Адамзат тарихының үшінші мыңжылдығындағы өрелі өркениет өрісінен өзіндік орнын алып, барыс бейнелі болашағына батыл қадам басқан тәуелсіз Қазақстанның экономикасында түсті металлургия саласының алатын орны зор. Міне, ел экономикасының табысты тұғырларының бірі саналатын осы металлургия саласында Ибрагим Баймұратұлы Еділбаевтың есімі ерекше құрметпен аталады. Мағыналы өмірінің жарты ғасырдан астам саналы жылдарын отандық тау-кен өндірісін дамытуға арнаған Ибрагим Баймұратұлы бүгінде де кен қазып, болат балқытқан сала саңлақтарының сапында. Өткен ғасырдың сонау бір 50-ші жылдарында Қазақ тау-кен институтын тәмамдап, Текелі кен орнында еңбек жолын бастаған жас маман бұдан кейінгі тәлімді де тәжірибелі өмірін ел экономикасының осы маңызды саласымен тығыз байланыстырып, ауысым шебері жұмысынан Түсті металлургия министрінің орынбасары, Жергілікті өнеркәсіп министрі, еліміздің бірқатар ірі металлургия өндірістерінің басшысына дейінгі қызмет баспалдақтарынан өтті. Қазіргі таңда Қазақстанның құрметті кеншісі, тәжірибелі тәлімгер атанған ол «ENRC Kazakhstan» ЖШС президентінің бас кеңесшісі болып еңбек етеді. Біз отандық металлургия саласының дамуына үлес қосып, баламасыз қолтаңбасын қалдырған білікті басшы Ибрагим Еділбаевты әңгімеге тартып, бүгінде еліміздегі тау-кен өндірісі және түсті металлургия көшбасшысы болып табылатын ENRC тобының ауқымды жұмыстары хақында, құрметті кеншінің шежірелі ғұмырының ғибратты түйіндері хақында сыр суыртпақтаған едік.
– Ибрагим Баймұратұлы, сіздің өміріңіз өскелең ұрпақ үлгі тұтар өнегелі шежіре іспеттес. Өзіңіз туралы да қысқаша айтып өтсеңіз. Сіздің кеншілік өмір жолыңыздың бастауы қалай болды?
– Мен Қызылорда өңірінің тумасымын. Қабырғамыз қатайып, бұғанамыз бекімей жатып сұрапыл соғыстың қиын кезеңіне тап болдық. Әкем Баймұрат 1941 жылдың тамызында майданға аттанып, содан оралмады. Әскери комиссариат берген бір жапырақ анықтамада ол 1945 жылы Вена қаласы үшін болған қанды шайқаста ерлікпен қаза тапқан. Әкемнің мүрдесі Вена қаласының орталығындағы бауырластар зиратында мәңгі тыныс тапты. Мен соғыс жылдарында 9 жасымнан бастап, тылдағы колхоз жұмысына араластым. 1947 жылы ауылымыздан 10 шақырым қашықтықта ашылған жеті жылдық мектепті бітірдім.
1948 жылы Қызылорда қаласында республикамызда алғаш рет әскерде қаза болған қазақ жауынгерлерінің балаларына арналған интернат ашылды. Мен осы интернатты 1951 жылы үздік тәмамдадым. Анам Мырзакүл әке аманатын орындау мақсатында мені жоғары білім алу үшін Алматы қаласына аттандырды.
Соғыстан кейінгі кезеңдегі жол азабы туралы айтудың өзі ауыр. Мен апталап жол жүріп, Алматы қаласына 8 тамызда жеттім. Қазақ мемлекеттік университетіне қабылдау емтихандары тамыздың 1-інде аяқталыпты. Алайда алыстан келген мен сияқты бірнеше балаға жеңілдік жасап, қайтадан қабылдау емтиханын өткізді. Мен барлық сабақтардан үздік баға алып, университетке қабылдандым. Университетке қабылданатын балалардың арасынан Мәскеу мемлекеттік университетінің физика-технологиялық факультетіне іріктеу шаралары жүріп жатты. Осы топқа үміткерлердің бірі мен едім. Алыстағы Алматыға зорға жетіп отырғанда, жер түбіндегі Мәскеуге барып оқу қиынның қиыны болатын. Ақыл-кеңес беретін анам да алыста. Мен таңдауы қиын жол айрығында тұрғандай болдым.
Міне, осындай өліара шақта менің бұдан кейінгі барлық өміріме ерекше із қалдырған бір оқиға болды. Осы күндері мен университеттің аспирантурасында оқитын жерлесім, кейіннен Қазақстанның белгілі мемлекет және қоғам қайраткері болған Мүсілім Базарбаевты кездестірдім. Ол менің жағдайымды толық естіп білгеннен кейін, мені Қазақ тау-кен институтына ертіп әкеліп, осы институттың тау-кен инженерлерін даярлайтын факультетіне құжаттарымды тапсырды. Сөйтіп, Мүсілім Базарбаев менің өміріме түбегейлі өзгеріс әкеліп, болашағымды айқындап берді.
Қазақ тау-кен институтын бітіргеннен соң мен Текелі кен орнында еңбек жолымды бастап, осы Текелі қорғасын-цинк комбинатының директорына дейінгі өнегелі өмір, жемісті еңбек мектебі жолынан өттім. Одан кейінгі жылдарда Қазақ КСР Түсті металлургия министрінің орынбасары, республика компартиясы Орталық комитеті ауыр өнеркәсіп бөлімінің басшысы, Жергілікті өнеркәсіп министрі, еліміздің бірқатар ірі тау-кен өндірістерінің басшысы қызметтерін атқардым. Барлық саналы ғұмырымды мен еліміздің тау-кен өнеркәсібін дамытуға арнап, металлургия саласының қалыптасуы жолында еңбек еттім. Осы өмірімде атқарған еңбегім, ғылым жолында қол жеткізген жетістіктерім тек осы Қазақ тау-кен өндірісі саласымен сабақтаса өрбіді. Сол үшін де тағдырыма ризамын.
– Сізді еліміз бірқатар пайдалы кен орындарын ашқан геолог, кен байыту ғылымына елеулі жаңалықтар енгізген ғалым, тіпті қазақ даласының еркесі – ақбөкендерді қорғаған табиғат жанашыры ретінде де таниды. Осы орайда өміріңізде ерекше есте қалған қандай бір оқиғаны айтар едіңіз?
– Мен еліміздің тек түсті металлургия саласында 30 жылға тарта уақыт еңбек еттім. Сол бір кезеңде Қазақстан Түсті металлургия министрлігіне қарасты ірі де іргелі 30-дан астам комбинат жұмыс істейтін. Сол өндіріс орындарын еліміздің металлургия саласында ерекше қолтаңбаларын қалдырған Н.Жақсыбаев, И.Воронин, С.Мәуленқұлов, Т.Әлжанов, Г.Омаров, А.Дәуренбеков, М.Нұрымов, А.Үсенов, Б.Садықов, В.Гурба сияқты білікті кеншілер басқарған еді. Ол кезде одақтас республикалар ішінде Түсті металлургия министрлігі тек Қазақстанда ғана құрылған болатын.
1980 жылы мен Түсті металлургия министрінің орынбасары болып істеп жүрген кезімде Қазақстан коммунистік партиясы Орталық комитетінің өнеркәсіп жөніндегі хатшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзімен бірге іссапарға шақырды. Сонда мен Нұрсұлтан Әбішұлының өте күрделі өндірістік үдерістерді жетік білетін, қалыптасқан күрделі жағдайдың өзінде мәселені байыппен шешетін білімділігі мен біліктілігіне тәнті болдым. Келесі жылы жаз айында мені өнеркәсіп жөніндегі хатшының көмекшісі шақыртты. Көп кешікпей мен Нұрсұлтан Әбішұлының қабылдауында болдым. Жүзінен байыптылық пен парасаттылықтың лебі есіп тұратын Нұрсұлтан Әбішұлы маған жылы шырай таныта қарап, «сізге басқа жұмысқа ауысу туралы өтініш айтқалы отырмын» деді. «Сіз өндірісте көп жыл еңбек еттіңіз. Енді біз сізге Орталық комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімін басқаруды, менің ең жақын көмекшім болуды ұсынамыз. Ұсынысымды Димаш Ахметұлы да қолдап отыр» деп Нұрсұлтан Әбішұлы мәселеге төтесінен көшті. Ұзақ үнсіздіктен кейін «бұл үлкен жауапкершілік қой, игеріп әкете аламын ба, Нұреке?» дедім. «Көмектесеміз» деген Орталық комитеті хатшысының жауабы қысқа болды. Сөйтіп, тікелей Нұрсұлтан Әбішұлының басшылығымен 7 жыл бойы Орталық комитеттің ауыр өнеркәсіп бөлімін басқарып, үлкен тәжірибе, өмірлік шыңдалу мектебінен өттім.
1987 жылы Нұрсұлтан Назарбаев менің еңбек жолыма тағы да күрт өзгеріс енгізіп, республикамыздың Жергілікті өнеркәсіп министрі қызметіне бекітті. Осы жаңа қызметте бір айдан астам уақыт істегеннен кейін мені Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев өзіне шақыртты. Министрліктің жайымен жан-жақты танысқаннан кейін, қандай көмек керек деп сұрады. Мен тибет медицинасы үшін ақбөкендердің мүйізін экспорттайтын бас аңшылық басқармасын біздің министрліктің қарамағына беруді өтіндім. Себебі, тікелей одаққа бағынатын бұл басқарма даламыздың көркі болған ақбөкендерді мүйізі үшін тек аулаумен ғана шұғылданып, олардың өсіп-өнуіне ешқандай жағдай жасамайтын. Осындай қарақшылық салдарынан еліміздегі ақбөкендер Қызыл кітапқа енетін жағдайға жеткен болатын. Министрлер Кеңесінің Төрағасы менің өтінішімді қабыл алды. Біз Жезқазған, Ақтөбе, Орал облыстарында ақбөкен аулайтын арнайы өндірістік кәсіпорындар құрдық. Ең бастысы, біз ақбөкендердің өсіп-өнуіне жан-жақты жағдай жасап, браконерлерден қорғадық. Осындай кешенді шаралардың нәтижесінде ақбөкендер саны арта бастады. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары бұл мәселеге тағы да жете көңіл аударылмай кетті.
– Ибрагим Баймұратұлы, сіз ірі қазақстандық компанияда білікті менеджерсіз. Бүгінде өзіңіз бай тәжірибеңізбен бөлісіп, мағыналы ақыл-кеңесіңізге ұйытып отырған ENRC корпорациясының қалыптасу және өсу жолдары туралы айтып өтсеңіз...
– Сонау бір тоқсаныншы жылдары тоқырауға түсіп, егемендік алған еліміздің экономикасы тығырыққа тірелген шақта Еуразиялық табиғи ресурстар корпорациясы Қазақстанның табиғи қазба байлықтарын ұтымды игеру нәтижесінде әр тараптандырылған өндіру кешенін қалыптастыру мақсатындағы жауапкершілігі орасан зор жұмысты қолға алды. Жылдар бойы қалыптасқан экономикалық байланыстар ыдыраған сол бір өтпелі кезеңде бұл корпорацияның жұмысы жүйелі жолға түсіп, халықаралық дәрежеде мойындалған өндірістік кешен қалыптасады деп сенім артқандар аз болатын. Алайда ENRC тобы өндіріс саласына тиімді инвестициялар тарта отырып, аз уақыттың ішінде жоғары технологияларға негізделген трансұлттық корпорация құрды.
Корпорация Қазақстандағы активтерін қарқынды дамытып, ел индустриясының дамуына зор үлес қосады. Оған корпорацияның өндірістік көрсеткіштері дәлел. Өткен жылы жоғары көміртекті феррохром өндіру шамамен 1,3 миллион тоннаға жетсе, барлық өндірілген ферроқорытпа 1,8 миллион тоннадан асты. Тауарлы темір рудасы концентратын өндіру шамамен 8,5 миллион тоннаны құрады. Алюминий өндіру 227 мың тоннаға жетті. Сонымен бірге корпорация көмір өндіру мөлшерін 20 миллион тоннадан асырды. ENRC 2010 жылы Қазақстанда тіркелген электр энергиясының шамамен 16% пайызын өндірді.
ENRC тобының мұндай жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуінің басты себебі өндірісті ұйымдастырудың заманауи тәсілдерін барынша ұтымды қолданып, жаңа технологияларды кеңінен тарту үрдісі болып табылады. Компанияның жылдан-жылға жүйелі түрде табыстарға жетуінің басты себептерінің бірі ENRC тобын басқаратын менеджерлердің іскерлігі мен біліктілігі екендігін баса айтуымыз керек. Бүгінгі таңда ENRC әлемдегі көшбасшы тау-кен компанияларының бірі болып табылады. Корпорация еліміздің ішкі жалпы өніміне елеулі үлес қосып, еліміздің экспорттық әлеуетін арттыруда.
– Ибрагим Баймұратұлы, ENRC-дің еліміздің индустриялық дамуына қосып отырған қомақты үлес туралы не айтасыз? Компанияның жақын болашақтағы даму тенденциялары туралы да айтып өтсеңіз...
– ENRC корпорациясының ірі өндірістік жобалары индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Корпорацияның күрделі шығындар бағдарламасындағы жобалар Қазақстандағы активтерді дамытуға бағытталған. Айталық, алюминий өндірісін кеңейтуге компания тарапынан кешенді шаралар белгіленіп, қомақты қаржы құйылып отыр. Қуаты жылына 136 мың тонна анод шығаратын цехтың құрылысына 240 миллион доллар қаржы бөлінді. Зауыт сыртқы жабдықтаушылардан тәуелділікті жойып, алюминий өндірісін жеткілікті анод мөлшерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұған қоса компанияның Қазақстандағы темір рудасы активтерін дамытуға жалпы құны 2 миллиард доллар болатын жобалар жүзеге асырылуда. Осы мақсатта Соколов-Сарыбай кен өндірістік бірлестігі аясында кен базасын кеңейту мен концентрат өндірісін арттыру жобалары, күйдіру мәшинесі мен ыстық брикеттелген темір шығаратын зауыттың құрылысы жүргізілуде. Жаңа өндіріс орындары қосымша жұмыс орындарымен қамтамасыз етіп, жаңа жоғары сапалы өнім түрлерін шығаруға жол ашпақ.
Қазақстанның ірі тау-кен кәсіпорындарын біріктірген ENRC корпорациясы Лондон металдар биржасында сәтті жүргізілген листинг нәтижесінде игерілген қаражатқа шетел кәсіпорындарының активтерін сатып алу үрдісін кеңінен енгізуде. Компанияның жаңа активтерді иемденуі, жаңа рыноктарға шығу үрдісі – қазіргі ғаламдық экономика мен әлемдік нарықтың талабы. Осылай Қазақстанның ірі компаниясы әлемдік деңгейдегі корпорацияға айналды. Егер Rio Tinto және Vale сияқты әлемнің беделді тау-кен компанияларының қатарынан көрінгіміз келсе, онда Қазақстан шеңберімен шектеліп қалмауымыз керек. Біз әлемдік рынокта капиталымызды ұлғайтуымыз қажет, бәсекеге қабілетті болу үшін жаңа позицияларды ұстануымыз шарт. Жаңа активтерді сатып алу, жаңа рыноктарға шығу, жаңа өнім түрлерін шығару арқылы кеңеюіміз керек. Бұл – ұзақ мерзімді болашаққа бағытталған тұғырлы саясат. Алайда, ENRC-дің Қазақстандағы активтерін кеңейту біз үшін әрқашан маңызды басымдық болып қала береді. Біздің компания Қазақстандағы активтер базасын дамыту мен кеңейтуге мүдделі. Компанияның 5,6 млрд. долларға тең болатын күрделі шығындар бағдарламасы соған дәлел. ENRC тобы үшін Қазақстандағы кәсіпорындарды дамыту әрқашан негізгі басымдық болған. Біз Қазақстандағы кәсіпорындарда жұмыс істейтін 65 мың қызметкер алдындағы орасан жауапкершілікті түсінеміз.
Қазақстандағы активтердің жұмысы нәтижесінде ENRC осындай әлемдік деңгейдегі ірі компанияға айналды. Алдағы уақытта бұл саладағы жетістіктеріміз бұдан да жоғары болатындығына менің сенімім зор.
– Салиқалы сұхбатыңызға рахмет.
Әңгімелескен Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.