− Әлімжан Бауыржанұлы, әңгімені облыстық Ассамблея жанындағы ғылыми сарапшылар тобының жұмысына шолудан бастасақ.
− Көз өтпесін дейік, біздің елдегі ұлт пен ұлыстар татулығына, бейбіт күнге сырт көз қызыққандай. Қазақстанды Отаным деп санайтын қандай ұлттың өкілі болса да бірін-бірі дос, ағайындай көреді. Елбасы сонау Тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдары-ақ елде татулық орнамай даму да, береке де болмайтынын айтқан болатын. Оның мысалын кейбір алыс-жақын елдердегі жағдайлардан көріп отырмыз.
Елбасы жолдауларында айтылатын, Үкімет атқарып отырған түрлі стратегиялық бағдарламалар мен жобаларды халыққа жеткізу, оның бүге-шігесін түсіндіру үлкен мәселе екенін білесіз. Бірақ бұл оңай шаруа емес. Жағдайды, бір мәселені түсінбеген кісі оған мән бермейді. Қазақта «танымасын сыйламас» деген мәтел бар ғой. Егер Елбасының саясатын түсінбеген адам оның маңызына бойлар ма еді? Өткен жылы «Ұлысаралық қатынастардың өзекті проблемалары: қазіргі жағдайы және болашағы Қостанай облысы материалдары бойынша» деген ұжымдық монографияны дайындау барысында облыс тұрғындарынан көптеген сауалдама алуға тура келді. Ол облыстың әр шалғайынан жүргізілді. Сонда қостанайлықтар «Мәңгілік Ел» идеясы туралы жалпы білетінін, оны Ассамблея сессиясында қабылдағанын айтты. Бірақ ішкі мазмұнын терең түсіне қоймағанын да жасырған жоқ. Негізі осындай мәселелерді анықтап, біліп отыру ғылыми-сараптамалық топ жұмысының бір парасына жатады. Ал әлеуметтік сауалдамалар арқылы алынған мұндай материалдар қағаз бетінде қалып қоймауы тиіс. Оның нәтижесі үшін жұмыс жүргізілуі тиіс. Кейін «Мәңгілік Ел» идеясы туралы сонау шалғайдағы ауылдардан бастап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді, ол қазір де жалғасуда.
− Ақпараттық қоғам құрып жатқан қазіргі уақытта Ассамблеяның адамдарды ойландыратын мәселелерді біліп отыруы да маңызды ғой?
− Әрине, солай. Қазір ең басты бір мәселе бар. Жаһандану дәуірінде өмір сүріп отырмыз. Бәсеке деген ұғымның бәсі басым болып тұр. Тек экономика емес, идеологиялар бәсекесі жүріп жатыр. Батыс өзінің идеологиясын таңғысы келеді, ал біз өзіміздің ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалуымыз қажет. Бұл үшін халқымыз өзгенің мәдениетінен де хабардар болуы, өзінікін де жетік білуі тиіс. Мұның барлығы да айтыла салатын сөз емес, ол үшін жұмыс істеу керек. Менің әріптесім, филолог ғалым Алмас Әдсадықов жақында өткен бір басқосуда ақпараттық технология дамыған сайын рухани байлығымызды сақтауды барынша ойластыруымыз қажет екенін айтты. Мен бұл пікірді құптадым. Мысалы, жастардың бүгінде ұлттық әдебиетімізді, өнерімізді қалай білетініне көңіліміз тола ма? Әдеби кітаптардың оқылмайтыны ойлантады. Әбунасыр әл-Фараби бабамыз тәрбиесіз білімнің қауіпті екенін айтқан екен. Міне, осындай мәселелердің барлығын халықпен ойласуда, түсіндіруде Ассамблеяның мүмкіндігі кең. Бізде мемлекеттік мекемелер, партиялар халықтың алдына барады. Бірақ олардың кездесулері шаруашылық, күнделікті тіршілік, экономика шеңберінде болады. Ал Ассамблея халықпен тонның ішкі бауындай үйлесіп, саяси да, экономикалық та ұғымнан тысқары, адамгершілік, сыйластық аясында араласады.
− Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айтылған мәселелердің барлығы да ұлттық бірегейлігімізді сақтау, сол арқылы ұлттық әлеуетімізді күшейту ұғымына саяды. Бұл орайда Ассамблея атқарар шаруа да аз болмас?
− Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мақалада халықтың көкейіндегі, уақыттың пісіп жетілген мәселелерін дөп басып айтқан. Ең бастысы, бүгін арпалысқан, технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамыған, бәсеке басымдыққа ие болған дәуірде өмір сүріп отырмыз. Қазір ұлт өзінің рухани келбетін сақтап қалумен қатар, «біздерде мынандай бар, мәдениетіміз мынандай», деп оны әлемге паш етіп көрсете де білуі тиіс. Елбасы ұлттық код туралы айтты. Ұлттық кодымызды сақтау үшін дәстүріміздің озығын алып, тозығынан арылуымыз қажет. Туған өлкесінің, өз ауылының өткенін білмейтіндер аз ба? Оның есесіне өз атасының атын дақпыртқа айналдыратын рушыл көзқарас та жетіп артылады.
Елбасы «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нəр ала алмаса, ол адасуға бастайды», деді. Тіліміз болмаса ұлттық руханиятымыздың тамыры суалары дәлелдеуді керек етпейді. Ұлттық сананы қалыптастыруды ойлағанда алдымен ана тілімізді білуді, оның байлығын барынша пайдалануды, мерейін көтеруді алдыңғы орынға қоятын боламыз. Қазір жалпы білім беру саласында қазақ тарихы пәнін қазақ тілінде, ал математика, физика, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқыту басталып жатыр. Егер бала қазақ тілін білмесе қалай пәнді түсінеді? Үш тұғырлы тілдің мақсаты – қазақ, орыс, ағылшын тілдерін үйрету. Мақсат қойса, тіл үйрену қолдан келмейтін шаруа емес. Барлығы да ниет пен еңбекте деп білемін.
Мақалада айтылғандарды Қазақстанда ешқандай уайым-қайғысыз бір атаның балаларындай тату-тәтті тұрып жатқан ұлттар өкілдерінің барлығына да түсіндіреміз. Мемлекеттік тілді қазірдің өзінде меңгеріп алған өзге ұлттың жастары жеткілікті. Қостанай өңірінде оның тамаша мысалдары да бар. Қазақстанда тұрып жатқан ұлттардың өз тілін, дәстүрін сақтауға да жағдайдың барлығы бізде жасалған. Ал Елбасы мақаласында айтылған «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы қостанайлықтар тарапынан да ерекше ынта-ықыласқа ие боларына сенемін. Біздің өлкенің тарихы да бай, «Жаңа 100 есім» қатарынан орын алуға лайық замандастарымыз да жанымызда жүр. Мемлекет басшысы меңзеп, айтып отырған қазақстандық патриотизмді күшейтетін осындай қастерлі істердің өрістеуі үшін Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеялары тамаша істердің ұйтқысына айналары сөзсіз. Елдің, жердің тарихын білген ұрпақ ол елді де, жерді де сүйеді, мақтан етеді.
Әңгімелескен
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