Жаһандану дәуірі бәсекеге қабілетсіз, ұлттық болмысынан тамырын үзген мемлекеттерді артта қалдырады. Сондықтан да, жаңа дәуір кезеңінде ел тағдырын анықтап, ұлтымызды өзгеге танытуға жаңа кеңістік ашатын – үшінші жаңғырудың уақыты келді.
Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының жариялануы және оның қоғамда кең талқылануы – толғағы жетіп, бір шешімге келетін мәселелердің бар екендігін көрсетіп отыр.
Рухани жаңғырудың басты факторы – ұлттық құндылықты, ұлттық рухты, бойымыздағы қадір-қасиетті заман талабына сай дамыту.
Ендігі рухани серпіліс – келешегіміздің жаңаша дамуының жарқын нышаны болу керек.
Әлемдегі өркениетті мемлекеттердің жетістігі: (мысалы, Жапония, Оңтүстік Корея, Сингапур, Қытай) олардың ұлттық сипатын бұзбай, жаңа заманға бейімделе алуында. Сондықтан, біз де осындай озық үлгілерді бағдар етуіміз керек.
Жаңа тұрпатты жаңғырудың рухани салада бой көрсетуі – еліміздегі біртектілікті қалыптастырудың басты кілті. Бұл ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту және ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту болып табылады.
Рухани жаңғыруымыз ұлттың өзіндік «менін», өткен тарих тағылымын ұмытпай, елдігімізді биік ұстау үшін керек. Ол – санғасырлық тарихи тамырымыз, мирас болып келе жатқан атамұра өнеріміз, өзге елден ерекшелеп тұратын тіліміз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз, отбасылық тәрбиеміз. Ұлтымыздың асыл ұлдарының бірі Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз, ұлттық намыссыз ұлт тәуелсіздігі болмайды» деген сөзі дәл қазір қаперде болу керек.
Бүгінгі күнде еліміздің үштен бір бөлігін құрайтын жастар – келешек қоғамның жарқын болашағын қалыптастыратын, стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырушылар екені мәлім. Жастар халықтың қоғамдық белсенді бөлігі және тәуелсіз еліміздің болашағы. Сондықтан, жастарға патриоттық тәрбие беруді өзінің туған өлкесін қастерлеуге үйретуден бастаудың маңызы зор. Туған жерінің қадір-қасиетін білген ұрпақ елінің де нағыз жанашырына айналады.
Жастарымызды отаншылдыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу – баянды болашағымыздың, бейбіт өміріміздің кепілі.
Жетпіс жылдық саяси отарлау салдарынан рухани-этникалық «мені» қоғамдық санадан өшіріле бастаған кезеңде, тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақ елі, ендігі кезде әлемдік кеңістікте ірі державалармен саяси, экономикалық, мәдени қарым-қатынастар орнатты.
Бүгінде Қазақ елі өткенін саралап, болашағын бағдарлау үстінде. Осы тұста бір үлкен мәселе туындайды, «ол – жаһандану заманында біз елдігімізді, мәдениетімізді, тілімізді сақтай аламыз ба, оның өскелең ұрпаққа тигізер әсері қандай болмақ?» – деген сауал.
Батыстың мәдениеті ықпалды болып тұрғаны рас. Бірақ, осы орайда, біз Батыстан нені алуымыз керек, нені алмауымыз керек?
Талдай қарасақ, мәдениеттің өзі екі жолмен пайда болады. Біріншісі – дүниетанымнан, екіншісі – ғылыми-техникалық дамудан келіп шығатын мәдениет. Біз батыстан ғылым мен техниканың дамуынан келіп шыққан мәдениетті алуымызға болады. Тіпті, ХХІ ғасырда қазақ жастары озық технологияның барлық қыр-сырын білуі тиіс. Мұны меңгерумен біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Абайдың тілімен айтқанда: «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым... деген нәрселермен озады».
Ұлттық рухы қалыптасқан ұрпақты тәрбиелеуде, ғасырлар бойы жинақталған халықтың мәдени мұраларын, даналық ұлағаттарын пайдалану маңызды болмақ. Мұның барлығы адам бойна ана тілі арқылы сіңеді. Заманында Махмұд Қашқари: «Тәрбие басы – тіл» деп ұлағат етсе, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Тіл дегеніміз қай халықтың болсын кешегі, бүгінгі ғана емес, ертеңгі де тағдыры» деп айтқан.
Әлемдік кеңістікте қалыптасқан жаңа заманауи технологиялар мен ақпараттық орта, оның заңдылықтары мен ерекшеліктері, жалпы, XXI ғасырдағы ғылым мен білім саласындағы үрдістің заманауи жаңалықтары біздің кемел келешегіміз үшін ауадай қажет. Қазір «Бой салыстыратын заман емес, ой салыстыратын заман». Ғылым мен білім саласында өзгенің тозығын емес, озығын игеру басты мақсатымыз.
Бүгінде Астанамыз озық ойдың, инновацияның және зиялы қауым өкілдерінің шоғырланған ордасына айналды. Кезінде бабамыз өр түрік қағаны Білге: «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген.
Бәріміз «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» Елбасының көтеріп отырған мәселесіне қолдау танытуымыз қажет. «Қол жұмылмай – жылынбайды» деген ағайынбыз. Осындай ел мен жердің тағдыры тезге түсер сәтте, Астана ұйытқы болып қана қоймай, рухани орталыққа айналуы тиіс.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
С.Сейфуллин атындағы
ҚазАТУ ректоры