Әлемнің ең озық өркениетті елдерінің қатарына қадам басқан Қазақстанның алдында қат-қабат мәселелерді әлемдік стандарттарға сәйкестендіру міндеттері тұр. Соның бірі адам құқын қорғау саласындағы ұлттық заңдылықтарымызды одан әрі дамыту болып табылады. Бұл орайда біздің еліміз өлім жазасын жою саясатын біртіндеп жүзеге асырып келеді. Мұндай маңызы зор істі жүзеге асыру саясаты Елбасының «Қазақстан Республикасында өлім жазасына мораторий енгізу туралы» Жарлығына сәйкес бастау алып, бұл бағытта елімізде бұрын-соңды болмаған көптеген ізгілікті іздер тұңғыш рет салынды. Міне, осыған орай кеше елордада бұл мәселені одан әрі пысықтаған «Орталық Азияда өлім жазасын түбегейлі жою» жобасы шеңберінде аймақтық конференция болды.
Оның жұмысына Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан республикалары президенттері әкімшіліктерінің, конституциялық бақылау органдарының, әділет министрліктерінің, прокуратура және сот жүйесі органдарының, үкіметтік емес ұйымдарының, сондай-ақ халықаралық сарапшылар мен елшілік өкілдері қатысты. Ал жалпы аталған конференция Еуропалық Одақтың қаржыландыруымен «Халықаралық түрме реформасы» Орталық Азиядағы өкілдігінің «Өлім жазасын біртіндеп жою және оның адам құқықтары халықаралық стандарттарына сәйкес баламасы» жобасы аясында ұйымдастырылды. Бас ұйымдастырушы PRI-дің Орталық Азиядағы өкілдігі. Сондай-ақ, конференция жұмысына еліміз Сыртқы істер министрлігі, БҰҰ-ның Орталық Азиядағы адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының аймақтық бөлімі, Ұлыбританияның Қазақстандағы және Қырғызстандағы елшілігі және Нидерланды Корольдігінің Қазақстандағы елшілігі атсалысты.
Аталған конференцияда, негізінен, өлім жазасын жою және оның баламасы ретінде өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасының қолданылуынан туындап отырған мәселелер талқыға салынды. Бұл орайда сөз алғандар өлім жазасының жойылуы Орталық Азияның бірқатар елдерінде елеулі мәселелер тудырғанын атап өтті. Әрине, өлім жазасының орнына оның баламасы ретінде адамды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы кеңінен қолданыла бастады. Мәселен, қазір Қазақстанда 84 адам, Қырғызстанда 242 және Тәжікстанда 100-ге жуық адам өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесілген екен. Ал енді осы санаттағы адамдарды қамтамасыз ету мәселесі көптеген қарама-қайшылықтар туғызуда. Демек, мұндай мәселелердің шешімін тез арада табудың жолдарын қарастыру керек. Бұл орайда өзге елдердің тәжірибесі ортақ істі дамыта түсетіні сөзсіз.
Міне, конференцияға қатысушылар осы бас бостандығынан айыру жазасы қолданылған адамдардың жағдайын, оларды қамаудан босату мүмкіндігінің болмайтындығынан туындайтын қарама-қайшылықтарды және Қазақстан мен Қырғызстанда өлім жазасын түбегейлі жоюға қатысты өзге де мәселелерді кеңінен талқылады.
Александр ТАСБОЛАТОВ.