Шара аясында Мәжілістің жалпы отырыс залының фойесінде көрме ұйымдастырылды. Ол жерде әскери саланың бүгінгі тыныс-тіршілігі мен жалпы әлеуетін паш ететін қызметтік заттар мен қару-жарақ түрлері және тұрмыстық бұйымдар мен әскери киімдер үлгісі қойылған еді. Бұлардың қатарында, әрине, отандық өнімдер көзге ерекше түсіп тұрды.
Жиынды ашқан В.Божко биыл Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлттық Қарулы Күштердің құрылғанына ширек ғасыр толып отырғандығын атап өтті. «Осы уақыт аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның әскери әлеуетін қайта жаңғыртудан өткізуге ерекше көңіл бөліп келді. Сондықтан да, шеберлігі шыңдалып, тәжірибесі жинақталған әлеуеті зор әскерилердің әзірлік деңгейі ұдайы назарда ұсталуда. Әрине, мұндай ауқымды құрылымды құру мен оның жүзеге асырылуын қамтамасыз ететін негізгі тетік заңдық нормалар болғандықтан, Мемлекет басшысының тапсырмасымен Бас қолбасшылыққа қатысты бірнеше маңызды құжаттар мен 2 Үкімет қаулысы және 7 нормативтік-құқыққа негізделген заңдар жобасы қабылданды», – деді В.Божко.
Содан кейін сөз алған Қорғаныс министрі 25 жыл ішінде қайта құрылымдаудан өткен Қазақстан Қарулы Күштерінің кешегісін екшеп, бүгінгі жұмысын таразылады. Сондай-ақ, алдағы жоспарларын халық қалаулыларының назарына ұсынды. Министрдің айтуынша, бүгінде ел мен жерді қорғап, күзету мақсатындағы жұмыстармен қоса, озық технологияларға негізделген соны жаңалықтарға қол жеткізуге кірісіппіз. Оның айқын делелі, ғылыми-зерттеу институттарының әскери роботтарды өздері жасай бастауы.
С.Жасұзақовтың айтуынша, болашағы зор әскери технологиялар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентi – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетiнде жасалған. Бүгінде бiлiм ордасында әскери өнер мен болашағы зор қару-жарақты меңгеру үшiн екi ғылыми-зерттеу институты бар орталық құрылған. Ұлттық университеттiң оқытушылар құрамында қазiргi таңда 16 ғылым докторы мен 28 кандидат және 47 магистр қызмет етуде. «Бiздiң әскери-ғылыми орталықтың алғашқы жобасы – ұшқысыз басқарылатын ұшу аппаратының алғашқы тәжiрибелiк үлгiсi болып табылады. Мен оны көрiп, әскери сынақтарды өткiзудi тапсырдым. Яғни, бұл олардың қолдарынан көп дүние келетiнiн бiлдiредi. Қазіргі кезде ғалымдарымыз жауынгер робот жобасы бойынша да жұмыс істеуде. Менің ойымша, қаржыландыруды ескере отырып, олар осы екі бағыттағы жобаны сәтті аяқтайтын болады», – дедi С.Жасұзақов.
Сондай-ақ, жиын барысында баяндамашы саладағы әскери ұшақтар санын арттыруға жіті көңіл бөлініп отырғанын атап өтті. Бүгінде жауынгерлік авиациядағы ұшақтар санының көбеюі мақсатты түрде жүзеге асырылып келеді. «Соңғы жылдары әскери әуе қорғанысы күшін жабдықтауға әлемдік қолданыстағы соңғы буын – «4++» жойғыш ұшақтары, СИ-295 әскери-көліктік ұшақтары жеткізілді. Биылдың өзінде біз екі жиынтығын алғаннан кейін, әскери-көліктік авиацияны жасақтауды өз межесіне жеткізетін боламыз. Сонымен қатар, әскери авиацияға тек шабуылдау тікұшақтары ғана емес, жауынгерлік Ми-35 тікұшақтары да тартыла бастады. Бүгінге дейін төртеуін алдық және тағы төртеуі таяу уақытта жеткізіледі. Сөйтіп, 2020 жылға қарай осы бағыттағы процесті аяқтайтын боламыз», – деді С.Жасұзақов.
Жиын барысында биылдан бастап университеттер жанындағы әскери кафедраларда білім алған түлектер Қарулы Күштер қатарына шақыртылатындығы да мәлім болды. «Әскери білім алған резервке ерекше назар аударылып отыр. Азаматтық жоғары оқу орындарының жанындағы 29 әскери кафедраларда тіркелген 70 мамандық бойынша дайындық жүргізілуде. Жыл сайын әскери кафедралардан 3 700-ден астам запастағы офицерлер түлеп шығады. Біз бүгінде қайта бағдарлау шараларын жүргізіп, бірқатар кафедраларда қазіргі заманғы мамандықтарға мән беріп отырмыз. Осы орайда, олар ІТ-технология, ақпараттық қауіпсіздік мамандықтарына бағыт алды. Менің ойымша, бұл мамандар сұранысқа ие болады. Биылғы жылы әскери кафедралардың түлектерін ерікті негізде келісімшарт бойынша Қарулы Күштер қатарына шақыруды тапсырдым», – деді баяндамашы.
Оның сөзіне қарағанда, бұл тұрғыда ЖОО-лар жанындағы әскери кафедралар түлектерінің білімі тексерістен өтетін болады. Себебі, әскери дәрігерлер, артиллеристер мен байланыс мамандары бойынша біршама тапшылық бар көрінеді. Министрдің сөзіне қарағанда, Қарулы Күштердегі мамандықтардың барлық түрлері Қорғаныс министрлігінің үш әскери оқу орнында даярланады. Сөйтіп, жыл сайын әскери институттар 650 офицерді оқытып шығарады деп жоспарлануда.
Қорғаныс министрінің негізгі баяндамасынан соң, Мәжіліс депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мәулен Әшімбаев қосымша баяндама жасады. Содан кейін депутаттар министрге көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптарын алды.
Мәселен, депутат Сауытбек Абдрахманов «Елбасы отаншылдық тәрбиенiң әскерге тiкелей қатысы бар екендiгiн айтқан болатын. Соның iшiнде бiр ғана қырын айтатын болсақ, ол – әскерге шақырылған жастардың арасында өзге радикалды дiни бағыттардың әсерiне iлiккен жастардың болатындығы сөзсіз. Ал олар армияда атымен жоқ деп әрине айта алмайсыз. Сондай-ақ, олардың сақалын қырып, әскердiң ұзын шалбарын кигiзумен iс бiтпейтiнi белгiлi. Әскер қатарында, армияда сондай жастармен қандай жұмыс жүргiзiледi?» деп сұрақ қойды.
С.Жасұзақов азаматтардың Қарулы Күштер қатарына шақырылғаннан бастап ең алдымен психологтың тексеруінен өтетіндiгін алға тартты. «Олар маманның сұрақтарына жауап бередi. Ал психологтың бiр сұрағы дiнге байланысты. Соның бәрiн қарап шыққаннан кейiн ғана әскерге шақырамыз. Әскерде бiздiң әрбiр құрамадағы психологтарымыз әскери борышын өтеуге келген сарбаздар мен сержанттарды қарайды. Екiншiден, бригадада идеология және арнайы насихат жағынан жұмыс iстейтiн офицерлер болады. Олар да барлығын тексеруден өткiзiп, командирге баяндап тұрады. Мерзiм бiткеннен кейiн әскерден кеткен сарбаздардың барған жерлерiне бiзден мәлiметтер жолданады. Бiз қазiр көп жұмысты IIМ және ҰҚҚ-мен бiрiгiп iстеудемiз. Барлығы бақылауда және айтылған мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргiзiлуде», – деді С.Жасұзақов.
Нұрлыбек Досыбай,
«Егемен Қазақстан»