Фотографтардың объективіне ілінген қас-қағым сәттен тұратын суреттердің барлығы дерлік халқымыздың салт-дәстүрін, ұлттық ойындарды, тұрмысын, ұлы даланың әсем табиғатын паш етеді.
− Қазір фотоға түсірумен әуестенушілер көп. Алайда, кәнігі фотографтардың қолтаңбасы тіпті өзгеше екені белгілі. Олар суретке өзінің жан жылуын салады, сурет кәдімгідей жанды, өмірдің өзі секілді әсер береді. Ал мұндай суретті түсіруге білім мен талант, ерінбейтін еңбек керек, – деді көркемсурет галереясының меңгерушісі Сая Қалиева.
Көрменің ашылу салтанатында сөз сөйлегендер көңіл толқыныстарын жасыра алмады.
− Маған үш сурет ерекше әсер қалдырды. Сергей Мироновтың «Қонақжайлылық» және «Арман», Олег Яблочкиннің «Ақшам алдындағы сәйгүліктер» атты суреттері өте сәтті, шынайы шыққан. Ауылдағы самаурын қойып жатқан қазақ әйелдері, жылқы сұлулығының табиғат құбылысымен астасуы, сонымен қатар, ауылдағы ескі үй алдында ойыншық машинамен ойнап отырған ұлдың суреті назарыңды еріксіз аударады, – деді белгілі қылқалам шебері Олег Кусков.
Көрмеге барлығы 29 сурет қойылды. Көрерменге көзайым болған сурет авторларының аты-жөнін оқырманға атай өткенді жөн көрдік. Олар да «жегені жантақ, арқалағаны алтын» журналистер қауымынан: Георгий Шаповалов, Игорь Вальтер, Ермұрат Бекмұхамедов, Олег Яблочкин, Сергей Миронов, Владимир Моторико, Николай Кудинов, Айбек Жүзбай, Бағдат Ахметбеков, Сергей Фельдман, Мұхтар Сибанбаев, Иван Мармалиди, Николай Савченко, Николай Соловьев.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