Кезінде Батыс Алашорда үкіметінің мүшесі, Жымпиты земствосының төрағасы Бижан Әбілқасұлы Жанқадамов хақында «Жұлдыз» журналында (1993, №1) «Алаш азаматы» атты бір баспатабақ көлемінде эссе жазған едім. Материалы – ҰҚК мұрағаты және Бижекеңнің ол кезде көздері тірі ұлы – Мақсот, қыздары Айша, Шәрипа, Жаңылдық (осы жолдар авторының зайыбы) естеліктеріне негізделген-ді.
Жалғыз мен емес, Бижанғали Жанқадамовтың өмірі және оның Алаш қозғалысына сіңірген зор еңбегі хақында басқа да авторлар қалам тербеді. Орал қаласында журналист Қайыржан Хасановтың «Бижан Жанқадамов» атты кітапшасы (2008 ж.) жарық көрді. Кітапшада пайдаланылған әдебиеттердің қатарында Д.Сүлейменованың «Алашорданың батыс бөлімінің тарихы», Р.Мұқанованың «Қаратөбе съезі – тәуелсіздікке қадам» деген еңбектері аталған.
Осы іспетті зерттеулер Алаштың 100 жылдығына орай жаңа жігермен жалғастырылуда. Бұған дейін беймәлім материалдар, фактілер іздестіріліп табылуда. Соның өзінде де бұл салада ашылмаған «ақтаңдақ» жетіп артылады. Біреулер алаштанушыларға: «Айналдырған оншақты фамилияны төңіректеп шиырлай бересіздер. Жаңа есімдерді неге ашпайсыздар?» деген наз да айтады. Шынтуайтында сол Алаш көсемдерінің өздері жөнінде де әлі күнге шешуін таппаған жұмбақ жетерлік. Мысалы, «Мағжан» атты монографиям екі рет басылып шықты. Сол кітапта Бижан Жанқадамов НКВД жендеттеріне жауабының бірінде Мағжан Жұмабаевтың «Матай би» поэмасын сүйсініп оқығаны, бірақ Бижекеңнің сол поэманы қай газет, журналдан тауып оқығаны әлі қараңғы екені жазылды. Мұндай олқылықтың орын алу себебі, Мағжан Бекенұлы Жұмабаевқа, басқа да алаш арыстарына қатысты архив материалдарының әлі де толық табылмай жатқандығының салдары...
«Алаш азаматы» атты эсседе Бижанғали Жанқадамовтың Қазан малдәрігерлік институтын бітіргенін жазғанымда менің басшылыққа алғаным, кезінде «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған, революцияға дейін жоғары білім алған қазақ зиялыларының тізімі болатын. Ұзын саны 77 адам. Сол тізімде Жаңылдың әкесінің фамилиясы да аталды. Ал, «Батыс Қазақстан облыстық энциклопедиясында» мұның керісінше Бижан Жанқадамов қаражат жоқтығына байланысты институттағы оқуын бітіре алмаған деп көрсетілген. Қайсысы дұрыс? Бұл сауалға түпкілікті жауапты тек архив қоймаларынан іздеуге керек.
Жуықта маған Бижекеңнің немересі – заңгер, зейнетке шығарынан бұрын аудандық прокурор, адвокат болып істеген Ғалымжан Мақсотұлы Жанқадамов пошта арқылы атасы жайлы Қазан қаласының архивінен табылған бірқыдыру материал жіберді. Бұрын қолымызда Бижекеңнің курстас жолдастарымен түскен, форма киген фотосуреті болса, енді жеке өзінің, Қазан Малдәрігерлік институтының студенті деген билеттің сол жақ бетіне орналастырылған фотосуреті табылыпты (Алаш азаматының жас кезіндегі көруге көз керек осы бейнесі қазір қызы Жаңылдың КазГу-де оқып жүрген студент кезінде түскен фотосының қасында тұр). Ғалымжанның жіберген архив материалдары жоғарыда айтылғанға айқын айғақ. Татарстан Республикасы бас архивінің қорында Бижанғали Әбліқасұлы Жанқадамовқа қатысты атап айтқанда мынадай құнды құжаттар сақталыпты:
– Б.Ә. Жанқадамовтың Қазан Малдәрігерлік институтына түсуге рұқсат сұраған өтініші;
– Орал әскери реалды училищені бітіргені туралы 1911 жылғы 8 маусымдағы №346 аттестат көшірмесі;
– Орал реалды училищенің 7-інші қосымша сыныбын бітірген 1912 жылғы №346 куәлігінің көшірмесі;
– Саратов гимназиясының латын тілін 7-інші қосымша сынып курсы көлемінде бітіргені туралы 1912 жылғы 6-маусымдағы №1066 куәлік көшірмесі;
– Туу туралы куәлік көшірмесі;
– Төлқұжаты;
– Қазан ветеринар институтының Қазан шаһарында ерікті тұру үшін №206 куәлігі;
– Қазан ветеринар институтының студенті Жанқадамов Бижанғалиға соғыс аяқталған соң институтқа қайта түсуге құқық берілетіні туралы Халық ағарту министрінің Қазан ветеринар институтының ректорына арнаған 1916 жылғы 25 тамыздағы №9092 мәмілесі;
– Студенттік билеті фотографиясымен;
– Қазан ветеринар студентінің емтихандық парақшасы.
Бірқатар зерттеулерде Қазан Малдәрігерлік оқу орны университет делініп жүр. Расында оны институт деуге керек екен. Сонсоң Бижан Жанқадамов институтты қаржы жетпегендігінен бітіре алмады делінген тұжырым да шындыққа сәйкес болмай шықты. Іс жүзінде Бижекең институттан уақытша қол үзген. Қазақ оқығандары тобында Батыс майданға аттанып, сондағы жігіттерді елге жеткізу ісімен шұғылданған, соғыс аяқталған соң институтқа қайта түсуге ресми рұқсат алған. Ал енді Бижанғали Әбілқасұлы Жанқадамовтың майданнан қайтқан соң институтта оқуын жалғастырып ақыр соңында бітіргені туралы дипломын іздестіру – алдағы күндер еншісінде. Ғалымжан жіберген архив материалдарынан және бір аңғаратынымыз, Бижанғали Жанқадамовтың, басқа да алаш арыстары сияқты орыс мәдениетіне, тіліне жетіктігі. Осы мақалада оқушы назарына Бижекеңнің студенттік билетке түскен суретімен қабат, Қазан Малдәрігерлік институтының директорына өз қолымен жазған өтінішінің ілкі бетінің суретін ұсынып отырмыз.
Жаңадан табылған архив материалдары балаларымның көрмеген нағашы атасының туған елінің, қазағының қамы үшін жан алып жан беріп жұмыс жасаған ұлттық қайраткер, адамгершілігі мол, зор парасат иесі ретінде көңілімде қалыптасқан бейнесін бұрынғыдан да биіктете түсті. Алаш арыстары отаршылдық басқыншылық салдарынан жойылған мемлекеттілігімізді жаңғыртуға бар ақыл-ой, күш-жігерін жұмсаған күрескерлер – ұлттық мақтанышымыз. Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі мен ісін тереңдей және жанжақты тану – ұлттық ұрпақ үшін баға жетпес рухани ризық.
Шериаздан ЕЛЕУКЕНОВ,
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
АЛМАТЫ