес, 6-шы курста оқиды. Сөйтсе де өткен жазда жолын тауып, практикасын Еуропадағы ең күшті – Франкфурттағы медициналық орталықта өткіздірдік. Қазір сол Франкфурттағы озық аппаратуралар біздің емханаларымызда да тұр. Жаңағыдай жастарымыз мұнымен жұмыс істей алады. Біздің кафедра меңгерушіміз де айтты: Нұрсұлтан Әбішұлы, мен Германияда, Берлиндегі кардиохирургиялық орталықта бір жыл жұмыс істедім. Осындай аппаратурамен жұмыс істей білетін мамандар, онымен емдеудің әдіс-технологиясын түгел игеріп, тиімді пайдалануға мүмкіншіліктер бар, деді.
– Дегенмен де жалпы денсаулық сақтау жайына келер болсақ, ел ішіндегі әңгімелерді естіп отырсаңыз, емделушілер тарапынан көп сын айтылып жатады. Ауруханаға барғандағы ем алу машақаты, бармақ басты, көз қысты, көңіл бөлмеушілік, салғырттық, жаны ашымастық. Гиппократ антындағы идеалды біздің дәрігерлер арасынан табудың қиындығына өзіңіз де келісерсіз.
– Иә, әсіресе, 90-шы жылдардың ішінде медицинаның жалпы деңгейі көп төмендеп кетті. Десе де, бір емхана бір емханаға, бір дәрігер екіншісіне ұқсамайтын шығар, барлығы бірдей қылдан таймаған болар, бірақ халықтың көңілінен көп нәрсе шықпай жатқанын біз біліп отырмыз. Жаңа айттым ғой, облыс орталықтарына барып әріптестермен кездескенімізде де осы әңгіменің барлығы көтерілді. Мемлекеттен қаржы бөлінбей отырған жоқ. Жаңа ауруханалар салынып жатыр, құрал-жабдықтар келіп жатыр. Сонда кемшілік неден? Мен айтар едім: кемшілік өзімізден. Бүгінгі таңдағы проблемалардың бірсыпырасы біздің медицина қызметкерлерінің өзінен болып отырғанын мойындауымыз керек. Соның ең біріншісі, медицинаға кәсіби этика, ар-ұят, профессионалдық намыс, ізгілік категорияларын қайтармаса болмайтын шекке жетіп қалғандаймыз. Өтпелі қиын кезең, коммерция... Ақша-ақша деп көп нәрсені, әсіресе, адамгершілік қасиеттерді ұмытып кеткеніміз рас. Халыққа қиын кезде халықтың қасынан табылу кәсіби парызымыз екенін әрдайым есте ұстаған жөн. Жалпы, дәрігер қауымына қойылар талаптың ең қарапайымы да, ең қағидалысы да осы.
– Демек, Елбасы айтқандай, денсаулық сақтау жүйесінде өзгерістер болуы керек қой.
– Әрине, халық риза болмай жатса, жұмысты жақсарту жолдарын іздеген жөн. Кемшіліктің түп-тамырына үңілген абзал. Мен өзім осы бағыттамын. Мысалы, бүгінде біздің университетке түсушілер 1990-91 жылдары туған балалар. Ал енді сол балалар өсіп, есейген, мектепте оқыған жылдарды еске алайықшы. 1993 жылы елу пайыз инфляция. Халықтың күнкөрістен басқаны ойлауға шамасы келмей қалды. Ұстанымдар ұмыт болды. Жұрт жапа-тармағай базарға шығып, сауда тасқыны жақсы қасиеттерді шайып әкетті. Бала бақшалар жабылды. Тоқсаныншы жылдардың ортасындағы мектеп, ондағы білім беру сапасы есіңізде ме? Сол кезеңде біз көп нәрсені жоғалттық, бірталай құндылықтардың бағасын түсіріп алдық деп ойлаймын. Қазір оқып жатқандар сол кезде туған балалар. Ащы да болса ашығын айтсақ, олардың мектептен алған білімі де толық емес, тәлім-тәрбиесі де дұрыс емес. Замана жағдайының құрбаны болған оларды кінәлай да алмаспыз. Қалай десек те, өтпелі кезең ұрпағы алмай қалған білім-тәрбие, мәдениет-парасаттың орнын толтырудың, дұрыс дүниетанымын қалыптастырудың қиын міндеті біздің иығымызға түсіп отыр. Және бұл дағдарған хал жалғыз біздің ғана университеттің басында емес қой.
– Иә, бұл қиындықтан шығу үшін не істеп жатырсыздар?
– Әуелі жаңадан келген бірінші курс студенттерін Алматының театрларына апарамыз. Билетті өзіміз сатып аламыз. Бұл шараның басы-қасында бастап өзім жүремін. Сонда балалардың көбі театрды өмірінде бірінші рет көреді.
– Болашақ дәрігерлердің жан дүниесін қоса тәрбиелеуді қолға алған екенсіз ғой.
– Енді, онсыз болмайды ғой. Рухани олқылық орнын толтыру үшін Әуезов театрына, опера және балет театрына, филармонияға, органдық музыкаға, хор капелласына апарамыз. Бірінші курстан бастап өрге, өнер мен өмірге сүйрейміз осылай. Екінші курстан бастап қоғамдық жұмыс ретінде айына екі сағат оқыған кітаптарын дұрыстап ретке келтіріп, кітапханада жұмыс жасатамыз. Үшінші-төртінші курстарда ізгілік-мейірімділікті ояту әрі өмірдің қатаң сынымен таныстыра беру мақсатында айына екі сағаттан әл үстінде жатқан адамдарды, онкологиялық науқастарды күтуге, жетім балаларға жібереміз. Бұған міндетті түрде барады. Ауыр науқастың аузына су тамызып, киімдерін ауыстырып, алғысын алып, ауырған адамның қиналғанын көріп, қасіретін жанымен сезініп, дәрігерлік ізгілік көкірегінде көктесін деп осылай жасаймыз.
Ал енді төртінші-бесінші курстарда болашақ дәрігерлеріміз басқа жоо-лардың студенттері, мектеп оқушылары алдына барып, бір-бір дәріс оқулары керек. Мысалы, өкпе ауруларының алдын алу, саламатты өмір салты деген сияқты. Тақырыбын, лекция жобасын өзіміз береміз. Бұл да олардың әлеуметтік жауапкершілігіне түрткі болады. Әзірге мұндай жұмыс әдістемесі бізден басқа ешкімде жоқ. Жаңағыдай, «халықтың көңілінен шықпайтын дәрігерлер қайдан шығады?» деген сұраққа жанымыз ауырып, оны қалай шешудің жауабын тынымсыз іздей келе, өз жауапкершілігіміз тұрғысынан қолдан келгенше осындай жұмыстарды бір-біріне сабақтастыра жасап жатырмыз. Жатақханадағы тәрбиелік шаралар мен тәртіп, белгілі қайраткерлермен кездесулер, елімізде өтіп жататын, айталық, Азиада сынды аламан оқиғаларға қатысу арқылы студенттеріміздің елжандылығын, қазақстандық патриотизмді тәрбиелеуге де мән береміз.
– Дегенмен де, дәрігер үшін ең бастысы кәсіби біліктілік емес пе?
– Әрине. Кәсіби оқытуда да біздің өз моделіміз бар, қазір басқа технологияға көшіп отырмыз. Алтыншы курсқа жеткенге шейін студенттің 5 түрлі біліктілігі болуы шарт деп санаймыз. Біріншіден, стандартқа сай теориялық білімі болсын дейміз. Екіншіден, ота жасаудың алғашқы тәжірибесін меңгеріп, кемінде 2-3 операция істей білуі тиіс. Бұған біз бірінші курстан бастап бейімдеп баулимыз. Үшінші шарт – адамдармен, науқастармен тіл табысып сөйлесе білуі, қарым-қатынас мәдениеті, айталық, науқастың диагнозын барынша сыпайы жеткізуі, көңіліне қарауы, яғни дәрігерлік дипломатияны игеруі, жайдары, ашықтығы. Төртіншіден, ол науқастың құқығын, өзінің заңды құқықтары мен міндеттерін бес саусақтай білуі керек. Бесіншіден, өз білім-білігін ұдайы жетілдіріп отырмаса, жақсы дәрігер боламын деу де, елдің денсаулық сақтау саласын көтеру орайындағы талпыныс та бос әурешілік болар еді. Неге десеңіз, әлемдік медицинада жыл сайын 20 пайыз ақпарат жаңадан келіп қосылуда. Дүниені Қазақстан дербес ел болғасын таныдық қой. Мәліметтер толассыз жаңарады. Жаңа дәрі-дәрмек, жаңа құрал-жабдық, аспаптар шығып жатыр, жаңа технологиялар кіріп жатыр. Дүние жүзінде жылма-жыл жиырма пайыз өзгеріс. Нано-технология, гендік инженерия дейміз. Міне, осының бәрінен құр қалмас үшін студентті бірінші курстан бастап осындай озыңқы да ілгерішіл талаппен оқытқан абзал. Мәлімет-материалды қайдан аласың, қандай каналдармен жұмыс істейсің – ол басқа әңгіме. Олай болса, жаңағы бес құзірет басқа оқу ордаларында орныға қоймаған, біздің өз ерекшелігімізге жатады.
Тағы бір атап айтар ерекшелігіміз сол, нашар оқитын, алға тартқанға көнбей, икемге келмей үнемі «екілік» баға алатын студенттерді оқудан шығарып жібереміз. Мен ректор боп келген 3 жылдай уақытта үлгерімі төмен мыңнан астам студент оқудан шығарылды. Амал жоқ, қатаң да болса, қажет шара. Екіге оқыған бала кетеді. Бұл мәселе, тіпті, неге бұлай деп талқыланбайды да. Ісікті пышақпен кескендей сылып тастаймыз. Одан соң «үшке» оқитындармен де жолымыз басқа.
– Мұны қалай жүзеге асырасыздар, тәртібі қандай?
– Курстан курсқа өтудің белгіленген межесі бар. Кәдімгі балдық жүйе. Бірінші курсты кілең 3-ке бітірсе, екінші курсқа өтпей немесе көшпей қалады. Көшу үшін балы ең болмағанда 3,2 болуы керек. Екінші курста 3,4, ары қарай 3,6, одан 3,8 болып жоғарылай береді. Жоғарғы курстарға келгенде төрттен төмен оқысаңыз, келесі курсқа көшпейсіз, сол курсыңызда қалып қоясыз. Ал енді алтыншы-жетінші курсқа өтер кезде, орташа балл 4,3-тен төмен болса, біз ондай студентпен тағы да қош айтысамыз. Талап осылай қатаң болмаса болмайтынына көзіміз жетті. Біздің студенттеріміз қазір осы талапқа сәйкес тәулігіне 24 сағат сабаққа дайындалып оқиды десем, өтірік айтпаймын.
– Мұндай шешімтал қадамға қалай бардыңыз?
– Себебі, өмірдің өзі осыны талап етіп отыр. Әуелі ар-ұятымызға жүгіндік. Шынын айтқанда, біз осындай әкімшілік ресурсты амалсыздықтан іске қосуға мәжбүрміз. Негізінде, батыс елдеріндегі сияқты, студенттер жақсы оқуға, мамандықтың қыр-сырын барынша жете игеруге өздері саналы түрде талпынуы керек. Болашақта солай боларына да кәміл сенемін. Бірақ әзірге «екі» мен «үшке» оқыған балалардың қолына адам емдейтін дәрігер деген диплом беруге ар-ұятым жібермеді.
– Шетелдің медициналық оқу орындарындағы нақ осындай жағдайлар қалай екен? Соларды байқастадыңыз ба?
– Әрине. Мен Жапонияда жұмыс істедім. Американың оқу жүйесін біршама білемін. Оларда медицинаға біздегідей кездейсоқ келетін адам жоқ. Жастары қай мамандық иесі болатынын оқушы кезінен біледі. Жалпы білім беретін мектеп талабының өзі өте жоғары. Солай болғандықтан, университеттерге ешкім кездейсоқ түспейді. Оларда неше түрлі жүзбе-жүз әңгімелесулер, сынақ-емтихандар болады. Университеттердің өздері «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарды» өз қалауымен іріктеп, таңдап алады.
Ал бізде қалай? Сіз ана Атырау немесе Қызылордада мектеп бітіресіз де, ҰБТ-дан әйтіп-бүйтіп жеткілікті балл жинап алып, облыстық университет жанындағы қабылдау комиссиясына келесіз. Сөйтесіз де, «мен медицинаға барамын» деп бала бір жеріне белгісін қоя салады. Сол қағаз Астанаға келгенде оның бір ғана көрсеткішіне – цифрға ғана қарайды. Баланың бейім-қабілетінің басқа бағамдары беймәлім күйінде қалады. Қыркүйекте менің басыма мың бала жауған қардай топ ете түседі. Оның қаншасы дәрігерліктен үміт күттіретінін, қаншасы кездейсоқ, «апам тойға барады, мен де барамынның» керімен жүргенін ешкім білмейді.
Осы мәселені министрліктің алдына талай рет қойдым. Тым болмаса, бізге түскісі келетіндермен әуелі әңгімелесіп алайық дедім. Қазір университетімізге түскендердің кемінде 5-10 пайызы кездейсоқ келгендер. Әйтеуір түскен соң әйтіп-бүйтіп оқиды. Бірінші курсқа 100 бала түссе, алтыншы курсты соның 80-і бітіретін болар. Ал шетелде 100-ден – 100. Оларда 10-11 жыл оқиды, қандай маман болып шығатынын бірінші курстан бастап біледі. Біздің студент лекцияны тыңдап, кітаптан тақырыпты қайталап оқып, соның төңірегінде айтып берсе, оқытушы да риза, бұл да риза. 4-5-ін қойып береді. Ал Американың студенті әрбір жаңа сабақтан «мен не аламын» деп келеді, соған орай алдын-ала дайындалып, сол тақырып бойынша ізденіп, 150 парақ ақпарат оқып келеді. Байқасаңыз, білім алуға деген көзқарас басқа, оқытушы мен студент арасындағы қарым-қатынас басқа.
– Бізде баға алса болды, білімді керек қылмайтын психология бар сияқты ма, қалай? Әйткенмен, сіздердің оқу-тәрбие ісін жаңартып, жақсартып, ізденіс жасап жатқандарыңыз жайлы естіп те жүрміз...
– Студенттердің санасын, оқуға деген ықылас-бейілін көтеруге, қоғамдық істерге белсенділігін арттыруға күш салып жатырмыз. Студенттік үкіметіміз бар. Ол студенттердің құқығын қорғайды. Студенттік кеңес, студенттік жасақ. Өздері іштерінен сайлап алады. Мысалы, біз «Топ-100» деген бір жобаны жүргізудеміз. «Топ» жоғары, биік деген мағынаны білдіретін ағылшын сөзі. Яғни, жүйрік жүздік. Үш тілді бірдей білетін, кілең «5»-ке оқитын, қоғамдық жұмысқа белсенді қатысатын, ең биік деңгейдегі 100 студент жинап жатырмыз. Оңай шаруа емес. Қазір 80-дей жиналып қалды. Солардың ішінен 5 студентіміз, мысалы Азиада кезінде халықаралық дәрежедегі допинг жөніндегі офицер қызметін атқарды, 22 студентіміз сол жарыстарда медициналық жағынан көмектесіп, спортшылардың қасында жүрді.
