• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Жекпе-жек 25 Сәуір, 2017

Таэквондодан Азия чемпионаты: қазақстандықтар төртінші орында

196 рет
көрсетілді

Атырауда таэквондодан жастар арасындағы Азия чемпионаты мәресіне жетті. Жайық жағасында алғаш рет өткен дүбірлі доданы облыстық әкімдік пен Дүниежүзілік таэквондо федерациясы ұйымдастырды. Азия құрлығының 25 мемлекетінен келген 500-ден астам спортшы бақтары мен баптарын сынға салды.

Спорт мерекесінің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев: «Елбасымыз қазақстандықтарды тұрақты түрде спортпен айналысуға шақырады және осы істе үлгі болып келеді. Бүгінде атыраулықтардың 25 пайызы спортпен шұғылданады. Президент тапсырмасына сәйкес бұқаралық спортты дамытуда Атырау аймағында ілкімді істер бар. Облыс орталығында ғана емес, ауылдарда да спорттық нысандар күрделі жөндеуден өтіп, жаңадан салынып жатыр. Спорттың қай түрімен де айналысуға мүмкіндік бар» - деп атап өтті.

Жарыс нәтижесінде командалық есеп бойынша Иран елінен келген спортшылар бірінші орынды жеңіп алды. Корея екінші, Тайланд үшінші орынның мәресінен көрінді. Ал төртінші орынды қазақстандықтар еншіледі.

Чемпионат қонақтарының жарыстан тыс уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында Жайық жағасында этноауыл бой көтерді. Ол жерде ұлттық құндылықтарымыз меймандар назарына ұсынылды. Сондай-ақ, «Атырау» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің алдында Азия таэквондошыларының аллеясы пайда болды. Экологиялық «Байтақ Болашақ» альянсы қала көшелеріне тал екті. Шараға таэквондо Азия бірлестігінің президенті Ли Куи Сиюк, Бейжің Олимпиадасының қола жүлдегері Арман Шылманов, ҚР таэквондо федерациясының атқарушы директоры Мақсат Ибраев пен облыстық таэквондо федерациясының президенті Арман Тоғаевтар қатысты.

Бақытгүл Бабаш,

«Егемен Қазақстан». 

Атырау 

Соңғы жаңалықтар