Аталған мақалада Елбасы рухани жаңғыру тұсында ел келешегі мен ұлттық сананы қалыптастыру жолында ұлан-ғайыр жұмыстар мен маңызды бағдарламалардың қабылданғанын атап өткен болатын. Осылайша, Елбасымыз еліміздің мықты әрі жауапкершілігі мол – Біртұтас Ұлт болу мақсатында өткерген ауқымды да мақсатты жұмыстарды атап, күллі қазақстандықтармен болашаққа бағытталған көзқарастарымен бөлісті.
Аталған мақаласын Мемлекет басшысы қазіргі заманның ұлттық санасынан бастап, мынадай сүбелі сөздерді ортаға салды: «Күн санап өзгеріп жүрген дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен тереземізді теңеп, иық түйістіру мүмкін емес. Өзгеру үшін өзімізді мықтап қолға алып, заман ағымына икемделу арқылы жаңа дәуірдің жағымды жақтарын бойға сіңіруіміз керек».
Демек, жаңаша жаңғырған қоғамның тарихи түп тамырынан бастау алатын өзіндік рухани Ұлттық кодың болуы тиіс. Бұл дегеніміз, рухани жаңғыру аясында Ұлттық кодты сақтап, алдағы күнге сеніммен қарау мен ізгі қасиеттерді бойына сіңіру арқылы заман сынынан сәтті өткен озық дәстүрлерді осы жаңғырудың басты алғышарттарына айналдыру болып табылады.
Осыған орай, Елбасы жалпы қоғам мен әрбір азаматтың санасын жетілдіру мақсатында бірқатар бағыттарды атаған болатын, олар: бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, еліміздің эволюциялық дамуы мен сананың ашықтығы.
Сөйтіп, рухани жаңғыру – еліміздің ұлттық және рухани тамырынан нәр алып, ұлттық сананың түрлі полюстерін үйлестіре алатын маңызды рөлге ие. Бұл жөнінде Елбасымыз «Бұл – тарлан тарихтың жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы», – деген болатын.
Осы ел ырысы мен игілігіне бағытталған мақсат-міндеттерді жүзеге асыру жолында Президент Н.Назарбаев алты нақты жобаны ұсынып, олардың үш негізгі мәселеге бағытталатынына зер салды:
– ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи еліміздің іргетасын қалауға елеулі үлесін қосқан адамдарды қоғамға таныту;
– оларға ақпараттық тұрғыдан қолұшымызды беріп, ел ішінде белгілі болудың жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру;
– «100 жаңа есім» жобасының өңірлік нұсқасын жасау.
Яғни, аталған бағыт-бағдарлар азаматтарымыздың және біртұтас ұлтымыздың елеулі мақсаттарға жетіп, өсіп-өркендеуіміздің бірден-бір темірқазығы болары сөзсіз. Себебі, бұл рухани жаңғыру бағдарлары еліміздің өзіне ғана тән даму үлгісін қалыптастырып, салт-дәстүрлерімізден, тілімізден, жоралғыларымыздан, әуендерімізден және әдебиеттерімізден сусындаған ұлттық рухымызды нығайтатыны күмәнсіз.
Осыған байланысты Елбасының, «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», деген терең мағыналы ойын барлығымыз басшылыққа алып, негізгі ұстанымымызға айналдыруымыз керек.
Қазіргі таңда әрбір жеке адам болсын немесе мемлекет болсын заман талабына сай бейімделіп, уақыт ырғағымен алға дамуы керек. Өйткені, жаңғыру жалғаспалы процесс болса, өмір сарқырама секілді бір орында тұрмайды. Сондықтан, да рухани жаңғыру жарқын болашақтың кепілі дей отырып, сөзімді Елбасының «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы» деген данагөй сөзімен тәмамдағым келеді.
Камал БҰРХАНОВ,
қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор