• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Әлем 26 Сәуір, 2017

Саудия – Қазақстанның сенімді серіктесі

232 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Сауд Арабиясына сапары барысында әріптесі Әдел әл-Джубейрмен және Энергетика, өнеркәсіп, минералды ресурстар министрі Халед әл-Фалехпен, сондай-ақ Сауд Арабиясының Қазақстан экономикасын инвестициялайтын компания басшыларымен келіссөз жүргізді, деп хабарлады еліміздің Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Сауд Арабиясының Сырт­қы істер министрлігінде өткен кез­десу барысында Қ.Әбдір­ахманов «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2016 жылғы 24-25 қазандағы Эр-Риядқа рес­ми сапары  екіжақты қарым-қаты­нас­тар­дың жаңа кезеңіне жол аш­ты, болашақта қарым-қатынастары­­мыз дамып, нығая түсетіндігіне кәміл сенеміз», – деп айрықша атап өтті. Осыған орай, министр әріп­тестерімен жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдердің  іске асырылу жайын талқылады.

Қазақстан тарапы Біріккен Ұлттар Ұйымы, Ислам Ынтымақ­тастығы Ұйымы және басқа да халықаралық, сондай-ақ өңірлік ұйымдар шеңберіндегі Эр-Риядпен ынтымақтастығын жоғары баға­лайды, сонымен қатар, Астана қаласында штаб-пәтері орналасқан Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымын құруға Сауд Ара­бия­сының қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді.

Қазақстан Сыртқы істер ми­нистрі Сауд Арабиясы тарапын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі аясын­дағы еліміздің қызметі, Астана про­цесінің үлесі туралы хабардар етті. Осыған байланысты, келіссөздер барысында  Эр-Риядтың Сирия дағ­дарысын  реттеу процесінде осы саладағы жағдайға ықпал ете­тін күш ретінде маңызды үлесі тал­қыланды. Тараптардың ортақ пікірінше, Сириядағы қақтығыс және оны қарулы күшпен шешу әрекеттерінің одан әрі жалғасуы барша үшін жеңіліске әкелетін нәтижесіз жол болып табылады.

Осы орайда, министр 2016 жы­лы сәуірде өткен Ислам Ынты­мақ­тастығы Ұйымы­ның  Ыс­тан­бұлдағы саммитінде Сауд Ара­бия­сы тарапынан қолдауға ие болған «Ислам әлеміндегі татуласу» жө­нін­дегі Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Түркия Президенті Режеп Ердоғанның бірлескен бастамасының маңыз­дылығын атады.

Екіжақты сауда-инвестиция­лық ынтымақтастық мәселелерін талқылау кезінде оны жандандыру үшін ең перспективалы сала­лар ретінде мұнай химиясы, атом энер­гиясын бейбіт мақсатта пай­далану, ауыл шаруашылығы, инфра­құрылымдық жобалар көл­денең тартылды. Бұл бағыттар 2016-2017 жылдарғы Қазақстан мен Сауд Арабиясы арасындағы ын­ты­мақтастықтың жұмыс бағ­дар­ламасында көрсетілген. Қазіргі уақытта Астанада осы жылдың екін­ші жартысында өтеді деп жос­пар­ланған Ынтымақтастық жө­нін­дегі үкіметаралық комис­сия­ның 5-ші отырысына дайындық жұмыстары жүргізілуде.

Эр-Рияд  ауыл шаруашылығы секторына, атап айтқанда, Қазақ­стан­нан ет өнімдерін жеткізуге мүд­делі екендіктерін білдірді. Соны­­мен қатар, Оңтүстік Қазақ­стан облысында Саудия инвес­тор­ларының қатысуымен жаңа құс фабрикасын сатып алу ірі жобасы жүзеге асырылуда.

Министр Саудия тарапына

ЭКСПО-2017 көрмесіне қатыса­тыны үшін алғыс айтып, Корольдік павильоны көрменің ең ірі және ең қызықты павильондарының бірі болатындығына сенім білдірді. «Сауд Арабиясының бизнес-қауым­­дастықтары әлемдік деңгей­дегі осы маңызды іс-шараға бел­сен­­ді түрде қатысады деп үміт­тенеміз», – деді ол.

Эр-Риядтағы министрлер кездесуі дәстүрлі түрде достық пен өзара сенім ахуалында өтті және Қазақстанның мұсылман әлеміндегі аталған маңызды елмен қарым-қатынастарын одан әрі нығайтуға септесетіні сөзсіз.

Қ.Әбдірахмановтың Сауд Арабиясы мен Кувейт елдері­не жұмыс сапары жал­ғасуда.

Соңғы жаңалықтар