Бүгінгі таңда еліміздің білім және ғылым жүйесінің алдында Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдауында «Біз білім беруді жаңғыртуды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Біз университеттік білім беру мен ғы-лымды дамытудың жаңа деңгейін қамтамасыз етуге міндеттіміз», деп атап көрсеткен ауқымды міндеттер тұр. Сонымен бірге, Елбасы «Сапалы білім беру Қазақстанның индустрияландырылуының және инновациялық дамуының негізіне айналуы тиіс» деді. Сондықтан да еліміз дамуының қазіргі кезеңінде техника мен технологиялар саласында деңгейі әлемдік стандарттарға сай келетін жаңа формацияның инженерлерін дайындау бұрынғыдан да өзекті болып отыр. Солар ғана техникалық ғылымды жеделдетуді, өндіріске инновацияны енгізуді, қарқынды индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруды қамтамасыз етеді.
Қазақстандық тауар және қызмет нарығының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және ғылыми қамтылған өндірістің санын айтарлықтай өрістету «Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының» басты мақсаттары ретінде айқындалып отыр. Оларды «білім үшбұрышының» үш шыңын – білімді, зерттеуді және инновацияларды тиімді әрі үйлесімді дамыту арқылы ғана нәтижелі жүзеге асыруға болады. Білім беру саласында қазіргі заманғы өндіріске қажет және олардың білімі мен біліктілік деңгейіне қойылатын жоғары талаптарға сәйкес келетін мамандар даярлау міндеті тұр.
Жоғары технологиялық қоғамның негізі – заманауи білім мен технологияға сүйенген экономикаға тікелей байланысты. Ал әр секторда адам капиталы мен дәстүрлі ерекшеліктерді тиімді пайдаланатын елдер ғана табысты болады. Осыған байланысты мамандар даярлаудың жаңа бағыттарын ашу, «өмір бойы білім алу» қағидасын тиімді жүзеге асыру мәселесі өзекті болып отыр.
Тәуелсіздік жылдарында отандық ғылым қалыптасудың үлкен жолынан өтті. Бұл жолдағы алғашқы қадамдардың бірі дербес ғылыми-техникалық саясат пен ғылымды басқару жүйесін құрудың негізгі қағидаларын белгілеп берген 1992 жылдың 19 қаңтарындағы «Қазақстан Республикасының ғылымы мен мемлекеттік ғылыми-техникалық саясаты туралы» Заңы болды. Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың сол бір күрделі кезеңдегі тарихи шешімі 1993 жылдың қарашасында «Болашақ» стипендиясын тағайындауы еді. 1994 жылы қазақстандық студенттердің бір тобы шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға жіберілді, ал 2005 жылы Елбасы өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында стипендиаттар санын 3 мыңға дейін көбейтетіндігін жариялады. Кейіннен, 1999 жылы Үкімет жанынан Жоғары ғылыми-техникалық комиссия құрылды, ол бүгінгі күнге дейін мемлекеттік іргелі және қолданбалы ғылымды дамытудағы басымдықтарын анықтайтын, еліміздің ғылыми, ғылыми-техникалық және инновациялық саясатын қалыптастырып, жетілдіру үшін ұсыныстар әзірлейтін ақыл-кеңес беру органы болып табылады. Келесі бір маңызды құжат 2001 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының «Ғылым туралы» Заңы болды.
2011 жылы ақпанда ғылыми зерттеулерді басқару мен қаржыландыру механизміне қатысты аса маңызды мәселелер шешімін тапқан Ғылым туралы жаңа заң қабылданды. Енді зерттеулер гранттық, базалық және мақсатты-бағдарламалық болып үш нысанда іске асырылмақ. Гранттық жүйенің енгізілуі осы салаға ерекше мән берілетін әлемдік ғылыми кеңістікке қосылуға зор мүмкіндік береді.
«Білімдер үшбұрышын» білімді, ғылымды және инновацияларды тиімді дамыту үшін айқындаушы рөлді Қазақстанда құрылып жатқан зерттеу университеттері атқаруы тиіс. Соған орай, Білім және ғылым министрлігі зерттеу университеттерін қалыптастырудың нормативтік-құқықтық негіздері мен маңызды аспектілерін әзірлеу барысында маңызды да ауқымды жұмыс жүргізуде.