Бір атап айтарым, жатақхана жағдайын да тәртіпке келтірдік, мінсіз дейтіндей, кім-кімге де ұялмай көрсететіндей тәртіп орнаттық. Осыны студенттік кеңес өзі қолға алып отыр. Дем алуға, сабақ қарауға, жайлы тұруға бар жағдай жасалған. Бейсауат ешкім кіріп, мазаны алмайды. Бұған екі-үш жылда қол жеткіздік. Енді бір жатақхананы эксперимент ретінде түгелдей студенттердің қолдарына бермекшіміз. Өздерін өздері басқарады, коменданты да өздері болады. Студенттік деканатымызды да құрып қойғанбыз. Осының бәрі студенттерімізді белсенділікке, сапалы білім алуға ынталандырып жатқаны сөзсіз.
– Жақсы білім беруге оқытушылар да ынталы болар?
– Әрине, бұл ретте оқытушылармен де жұмыс жүргізіп жатырмыз. Айталық, жалақыны әркімнің еңбегіне қарай жеке-жеке саралап төлейміз. Сабақты жақсы беретін ізденгіш оқытушылардың жалақысын екі есеге дейін көтеріп отырмыз. 2 мың долларға дейін айлық алып отырған ұстаздар бар.
– Ондай білікті оқытушыларды қалай анықтайсыздар?
– Жұмысты кім қалай істейтінін байқаймыз ғой. Оның да неше түрлі көрсеткіш, бағамы болады. Сабақты қалай береді, студенттердің пікірі қалай, ғылыми жағынан қандай жетістіктері бар, қоғамдық істерге қатысуы, т.б. соның бәрін арнайы комиссия жіпке тізіп, қадағалап қарап отырады.
– Оқыту әдістерінде қандай жаңалықтар бар?
– 2 факультетте ҚазҰУ-дың және басқа университеттердің үлгісімен несиелік технологияны енгізіп отырмыз. Студенттер жыл аяғында өзіне қажет білім бойынша оқытушыны өзі таңдайды. Бір ерекшелігі, басқаларда бұл іс әкімшілік жолмен атқарылса, біз таңдауды студенттердің өздеріне беріп қойдық. Қай оқытушы дұрыс білім беретінін өздері анықтайды. Сөйтіп, өте қызық үдерістер болып жатыр.
– Мұның оқытушыға ыңғайсыздық тудыратын жақтары да бар шығар? Қайсы біреуі үшін әділетсіздік орын алып жүрмей ме?
– Оқытушылардың көбі айтып та жүр, студенттер көп сұрамайтын, талапты қатаң қоймайтын, алды кең, иі жұмсақ мұғалімдерді таңдайды дегендей сөздер де шығуда. Бірақ тап қазірде эксперимент жүріп жатыр. Мамыр, маусым айларында нәтижесін көреміз.
– Келешегін ойлайтын ақылды студент қатаң да болса өзіне дұрыс білім беретін оқытушыны таңдауы керек қой...
– Әрине. Оның үстіне жыл аяғында сол студенттен біз жақсылап сұрап, алған білімін тексереміз ғой. «Қанеки, сен не үйрендің? Мынадай-мынадай стандарттарды білуің керек. Неге білмейсің? Онда сен өтпейсің келесі курсқа» дейміз ғой. Демек, студент мұғалім таңдағанда осыны ескеріп, өзіне тиімді, пайдалы жағына ойысады деп білеміз. Несиелік тәсіл, түптің түбінде нәтиже беретіні анық. Шетелде бірталайдан бері осы тәсілмен жұмыс істейді. Білім берудің бұл ұтымды технологиясы, міне, бізге де келді. Эксперимент сәтті аяқталарына көңілім сенімді.
– Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.