Республикада өтіп жатқан «Түнгі қаладағы балалар» акциясын Қостанай облысының полицейлері мен білім беру саласы қызметкерлері де қолдап, оның шеңберінде түрлі шаралар өткізді. Жақында облыс орталығындағы №18 мектепте балалар мен жасөспірімдер тәрбиесіне қатысты «Дөңгелек үстел» мәжілісі өтті. Бұл шараға тек мамандар ғана емес, балалардың өздері де қатысты. Гүлзат Боранбаева біраз жылдардан бері осы мектепте учаскелік инспектор болып қызмет істейді. Тәжрибесі мол. Ол жұмыстың жемісті болуы ең алдымен балалармен тіл табысу деп біледі. «Дөңгелек үстелге» қатысқандарды мектеп оқушыларының құқықтық білімі таңқалдырды. Ұлдар мен қыздар республикамыздың Қылмыстық процессуалдық кодексінің кез келген бабын көзін жұмып отырып айтып береді. Өздерінің құқығы мен міндеттерін жетік біледі. Әрине, бұл олармен күнделікті жұмыс істейтін учаскелік инспектор Гүлзат Боранбаеваның еңбегінің нәтижесі.
– Заң бойынша кәмелетке толмаған балалар қыс айларында түнгі сағат 22-ден, жаз айларында 23-тен кейін көшеде, ойын-сауық өтетін орындарда жүрмеуі тиіс. Бұл жөнінде педагогтар мен полиция инспекторлары балаларға үнемі айтудан жалықпаймыз. Бірақ бізді балалардан гөрі ата-аналардың салғырттығы ойлантады. Көптеген кісілер балаларының сабақ үлгеріміне, олардың түнімен қайда жүретіндігіне сергектікпен қарамайды, – дейді учаскелік инспектор Гүлзат Боранбаева. – Түнімен көше кезген балалар құқық ережесін бұзып ғана қоймайды, өздері қылмыстың құрбанына айналады.
Гүлзаттың айтуынша, түнде беймезгіл жүретін жасөспірімдер өздерін полицейлер тоқтатып, шақырғаннан кейін ғана түнде қыдыруды азайтады. Олар полицей формасынан қаймықса да, қылмыстың, жайсыз оқиғаның алдын алу жұмыстарына түсіністікпен қараса да, әйтеуір, олардан аяғын тартады. Соның арқасында жылдың басынан бергі үш ай ішінде облыстағы кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 77-ден 44-ке дейін азайды.
–Жасөспірімдермен жүргізілетін профилактикалық жұмыстардың ауқымы кең. Күн құрғатпай түрлі шаралар өткіземіз. «Жасөспірім», «Құқықтық тәртіп» сияқты акциялар тек балалар мен жасөспірімдердің ғана тәртібін бақылайды. Оның арасында «қолайсыз аудандар» болып саналатын жеке үйлер орналасқан көшелер мен шағын аудандарға арнайы рейдтер жасалып тұрады. Үш айдың ішінде облыс қалалары мен аудандарында тәртіп бұзған 701 жасөспірім тізімге алынды, – дейді облыстық ішкі істер департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Жұмабай Қозыбаев.
Ішкі істер департаменті мамандарының айтуынша, қазір ата-аналар тарапынан балалардың тәртібі босаңсып кеткен. Мысалы жыл басынан бергі уақытта берекесіз 491 отбасы есепке алынды. Олардың 172-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал осындай жауапкершіліксіз ата-аналардың қолында 809 бала тәрбиенеленіп жатыр. Ешқандай шараға көнбеген 20 адам ата-аналық құқынан айырылды.
«Дөңгелек үстел» мәжілісінде Қостанай қаласындағы жасөспірімдер ісі және олардың құқын қорғау жөніндегі комиссияның хатшысы Майя Мұратбаева берекесіз отбасыларымен жүргізілген жұмыстар жөнінде әңгімеледі. Балаға ата-анадан үлгі, олардан тыйым болмаса, ол отбасында еліміздің болашағын сеніп тапсыратын, қоғамға пайдалы азамат өсіп қалыптаспайды. Сондықтан полиция қызметкерлеріне балалардан бұрын ата-аналардың тәрбие жұмысымен айналысуына тура келеді. Мәжілісте комиссия хатшысы оған қатысып отырған жасөспірімдерге де сауалдар қойды. Ата-аналардың түнгі сағат 22-ден кейін бейберекет жүруге тыйым салғанына балалардың өздері де қарсы емес. Жасөспірімдердің пікірінше, олар жаз айларында түнде көшеде көбірек қыдыруды қалайды екен. Алайда, ұстаздар қауымы жазда қылмыстың азаймайтындығын, сондықтан балалар олардың құрбанына айналмауы үшін үйге уақытылы келуін ескертті.
Балалардың құқығы мен мүддесін қорғау жөніндегі сектордың маманы Арман Бисақаловтың айтуынша, жасөспірімдер қалаларда өздеріне арналған сенім телефоны барлығынан хабарсыз болады. Олар зардап шексе де, ата-анасы ұрсады деп, шағымдануға қорқады. Сондықтан баланың ауыр жағдайға ұшырағаны туралы олардың көршілері мен мұғалімдері хабарлайды.
Құқық қорғау органдары, ұстаздар және балалардың қатысуымен болған басқосуда жас буын тәрбиесі мен ата-аналарға қатысты тағы да көптеген мәселелер көтерілді. «Бүгінгі бала тәрбиесінің бағыты қандай болуы керек?», «Жауапкершілік жүгін кім қаншалықты түсіне алып жүр?» деген сауалдарға көп болып жауап іздеді. Ал елдің болашағын ойлаған әр қазақстандыққа бұл ортақ мәселе болуы керек.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.