• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
06 Мамыр, 2011

Ауқатты ауылдар көбейді

613 рет
көрсетілді

Ауыл жағдайы жайлы әдетте сырттан тон пішіліп айтылып жататын әңгіменің сан-сақтығы белгілі. Сондайда мүлдем мүш­кілдендіретін топшылаулар да құ­лаққа аз шалынбайды. Көріп жүргендер болса бір сәрі, әрине,  ал көрмесе де түймедейді түйедей етушілерге не дей аларсыз. Солар өңірдегі Изенді, Ескене,  Маржан­көл, Бүркітті тәрізділі сәнді әрі әлді ауылдардың ондап емес жүздеп саналатындығын  білер ме екен деп ойлайсыз.  Олай болмаса мынадай дерек. Былтыр шаруа­шылығы өркендеу, тұрмысы жақ­сару  үстіндегілер 114- ке жетсе, биыл бұған тағы 6-уы қосылғалы тұр. Ел ішіндегі елеулі өзгерістер селолық жерлерді дамытуға ар­налған мемлекеттік бағдарлама­ның іске асырылуы барысында өрістей түсіп келеді. Уақыт та­лабына жарасты бұл құбылыс облыстың әсіресе, Бұқар жырау, Осакаров, Абай және Нұра ау­дандарында  айқын аңғарылады. Ұлы баба топырағындағы 35 ауыл гүлденудің қай жағынан да бірінен бірі асып түсуге айналған.  Қалған  үш ауданда жалпы алған­да 80-нен астамының ісі сүй­сінерлік, көркі көз тартарлық. Алғаш көргеннің аузын аштыра­тын Изендідей ауылдар көбеюі қазір таңсық емес. Мәдениет  үйі­нің, мектептің, мешіттің, байла­ныс бөлімшесінің, тойхананың, қымызхананың, спорт кешенінің,  бүлдіршіндер ойын-сауығы алаң­қайының, интернаттың жарқы­раған бейнесі айналадағы мұнтаз­дай тазалықпен астасып тамсан­дырады.  Боса-болмасын  тұрғын­да­рының ауқатты тұрмысы және жан-жаққа аян. Дәл іргесіндегі Щербаков та келбетімен  бөлек. Осыдан  тарихи отандарына қо­ныс аударып кеткендер өскен жерлерінде аунап-қунап қайтуға келіп тұратын  кездерінде де қазақ ауылы үшін ертегідей бейненің енуіне таңданып жатады. Жақында елді мекендер инженерлік инфрақұрылымын  жетілдіру және әлеуметтік нысандарын жаңарту бойынша алдағы үш жыл­ға бағытталған кешенді іс-шаралар қабылдануы игілік  ны­шандардың  одан сайын  ұлғаюы­на септік етпек. Осы мақсатқа республикалық, жергілікті бюд­жеттен 18,1 миллиард теңге бө­лінуі ауылдағыларға қуанышты хабар болып отыр. Айта кету керек, бұл бастапқыда жобаланған қаражаттан 5,1 миллиард теңгеге артық. Аймақ қуатының  нығаюы­на орай қолдау көлемі осын­ша­лықты молықты. Міне, бүгінде жер аяғы кеңі­сімен ауыл жақтағы тыныс-тір­шілік серпіліп жатыр. Жаңадан салынатын, кеңейтілетін 6 мектеп құрылысы басталып кетті, ден­саулық сақтаудың 36 нысаны күрделі жөндеуден өткізілуде, 14 монша мен 5 наубайхана,  ауыз сумен қамтамасыз ететін  20 нысан салынады. Жұрт  көңіліне жаққан жағым­ды жайдың бірі – тұрғындар саны 100-ден аспайтын шағын ауылдар да қамқорлықтан сыртқары қал­майды. Оларды орталықтанды­рылған жарықпен  және сумен жаб­дықтауға мүмкіндік шектеулілігіне байланысты су көзін ұңғы­ма, электр қуатын жел диірмендері арқылы алу жолдары қарас­тырылған. Мәселен, Ұлытау ауда­нының алыстағы Қызылүй, Тал­дықұдық, Боздай, Үңгірлі, Құл­жанбай, Нарөлген ауылдары үшін аталған тәсіл пайдаланылады. Жергілікті еңбеккерлерді кә­сіп­керлік іске ынталдандыруға  ықпал үлкен. Бұл  ретте   «АгроКонсалтинг» АҚ  көмегіне сүйе­нушілер көбеюде. Айталық,  жаңа­арқалықтарға  лизингке ағаш өңдейтін станок, 4 модульді монша, 2 шағын наубайхана берілді. Нақты бизнес-жоспармен белсене әрекеттенуге  ұмтылушыларға кө­мек көрсетілуге жол ашық. Сөзіміздің бастапқы тұсында тұспалдағанымыздай, ауыл жай-күйі туралы дүдәмал жорамалдар енді бүгінгі күнге жараспай­тындығына аймақтағы ауылдар ажары айғақ. Өскен  өңір өмірін елемеу мүмкін емес. Айқын НЕСІПБАЙ.