Жалпы, спорт деген сиқырлы әлем арбаған жұрттың қарасы көп. Миллиардтар десек қателесуіміз неғайбыл. Соның ішінде миллиондардың сүйікті ойыны футболдың жөні бөлек. Ала добыңыз жұмыр жерді айнала ұшып жүргелі қашан..? Тіпті бар ғой, дүние «Реалфан» және «Барсафан» болып қаққа бөлінгендей...
Иә, футболыңыз бүгінде бизнестің қайнар көзіне айналған. Орасан зор қаржы жүрген жерді саясаттың да төңіректейтіні белгілі. Әлбетте, әлемдік спорт қауымдастығы бұл салаға саясаттың сыналап кіргенін жақтыра қоймайды, оған аса сақтықпен қарайды да. Мұндай ұлық ұстанымды өркениет көшіне ілескен біздің ел де қос қолдап қолдайды, әрине.
Біздің жағдайда осы футболға қатысты қабырғамызға шаншудай қадалып жүрген бір жайт бар. Тоқетерін айтқанда, әңгіме тілімізге келіп тіреледі. Тәуелсіздің алғанымызға ширек ғасырдан асса да, премьер-лигамыздағы кейбір футбол клубтарының атауы орысша аталып һәм жазылып келеді. Өкініштісі сол, қазақтың өрімдей жастары бұл күнде тілін бұрап: «Иртыш», «Тобол» деп жүр... О, тоба! демеске лаж жоқ.
Павлодардың футбол клубын «Ертіс» деп айтсақ, орыстілді оқырман ақиланып шыға келеді-ау деп ойлаймыз. Өйтпегенде ше, олардың ұғымында Павлодардың намысын жалғыз ғана «Иртыш» деген команда қорғайды емес пе?!
Бұл өзі елімізде Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстары арқылы ағатын Ертіс өзенінің атауын иемденген команда ғой. Ертіс ағып жатыр, ал біздің футболдың басы-қасында отырғандар қасиетті атаудың ырың-жырыңын шығарып жатқанда неғып отыр дегің-ақ келеді. Бәзбіреулер «Ертіс» сөзін орыстілді оқырман жетістіріп айта алмайды дегенді уәж етерін сеземіз. Баяғыда «Алма-Атаны» айтқанда да, тіпті бертінге дейін де бұл ағайынның тілі бұралатын. Бірақ, бұралған тіл қазір түзеліп келеді емес пе? «Көш жүре түзеледі» дегендей. Сол сияқты «Ертіс» деген жазуға ең алдымен көз үйренуі керек. Мысалы, команда таңбасындағы «Иртыш» деген сөз «Ертіс» болып өзгергені ләзім. Орысша мәтінде бұл атаудың «Ертіс» болып жазылуын тіл заңдылығына сүйеніп қадағалауға да қақымыз бар. Сөйте-сөйте, көз үйренген соң тіл де қанша қиналғанымен көндігіп кетеді деген ойдамыз.
«Иртыштан» «Тобол» да қалыспай-ақ келеді. Бұл да Ертіске барып құятын өзеннің атауынан алынған. Жалғыз ғана әріп қасарысып, туған тілге қыр көрсетіп тұрғандай.
Бұларға қарағанда «Актобе», «Акжайык», «Кайрат» деп, «Қ» әрпінің артық жерін шауып тастап жазып жүргендері айт пен тойдай екен-ау.
Енді дейміз, сіресіп жатқан бұл мәселенің тоңын жібітіп, біржақты етіп шешуге Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті, Қазақстан Футбол федерациясы, облыс әкімдіктері жұмыла ат салыспаса болмайын деп тұр.
«Доп ойнаған – тозар» дегеннің күні өткен. Футбол арқылы мыңдаған жастың санасында жақсы мағынасындағы төңкеріс жасауға болады. Осы ойынмен байланысқан жақсылық атаулы, мысалы, саламатты өмір салтына деген жағымды көзқарас жас ұрпақтың санасына іркіліссіз сіңсе дейсің. Ал енді жоғарыда біз айтқан кемшіліктер мен олқылықтарды сылып алып тастау, яғни бұраңдағанды орнына қою, бұралаңды түзеу қоғамның және де жауапты мекемелердің мүбәрак міндеті болса керек!
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»