– Осыдан дәл 100 жыл бұрын, түскі сағат 12-де, дәл осы жерде Орал облысының түкпір-түкпірінен келген қазақтар бас қосып, сол кездегі ең өзекті мәселе – қазақ автономиясын құру мәселесін ақылдасқан еді. Сиез төрағасы Жаһанша Досмұхамедұлы болса, орынбасары болып Ғұбайдолла Әлібеков пен Алпысбай Қалменов сайланды. Сиезде ең алдымен мемлекеттік басқару жүйесі туралы мәселе талқыланып, Жаһанша Досмұхамедов: «Біздің мақсатымыз – ел билеуді халықтың өз қолына беру, қазақ халқы автономияға ие болып, алдағы уақытта тағдырын өз қолына алады. Қалың қазақты аяусыз қанаған патша орнынан түсті. Ендігі жерде қазақты елдің тұрмысын, тілін білетін, мінез-құлқын, әдет-ғұрпын білетіндер ғана басқарады. Осыған байланысты қалай болғанда да біз Ресейден автономия алуға тиістіміз», – деп сөйлеген екен, – деді белгілі алаштанушы Дәметкен Сүлейменова.
Иә, бір ғасыр бұрын өткен бұл жиынның тарихи маңызы жөнінде белгілі алаштанушы ғалым Кеңес Нұрпейісов те өте жылы пікір білдірген екен. Сиезде 23 мәселе қаралған, қазақтың болашақ тағдырына қатысты жәйттердің ешбірі сырт қалмаған. Осы сиезде 100 баптан тұратын «Орал облысының далалық бөлігін басқарудың уақытша ережесі» қабылданған. Дәметкен Досмұқанқызының пікірінше, 1918-1919 жылдары қызмет еткен Ойыл уәләяты үкіметін құруға Жаһаншалар сол кездің өзінде дайын болған. Облыста келімсектер иеленіп кеткен қазақ жерлерін кері қайтару, Жайық өзенінің оң жағалауына еркін өту, дін мәселесі – Орынбор мұхтариятына қосылу, ерікті милиция жасақтарын құру, облыс аумағында оқу-ағарту мәселесін қолға алу, оқушы қазақ балаларына көтеріңкі шәкіртақы тағайындау мәселесі, салық жинау т.б. көптеген түйінді тақырыптар осы сиезде кеңінен талқыланған екен.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «ХХ ғасырдың алғашқы ширегiндегi Қазақстанның қоғамдық-саяси өмiрiндегi «Алаш» партиясының алатын орны мен қызметiн зерттеу – Отандық тарихымыздың ең өзектi мәселелерiнiң бiрi. Өйткенi кезiнде «Алаш» партиясының жетекшiлерi ұсынған қағидалары күнi бүгiнге дейiн өз маңызын сақтап отыр» деген сөзімен басталған театрландырылған көрініс өте мазмұнды болды. Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі Нұрлан Сәдірдің сценарийі бойынша қойылған көрініске Алаш арыстары Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жаһанша мен Халел Досмұхамедовтер белортасында жүрген тарихи оқиғалар өзек болған.
– Қойылымдағы барлық рөлді Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің студенттері ойнап шықты, – дейді осы оқу орнының Мәдениет және өнер факультетінің оқытушысы Сәуле Сүндетқалиева.
Қойылымның шынайылығы соншалық, ақын Ақұштап Бақтыгереева мұны Орал қаласындағы барлық жоғары оқу орындары сахналарында қайталап көрсетуді ұсынды. Өлкетанушы Жайсаң Ақбай Орал қазақтарының бірінші сиезі өткен орынға ескерткіш белгі орнату туралы айтты. Тарихшы Жаңабек Жақсығалиев «Алаш арыстары мен жастар» тақырыбында қызықты баяндама жасады.
Жиын соңында жастардың:
Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді алашты ешкімнің,
Қорлығына бермейміз!
Өлер жерден кеттік біз,
Бұл заманға жеттік біз!
Жасайды Алаш, өлмейміз!
Жасасын, Алаш, жасасын! – деген асқақ үні Жайық бойын жаңғыртып кетті.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Суреттерді түсірген
Айбатыр НҰРАШ