Франция сайлау учаскелері орталығының мәліметінше, центрист Эммануэль Макрон – 23,7%, әсіреоңшыл Марин Ле Пен 21,7% дауыс жинаған.
Бірінші кезең қорытындысы бойынша көш бастаған Эммануэль Макрон экономика министрі боларының алдында экономикалық блоктағы түрлі ведомстволарда лауазымды қызметтер атқарып, Rotschild инвестициялық банкінде жұмыс істеген.
Макрондікі орта жол
Сарапшылардың пікірінше, президенттікке сайлануға Макронның мүмкіндігі мол. Оның саяси аренадағы беделі француз жұртының саяси тұрақтылығына кепілдік бермек. Сондықтан да, қазір елдегі саяси элита Макронды қолдап отыр. Оның бір дәлелі, 11 үміткер арасынан 19% дауыс жинап, екінші кезеңге өтпей қалған «Республикашылар» партиясы атынан үміткер Франсуа Фийон жеңілгенін мәлімдеп, қолдаушыларын Макронға дауыс беруге шақырған еді.
Кеше Франс-пресс агенттігіне берген сұхбатында Макрон жеңіске жетер болса, елдегі саяси өмірді өзгертетінін мәлімдеді. Сайлауалды науқан кезіндегі бір сөзінде «біздің қазіргі саяси жүйеміздің бостығын мен іштен көрдім және оны түзетуге күш саламын», деген Макрон халықты демократиялық революцияға шақырды.
Өз бағдарламасында Макрон солшылдар мен оңшылдардың ұстанымын ұтымды пайдаланады дегенді айтады сарапшылар. Зейнетақы мен жалақы жүйесін қазіргі заман талабына бейімдеу, кәсіпкерлікті қолдау мен полицияның кадрлық құрамын күшейту – оның басты жоспары. Алайда кей сарапшылар оны француз жұртының күн тәртібіндегі проблемаларына нақты шешімі жоқ деп сынайды.
Жалпы, центрист Макронды саясаттанушылар халықтың талабына қарай икемделе алатын саясаткер ретінде сипаттайды. Мысал ретінде оның оңшылдар мен солшылдардың екеуінің де халық көңілінен шыққан бастамаларын өз бағдарламасына енгізе алғанын айтады.
«Мадам Frexit»
Макроннан 2% аз дауыс жинаған «Ұлттық майдан» партиясының жетекшісі әсіреоңшыл Марин Ле Пенге келер болсақ, оның халықаралық аренадағы тәжірибесі, соның ішінде бірнеше жыл Франция атынан Еуропарламентте депутат болуы халықаралық аренадағы беделін көтере түскендей. Екіншіден, Еуропа бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметінше, француз бизнесі Ле Пеннің жағында көрінеді. Мәскеу сапарында Ле Пеннің өзі Ресей президенті Владимир Путинге француз кәсіпкерлерінің Еуропа мен Ресей арасындағы санкцияның жойылып, арада іскерлік байланыстың қайта жандануына мүдделі екенін жеткізуі саясаттан гөрі экономиканы жоғары қоятынын көрсеткен еді.
Францияның Еуроодақпен бірге дамитынына сенетін Макронмен салыстырғанда, Ле Пеннің интеграциялық саясаты қазіргі жүйеге қарсы келеді. Мадам Frexit (Францияның ЕО-дан шығуы) атымен танылған Ле Пен елді НАТО мен ЕО-дан біржола бөліп алғысы бар. Жалпы, саяси бағыты бойынша қазіргі билікпен мүлде келіспейтін Ле Пен Франсуа Олландтың президенттігі кезінде ел үкіметі оңбай қателесті деп мәлімдегені белгілі.
Экономикада Ле Пен француз өндірушілеріне қолайлы жағдай жасау үшін ел үкіметінің протекционистік (отандық бизнесті қорғау) саясатын енгізуді көксейді. Айта кетейік, Трамптың Ақ үй басшылығына келген алғашқы күннен бастап жасағаны АҚШ экономикасын протекционистік бағытқа бұрғаны қазіргі таңда инвесторлардың сынына ұшырап жатқаны белгілі.
Трамп секілді Ле Пен де импорттың баж салығын көбейтпек. Ал салықтан түскен қаражатты ең төменгі жалақы шегін көтеруге және айына 1500 еуродан аз табыс табатын француздарға айына қосымша 200 еуро бөлуге жұмсамақ. Сонымен қатар, табыс салығын 10 пайызға азайтып, зейнетақы жасын 62-ден 60-қа түсірмекші.
Былтыр жыл соңында Трамптың жеңетінін болжаған сарапшылар тобы қазіргі таңда Франциядағы науқанда Ле Пеннің озып шығатынына бәс тігіп отыр.
ЕО-Ресей қатынасын осы сайлау айқындамақ
Сайлауалды науқан барысында Макрон штабының өкілдері ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының ішкі саясатқа араласып, Марин Ле Пен мүддесі үшін жұмыс істегенін мәлімдеумен болды. Ле Пен өз кезегінде Ресеймен арадағы қатынасты ретке келтіру керектігін айтып, санкцияны мүлде алып тастауды ұсынған. Ал Макронның бұл тұрғыда ұстанымы бөлек. Ол 2016 жылы экономика министрі болып тұрған кезінде-ақ Минск келісімі орындалмайынша, Ресейге қарсы санкцияны алып тастау туралы әңгіме қозғаудың орынсыз екенін мәлімдеген еді. Дейтұрғанмен, Франция үкіметінің де, бизнес өкілдерінің де санкцияның алынуына мүдделі екенін айтқан болатын. Дегенмен, уақыт өте келе Мәскеу мен Макрон арасы суып, президенттік сайлау науқаны кезінде өзара айыптауға дейін барды.
7 мамырға дейін қос үміткердің бұл тұрғыдағы ұстанымдары әлі де айқындала түспек. Еуроодақ елдері ішінде сыртқы саясатта Фран-
цияның өзіндік орны бар десек, осы сайлаудан кейін кімнің президент болғанына қарап, Еуроодақ пен Ресей қатынасының алдағы бірнеше жылда қандай бағытта өрбитінін жорамалдай беруге болатындай.
Бауыржан Мұқанов,
«Егемен Қазақстан»