Зерттеу университеттері әлемдегі кез-келген елдің экономикалық өсуінің маңызды факторы болып табылады, ал оның мамандар даярлау мен іргелі ғылыми зерттеулер жүргізу сияқты дәстүрлі функциялары жаңа технологияларды өндіріс пен бизнеске беру, шаруашылық дамуының ғылыми қамтылған жаңа бағыттарын әзірлеу және іс жүзінде қолдану барысындағы белсенді қызметпен толығады. Осы бағытта шетелдік ірі университеттермен және ғылыми орталықтармен ынтымақтастықта Астана қаласында «Назарбаев университетінің» құрылуының тарихи мәні зор. «Назарбаев университеті» жақын арада отандық білім беру жүйесінің көшбасшысы, жоғары интеллектуалды ұлтты қалыптастырудың орталығы болмақ.
Зерттеу университеттерінің құрылуы басқа жоғары оқу орындары қызметінің әлсірегенін білдірмейді. Керісінше, олар зерттеу университеттерінің зерттеулерге негізделген білім берудегі негізгі серіктестері болуы тиіс. Жаппай жоғары білім беретін жоғары оқу орындары зерттеу университеттерін қалыптастыруда оператор әрі делдал болады. Зерттеу университеті мәртебесіне ие болу күрделі де ұзақ үрдіс. Өйткені, бәсекеге қабілетті ғылыми мектептер мен қазіргі заманға сай басқару дағдысы ұзақ жылдар бойы қалыптасады. Оларды құру барысындағы жұмыс жоғары оқу орындарының университеттер арасындағы байланыстарды тереңдету мақсатындағы жан-жақты келісімшарттар негізінде өз бастамасымен басталуы тиіс. Табысқа жету үшін қатысушылардың екі тобының – бір жағынан өндіріс, бизнес және қызмет саласының, екінші жағынан академиялық ортаның үйлесімді ынтымақтастығы қажет.
Зерттеу университеттерін қалыптастырудың бастапқы кезеңінде оларды жаратылыстану ғылымдары, техника және технология, агроөнеркәсіп секторы сияқты бағыттар бойынша мақсатты түрде құрған дұрыс. Нәтижесінде қазақстандық зерттеу университеттері азаматтардың тамаша білім алуына, озық ғылыми-зерттеулер жүргізуіне және экономиканы инновациялық дамытуға мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы «...білім беру саласында нақты және инженерлік ғылымдарды дамыту – дамудың жаңа кезеңінің міндетті шарты» екенін атап көрсетті. Ұлт Көшбасшысы қойған міндеттерді жүзеге асыру аясында Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті «2020 жылы халықаралық деңгейдегі зерттеу университеті болу және әлемнің жетекші жоғары оқу орындарының қатарына кіру» мақсатын айқындап берген «Даму стратегиясы – 2020» атты маңызды құжатты қабылдады.
ҚазҰТУ-дың 80 жылдық тарихындағы даму бағытын саралай отырып, оқу орнының зерттеу университеті ретінде қалыптасу жолындағы нақты қадамдары туралы айтуға болады. Осы жылдар ішінде университетте тау-кен ісі, геология, металлургия, ақпараттық технологиялар саласында дүниежүзіне белгілі ғылыми орталықтар қалыптасты. Оқу орнының құрамында қазір инженерлер даярлаудың барлық бағыттары бойынша 13 институт жұмыс істейді, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің бакалавриат – магистратура – PhD докторантурасы сияқты көпдеңгейлі жүйесіне көшу үрдісі жүзеге асырылды. Университетте бүгінгі таңда 178 ғылым докторы, 7 PhD докторы, 534 ғылым кандидаты және 127 инженерлік ғылым магистрі жұмыс істейді, олардың арасында 50 академик бар.
Университетте оқытылатын мамандықтар тізімінің тиімділігін арттыру бағытында мониторинг өткізіп, мақсатты түрде жұмыс жүргізіп келеміз. Осы орайда «Мемлекеттік қарқынды инновациялық-индустриялық даму бағдарламасының» кадрмен қамтамасыз ету талабын ескере отырып, ел экономикасының белгілі бір мамандықтарға деген сұранысын қанағаттандыруға ерекше күш салынады. Атап айтқанда, ҚазҰТУ соңғы 2 жылда бакалавриаттың (ғарыш техникасы және технологиясы, пайдалы қазбаларды байыту, логистика, материалдарды қысыммен өңдеу технологиясы), магистратураның (пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу мен барлаудың геофизикалық әдістері, жобаларды басқару) мамандықтарымен қатар, докторантураның да (электр энергетикасы, радиотехника, электроника және телекоммуникациялар, техникалық физика) жаңа әрі қажетті мамандықтары бойынша мамандар даярлау қызметіне лицензиялар алды.
Университет ұжымының алдында тұрған негізгі міндет – мамандар даярлау сапасын жан-жақты көтеру, соның ішінде оқу жоспарлары мен бағдарламаларын жетілдіріп, жаңашаландыру. 2008 жылы техника және технология саласындағы мамандықтардың барлық оқу жоспарларына талдау жүргізіліп, нәтижесінде 2009 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Білім және ғылым министрлігінің рұқсатымен Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-да техникалық профильдегі 25 мамандық бойынша оқыту өзінің эксперименталды білім беру бағдарламаларымен жүзеге асырылады. Бұл бағдарламалар жұмыс берушілердің ұсыныстарын ескере отырып әзірленіп, жақын және алыс шетелдердің алдыңғы қатарлы ғылыми білім беру мекемелерінің оң пікіріне ие болды.
Білім беру бағдарламаларын жетілдіруде олардың әлемнің ірі аккредитациялық агенттіктерінде жоғары білімнің сапасын арттыруға және адам капиталын дамытуға зор мүмкіндік беретін халықаралық аккредитациядан өтуі аса маңызды. Қазіргі заманғы жоғары технологиялық еңбек нарығы инженерлер даярлау деңгейіне биік талап қойып отырғандықтан, Қазақстан үшін техника мен технология саласындағы білім беру бағдарламаларын халықаралық аккредитациядан өткізудің мәні жоғары. Осы орайда, әлемнің көптеген дамыған елдерінде инженер ретінде жұмыс істеу үшін «кәсіби инженер» (РЕ) сертификаты болуы қажет. РЕ мәртебесіне үміткердің университетті аккредитацияланған бағдарлама бойынша бітіруі, 3 жылдан 7 жылға дейін жұмыс тәжірибесі болуы және кәсіби инженерлер қауымдастығында тіркелуі тиіс екендігін атап өту керек. Сол себепті техникалық жоғары оқу орындарын бітірушілердің «кәсіби инженер» мәртебесіне және соған сәйкес еңбекақысы жоғары әрі келешегі зор жұмысқа ие болуының негізгі шарты – ол бітірген жоғары оқу орнының білім беру бағдарламаларының халықаралық аккредитациядан өтуі.
Қазіргі кезеңде ҚазҰТУ Қазақстандағы техникалық жоғары оқу орындары арасында шетелдерде аккредитациядан өткен білім беру бағдарламаларының саны жағынан да, сәйкесінше, сапасы жағынан да бірінші орынға ие болып, 21 мамандық бойынша халықаралық агенттіктерде аккредитациядан өтті. ҚазҰТУ мамандықтары аккредитациядан өткен агенттіктер қатарында ABET (АҚШ), ASIIN (Германия) аккредитациялау агенттіктері, ENAE инженерлік білімді аккредитациялау жөніндегі Еуропалық желісі, АИОР – Ресейдің инженерлік білім қауымдастығының аккредитациялау орталығы бар. ABET аккредитациялау агенттігінен өткен ҚазҰТУ-дың металлургия мамандығы бүкіл ТМД кеңістігіндегі бірінші мамандық екенін айта кеткен жөн.
Мамандар даярлау сапасын арттыру және әлемдік білім беру кеңістігіне қосылу бағытында мақсатты түрде жүргізілген қызметтің нәтижесінде 2011 жылдың сәуірінде Қ.Сәтбаев университеті EUA Еуропалық университтеттер қауымдастығында IEP халықаралық бағалау бағдарламасы бойынша институционалдық бағалаудан өткен Қазақстандағы алғашқы, әрі жалғыз жоғары оқу орны болды. EUA – бұл Болон үдерісі аясында Еуропалық жоғары білімді дамыту, ғылыми-зерттеу жұмысы мен инновациялар, жоғары білім мен ғылымды интернационалдандыру, университеттердің сапасын арттыру, басқару, автономия және фандрайзинг сияқты міндеттерді орындайтын Еуропа жоғары оқу орындарының қауымдастығы.
