Еуразия құрлығындағы барлық өңірлерді өзара байланыстырып келген ежелгі Жібек жолы қайта жаңғырып, маңыздылығын арттыра бастағаны белгілі. Оның жарқын көрінісін 2013 жылдың күзінде Қазақстан мен Қытай тарапының Ұлы Жібек жолы белдеуін қалпына келтіруге қатысты ауқымды жобаны жүзеге асыруды бастауынан анық байқауға болады.
Қазақстан Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Чжан Гаолидің екіжақты кездесуінде жоғарыда аталған мәселелер күн тәртібіндегі ұзақ мерзімді басымдыққа ие, болашағы зор мақсат-міндеттер ретінде қаралды.
Сонымен, Қазақстан мен Қытай әріптестігі жөніндегі комитеттің 8-отырысы өте жоғары деңгейде өтті. Кездесуде тараптар стратегиялық әріптестіктің даму мақсаттарын, екіжақты қарым-қатынастың өзекті мәселелерін, атап айтқанда, сауда-экономикалық, энергетикалық, индустриялық-инновациялық, ғылыми-техникалық, қаржылық, көлік-логистикалық, ауылшаруашылық, әскери-техникалық салалар мен шекаралық және аймақтық әріптестік жайын жан-жақты сөз етті.
Әрине, талқылауда әріптестікті жандандыру жоспары әңгіменің негізгі өзегіне айналды. Сондай-ақ, аталған бағытта әрекет ету үшін «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мен «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясатын жүзеге асыру басымдыққа алынатындығы атап көрсетілді. Осы орайда, талқыланған мәселелер Қазақстан үшін қаншалықты маңызды болса, көрші Қытай үшін де жоғары мәнге ие екендігін атап өтуге тиіспіз. Мұндай ой түюге бір емес, бірнеше жағдай себеп болып отыр.
Біріншіден, бұл кездесу мамыр айының 14-15-і күндері Бейжіңде өтетін «Бір белдеу – бір жол» форумына басты дайындықты пысықтауға бағытталған. Өйткені, бұл шараның құрметті қонағы ретінде біздің Президентіміз Н.Назарбаев шақырылған. Сондықтан да Қытай тарапы шақырылған қонақтардың қытайлық әріптестерімен өтетін кездесуін ұсақ-түйегіне дейін қалдырмай, бүге-шігесіне дейін мұқият талқылайды. Өйткені, Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» идеясын жүзеге асыруда Қытайдың Еуразия кеңістігіндегі сенімді серіктесі, желілік әріптесі болып табылады.
Екіншіден, біз үшін есімі қиын айтылатын Чжан Гаоли – Қытай экономикалық саясатының қалыптасуында жоғары беделге ие тұлға. Ол – ҚКП Орталық комитеті Саяси бюросындағы Тұрақты комитет құрамына енетін 7 мүшенің біреуі. Ал бұл ҚХР-дің жоғары саяси органы болып табылады. Сондықтан да екіжақты кездесудің астарында Қазақстан мен Қытай арасында қол қойылатын стратегиялық құжаттар жобасын дайындау жатқандығын аңғару аса қиын болмаса керек-ті.
Кездесу аясында сөз алған бірінші вице-премьер А.Мамин екі ел арасындағы стратегиялық әріптестіктің жан-жақты дамуына жіті көңіл бөлініп отырғандығын баса айтты. – «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы арқылы жалғасын табатын Әріптестік жоспарын жүзеге асыру тараптарға зор мүмкіндіктер береді. Әсіресе, көлік-транзиттік әріптестік пен сауда, өңдеу салалары қарышты дамиды деген сенімдемін», – деді А.Мамин.
Сондай-ақ, басқосуда екі ел арасындағы сауда көлемінің көрсеткіштері де айтылды. Биылғы жылдың алғашқы тоқсаны мен өткен жылдың сәйкес мерзіміндегі сауда айналымы 30 пайызға өсіп, 1,3 млрд АҚШ долларын құраған. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 27 млрд АҚШ долларын құрайтын индустрия, инновация, көлік және логистика сынды салаларға бағытталған 51 жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар, кездесу барысында көлік-логистикалық бағыттағы әріптестіктің нығаюына баса көңіл бөлінді. Қазақстан соңғы жылдары көлік инфрақұрылымын қарқынды дамытып жатқаны белгілі. Жібек жолы бағдары бойынша тасымалдау қызметін жандандыру нәтижесінде контейнерлік тасымалда биылдың алғашқы тоқсанындағы көрсеткіш 2,6 есеге өскен.
Ал өз кезегінде сөз алған ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Ч.Гаоли Қазақстан-Қытай қатынасы кең арнада қарышты дамып келе жатқанын алға тартты. «Әріптестік жөніндегі комитеттің 8-отырысы тараптардың байланысын бұдан әрі тереңдете түсіп, екі ел арасындағы достық пейіл мен стратегиялық серіктестікті нығайтатындығына сенім зор», – деді ол.
Кездесу қорытындысында тараптар Қазақстан-Қытай әріптестігі жөніндегі комитеттің 8-отырысының Хаттамасына қол қойды. Сондай-ақ, қытайлық делегация Қазақстанға сапары аясында Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевпен кездесті. Сонымен қатар, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің вице-премьері Ч.Гаоли бастаған топты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев та қабылдады.
Елбасымен кездесуінде Чжан Гаоли ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің арнайы сәлемін жеткізді және Әріптестік комитетінің жаңа келіссөздерді сәтті жүзеге асыратындығына сенім артатындығын білдірді. Кездесуде Си Цзиньпиннің маусым айының басында ШЫҰ жұмысы мен ЭКСПО көрмесінің шарасына қатысуға ниетті екендігі белгілі болды.
Жалпы алғанда, көрші елмен қарым-қатынасымыз өте белсенді дамып келеді деп айтуға толық негіз бар. Аз уақыт ішінде Қытай біздің еліміздің экономикалық негізгі серіктесіне айналып үлгерді. Әрине, алғашқы кездері біздің арамыздағы алыс-берісіміз шикізат тауарлары ғана болатын. Соңғы жылдары екіжақты әріптестік бағыты әртараптандырылып, нәтижесінде 51 кәсіпорынды Қазақстан аумағына орналастырудың жиынтық бағдарламасы қабылданды. Бұл Қазақстан-Қытай серіктестігін жаңа деңгейге көтеріп, жоғары технологиялы экономикаға негізделген әріптестікке жетелеуде.
Жаңа кәсіпорындар республикамыздың барлық өңірінде ашылады. Десек те, оның басым бөлігі Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан, Алматы және Оңтүстік Қазақстан облыстарында іске қосылады. Бірнеше жоба бүгінде өз жұмыстарын бастап кеткен. Мәселен, Павлодар облысында ұнтақты полипропилен өндірісін толық қайта жаңғырту жүргізілді.
Байқағанымыздай, Қазақстан мен Қытайдың қарым-қатынасы барлық бағыт бойынша қалыптасып, даму үстінде. Бұл сөзімізді вице-премьер Чжан Гаоли бастаған делегацияның арнайы сапармен Қазақстанға келіп, онда Жібек жолы форумының ойдағыдай өтуі мәселесінің талқылануы оның негізінде екі елдің болашақ бағдарын нақтылау ниеті жатқандығын айғақтай түседі.
Тағы бір айта кетерлік жайт, осы кездері біздің елімізде Қытайдың жоғары шенді саясаткерлерінің бірі – ҚХР Сыртқы істер министрі Ван И де ресми сапармен болды. Ол ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысына қатысты. Сондай-ақ, Қазақстанның жетекші тұлғаларымен биыл Астанада өтетін ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер басшылары саммитінің кейбір мәселелерін де нақтылап, талқылады.
Руслан ІЗІМОВ,
саясаттанушы