• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2011

Форумға қатысушылар лебіздері

498 рет
көрсетілді

Төрткүл дүниенің төрт бұрышынан жиналған, экономиканың жілігін шағып, майын ішкен кәсіби мамандар мен Нобель сыйлығының лауреаттары жиналған маңызды шараға келген жиыннан не күтетіндіктерін сұрағанымызда, сұхбаттасушыларымыздың негізгі дені өздерін өткен әлемдік дағдарыстардың салқыны мен болуы мүмкін деп болжанып жатқан жаңа дағдарыстың шешімі не болмақ деген сұрақ қызықтыратыны байқалды. * * * Манен ОМАРОВ «Тұран-Профи» халықаралық академиясының ректоры: – Форум экономика са­ла­сындағы әлемнің ең мық­ты ғалымдары мен Қа­зақстанның үздіктерін жинап отыр. Күтеріміз көп. Соның бірі – экономикалық дағдарыстан шығу туралы ұсыныстар. Өйткені, соңғы кездері дағдарыстың жаңа толқыны қаупі барлығы жиі ауызға алынып жүр. Осы орайда Қазақстанның болашағын тек әлемдік эконо­микамен қатар даму үстінде көргіміз келетіні аян. Екінші жағынан бұл форумда маңызы жоғары, пайдалы панельдік секция­лар өтуде. Соның бірі туризмнің, оның ішінде ұмы­ты­лып кеткен түрі ауыл ша­руашылығы туризмі­нің  дамуы. Елімізде бұл саланы дамыту үшін әлеует жеткілікті деген ойдамын. Біз соны қолға алып, на­сихаттамақ ойдамыз. * ** Ханон БАРАБАНЕР, Ecomen Экономика және басқару институтының ректоры, «Ғалымдардың еуразиялық экономикалық клубы» қауымдастығының құрылтайшысы: – Менің пікірімше, өтіп жатқан Астана эко­номика­лық форумы ең бе­делді сараптау-талдау сұх­бат алаңдары­ның қатарына енді. Тіпті, Давос және Санкт-Петербург форумдарымен салыс­ты­ру­ға болады десем, артық айтқандық емес. Артықшылықтарына келер болсақ, саланы білетін кәсіби мамандар көптеп келеді. Сон­­дық­тан болар алыс-жақын перс­пек­ти­ва­ға жасалар болжамдар барынша нақты, дә­лірек. Фо­рум жылдан-жылға өз интел­лек­туалды кү­шін арттырып келе жатыр. Өткен әрбір форум бұл алыс-таяу болашаққа талдау жасау мүм­кіндігі. Соған байланысты бұл алаңда да ха­лық­аралық қауымдас­тық­тар­ға әр түрлі жағ­дай­ларға байланысты іс-қимылдардың жүйе­сін жасап шығаруға болады. Форум алаңы дағдарысты қалыптан шығуға біріктіретін іс-әрекетке шақырады. * * * Герберт ГРУБЕЛЬ, Саймон Фрейзер атындағы университеттің экономика жөніндегі құрметті профессоры (АҚШ): – Халықаралық форумдармен салыстырсақ, әри­не, маңызы жағынан да, сапасы жағынан да жоғары. Фо­рум­ды қоғамға әкелер лебі мен маңызы жағынан Шанхай форумымен салыстырар едім. Бүгінде әлемнің эко­номикалық элитасы Астана эко­но­микалық форумын тани бастады, мойын­дап келеді. Соң­ғы кезде аймақтағы бұл екі форум көтерген тақырып жүгімен, маңызымен әлем эконо­мис­те­рінің назарын өздеріне аударуда. Ішкі және сыртқы факторлары есептеліп, жыл сайын жо­ғары дәрежеде  ұйымдастырылып келеді. Ішкі фактор бұл Астана қаласында ұйым­дас­тырылу маңызы десек, сыртқы фактор үл­кен ғалым­дар­ды әкеліп, пікірін білу, ой бөлісу. Міне, осы екі фактор жете астасып жатыр дер едім. * * * Валерий КУШЛИН, РЖА академигі, РФ еңбегі сіңген экономист: – Күнтізбенің басында алғашқы боп басталатын фо­румдардың бірі – дәс­түр­лі Астана экономикалық фо­румы. Мұнан кейін бізде, яғ­ни Ре­сейдің Санкт-Пе­тер­бург эко­но­микалық форумы бас­та­ла­ды. Маңызды делінетін әлемдік эко­но­ми­калық тал­қылауларға осы астаналық форум ал­ғашқы боп тыңнан түрен салып, жол ашып береді. Ел Президенті бастамасымен және өзі келіп бастан-аяқ қатысуы арқылы форум маңы­зын айқындап берді деп ойлай­мын. Ал Нобель сыйлығының жеті иегерлері, Роберт Манделл және тағы да басқа әлемдік белді тұлғалар, экономиканың суперэлитасы шоғырланған форум бұл жолы осынысымен ерекшеленіп отыр. Олардың не айтатыны, қандай идея ұсынатыны қызық. Өйт­кені, қазір жаһандық қауіп-қатерлер көп, әрі мә­селелер түйдектеліп қалды. Оларды қалай шешу керектігін ешкім білмей жатыр. Өздерінің ойын тықпалайтын америкалықтар алаңы секілді емес, себебі ол барлық  мәселелердің шешімі бола алмайды. Ал Астанада жан-жақтан келген экономист сарапшылардың көп болуы себепті әлем дағдарыстан кейін мемлекеттер қандай іс-қимылда болу керектігін ойлануға, қайта қарап шығуға мүмкіндік береді. * * * Джордж фон ФЮРСТЕНБЕРГ, Индиана университетінің экономика профессоры, (Канада): – Қазақстан туралы бұ­рын канадалықтар аз білетін. Ал соңғы жыл­дары мен және бірқатар канадалықтар Астана экономикалық форумына қатысқалы бері елімізге үлкен әсермен қайтып, онда пікірлерімізбен бөлісіп жүрдік. Содан кейін Қазақстан туралы біраз тани бастады. Бұл жолы біз форум арқасында Қазақстанға сиырлардың етті-сүтті тұқымын әкеліп отырмыз. Өздеріңіз байқағандай, мұнда форум аясында түрлі бизнес бастамалар көтеріліп жатыр, біз де әкелген жобамызды енгізетін боламыз. * * * Анатолий СПИЦЫН, Ресей жаратылыстану ғылымдары академиясының вице-президенті: – Экономика  бойын­ша сұхбат алаңдарының барлы­ғы да өте ма­ңыз­ды. Әрқайсысының өз орны бар. Ғалым ретінде айтарым, ас­таналық фо­рум­ның ғылыми энергетикасы, саяси энерге­тикасы, бизнес-энергетикасы өзгешелігі­мен уақыт өткен сайын назар аудартуда. Әрине, форумның негізгі жүгі, рухы Пре­зи­денттеріңіз Нұрсұлтан Назар­баевтың көтер­ген мәселесі әлемді заманауи жа­ңарту жөнінде, оның стратегиясы, жаңа резервтік қаржы құру туралы баста­масында жатыр деп ойлаймын. Себебі, өткен дағдарыс салдарлары әлі күнге дейін адамдарды тыныш ұйықтатпайды. Жаңа дағдарыстар туу қаупі, резервтік валюта туралы пікірлер көтерілуде. Бұл назар аударуға тұрарлық қызықты тақы­рыптар.