Десе де, тіршілікте түрлі жағдайдың болатыны тағы рас. Адам науқастанбай тұрмайды. «Бас аманда – мал тәтті, бас ауырса – жан тәтті» дегендей, бас ауырып, балтыр сыздағанда қолымызда кейде бар, кейде жоқ – қаржы шіркінге көз жетпейді. Елімізде енгізілгелі жатқан міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі осы жайтты реттейтін тетік бола ала ма? Яки, денсаулығымызды сақтандырып қана қоя ма, әлде шынымен сақтай ма?.. Көптің көкейіндегі сауал – осы.
Жаһанда жұқпалы аурудың өсуі, жаңа медициналық технологиялардың енгізілуі және егде жастағы халық санының көбеюі денсаулық сақтау саласының шығыстарын ұлғайтып отыр. Мәселен, соңғы 10 жылда мемлекеттік бюджеттен денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі 6,3 есеге өсті. Жан басына шаққандағы шығын 2004 жылы 8,7 мың теңгені құраса, 2015 жылы 49 мың теңгені құрады. Жүйенің негізгі проблемалары қатарында алдымен азаматтардың, сосын жұмыс берушілердің денсаулықты қорғау бойынша жауапкершілігінің жоқтығын атауға болады. Сондықтан, халық денсаулығын қорғаудың әлемдік тәжірибесінде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу – жоғарыдағы жайттарға жауап беретін һәм қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ететін бірден-бір жол ретінде бағаланады. Яғни, елімізде биылғы 1 шілдеден бастап енгізілетін жаңа жүйе арқылы денсаулық сақтау саласын нығайтумен бірге қаржыландыру көздерін әртараптандыру әрі көбейту көзделген. Бұл саладағы алғашқы реформа 1996-1998 жылдары қолға алынып, сәтсіздікке ұшырағаны есімізде. Ондағы олқылықтың негізі – кірістер жинаудың жеткіліксіздігі, кәсіпорындардың қарызға белшеден батуы, жұмыссыздық және сақтандыру қорының медициналық ұйымдар алдындағы борышының артуы, жиналған қаражаттың ретсіз жұмсалуы, тарифтердің әртүрлілігі сияқты экономикалық дағдарыстан туған қиындықтар-тын. Жаңа жобада осы олқылықтар тәжірибесі ескеріле отырып, өзге елдердің тәжірибесі зерделенді. Айталық, денсаулық сақтау ісін ұйымдастыруда социалистік жүйеден кейінгі елдер ретінде дамуы Қазақстанмен өзара ұқсас болып келетін Шығыс Еуропа елдері, Германия және Ресей елдерінің тәжірибесі ескерілді.
Былтыр маусым айынан бастап медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері бойынша ел ішінде түсіндіру жұмыстарының алғашқы кезеңі жүргізілді. Қазір жаңа министр Е.Біртанов бастаған ведомство жетекшілері де өңірлерді аралап, МӘМС-тің ұңғыл-шұңғылына дейін тәптіштеп түсіндіруде. Көктей шолғанда, бұл – мемлекет, жұмыс беруші және әр адамның өзара жауапкершілігі негізінде әзірленген медициналық сақтандыру жүйесі. Мемлекет экономикалық белсенділігі төмен халық үшін жарнаны төлеуге қатысады. Ал жұмыс берушілер жалдамалы жұмысшылар үшін, қызметкерлер мен салық органдарында тіркелген өзін өзі қамтыған азаматтар өздері үшін жарна төлейтін болады. Мемлекет азаматтарды тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемімен әрі қарай қамсыздандыруын жалғастырады.
Сарапшылардың болжамы бойынша, аталған жобаны енгізгеннен соң еліміздегі медициналық көмек көрсетудің деңгейі айтарлықтай өсіп, дәрігерлердің жалақысын арттыру мүмкіндігі пайда болады. Ауруханалар жоғарғы санатты жабдықтар мен қымбат дәрі-дәрмектер ала алады. Сондай-ақ, пациентке тексеруден өтуіне, қажет болған жағдайда жеке қаржысын жұмсамай, ем алуына мүмкіндік береді. Бұл бүгінде кең етек алған ақшалай «алғыс» білдіру мәселесін шешуге де көмектеспек. Яғни, сақтандыру мәдениетін дамыту барысында оған қатысушылардың бейресми төлемдерден бас тартып, талап қоюы жоғарыламақ.
Бұл – денсаулық сақтау саласындағы жаңа бетбұрыстың бастауы. Сақтандыру мәдениетін салиқалы жүзеге асыру халықтың денсаулыққа атүсті қарап келген көзқарасын да түбегейлі өзгертеді, дейді мамандар. Сондықтан, МӘМС жүйесі – халықтың өз денсаулығына өзі инвестиция құюы, алдын ала қам жасау іспетті. «Сақтансаң – сақтайды» деген сөз де аманатты аман сақтаудың амалына бағыттап тұрған сияқты..
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан»