Мәжіліс Төрағасының орынбасары делегация мүшелерін келе жатқан мерекемен құттықтай отырып, Вьетнам халқына жаңа табыстар мен игілік тіледі. Мәжіліс Төрағасы орынбасарының айтуынша, Қазақстан аталған елді Оңтүстік-Шығыс Азиядағы маңызды әріптесі деп санайды. Вице-спикер атап өткендей, дипломатиялық қарым-қатынас орнаған 25 жыл ішінде қос ел арасындағы ынтымақтастық барлық салада, әсіресе, саяси, сауда-экономикалық бағытта қарқынды дамып келеді.
Өз кезегінде Хоанг Бинь Куан Қазақстан мен Вьетнамның екіжақты қарым-қатынасының жаңа деңгейге көтерілгеніне сенім білдірді.
Тараптар екі мемлекет арасындағы өзара іс-қимылдың әлеуеті зор екендігіне назар аударып, осы ретте Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы және Вьетнаммен еркін сауда аймағы туралы келісімнің мүмкіндігіне тоқталды. Басым бағыттар қатарында ауыл шаруашылығы, туризм, сондай-ақ, мұнай-газ салаларын атап өтуге болады. Мәжіліс вице-спикері, сонымен бірге, парламентаралық қатынастарды тереңдетудің маңыздылығына тоқталды. Бұл жолда ынтымақтастық жөніндегі топтардың өзара іс-қимылының, заң шығару қызметіндегі тәжірибе алмасулардың мүмкіндігі зор.
Кездесу барысында Г.Исімбаева меймандарды елімізде жүргізілген конституциялық реформа жайында толыққанды хабардар етті.
Жүздесуге, сондай-ақ, Мәжіліс депутаттары, «Қазақстан-Вьетнам» ынтымақтастық жөніндегі топтың мүшелері Мұхтар Ерман мен Ирина Унжакова қатысты.