• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
30 Сәуір, 2011

Бала беймезгіл жүрсе – қылмыстың құрбаны болады

619 рет
көрсетілді

Республикада өтіп жатқан «Түн­гі қаладағы балалар» акциясын Қос­та­най облысының полицейлері мен білім беру саласы қызмет­кер­лері де қол­дап, оның шеңберінде түрлі шаралар өткізді. Жақында об­лыс орталығын­дағы №18 мектепте балалар мен жасөспірімдер тәрбие­сіне қатысты «Дөңгелек үстел» мә­жілісі өтті. Бұл шараға тек мамандар ғана емес, балалардың өздері де қатысты. Гүлзат Боранбаева біраз жылдардан бері осы мектепте учаскелік инспектор болып қызмет істейді. Тәжрибесі мол. Ол жұмыс­тың жемісті болуы ең алдымен балалармен тіл табысу деп біледі. «Дөңгелек үстелге» қатысқандарды мектеп оқушыларының құқықтық білімі таңқалдырды. Ұлдар мен қыз­дар республикамыздың Қыл­мыс­тық про­цессуалдық кодексінің кез келген бабын көзін жұмып отырып айтып береді. Өздерінің құқығы мен міндеттерін жетік біледі. Әрине, бұл олармен күнделікті жұмыс істейтін учаскелік инспектор Гүлзат Боранбаеваның еңбегі­нің нәтижесі. – Заң бойынша кәмелетке тол­маған балалар қыс айларында түн­­гі сағат 22-ден, жаз айла­рын­да 23-тен кейін көшеде, ойын-сауық өтетін орындарда жүрмеуі тиіс. Бұл жө­нін­де педагогтар мен полиция инс­пекторлары бал­а­лар­ға үнемі айтудан жалықпай­мыз. Бірақ бізді балалардан гөрі ата-аналардың салғырт­тығы ойланта­ды. Көптеген кісілер балалары­ның сабақ үлгеріміне, олар­дың түнімен қайда жүретін­дігіне сергектікпен қарамайды, – дейді учас­келік инспектор Гүлзат Боранбаева. – Түнімен көше кезген балалар құқық ережесін бұзып ғана қоймайды, өздері қылмыстың құрбанына айналады. Гүлзаттың айтуынша, түнде беймезгіл жүретін жасөспірімдер өз­де­рін полицейлер тоқтатып, ша­қыр­ған­нан кейін ғана түнде қы­дыруды азай­тады. Олар полицей формасы­нан қай­мықса да, қыл­мыстың, жай­сыз оқи­ғаның ал­дын алу жұмыс­та­рына түсіністік­пен қа­ра­са да, әй­теуір, олар­­дан аяғын тар­тады. Со­ның арқасында жыл­дың ба­сы­нан бер­гі үш ай ішінде облыс­тағы кә­ме­­лет­ке толмағандар жасаған қылмыс өткен жылдың осы мерзімімен са­лыс­тырғанда 77-ден 44-ке дейін азайды. –Жасөспірімдермен жүргізіле­тін профилактикалық жұмыстар­дың ау­қы­мы кең. Күн құрғатпай түрлі шаралар өткіземіз. «Жасөс­пі­рім», «Құқық­тық тәртіп» сияқ­ты акциялар тек балалар мен жас­өспірімдердің ғана тәртібін ба­қы­лайды. Оның арасында «қо­лай­сыз аудандар» болып санала­тын жеке үйлер орналасқан кө­ше­лер мен ша­ғын аудандарға ар­найы рейдтер жасалып тұрады. Үш айдың ішінде облыс қала­ла­ры мен аудан­да­рын­да тәртіп бұз­ған 701 жасөс­пі­рім тізімге алын­ды, – дейді об­лыстық ішкі істер де­партаменті қоғамдық қауіп­сіз­д­ік басқармасы­ның ерекше тап­сыр­малар жөнін­дегі аға инспек­то­ры, полиция майоры Жұмабай Қозыбаев. Ішкі істер департаменті ма­ман­дарының айтуынша, қазір ата-аналар тарапынан балалардың тәртібі босаңсып кеткен. Мысалы жыл басынан бергі уақытта берекесіз 491 отбасы есепке алынды. Олар­дың 172-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ал осын­дай жауапкершіліксіз ата-аналар­дың қолында 809 бала тәрбие­не­леніп жатыр. Ешқандай шараға көнбеген 20 адам ата-аналық құ­қы­нан айырылды. «Дөңгелек үстел» мәжілісінде Қос­танай қаласындағы жасөс­пі­рім­дер ісі және олардың құқын қор­­ғау жө­ніндегі комиссияның хат­шысы Майя Мұратбаева берекесіз отбасы­ларымен жүргізілген жұ­мыс­­тар жө­нінде әңгі­ме­леді. Ба­л­аға ата-анадан үлгі, олардан тыйым бол­маса, ол отбасында елі­міздің бо­­лашағын сеніп тапсы­ратын, қо­ғам­ға пайдалы азамат өсіп қалып­тас­пайды. Сон­дық­тан полиция қыз­мет­керлеріне балалардан бұрын ата-аналардың тәр­бие жұмысымен айна­лысуына тура келеді. Мәжі­ліс­те комиссия хатшысы оған қа­ты­сып отыр­ған жасөспірімдерге де сауалдар қой­ды. Ата-аналар­дың түн­гі сағат 22-ден кейін бейберекет жүруге тыйым сал­ға­нына бала­лар­дың өз­дері де қарсы емес. Жас­өспірім­дердің пікірінше, олар жаз ай­ларында түнде көшеде кө­бірек қыдыруды қалайды екен. Алай­да, ұстаздар қауымы жазда қылмыс­тың азаймайтындығын, сондық­тан балалар олардың құр­ба­нына айнал­мауы үшін үйге уақы­ты­лы келуін ескертті. Балалардың құқығы мен мүд­де­сін қорғау жөніндегі сектордың ма­ма­ны Арман Бисақаловтың ай­туын­ша, жасөспірімдер қала­лар­да өз­дері­не арналған сенім теле­фоны бар­лы­ғынан хабарсыз бола­ды. Олар зардап шексе де, ата-анасы ұрсады деп, шағымдануға қорқады. Сон­дық­тан баланың ауыр жағдайға ұшы­рағаны тура­лы олардың көр­ші­лері мен мұғалімдері хабарлайды. Құқық қорғау органдары, ұс­таз­дар және балалардың қатысуы­мен болған басқосуда жас буын тәр­бие­сі мен ата-аналарға қатыс­ты тағы да көптеген мәселелер көтерілді. «Бүгінгі бала тәрбиесі­нің бағыты қандай болуы керек?», «Жауапкершілік жүгін кім қанша­лықты түсіне алып жүр?» деген сауалдарға көп болып жауап іздеді. Ал елдің бола­шағын ойлаған әр қазақстандыққа бұл ортақ мәселе болуы керек. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.