Елбасының: «Қазақ даласында сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепкен. Тегі басқа болғанымен теңдігі бір, қаны бөлек болғанымен жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналдық» – деген сөзі жадымызда жаттаулы. Сондықтан, кеңбайтақ қазақ жерінің қай өңірінде өмір сүрейік, мақсатымыз ортақ, әрекетіміз бен мүддеміз бір. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында 35 мыңнан астам тәжік этносының өкілдері тұрады. Олардың барлығы, оның ішінде мен де осы елдің патриотымыз. Жүрегім де, көңілім де қазақ жері деп соғады. Оның болашағы – менің де болашағым. Егер мемлекетіміздің экономикасы нығайса, осы жерде ғұмыр кешіп жатқан барлық халықтардың да әл-ауқаты, тұрмыс жағдайлары жақсаратындығы белгілі.
Осы орайда, Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша Үкімет іске асыруға кіріскен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының ел тұрғындарына берері мол. Еңбекке қабілетті азамат өзінің күш-қуатын елдің дамуына үлес қосу үшін, тіпті, өз отбасы тұрмысын жақсарту үшін қай өңірде болсын жұмыс істеуге дайын болуы тиіс. Міне осы тұрғыдан алғанда халқы тығыз орналасқан, демографиялық өсімі жоғары оңтүстік өңірінің еңбекке белсенді азаматтары арасында солтүстік облыстарда жұмыс істеуге ниет білдірушілер көбейіп келеді. Күні кеше облыс әкімдігінің, тиісті министрліктің ұйымдастыруымен Сарыағаш, Мақтаарал аудандарында өткен іс-шаралар жергілікті тұрғындарға нақты бағыт-бағдар берді. Оңтүстікке арнайы келген Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан облыстарының өкілдері көптеген ұсыныстар айтты. Өңірлердегі жағдаймен жақын таныстырып, бос жұмыс орындары жөнінде кең мағлұмат берді. Мақтаарал ауданы тұрғындарының қызығушылығын тудырды. Бөле жарғаным емес, солтүстік өңірлерге барып жұмыс істеуге ниет білдіріп отырған тәжік бауырларымның қатары көбейді. Отбасымызбен, әулетімізбен бірге көшіп барсақ деп отырған тәжік жастары көп. Үкімет, жергілікті әкімдік жер телімдерін береміз, жұмыспен қамтамасыз етеміз, алғашқы кезде жағдай жасаймыз деп отырса, неге бармасқа?! Енді алдағы уақытта Мақтаарал ауданының әкімі Ғалым Ыбрайұлы іс-шара жоспарын жасап, соған сәйкес жұмыс орындарын ұсынып отырған облыстардағы жағдаймен танысып қайтпақпыз. Барып келген соң еңбекке белсенді азаматтарды, жастарды сол жаққа жұмысқа алып баруға кірісеміз. Көшуге ниеттілердің арасында ауыл шаруашылығы саласы бойынша мамандық алған жастар да көп. Жер бөлінсе, тер төгіп еңбегінің жемісін көргісі келетін диқандар да аз емес. Мәдениет, білім, спорт саласында еңбек еткісі келетіндер де баршылық. Жоғарыда айтып өткенімдей, Мақтаарал ауданында халық тығыз орналасқан. Оның ішінде, 9-10 ұл-қыз тәрбиелеп отырған көпбалалы тәжік отбасылары көп. Олардың барлығына ауданда жұмыс табыла бермейді. Сондықтан да, еліміздің өзге өңірлерінде еңбек етуге құлшыныс танытуда. Қысқасы, халқы тығыз орналасқан аймақтағы жұмыс күшін өзге өңірлер арқылы тиімді пайдалануды көздеп отырған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, облыс әкімдіктерінің бұл бастамалары жергілікті жерлерде қолдау табуда.
Жолдас СҰЛТАНОВ,
«Оңтүстік Қазақстан облыстық тәжік мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының міндетін атқарушы