• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2011

Киелі аққу бірін-бірі оятады...

665 рет
көрсетілді

Ерлі-зайыпты ғұмырдың соншама әде­мі үлгісі, әсерлі шуағы көрнекті жазушы-журна­лист, әдебиет зерттеуші ғалым, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Сапар Бай­жа­новтың аяулы жары Күләш Бей­сенбіқызы айт­қан әңгімеден айқын көрі­ніс табады. – Күләш апай, сыр-сұхбатымыздың өзегі болатын жаттанды сауалдан мен де қаш­па­йын, 17 жастағы үлбіреп тұр­ған бойжеткенді сол кез­дегі «Лениншіл жас» газеті редак­торы­ның орын­ба­сары қалай қолға түсірді екен? – Мен Сапекеңді алғаш жекжатымыз журналист Молдабек Шолпанбаев деген азаматтың үйінде көрдім. Ол кезде мен ҚазПИ-де оқитын едім. – Бір-біріңізді бірден-ақ ұнатып қал­дыңыз­дар ма? – Мен ол кезде Сапе­кеңді үйленген, ересек адам ғой  деп жүрдім. Ол кісінің менен же­ті жас үлкендігі бар. Кейіннен ақжарқын мінезі, әде­мі қалжыңы, әсі­ресе, сал­ған әні әлі құла­ғымнан кетпейтін бол­ды. Сонымен ки­ноға, теа­трға барып жүрдік. Екінші курс­ты бітірген соң Пав­лодарға жұмысқа ба­руы­мыз керек еді, Са­пекең: «Мә­лік Ғаб­дул­­­линнен рұқсат алып берейін, ауылға қайта бересің бе?» деді. Қуанып кеттім. «Сүмбеде» ауылда жүрсем, бір күні ауданның орталығында тұратын үлкен әпкем: «Алматыдан Күләшқа құда түсуге кісілер келді», деп кеңсеге телефондапты. Әкем сол колхозды көп жылдар басқарған, ол кезде зейнетке шыққан кезі. Сол күні кеңсеге барса, құда келе жатыр деп естиді. Сөйтіп, ол бұл хабарды шешеме айтады. Бір кезде шешем шақырып алып: «Әу, сені біз оқуға жіберсек, мынауың не», – десін. Өзім таңғалдым. «Үйленіп, шаңырақ құрамыз» деген ешқандай келісім болған жоқ қой, соны анама айттым да, «бұл қалай болды» деп, телефон ша­луды ойластырып, есіктің алдында байлаулы тұр­ған әкейдің тор жорғасына міне сала, көрші Под­горный ауылына қарай тарттым. Он­дағым, ауыл­дағы кеңседен телефон шалсам, ел естіп қоймасын дегенім ғой. Сапекеңе телефон шалып: «Сізбен қашан биыл үйленеміз деп келістік. Маған айтпай, әкеңізді құда түсуге жіберіпсіз. Менің әлі үш жыл оқуым керек», – дедім. Сонда Сапекең не деді дейсіз ғой. «Күләшжан, мен жас емеспін, үйленетін кезім келді. Менің әкем жердің үстімен барып, астымен қайтпасын, ақылың бар ғой» дегенде, не дерімді білмей, үндемей қалдым. Сөйтіп, сөлбі­ре­йіп үйге қайттым. Келсем, үйде құдалар абыр-дабыр. Әкем қойын сойғызып, шешем де қам-қаре­кетін жасап жатыр. Содан құда­ларды жақсылап күтті. Сөйтіп, құдалар 15 тамызда той болады деп келісіп кетті. Осылайша, шаңырақ көтердік. Қал­ған үш жылда екі балалы болдық. Ұлан мен Нұрлан студент кезімде дүниеге келді. – Бір тілші академик Төрегелді Шарма­новтың зайыбы, марқұм Гүлзия апайға «Ата-енеңіз қолдарыңызда тұрды ма?» деген сауал қойған ғой. Сонда ол кісі: «Қалай, қолда­ры­ңызда тұра ма, қайта біз ата-анамыздың қо­лында тұрдық», деген ғой... – Біз де 6 жыл ата-енеміздің қолында тұрып, отымен кіріп, күлімен шықтық. Оқуымды жал­ғастырып, тіпті стипендия алып, оны енеме беретінмін. Соған үйренген марқұм енем Ғайнижамал: «Балам, пенсияңды алдың ба?» – деп сұраушы еді. Қиындықтар болды ғой. Бірақ, қандай кезде де Сапекеңнің