• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2017

Медицина менеджментінің маңызын арттырады

287 рет
көрсетілді

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қарапайым халыққа қандай жақсылықтар алып келеді, артықшылықтары қандай деген сауалдар жұртшылықты елеңдете түсуде. Осы тұрғыдан көкейді тескен сұрақтарға жауап беруді жалғастырамыз. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жоспарлау және медициналық қызметтерді сатып алу департаментінің директоры Серік ТӘҢІРБЕРГЕНОВке бірқатар сауалдар қойған едік.

– Әлемде сақтандырудың мем­лекеттік, жекеменшік және қо­ғам­дық сынды үш түрлі жүйесі қа­лып­тасқанын білеміз. Біздің елі­міз соның ішінен қоғамдық сақтандыру жү­йе­сін таң­дап алды. Қоғамның әр­бір мү­шесіне қатысты дүние бол­ған­д­ық­тан сауалдардың көп туын­дауы заң­ды. Сондықтан бұл сақ­тан­ды­рудың ар­тықшылығына қатысты пай­ымыңызбен бөліссеңіз.

– Жалпы, экономика қанша дамыса да денсаулық сақтау саласының проблемаларын бюджеттің мойнына іліп, жауапкершілікті мемлекетке ысырып қоюға болмайды деп ойлаймын. Өйткені, азаматтардың денсаулығы медицинаға ғана байланысты емес,  өмір сүру салтына, жұмыс орнына (зиянды, зиянсыз өндіріс) және жеке жауапкершілігіне де тәуелді. Біреу денсаулығына мұқият қараса, енді біреу жүрдім-бардым қарайды. Бұл жүйенің басты артықшылығы − баршаға теңдей мүмкіндік беруінде. Мұнда жарнаны әркім өз мүмкіндігіне қарай төлейді. Ал медициналық кө­мекті қажеттілігіне қарай алады. Жү­йе­ге қатысып, жарна төлейтін азамат­тар жоғары технологиялық көмек түр­л­ерін тегін пайдалануға мүмкіндік алады. Оның үстіне, бұл жүйеде сақ­тан­д­ырылған азаматтар кез келген кли­никаның жәрдеміне жүгіне алады. Мұндай жағдайда қор Міндетті әлеу­меттік медициналық сақтандыру па­ке­ті шеңберінде клиниканың қызмет көр­сетуге кеткен шығындарын жауып бе­ре­ді. Екіншіден, сақтандырылған азамат ке­пілдендірілген тегін медициналық кө­мек пен МӘМС пакеті шеңберіндегі ме­дициналық көмек үшін қосымша тө­лемдердің барлық түрінен босаты­лады. Үшіншіден, қор тарапынан фар­мацевтикалық қызмет көрсететін ұйым ретінде таңдалған кез келген дәріханадан кеңейтілген тізім бойынша дәрі-дәрмек ала алады. Төртіншіден, сақ­тандырылған азаматтың ай сайын өз атына аударылған жарналар мен ме­ди­цина мекемелерінде көрсетілген кө­мек жайлы мәлімет алуға мүмкіндігі бар. Бесіншіден, қор болашақта ме­ди­циналық қызмет сапасы төмен немесе міндетті сақтандыру жүйе­сіне қа­тысушының құқығы бұ­зыл­ған жағ­дай­да сақтандырылған аза­мат­тар­дың құ­қығын қорғауды көздеп отыр. Ең басты артықшылығы, медицина саласын дамытуға, бәсекелестікті арттыруға мүмкіндік береді. 

– Негізі, сауатты әрі ізгілікпен жү­р­етін бәсекелестіктің берері мол. Ме­дициналық қызмет көрсететін мекемелер арасында бәсекелестік орнаса пациенттер үшін қолайлы болатын шығар. Бұл сапалы қызмет көрсетуге алып келіп, адамдар сарылып күткен кезектерден арылса жақсы болар еді. Оған қалай қол жеткізесіздер?

– Бірінші кезекте медициналық қыз­мет­тердің сапасы жақсаруы тиіс.  Денсаулық сақтау са­ласына әлемдік стандарттарды енгізу, ден­саулық сақтау субъектілері арасында конкурстар өткізу, медициналық қыз­мет­терді аккредитациялау сынды жұ­мыс­тар жүргізілуі керек. Соның нә­ти­же­сін­де қормен келісімшарт бекіткен емдеу мекемелерінің қызметі үшін ақы төлегенде сапаны, азаматтардың қа­нағаттану деңгейін ескере отырып, қа­ра­жатты соған сәйкес бөлуді жү­зе­ге асыру жоспарланып отыр. Ал бұл пациенттердің көңілінен шық­қан мекемелерді өрге сүйрейтін жү­йе. Сондықтан әрбір мекеме үшін емде­лу­шінің көрсетілген қызметке разы болуы маңызды. Осылайша  денсаулық сақтау жүйесінің қар­жылық тұрақтылығы артып, жұмыс нә­тижесі жақсарады. Медициналық қыз­мет сапасы мен денсаулық сақтау са­ласының бәсекеге қабілеттілігі ар­тады. Сонымен қатар, бастапқы ме­дициналық-санитарлық көмекті қар­жы­ландыруға басымдық беріледі. Д­ә­рігерлер саны артып, жалақысы өсе­ді, дәрі-дәрмекпен, амбулаторлық кө­мекпен қамту көлемі артады.

– Жасыратыны жоқ, көпшіліктің тұр­ғылықты жерінде тіркелген ем­ханалардың, амбулаториялардың жұ­мыстарына көңілдері толмай жата­ды. Жергілікті мекемелерде қыз­мет көрсетудің олқы тұстары қа­лай жақсарады?

– Ондай проблеманың бары рас. Тұр­ғындар емханалардағы кезек мә­селесін көп айтады, ал ол өз кезегінде ме­д­ициналық қызмет сапасын жақсарту мәселесімен үндесіп жатыр. Әлбетте, МӘМС жүйесінің енуі медициналық ұйымдардың менеджментін жетілдіруге, пациенттерге қызмет көрсету сапасын жақсартуға пейілді ететін жағдай тудырады. Көрсеткен қызметі барған адамның көңілінен шықпаса мекеме ақшадан қағылады. Бұл үшін жоспарлы ем қабылдайтын пациенттерді дәрігердің қабылдауына алдын ала жазу жүзеге асырылады. Соның есебінен пациент белгіленген уақытта ғана келетін болады. Екіншіден, шұғыл көмек көрсетуді қажет ететін пациенттерді бөлек қабылдау (фильтр-кабинеттер, дәрігерге дейінгі қабылдау кабинеттері) жұмысы жолға қойылмақ. Сонда жедел көмек қажет ететін адам мен жоспарлы түрде ем алатын адамның жолдары тоғыспайды. Бұл қазіргідей сапырылысып, бірінің жолын бірі бөгеген кезекті болдырмайды. Үшіншіден, әрбір емханада көп арналы телефон байланысы бар диспетчерлік қызмет жұмыс атқарып, оған қоса ересек пациенттерге, балаларға, жүкті әйелдерге жеке тіркеу орындары ұйымдастырылады. Тағы бір мәселе зертханаға қатысты. Бұл ретте қан алу процедуралары жеке-жеке топтарға бөліп ұйымдастыру (мысалы, балалар, жүкті әйелдер, ересектер) бойынша атқарылмақ. Процедура ка­бинетіне, дәрігердің қабылдауына элек­тронды кезек ұйымдастыру (таблолар), диспансерлік есепте тұратын нау­қастарға тегін дәрі рецептін 3 айға жазып беру қарастырылып отыр. Бұрын ай сайын дәрі алу үшін емхананың есігін тоздыратын адам енді 3 айда бір рет келетін болады.