Ғылыми-зерттеу және инновациялық үрдістер – ҚазҰТУ қызметінің басты бағыттары. Бұл орайдағы оқу орнының ғылыми қызметінің негізгі көрсеткіші қаржыландыру көлемі болып табылады. Мысалы, 2008-2010 жылдары университеттегі ғылыми-зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі 3,5 есе өсіп, осы кезеңде магистранттар саны 9 есе, PhD докторанттарының саны 12 есе артты. Университеттің ғылыми-зерттеу жұмысының нәтижелілігіне қызметкерлердің ғылыми өніміне деген сұраныс деңгейі дәлел болады. Мысалы, соңғы 3 жыл ішінде ҚазҰТУ базасында 17 халықаралық конференция мен семинар өткізілді, солардың ішінде әлемнің түпкір-түпкірінен ғалымдар жиналған «Шекарасыз ғылым мен инженерлік білім» атты ірі халықаралық форумды ерекше атауға болады. Осы кезең ішінде университет ғалымдары 57 монография шығарып, халықаралық және республикалық деңгейдегі конференцияларда 3 мыңнан астам ғылыми мақала мен баяндама тезистерін жариялап, 120 патентке ие болды. Сонымен қатар, ҚазҰТУ базасында қазақстандық ең танымал ғалымдарды біріктіретін Отанымыздың Ұлттық Ғылым академиясының «Жер туралы ғылымдар бөлімі», Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының Алматы бөлімшесі жұмыс істейді.
Университетте технологиялар саласындағы инновацияларды кеңінен тарату мақсатында инновациялық циклді біріккен ғылыми-өндірістік, білімдік және мәдени-әлеуметтік тұрғыдан қамтамасыз ететін технопарк табыстың кілтін тауып отыр. Технопарк ғылыми еңбектерді коммерцияландыруды қамтамасыз етіп, оқытушылардың, докторанттардың, магистранттардың және студенттердің қосымша табыс табуына мүмкіндік береді.
Университетте ғылыми-зерттеу мен инновациялық қызметтің нәтижесін көтеру мақсатында инфрақұрылымды дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Атап айтқанда, соңғы жылдары университетте шетел капиталын тарту арқылы бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылды. 2009 жылы 17 компьютерлік сынып пен жаңа үлгідегі мультимедиялық жабдығы бар Қазақстан-Корея ақпараттық-коммуникациялық технологиялар орталығы салынып, пайдалануға берілді. Бұл жобаға қаржының 50 пайызын салған Корея Республикасының халықаралық ынтымақтастық агенттігі мен ҚазҰТУ-дың серіктестігінің нәтижелі жұмысы аясында жүзеге асырылды. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев пен Франция Президенті Н.Саркози қол қойған келісімшартты орындау мақсатында 2010 жылдың желтоқсанында біздің оқу орнының базасында Франция білім және ғылыми министрлігі мен «Шнайдер электрик» компаниясы бірлесіп «Энергетика саласындағы жаңа технологиялар бойынша мамандар даярлау орталығын» ашты.
Елбасымыз Н.Назарбаевтың тапсырмаларын орындау барысында ҚазҰТУ жанынан «Тау-кен-металлургия және мұнай-газ секторы бойынша инженерлік профильдегі зертхана» мен өнімділігі жағынан Қазақстандағы ең мықты әмбебап компьютері бар «Ақпараттық және ғарыштық технологияларды ұжымдық пайдаланудың ұлттық ғылыми зертханасы» ашылды.
2011 жылдың 8 сәуірінде Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне кірісу салтанатында Ұлт Көшбасшысы Н.Назарбаев еліміздің алдағы онжылдықтағы даму негізін айқындап, «ХХІ ғасырдағы инновациялар мен ғылыми жаңалықтар болашаққа ұмтылысты анықтап береді. Қазақстанда батыл инновациялар өмірге жолдама алып, ғылыми зертханалар мен заманауи өндірістің қаны мен тері болатын елге айналуы тиіс» деп атап көрсетті. Мемлекет басшысының бұл тапсырмасын орындау Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің қызметінің басым бағыты болмақ және университет ұжымы оны жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін салады.
Жексенбек ӘДІЛОВ, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінің ректоры, академик.