• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2017

Ассамблея Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті

200 рет
көрсетілді

Кеше елордада Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Алқалы жиынға Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, ҚХА Төрағасының орынбасары − Хатшылық меңгерушісі Дархан Мыңбай, Парламент Мәжілісінің депутаттары, белгілі қоғам қайраткерлері қатысты.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еліміздің саяси, экономикалық және рухани жаңғыруы бойынша алға қойған міндеттерін іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясы жасампаздық әлеует­ке ие. Кеңестің кеңейтілген оты­ры­сында сөз алған Мемлекеттік хат­шы Г.Әбдіқалықова Ассамблеяның рөлі­не осындай баға берді. 

– Биылғы жылы ҚХА активі мен барлық құрылымдары саяси, эконо­микалық және рухани жаңғыру мін­детін іске асыруға белсене атсалысуға тиіс. Ас­самблеяның алдында мынадай міндет­тер тұр. Бірінші – жүзеге асырыл­ған реформа адам құқықтары мен құқық­тық мемлекет принциптерінің сақталу кепілдігін күшейтеді. Ассам­блея тиісті заңнамаларды жетілдіруге, Конс­титу­цияда көрсетілген азаматтардың құ­қық­тары мен еркіндіктерінің бұзылу себеп­терін жоюға қатысуы керек. Екін­шіден, заң шығарушы, атқарушы және сот билігінің жаңа форматтарын назарға ала отырып, ҚХА Кеңесінің, Мәжілістегі ҚХА депутаттық корпусының, Қоғамдық келісім кеңестерінің және басқа да құрылымдардың өзара іс-қимыл үлгісі жасалуға тиіс,– деді Г.Әбдіқалықова.

Мемлекеттік хатшы атап өткендей, бүгінгі таңда ұлт табысының негізгі факторы адамның бәсекеге қабілеттілігі болып табылады. Ассамблея қоғам­дық мәдениеттің қалыптасуына, жастар­ды отансүйгіштікке тәрбиелеудің, ұлт­тық мәдени-генетикалық кодты сақтау­дың, ұлттық бірегейлікті нығайту­дың негізі болып табылатын  «Туған жер» бағдарламасын, «Қазақстандағы 100 жаңа есім», «Қазақстанның киелі жер­лері­нің географиясы» сынды жоба­ларды іске асыруға үлес қосуы керек.

Осы жиын барысында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлық­қа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Қазақ­­стан халқы Ассамблеясы арасында сыбай­лас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда қоғамның әлеуетін пайда­лану мақсатындағы әріптестік туралы бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Қазақстан халқы Ассамблеясы Төр­ағасының орынбасары Д. Мыңбай айтқандай, құжатта қамтылған нақты іс-шараларды жүзеге асыруға Ассамблеяның барлық өңірлік құрылымдары, Қоғамдық келісім кеңестері, ғылыми-сараптамалық топтар мен этномәдени бірлестіктер атсалысатын болады.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы Ел­ба­сымыздың басшылығымен елі­міз­де жүргізіліп жатқан сыбайлас жем­қор­­лық­қа қарсы күреске, осы бағыт­тағы жұ­мыстарды ілгерілетуге, оны қо­ғам­да кең көлемде насихаттауға өз үле­сін қосуда. Мемлекет басшысы «Бола­шақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағ­дар­ламалық мақаласында: «Біз әркім жеке басының қандай да бір іске қос­қан үлесі мен кәсіби біліктілігіне қарап бағаланатын меритократиялық қоғам құрып жатырмыз. Бұл жүйе жең ұшынан жалғасқан тамыр-таныстықты көтермейді. ...Алға басу үшін ұлттың дамуы­на кедергі болатын өткеннің кер­тарт­па тұстарынан бас тарту керек»,  деп айтқан болатын. Бұл − ақиқатында өте дұрыс сөз. Сол себепті, қоғамда жем­қор­лыққа қарсы мәдениетті қалып­тас­тыруға қоғам кең көлемде қатысуға тиіс. Бірлескен іс-шаралар жоспарына қол қойылуы сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күресте оң ықпалын тигізетініне сенім­дімін,– деді Д.Мыңбай.

Бірлескен іс-шаралар жоспары бойынша, еліміздегі этностық театрлар­да жемқорлыққа қарсы мәдениетті қа­лып­­тастыруға бағытталған арна­йы кон­церттік бағдарламалар мен театр­­лан­дырылған қойылымдар ұйым­дас­тыру, ақпараттық парақшалар әзір­­леу, халық арасында түсіндіру жұ­мыс­тарын жүргізу, кездесулер өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, еліміздегі түрлі этностардың тілдерінде тақырып­қа сай видео-аудиороликтер дайында­лып, әлеуметтік желілерде таратылады, телеарналар мен радиоларда жария­ланады.

Осы жиында «Қазақстан Респуб­лика­сындағы этносаралық және кон­фес­сияаралық қатынастар тарихы» атты сүбелі ғылыми еңбектің тұсауы ке­сіл­ді. Бұл ірі жобаны Қазақстан Пре­зи­­денті жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясы «Халық тарих толқы­нында» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырғанын айта кету керек. Аталған еңбекте еліміздегі этносаралық, конфессияаралық қатынастар тарихы зерделенген, ең ірі деген этностардың тари­хы, мәдениеті мен дәстүрі зерттелген. Зерт­теу жұмысына әлеуметтану, тарих, фи­ло­софия және саясаттану сынды ғы­лым салаларындағы сегіз  ғылым док­торы, тоғыз  ғылым кандидаты, бес  магистр атсалысыпты. Олардың арасында Ж.Ар­тық­баев, А.Камалов, Г.Кан сынды тарих ғылымдарының докторлары бар.

Жоба жетекшісі, Қазақстан Прези­денті жанындағы Мемлекеттік бас­қару академиясы Этносаралық және кон­фессия­аралық қатынастарды зерт­теу орталы­ғының басшысы Айгүл Сәдуа­қ­асованың айтуынша, осы жоба аясын­да бірнеше монографиялық жұмыс топтастырылған.

– Негізгі жұмыс этносаралық қа­ты­­нас­тарды зерттеу әдістемесіне ба­ғыт­­­талды. Кітапқа «Қазақстандағы ислам және православие», «Қазақстан этностарының тарихы», «Қазақ салт-дәстүрлері мен бүгінгі күн», «Қазақстан орыстары», «Қазақстан өзбектері», «Қазақстан немістері» сынды еңбектер енгізіліп отыр,– деді А.Сәдуақасова.

Осылайша, алғаш рет Қазақстанның кейбір этностарына қатысты тарихи-этнографиялық мәліметтер жүйеленіп, салт-дәстүрлерін, ұстанатын діндерін, ғылым-білім саласындағы, әдебиет пен өнер саласындағы жетістіктерін көр­сететін материалдар біріктіріліп отыр. Жиналған зерттеу материалдарды мем­лекеттік органдардың, қоғам­дық ұйым­дардың және білім беру меке­мелерінің жұмысында пайдалану үшін тиісті ұсынымдар да әзірленген.

Алқалы жиын барысында Ассамблея қызметінің жаңа бағыттарын іске асыру­дағы өңірлердің тәжірибесі, қоғам­дық бақылау, қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, мәмілегерлік бағыттағы жұмыстар қарастырылды. Парламент Мәжілісіндегі ҚХА депу­таттық тобының атқар­ған жұмы­сы мен алдағы жоспары баян­далды. Қазақстан өзбек­терінің «Дустлик» қоғамдық бір­лес­тіктері қауым­дастығының жұмы­сы ортаға салынды. ҚХА Кеңесі Ассамблеяның «Жомарт жан» төсбел­гісін бекіту туралы Хатшылық ұсынысын мақұлдап, Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық марапаттары туралы ережені бекітті.

Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» 

Суретті түсірген 

Ерлан ОМАРОВ, «Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар