Трюк – қателікті кешірмейтін ерекше қауіпті өнер. Қазақ циркінің әртістері қырық жыл бұрын кезінде әлемнің ешбір циркі қайталай алмаған «Қос аттың астынан өту» дейтін рекордтық трюкті жасағанын қазір көрермендердің көбі ұмытып та қалғаны сөзсіз.
Сол фотоның қасына барып, біразға дейін толқып тұрып қалдым. Манежде жүйткіген қос жүйріктің астынан көз ілеспес жылдамдықпен сауырынан суырылып шығып келе жатқан қазақ жігіті кім еді? Аттың құлағында ойнап келе жатқан шабандоз кім?
Бұл сұрақтың жауабын білсе, 1976-1987 жылдары Мәдениет министрі болған Жексембек Еркімбеков ағамыз білетін шығар деп, ол кісіні суреттің жанына алып келдім.
– Жексембек аға, мына жігіттерді білуші ме едіңіз? Бұлар қазір қайда? Есімдері кім?
– Анау аттың үстіндегі жігіт мен. Аттың сауырынан шығып келе жатқан Орынбасар Құрманбаев, –деді суретке мұңдана қарап тұрған егде азамат.
Кепка киген, бурыл мұртты, егде тартқан қазаққа Жексембек аға екеуміз де жалт бұрылдық.
Аяқ астынан өзі табылған адам – Омархан Жаманақов болып шықты. Ал аттың астынан суырылып шығып келе жатқан шабандоз Орынбасар Құрманбаев екен.
– Сонау 1968 жылы цирк студиясына түскен бізді Саратов циркіне екі жылға оқуға жіберді. Сол жерде қазақ жігіттерін аттармен жасалынатын нөмірлерге баулыды. «Джигитовка», «Табунчики-джигиты» дейтін трюктерге машықтандық. Кейін келе-келе бір жылдың ішінде екі аттың астынан өтуді үйрендік. Қос атты мүлтіксіз қатар, аяқтарын бірдей алдыру оңайлықпен келген жоқ. Бұл шамасы 1974-1975 жылдар. Бұл нөмірмен Кеңес Одағының біраз республикаларын гастрольмен араладық. Қос аттың атынан өту трюгін жасау өзіміздің идеямыз болса да, бізге Қадырхан Бөрібеков жетекшілік жасады, – дейді Омархан аға.
– Бұл трюкті ешбір елдің циркінен қайтып кездестірмедім. Ойларына да келмеген шығар деп ойлаймын. Осы нөмір Гиннестің рекордтар кітабына енуі керек еді. Бірақ Кеңес Одағы кезінде бізді шет елге шығарған жоқ. Сондықтан, рекордтар кітабына енбей қала бердік, – дейді байырғы шабандоз.
Бұл нөмірмен Омархан Жаманақов пен Орынбасар Құрманбаев 90-жылдарға дейін өнер көрсеткен. Содан кейін Кеңес Одағы ыдырап, біраз уақыт өнер жетім қалады. Ал Қазақ циркінің мықты майталмандары шет елдерге кетуге мәжбүр болған.
Әлемнің талай елінде өнер көрсеткен Омархан ағамыз 2008 жылы елге оралыпты. Ал Орынбасар Құрманбаев әлі де отбасымен АҚШ-та тұрады.
– Америкаға 1992 жылы кеттім. Көптеген мемлекеттердің цирктерімен келісімшартқа отырып, бүкіл Еуропаны араладық. Күш-қуатымыз бар кезде өнер көрсеттім. Кейін жастарды шабандоз болуға баулыдым. Қазір зейнеттемін. Осы өнердің жолында көп зақым алдық. Енді денсаулықты күйттеп отырған жай бар, – деп әңгімесін аяқтады бір кездері аттың құлағында ойнаған қазақ.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