ақылымен жүруге тырыстым. Шы­нымды айтсам, мені балаша тәрбиеледі. Енемнің мінезі қаталдау, талабы күшті болды. Сонда Са­пекең: «Ол кісі қиындықты көп көрді. Егер мен осы өмірде тіршілік етіп жүрсем, ол – сол кісінің арқасы. Әкеміз соғысқа кетті, бес баланы аш-жалаңаш етпей асыраған анамыз. Сондықтан, не айтса да көтеруге, көнуге тура келеді», деп ақыл қосатын. Сапекеңнің тәрбиесі бар, оның үстіне ауылда өсіп, тіршілікке бейім болғанның маған көп пайдасы тиді. Ешқандай еріну жоқ. Сабақтан кейінгі уақытым отбасына, үлкен кісілерді, одан қалса қонақ күтуге жұмсалады. Сөйтіп жүріп, инс­титутты бітірдік. Бүгінгідей үй тұрмысына қажетті техникалар жоқ. Сапекең ерте есік алдына су шашып, үйдегі қуыс ыдыстың бәрін суға тол­тырып кететін. Онысы маған көмектескені. Оның үстіне ағайын-туыстың бәрі біздің үйге тоқтайды. Кей кезде ас ішетін үстелдің астына да төсек сал­ған кезіміз болды ғой. Қазір, иншалла, туыстардың бәрінде үй бар. Міне, соның бәріне қынжылмай, қиын болса да төздік. Өйткені, береке-бірлік, сыйластық бар жерде – бақыт сонда. Көңіл-күйің орнында болса, денсаулығың дұрыс болса істеген ісің де нәтижелі. Мен Сапекеңнің қас-қабағына қарадым. Анам ұзату тойында: «Балам, күйеу бала жаман адам емес сияқты. Жұмысқа кетерде алдында тамағы, киетін киімі дайын тұрсын. Кешке де солай. Ең алдымен өзіңнің жолдасыңды күт. Сонда өзің де басқаларға сыйымды, сыйлы бола­сың», деп ақылын айтқан еді. Шешемнің осы сөз­дерін құлағыма құйып алып, қандай қиыншылық болса да ең алдымен Сапекеңді күтуді басты міндетім санадым. Сол кісіні сыйлай жүріп, күте жүріп, өзім де құрметке ие бола бас­тадым. Әсіре­се, атам мені жақсы көрді. Қашанда қолдап, қорғаштап отыратын. – Қазақта ата-әжесі тұңғыш немересін ба­уырына салатын әдет бар. Ол қаншалықты дұрыс, бұрыс екенін білмеймін, бірақ, тұң­ғыш­тарыңыз Ұланның біздің газеттегі әкесіне деген сағынышын оқып, көңіліміздің босағаны бар.. – Мен Байжановтар әулетіне келін болып түскен күннен, өзімді осы үйдің адамымен деп сезіндім. Қазір байқаймын, қазіргі келіндер келген жерінен гөрі, өзінің төркінін жақын көріп тұратын сияқты. Бізде «сенің, менің туысым» деген бөліну болған жоқ. Туыстардың бәрі келіп-кететін, күтіп жата­тынбыз. Қазір сол туыстар жақсы көріп, сыйлайды. Неге? Бір кездері өздеріне көрсеткен сыйым, құрметім, ең аяғы бір шәугім шайды жылы қабақпен берсең, соның өзі кейін сенің қадіріңді асырады екен. Ұланға келсек, ата-енем бірге тұрып жатқан соң, бұл мәсе­леге ойлан­баппыз. Байқаймын, немерелерін далаға шығарарда екеуі бәйек болып, біреуі бір аяғын, екіншісі бір аяғын киіндіріп, айналып-толғанып жатады. Ол кезде немересін жақсы көреді ғой деп ойладым. Алты жылдан кейін үй алып, бөлек шығатын кезде үлкен кісілердің көңіліне қарап, балаға тиіспедік. Біз сенбі сайын барып тұрдық. Ұлан да келіп-кетіп, жүрді. Бірақ, балаға әке-шешенің соншама ардақты екенін, ата-әжесі қанша бәйек болып, жақсы көріп жатса да, өз ата-анасына жетпейтінін Ұланның мақаласын оқып, ойға қалдым. – Сапекеңе соншалықты ұқыптылық, ішкі мә­дениетті игеру, еңбекқорлық тән еді дейді ол кісіні жақсы білетіндер. – Сапекеңнің өн бойы тұнып тұрған тәр­бие-тін. Уақыттың бәрін қолмен қой­ғандай есептеп, бөліп қоя­тын. Қонаққа барғанда бос сөз, карта ойнауды жарат­пайтын. Оған уақыт қымбат болып тұратын. Жігіттер карта ойнап жатса, келін­шек­тердің арасына келіп, ән айтып, қалжыңдап, күліп, билеп арамызда жүретін. Карта ойнауды  уақытты босқа сарп ету деп есептейтін. Уақытты өте бағалады, бізді де соған үйретті. Бүгінгі нәрсені ертеңге қалдырмау, қай нәрсені ойлаған кезде іске асыру дегені сол. Қазір жасымыз ұлғайған кезде бірдеңені ойла­ғанмен, артынша ұмытып қаласың. Сол кезде Сапе­кеңнің осы сөзі есіме түседі. Маған барлық айтқан сөзі, талабы қағида сияқты еді. – Сапар ағай біраз уақыт басшы қызмет атқарды. Басшылық қызметтің, отырған орын­тақтың адамға жақсылық жасауға мүмкіндігі көп. Ол кісі сол мүмкіндікті қаншалықты пай­даланды? – Менің бір білгенім, ол кісі жақсылығын жұрттан аяған емес. Тіпті біреудің жақсы мақала­сын оқыса да, соған қуанып, сол адамды тауып алып, соған телефон соғып, оның да көңілін көтеріп тастайтын. Соған қарағанда, жаратылысынан жақ­сы­лық жасауға жа­ратылған адам сияқты, қам­қорлық жасамаса бір нәрсесі жетпейтіндей көрі­неді-ау деймін. Сондай-ақ, саған жақсылық жасап едім-ау, сен маған бүйт дейтін ол кісіде ұғым болмайтын. Маған да, балаларына да қолдан келсе адамға жақсылық жасау керектігін, өйткені жақсы­лық жасасаң да, жамандық жасасаң да Аллатағала өзіңе, болмаса бала-шағаңа қайтара­тынын жиі ескертетін. Бұл сөзінің растығына қанша жыл болды, көзіміз жетіп келеді. Сапекеңді есте қалдыру мақсатында көшенің де, мектептің де аты беріліп, онда мұражайын аштық. Тұрған үйімізге тақта орна­тылды. Міне, осының бәрін елге жасаған жақ­сылығының қайтарымы деп түсінемін. – Күләш апай, өзіңіз білесіз, кезінде журфакта қыз-келіншектердің оқуына деген біржақты көзқарас болды. Бірақ, Сапар ағай журна­лис­тикаға қыздардың келуіне өте ықыласты болып, осы мәселені көтерген еді. – Сапекең Орталық комитетте республиканың бас­пасөз қызметіне басшылық жасап отырғанда, жазатын қыздардың аздығын, басшы қызметте Ә.Жәкетовадан басқа бірде-бір әйел жоқтығын, сондықтан әйел кадр­ларға көңіл бөлу керектігін көтерді.. Содан бір бөлім­дегі Сапекең, К.Қазыбаев, Ш.Елеукенов үшеуі әйел кадр­ларын көбейтуді ақылдасып, «Лениншіл жастың» Аты­раудағы меншікті тілшісі Фариза Оңғарсынованы «Қазақ­стан пионері» газетіне редактор етіп таға­йын­дайды. Сол кезде ҚазМУ-де Т.Амандосов пен Т.Қожакеев екеуінің журналистикадағы қыздар жайлы келісе алмай жүрген кезі. Сөйтіп, Сапекең журналистика саласындағы қыздарға қам­қорлық жасауға назар ауда­рады. Он жыл «СҚ-ның» редакторлығы жылда­рында мемлекеттік емтиханның төрағалығын пайда­ла­нып, қыздардың жазғанына, конкурстарда жана­шыр­лықпен қарады. Сондай шапағаты тиген қыздың бірі бүгінде «Егеменнің» Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Фарида Бықай бірнеше жылдан кейін Сапекеңе хат жазып, рахметін білдіргені бар. Сол кезде редакцияда жалғыз тілші қыз Сайраш Әбішқызына да қамқорлығын көрсетті. Алайда жоғары жақтан өзіне көп ештеңе сұрамады. Тек төрт бала бірінен кейін бірі едел-жедел үйленіп, төрт немере қатар дүниеге келгенде ғана, он екі адамға үй тарлық жасағанын Димекеңе айтып, үй сұрап, қосымша бір бөлме алды. – Мен де Сапекеңнің кадрымын. Біз білетін ол кісі жайымен сөйлейтін, сабырлы, мінезге бай, адам еді. Сонда біздерге: «Еңбекті бейнетке айналдыруға бол­майды» деп айтатын. Ол кісінің жұмыс істеу стилі қандай еді? – Жоғарыда айттым ғой, уақытты өте үнемді пайдаланатын. Бос жүру жоқ. Ол кісі оянысымен алты жарым, жетіде балбырап ұйықтап жатқан балаларды оятатын. Әрі оларға «тәртіптің аты – тәр­тіп» деп айтатын. Балаларды кішкене күнінен спортқа жақын өсірді. Таңертең бәріміз спорт киімін киіп, стадионға барамыз. Алғаш екі айналым жүгіріп, гимнастика жасаймыз. Балалар футбол, біз бадминтон ойнаймыз. Содан мені босатады, өйт­кені балалар сабаққа баруы керек, олардың таңғы асын әзірлеймін. Түсте жарты сағат ұйықтап, демалатын. Өйткені, түнімен жұмыс. Кешкісін балаларға да көңіл бөледі. Ересек балалар 11-де, бақшаға баратын кішкенелері сағат 9-да жатуы керек. Міне, осының бәрін біз бұлжытпай орын­дайтынбыз. Одан кейін балалардың көкжиегін өсіріп, тілін жаттықтыратын ойындар басталады. Мәселен, бір әріпке келетін қаланың, өзеннің аттарын айтқызатын. Тақпақ жат­татып, өзі күйсандықта ойнап, ән салатын. Сөйтіп, күніне бір сағатын балаларға бөлетін. Балалар да рахаттанып, демалып қалатын. Міне, осы тәртіптің бәрі, меніңше, баланың бос сеңделбай болмауына, бетімен кетпеуіне, жауапкершілікті сезінуіне үйретті. Сосын кітап мәселесі, бізде дүниежүзілік балалар және дүние жүзілік әдебиет болды. Онда кітап көп, соның ішінен Сапекең таңдап «сен мынаны, сен мынаны оқы» деп бөліп беретін, ал балалар таласып-тармасып оқитын. Сонда Ерлан ең көп оқитын Нұрланға: «Кітаптың барлығын үндемей жұтып жатыр», деп айтқаны бар. Шынында да, ол көп сөйлемейтін, үндемей кітап оқи беретін. Көрген фильмдерін талқылаймыз, онда балалар пікірлерін білдіреді. Көрдіңіз бе, мұның бәрі тәрбие. – «Ер мен әйел тең болса, айы күндей өтеді, бір-бірімен тең болмаса, іштей тынып оймен өте­ді» деген. Ендеше, әйел бақытының негізі неде? – Жаңа айттым ғой, Сапекеңнен бір мін тап­паймын деп. Сондай адаммен өмір сүру рахат қой. Атымды «Күләшжан» деп біртүрлі әндете созың­қырап, сүйсіне атайтын. Кейде: «Күнде жаңа­дан үйленгендей болып тұру, қандай бақыт, қандай рахат», деп айтатын. Мұнысы, көңілінен бәрі шығып тұрған соң, соған көңілі масайрайтын болуы керек. Кейін ауырған кезінде: «Күләшжан, мені өзіңе кездестірген тәңіріме, көңілімнен шыққан балаларыма ризамын. Өздеріңмен бір кісідей-ақ бақытты ғұмыр кештім, абыройлы да айтулы белесте жүріп, өнімді еңбек еттім, өмірге өкпем жоқ», деді. Мен ешқашан ол кісінің орынсыз мазасын алып, қыз­ғанып, бос сөз айтып қажаған емеспін. Көңіліме бірдеңе ұнамаса, қағазға жазып алдына қоямын. Ол кісі оқып алып «ха-ха-лап» күледі де, жазбаша жауап береді. Біз соны дәстүрге айналдырып алған едік. – Бұларыңыз керемет әдіс екен... – Сапекең қонақта, достарымен кездескенде, жиын-тойда барынша көңілді болуға тырысып, әзіл-қалжың, ән айтып, билеп дегендей, еркін дема­луға бой алдыратын. Әсіресе, қыз-келін­шектердің орта­сында тіпті өзгеше күйге түсетін. Кейде мен де әйел емеспін бе, тым артықтау кеткенін көңіліме түйіп, алайда