– Халық сақтандыру жарнасы – төленгенін қалай біледі?

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақ­тандыру жүйесінде сақтандыру пол­исі берілмейді. Азаматтар МӘМС жүйесіне қатысу үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлеген жарнасын электронды мә­лі­меттер базасы арқылы ЖСН көме­гі­мен анықтай алады. Мұның бәрін тек­се­ріп отыратын ақпараттық жүйелер бар. Қазір министрлік оны әрі қарай же­тілдіру жұмыстарымен айналысып жатыр. Ал міндетті әлеуметтік ме­дициналық сақтандыру жүйесіне кө­шу халыққа ауыр болмас үшін және ме­дициналық көмектің дер кезінде көр­се­тілуін қамтамасыз ету мақсатында сә­уір айының басында азаматтарды емханаға тіркеу науқаны басталған болатын. «Емханаға тіркел де, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі мәртебеңді анықта!» деген тақырыпта өтіп жатқан шара 2017 жылдың 31 мау­сымына дейін жалғасады. Науқан барысында халыққа жаңа жүй­ені жан-жақты таныстыру, жарна­ны қашан, қалай төлейтінін,  қандай медициналық көмек көр­сетілетіні түсіндіріледі.

Жергілікті жерлерде учаскелік же­лі қызметкерлері үй-үйді аралап, ем­ханаға тіркелмеген, уақытша және тұ­рақ­ты тіркеуі жоқ тұрғындарды анық­тау­мен айналысып жатыр. Яғни, науқан шең­берінде тіркелген тұрғындарды қай­та есепке алып, тіркеуі жоқтарды тұр­ғы­лықты аймағы бойынша емханаға тір­кеу бағытында қыруар шаруа атқарылуда.

− Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру жүйесі аясында қандай қыз­мет­тер көрсетілмек? Оған дәрі-дәрм­ек құны кіре ме?

– МӘМС шеңберінде барлық азаматтар үшін біркелкі пакет ұсынылмақ. Бұл пакетті сақтандырылған азаматтардың бәрі пайдаланып, пациент емханалық-амбулаторлық көмек шеңберінде дәрігерлік қабылдау және кеңес беру, профилактика, диагностика, емдеу, ал ста­ционарлық көмек бойынша емдеу жә­не оңалту, паллиативті көмек және мед­бике күтімі, жоғары технологиялық қызмет түрлері, дәрі-дәрмектің кейбір түр­лерімен қамтамасыз етуге қолдары же­теді. МӘМС пакеті шеңберінде көр­сетілетін қызметтер мен дәрі-дәр­мек тіз­імі кейінірек Үкіметтің тиісті қаул­ы­лары арқылы бекітіледі. 

– Азамат МӘМС жүйесіне кіру үшін не істеуі керек?

− Алдағы уақытта МӘМС пакеттерін пайдаланғыңыз келсе алдымен емхана таңдаңыз. Емхананы тұрғылықты жеріңіз бойынша таңдауға болады. Содан кейін тіркеуде барсыз ба, жоқсыз ба, осыны тексеріңіз. Оны «электронды үкімет» порталы (egov.kz) арқылы тек­се­руге болады. Бұрын-соңды еш жерге тіркелмеген азаматтар осы портал ар­қылы кез келген емханаға тіркеле ала­ды. Ал, ғаламторды пайдалануға мүм­к­індігі жоқ тұрғындар оны жақын маң­дағы емхана арқылы тексереді және тіркеледі. Тіркелу үшін 2-ақ құжат талап етіледі. Біріншісі – еркін формада жазылған өтініші, екіншісі – жеке куәлігі.

– Жұмыс беруші кім үшін және қашан жарна төлей бастауы тиіс?

– Жұмыс берушілер әлеуметтік ме­ди­циналық сақтандыру қорына 2017 жыл­дың 1 шілдесінен бастап төмендегі мөлшерде жарна төлей бастайды. Атап айтар болсақ, жұмыс берушілер қорға 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап әр жұмыскердің табысының 1%-ы, 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 1,5%-ы, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 2%-ы, ал 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап – 3%-ы көлемінде ақша аударып отыруы тиіс. Жұмыс беруші 2018 жылы әр жұмысшы үшін айына орта есеппен 2281 теңге көлемінде жарна төлейді.

– Бұл тәртіп жалдамалы жұмыс­кер­лерге қатысты ма?

– Жалдамалы жұмыскерлер сақ­тан­дыру жарнасын 2019 жылдың 1 қаң­та­рынан бастап төлейді. Жарнаны жала­қы­сынан жұмыс беруші ұстап, бухгалте­рия арқылы қорға аударып отырады. 2019 жылы әр жұмыскердің айлық жалақысынан 1%, 2020 жылдан бастап 2% жарна ұстайды. Жұмыс беруші әр айдың 15-інде сізге Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ауда­рыл­ған аударымдар туралы хабарлауы тиіс. Нақты ақша түрінде есептеп көр­се­тер болсақ, жұмыскерлер 2019 жылы ай сайын орта есеппен 1529 теңге жарна төлейді.

– Ал жеке кәсіпкерлер үшін жарна төлеу қай кезден бастап жүреді?

– Егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз, ай сайын 2 ең төменгі жалақының 5 пай­ызы көлемінде жарна төлейсіз. Жеке кә­сіпкердің ай сайын төлейтін жарнасы 2828 теңгені құрамақ. Кәсіпкерлер жар­наны 2017 жылдың 1 шілдесінен бастап кез келген екінші деңгейлі банк немесе Қазпошта бөлімшелері арқылы төлей алады.

– Ал өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер ше?

– Егер халықтың тұрақты табысы аз, экономикалық белсенділігі төмен бөлігіне жататын болсаңыз, ай сайын жарна төлеуге міндеттісіз. Бұл топ­қа белгіленген ай сайынғы жарна кө­ле­мі ең төменгі жалақының 5 пайызы немесе 1414 теңгені құрап отыр. Бұл топтағы азаматтар жарнаны 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап, кез кел­ген екінші дең­гейлі банк немесе Қаз­пошта бөлім­ше­лері арқылы төлей алады. Жарнаны ай сайын немесе бірден бар­лық 12 ай үшін төлеп тастауға болады.

Әртүрлі деректерге сүйенсек, бүгінгі таң­да елімізде өз күнін өзі көріп жүрген тұр­ғындар саны 1,5 млн адам­нан асып жығылады. Бұл санаттағы азаматтар 2020 жылға дейін емханалық-ам­бу­латорлық көмектің жоспарлы гос­пита­лизациядан басқа түрлерін пайдалана алады. Және олар алдымен өз мәртебесін анықтап алғаны жөн. Біріншіден, тұрғылықты жері бойынша Еңбекпен қамту орталығына хабарласып, біліктілігіне қарай жұмысқа орналасу мүмкіндігі беріледі. Егер оның реті келмесе жұмыссыз мәртебесін ала­ды. Содан кейін ол үшін жарнаны мем­лекет төлейді. Екіншіден, салық органдарына барып, жеке кәсіпкер ре­тінде тіркеледі және жарнаны өзі тө­лейді. Жарна төлеу мерзімі 2017 жылдың 1 шілдесінен басталады, жарна көлемі 2 ең төменгі айлықтың 5 пайызы мөлшерінде. Үшін­ші­ден, егер бұл нұсқалардың екеуі де кө­ңілінен шықпаса, халықтың эко­но­микалық белсенділігі төмен бө­лі­гінің өкілі ретінде жарна төлейді. Бұл топтағы азаматтар жарнаны 2018 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап, екінші дең­гей­лі банктер немесе Қазпошта арқылы төлейді. Ай сайынғы жарна көлемі – төменгі айлық жалақының 5 пайызын құрайды.

Әңгімелескен

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар