Бұл орайда, Елбасы Н.Назарбаевтың: «Қазақстанның 14 мың шақырым шекарасын шегендеу үшін мен 8 жыл әр жерде, әр адамдармен, әр басшылармен келіссөздер жүргіздім, қиын-қиын жерлерден өттік. Келістік. Тұңғыш рет Қазақстанның өз территориясы бар. Шекараны шегендедік. Не үшін? Жердің тұтастығы үшін жасап отырмыз оны», деген сөздері еске түседі.
Өлшеусіз еңбек жұмсалған сол 14 мың шақырым шекараның 206,7 шақырымы Сарыағаш ауданының бойында. Яғни, Сарыағаш ауданы Өзбекстан Республикасының Қыбырай, Ташкент, Занги-ата, Жаңа жол және Шыназ секілді 5 ауданымен шекаралас.
Шекара бойындағы аумақта аудан халқының 80 пайызы шоғырланған. Екі ел арасында жұмыс істеп жатқан 4 кеден бекетінің екеуі тәулік бойы қызмет көрсетеді. Жалпы аудан бойынша төрт кеден бекетінен күніне 36500 адам және 350-ге жуық көлік өтеді екен. Бекеттерді жаңарту, жаңғырту, елді мекендерді абаттандыру, көркейту бағытында атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен, Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев өткен жылдың соңында Сарыағаш ауда-
нында болған кезінде бірқатар сын айтқан еді. «Ең ұят нәрсе, шекараның арғы жағы тап-тұйнақтай да, бергі жағы лас. Шарбақтар қирап қалған. Өздеріңіз тұратын жерге құрметпен қарамайсыздар ма? Бізге шетелдіктер көп келеді. Екі ел арасындағы тазалық, көгалдандыру жұмыстарын көріп олар «неге бұлай?» деп сұрайды...», деген болатын әкім тұрғындармен кездесуінде. Сыннан қандай қорытынды шығарылды? Жалпы еліміз туралы алғашқы пікірді қалыптастыратын шекара бойындағы елді мекен тұрғындарының әлеуметтік мәселелері толық шешімін тапты ма? Жауап іздеп көрелік.
Шекара бойындағы ауылдардың ахуалы нешік?
Тәулік бойы жұмыс істейтін «Жібек жолы» кеден бекетінің бүгінгі келбетінде оң өзгеріс көп. «Бұрындары осы бекеттің көрші ел жағы жарқырап тұрса, бергі жақта қызыл сызыққа шығып кеткен дүңгіршектер, валюта айырбастау пункттері, автотұрақтар бекет келбетіне нұқсан келтіруші еді. Өткен жылы күзден бастап абаттандыру, талапқа сай тәртіпке келтіру жұмыстары қолға алынды. Осы орайда 6 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Қазіргі таңда көше кеңейтіліп, арнайы автотұрақтар салынды. Кіреберісте бекеттің мән-маңызын айшықтай түсетін керуен мүсіндері мен Ұлы Жібек жолының картасы бейнеленген қабырға орнатылды. Оң өзгерістерден кейін бекет арғы беттегі көршілермен салыстырғанда жақсара түсті», дейді Сарыағаш ауданының әкімі Қайрат Абдуалиев. Сондай-ақ, «Қабланбек», «Қонысбаев» кеден бекеттерінде көгалдандыру жұмыстары аяқталған, көшелерді кеңейту мақсатында 6 жер телімі мемлекет мұқтажына сатып алынбақ. Ал жұмыс істемей тұрған «Дархан», «Навои», «Санатория», «Бесқорған», «Ынтымақ» кеден бекеттерін қайта қалпына келтіру, жерді мемлекетке қайтарып алу, абаттандыру, жол жөндеуге жобалық-сметалық құжатын әзірлеу және құрылыстарын жүргізу үшін 2 260 млн теңге қажет. Дәл осы қаржы мәселесіне келгенде қолбайлау боларлық мәселелер де жоқ емес. Аудан әкімінің мәлімдеуінше, қаржының барлығы дерлік шекара бойындағы елді мекендердің инфрақұрылымдық, әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталады да басқа ауылдар кейінгі кезекке қалдырылады. Мысалы, екі бекеттің өзіне аудан бюджетінен 170 млн теңгеден астам қаржы жұмсалған. Жер телімін қайтаруға тағы 80 млн теңге қажет. «Біз елді мекендерді бөле жармаймыз, дегенмен жасыратыны жоқ, шекаралық ауылдардың мәселесі бірінші кезекте шешіледі. Өйткені, ол еліміздің бетпердесі, алыс-жақын шет елдерден келіп-кететін туристердің, транзиттік жолаушылардың көзі түсетін, пікірі қалыптасатын ауылдар. Ол ауылдардың көшелері кеңдеу, жарықтары биіктеу, жалпы келбеті көз сүйсінерліктей болуы тиіс. Яғни, «Сегіз ұлым бір төбе, Ертөстігім бір төбе» демекші, басқа ауылдардан ерекше көзқарасқа ие. Осы орайда, ұсынысымызды да айтып келеміз. Мысалы, шекаралы аймаққа арнайы штат ашып, мемлекеттік-коммуналдық кәсіпорын құрылса. Тәртіпті қадағалау, жасалған жұмыстарды қорғау үшін полиция қызметкерлерінің саны да көбейтілсе дұрыс болар еді. Қаржы облыстан, республикадан болсын шекараға тікелей келсе, аудан әкімдігінен арнайы бөлім ашылса деген секілді бірқатар ұсыныстарымызды бердік. Атқарылған жұмысты күтімде дұрыс ұстап тұрудың өзі де бізге үлкен жұмыс. Ұсыныстарымызды облыс әкімдігі қолдап отыр. Жан-жақты қаралып, оң шешімін табады деген үміттеміз», дейді аудан әкімі.
Шекара бойындағы 20 шақты елді мекен ілгеріде жарықты, «көгілдір отын» мен ағын суды көрші елден алып келген болатын. Шекара айқындалғаннан кейін барлық инфрақұрылымдарды реттеуге, қайта орнатуға тура келді. Қосымша жобалар жасалып, ауылдарға газ, электр қуаты тартылған. Кейбірі уақытша жасалынған. Аудан әкімінің айтуынша, инфрақұрылымдық жүйенің 60 пайызы жаңартуды талап етеді. Халық көп шоғырланған шекаралық аймақтың әлеуметтік мәселелеріне облыстан, республикадан көмек көрсетілуде, алайда көп жұмыстарды орындау үшін қаржы көлемі көбейтілуі тиіс. Сондай-ақ, ағын су мәселесі де шешімін таппай келеді. Шекара бойындағы аудан халқы ағын судың 70-80 пайызын Өзбекстаннан алады екен. Судың басында отырған көршілеріміз каналдарына күтім жасамаған соң, аудан қаржы жұмсап, рұқсат алып, диқандар тазалауға мәжбүр. «Өзбекстан жағынан жоспарланған лимит шегінде біздің жаққа жылына 574 млн текше метр көлемінде ағын су қажет болса, вегетация кезінде 40 пайызға кем босатылады. Ерте егілетін көкөністерге ағын су 1 ай кеш жіберіледі және шілде-тамыз айларында су мөлшері ескертусіз азайтылады. Бұл қиындықтардан шығу жолдарын қарастырудамыз. Қазір Өгем өзені аймағындағы 27 ауылды ағын сумен қамтамасыз ету мақсатында, оның ішінде Қазығұрт ауданының 13 елді мекені бар, жоба жасалуда. Жекешелендірілген 5 каналды қайтару үшін сотқа жүгінудеміз», дейді Қ.Абдуалиев.
Де факто – қазақстандық, де юре – ешкім емес…
Бүгінгі таңда шекаралық аудандағы Бағыс, Хиебан, Достық елді мекендерінде ең өзекті де, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан мәселе бар. Соның бірі – Бағыстағы жағдай бүкіл елге жақсы мәлім. 1285 тұрғыны, 210 отбасы бар Бағыс елді мекеніндегі жер мәселесі 2001 жылғы 16 қарашада жасалған Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы мемлекеттік шекара туралы шарт күшіне енбеуіне байланысты шешімін таппай отыр. Сондықтан, Өзбекстаннан өткен жерлерге кадастрлық нөмір берілмеуде. Қазақ ауылы әлі күнге Қазақстан картасына енбеген. Салдарынан шекаралы аумақтағы тұрғын үйлерге берілген мемлекеттік актілер заңсыз деп танылып, жергілікті жұрт әлеуметтік құжаттарды да ала алмай қалған. Елді мекендегі 210 үйдің 17-сі ғана Қазығұрт ауданына тіркелген. Осы секілді жағдай Құркелес ауылдық округінің Хиебан елді мекенінде де орын алып отыр. Ондағы 18 үйдің 116 тұрғыны «ауада ілініп» тұр. Яғни, қолдарында Қазақстанның жеке куәлігі бар болғанымен, мекен-жайы жоқ. Сарыағаш ауданында болғанымызда Хиебанға барып, осы мәселе бойынша тұрғындардың пікірін тыңдадық. «Құжат, жеңілдіктер қажет болғанда «мой адрес не улица, не дом...» деген өлеңді еске аламыз. Түсіністікпен қарайтын әкімдердің, ауылдастардың барына шүкір», дейді тұрғындар. «Мен 1999-2004 жылдары делимитациялау және демаркациялау жөніндегі үкіметтік комиссияның жұмыс тобына мүше болғанмын. Ол кезде аудан әкімінің бірінші орынбасары едім. Мынау тұрған шекара, көк бағана ортада тұр, – деді бүгінде зейнеткер Исақ Оспанов шекаралық белдеуді нұсқап. – Содан бері қарай 30 метр шекара қоршалған. Бүкіл шекара бойындағы 30 метр қашықтыққа 2007 жылы мемлекеттік акті берілген. Шекарадан бері 32 гектар суармалы жер бар. Қазақстан жағында. Сол 32 гектардан беріректе 18 үй орналасқан, үйіргелік жерлерімен. 2008 жылдан бастап мына 32 гектар жердің барлығына азаматтарға мемлекеттік акті берілді. Алайда 18 үй оны ала алмайды. Қазір қолдарында Қазақстан Республикасының жеке куәлігі бар. Басқа ешқандай құжаты жоқ. Тіпті, мекенжай анықтамасын ала алмайды. Мысалы, үйінде бес баласы болса, бес жерден анықтама алып келген. Бұрын. 2007 жылы мен қала әкімі болдым. Сол кезде келгендеріне қаланың есебінен анықтама бергенмін. Бұрын кеңес кезінде бұл үйлер орналасқан жерді Ахметов көшесінің кетігі дейтін. Сонда осы 17-18 үй Ахметов көшесі делінетін. Шекара анықталған кезде мына жер алғашында Өзбекстанның жері болып шықты. Кейін келісімдер нәтижесінде қайтып алынды ғой Өзбекстаннан. Қазір тұрғындар анықтама ала алмайды. Ал мекенжай туралы анықтама бақшаға да, мектепке де керек. Одан басқа жеріне, үйіне мемлекеттік актісі болмаған соң, субсидия немесе жәрдемақы ала алмайды. Өзінің тұрған үйіне мемлекеттік акті ала алмай отыр. Ешқандай жеңілдік жоқ. «Көшенің арғы бетіндегі абысыным 4 баласына жәрдемақы алады. Ал 8 бала туған мен көк тиын алмаймын. Көшеге шығамыз ба, әлде наразылық білдіріп темір жолға барып отырып аламын ба, қайтемін», деген әйелдерді сабырға шақырдық. 2009 жылы халық санағынан тыс қалды. Бұл мәселе барлық тиісті мекемелерге айтылған. Бәрі біледі. Шешудің қандай жолы бар дейсіз, айтайын. Аудан мәслихатының әкімдікпен бірлесе жасаған 2009 жылы шыққан қаулысы бар. Ол күшін жойған жоқ. Соны облыстық мәслихат бекітпей отыр. Облыстық мәслихат бекітіп, қаулы шығарып берсе болды, бар мәселе шешімін табады». Ал ауыл әкімі Әбдіжаппар Рахымбердиевтің айтуынша, тұрғындардың барлық әлеуметтік мәселелері шешілген. «Бәрі өз еліміздің азаматтары, осында қызмет істеген. Тек адресі жоқ. Бізде тіркеуде жоқ, тіпті ауруханаға емделуге жату үшін порталға тұра алмайды. Екі жақта да есепке кірмейді», дейді ауыл әкімі. Бағыс пен Хиебандағы жағдай ұқсас. Ал Достық елді мекеніндегі 13 тұрғын үй мен 1 коммерциялық нысан мемлекеттік шекара белдеуінде қалып отыр. Үкіметтің 2014 жылғы №356 қаулысына сәйкес мемлекеттік шекара белдеуі 100 метр қашықтық деп белгіленуіне байланысты.
Жоғарыда айтылған өзекті мәселелерге байланысты аталмыш елді мекендердегі халықтың әлеуметтік мәселелерін толығымен шешу, ауылды дамыту да кешеуілдеуде. Тұрғындар таяуда ғана сенатор, Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелерінің аудандағы кеден бекеттерінде болғанын жақсылыққа жорып отыр. Өзекті мәселелерді шешу мәселесінде сең қозғалатынынан үмітті. Сондай-ақ, шекара аумағындағы мәселелер екі ел қарым-қатынасындағы соңғы өзгерістерге байланысты жуық арада шешімін табады деген сенімде. Елбасы Н. Назарбаев пен Өзбекстан президенті Ш. Мирзиеевтің елдің ынтымағын, бірлігін дәріптейтін дәл Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін биыл бірге қарсы алып, екіжақты бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылуы осының айғағы.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»