елдің көзінше сыр бермей, үйге келген соң қалам-қағазымды алып: «Сапеке, бүгін тым қатты «тойтаңдап» кеттіңіз ғой» деп жазып қоямын. Оны оқи салып, алдымен ақ- жарқын күлкісімен саң­қылдап күліп алады да: «Оны өзім де сездім. Күләшка, мен сондай кездерде демалып, рахаттанып қаламын ғой, кешірші» деп жазып қояды. Сонымен бар мәселе шешіледі. Сондықтан, біздің отбасында ырың-жырың, ұрыс-керіс болмайтын. Міне, әйел бақытының негізі осылар. Осындайлық тату-тәтті, бір-бірімізді сый­лап ғұмыр кешкен соң да, ол кісі дүниеден өткенде, маған өте ауыр болды. Бірақ, амал қанша, Алланың жазғанына көнуге тура келеді. – Әйелдің жеңісі мен жеңілісі туралы не айтар едіңіз? – Отбасыңдағы жағдайың, жарыңмен қарым-қатынасың, балаларыңның әдепті, тәрбиелі болуы, өзіңнің көңіл-күйіңнің орнында болуы, жүрген ортаңда сыйлы-құрметті болуың, істеген ісіңнің жемісті болуы – соның бәрі әйелдің жеңісі. Бәрін де ақыл-оймен, парасатпен іс-әрекет жасаған­дықтан, көбіне жеңіс менің жағымда болды ғой деп ойлаймын. Ең бастысы, менің бағым Сапе­кеңдей аза­матқа жолыққаным. Әйелдің жеңілісі дегенге жауап бере алмаймын. Өйткені, ондай сәтті басымнан өткізбеген екенмін. – Күләш апай-ау, күйеудің бәрі Сапекеңдей емес қой, онда қайтеміз? – Меніңше, ер азаматты ең алдымен әйелі құр­мет­теу керек. Әйел құрметтемей, әйелі сыйламай - оны ешкім сыйламайды. Оның мерейін үстем етіп отырған абзал. Алланың маңдайыма жазғаны деп, бәріне шыдап, қанағат жасау керек... – Ерлі-зайыптылардың бір мамандық иесі болуына қалай қарайсыз? – Өзгелерін білмеймін, шығармашылықпен айна­лысатын мамандық иелеріне оның пайдасы зор. КазПИ-дің филология факультетіне оқуға түскен соң, Мәлік Ғабдуллин қазақ совет әдебиетінен дәріс оқыды. Сабақтың алғашқы күні «Менің неге ұстаз болғым келді?» деген тақырыпқа шығарма жаздыр­ды. Келесі сабаққа келе сала: «Бейсенбиева деген қайсысың?» деді. Орнымнан тұрдым. «Сен неге ҚазМУ-дің жур­налистикасына бармадың?» дегені. Онда конкурстың тым жоғары болғанын айттым. Ал Сапекеңе кездескеннен кейін журналистика факультетін бітірмесем де, үйде отырып Сапар Байжанов­тың университетін тәмәмдадым деп санаймын. Өйткені, оқыған мақа­ланы, кітапты екеуміз бірге талқылайтынбыз. Көбіне пікірімді тыңдауды дұрыс көретін. Сондағысы «Қалай ойлайды, қалай қа­был­дайды. Ой өрісі қандай екен?» деп мені байқау екен ғой. Қашанда өзімді емтихан тапсырғалы тұрған ұстаздың алдындағы шәкірттей сезінетінмін. Сапекең тақырыпты қалай таңдауды, журналистің жанына жақын алып жүретін негізгі тақырыбы болуы керектігін айтатын. Мен сонда тәрбие, отбасы тақырыбын қаладым. «Ақ босаға» кітабым осы ойдан кейін дүниеге келді деуге болады. Сапекең бірінші жазған дүниесін маған оқытып, менің де пікірімді тың­дайтын. Ал жазғанымды қарап берші десем, «Күләш­ка, ренжіме, бүгін қарап берсем, ертең соған иек артып кетесің. Ол саған зиян болады. Жүз рет қайта жазсаң да, өзің жаз» дейтін. Кейде мақаламды оқыса: «мына образды ашпағансың, мы­наны бүйтпегенсің, өзің ойланшы» деп пікірін ғана білдіретін. Содан қайта жазатынмын. Міне, осы маған университет емей, немене? – Әдемі әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.