• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Мамыр, 2011

Ассалаумағалайкүм, «Гамлет»!

446 рет
көрсетілді

І.Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының сахнасында әлемдік драматур­гия­ның шыңы саналатын У.Шекс­пир­дің «Гамлет» трагедиясы қо­йыл­ды. Қазақтың кең тынысты ақыны Хамит Ерғалиев ақөлең түрінде аудар­ған шығарманы театр­дың бас режиссері, Қазақ­стан­ның халық әртісі Ерсайын Төлебай сахнала­ған кезде ық­шам­дап, қазақы ұғым­ға ыңғайлай түсіпті. Режиссердің бұл шеберлігінен терең филосо­фия­ға құрыл­ған оқиға желісіне еш­қандай нұқ­­сан келіп тұрған жоқ. Ғұ­мырын театрға арнап келе жат­қан кәнігі маманның айтуынша, дра­матур­гия­ның әлем­дік інжу-мар­жа­ны саналатын шы­ғар­маны қоймай, ешқандай театр биік дең­гейге шық­­тық деп айта ал­майды. Қос­танай театры мұндай биікке он жылдың ішінде көте­ріл­ді. «Ән түзелді, тыңдаушым, сен де тү­зел» деген емес пе Абай! Қазақ театры «Гамлетті» қояды дегеннен зал көрерменге лық толды. Оның арасында қариядан жас­тарға дейінгі жас ерекшелігін бы­лай қой­ғанда, орыс театрының көрермен­дері де жүр. Спектакль аяқталып, сахна жабылғанда оны бір деммен оты­рып көрген жұрт­шылық дуыл­дап орнынан тұрып кетті. Расын айту керек, режис­сер­дің де, актер­лер­дің де, көрер­ме­ндердің де мұн­дай ала­қай қуа­нышы әр сәт бола бермейді. Бұл ұлы шығарманың бояуын бұзбай, көрерменге жеткізе білуден болар. Актерлердің он­дағы әр ке­йіп­­кердің бейнесін әр­леп шығара білуінің арқасында ақ пен қара­ның, адалдық пен арам­дықтың, махаббат пен ғауадаттың мәңгі күресін ойып алып көрсеткен шы­ғарма қыр­ланып, жұтына түс­кен. Әкесі­нің інісі Клавдийдің опа­сыздығы үшін одан кек алуды ойлаған Гамлет – Нұрлан Кен­жеахметовтің әр қимылын зал кірпік қақпай күтіп отырды. Бо­йын кек кернеген Гамлеттен ба­тыл­дықты да, батыр­лық­ты да, әділ­дікті де, тіпті ең жақын адам­дарын жо­ғалтқан шарасыз жан­­ның да күйін ұғуға болатын еді. Ақырында оның өзі де осы кү­рестің құрба­ны­на айналады. ­Өнердің құдіреті емес пе, кө­рер­мен де ой жетегінде кетеді. Екі жүз­ді Полоний, өзінің тоғы­шар­лы­ғы жолында туған ағасын құрбан­дыққа шалған Клавдий, адалдықты ұстап тұра алмаған Гамлеттің анасы Гертруда болмаса адалдық, адамгершілік үшін өмір­де күрес те болмас еді. Гамлетті сүйген Офелияның шы­на­йылығын жас актриса Мөлдір Та­ғаева мөл­діретіп көрсете білді. Қа­зақ­стан Республикасының еңбек сі­ңірген қайраткері Қоныс­бек Бегайдаров қандай рөл болса да шиыр­шық аттырып жіберетін шеберлігін бұл жолы да көпке дәлелдеді. Оның Полонийі бо­йын­дағы жағымпаз­дық­­тың, ба­қай­е­септіктің түбі жақ­сы­лықпен аяқталмайтындығы кө­рерменін сендіреді. Сонымен қа­тар актерлер Берікқан Төкеновтің Клавдийі мен Гүлмира Уәлиева­ның Гер­тру­дасы да көрермен кө­ңі­лі­нен шықты. Өткен жылы он жылдығын тойлаған театр осы күнге дейін 52 шығарма сахналапты. Актерлер, режиссерлер маңдайтерін сы­пыр­ған сол қойылымдардың көрер­менге бергені де аз болған жоқ. Соңғы жылдары қостанайлықтар Ыбырай Алтынсариннің, Міржа­қып­тың, Сұлтан Баймағам­бетов­тің бейнесін театр сахнасынан көрді. Алда қазақтың біртуар аза­маты, қоғам қайраткері Ілияс Омаровтың жүз жылдық мерей­тойы келе жатыр. Театр атын алып отырған әрі Қостанай топы­рағының перзенті осынау ірі тұл­ғаны да театр ұжымы көрерменге сахнадан көрсеткісі келеді. Бас режиссер Ерсайын Төлебайдың айтуына қарағанда, оның жүзеге асарына театр ұжымы сенімді. Басқасын айтпағанда, қазақ театр өнерінің пайғамбарлары Сер­ке, Елубай, Қапанды берген Қос­танай өңірі тіліміз бен дініміз, дәстүріміз ешкімге керек бол­ма­ған заманда рухани жұтаңдықты да бастан кешті. Тәуелсіздік алған жылдардан кейін облыста қазақ театры есігін ашты. Енді міне, қазір қазақ драма театрының сән­ді де сәулетті ғимараты бой кө­теруде. Үстіміздегі жылғы күзге салым ол пайдалануға берілмек. – Театрдың өзі адамның рухани азығы үшін жұмыс істейтін орын. Театрдың іші де, сырты да бәрі де сұлу болуы керек. Қостанайда салы­нып жатқан театрдай ғимарат Қазақ­станның өзге өңірінде әзірге жоқ. Бізде бұрын кадр жетіспейді дегенді көп айтатын едік. Қазір Қостанай театрында кәсіби төрт режиссер бар. Бұл үлкен жетістігіміз. Әр­тіс­тер құрамы да білікті, жас жа­ғы да толымды. Театр жанынан ашылған студия балалар тәр­бие­леп, маман­дарды өзіміз дайын­дау­ға мүмкіндік берді, дейді Ер­сайын Төлебай. Театр тек өсу, өрлеу үстінде. Білікті режиссер біз әңгімелеген «Гамлет» спектакліне кәнігі актерлермен қатар, жастарды тарт­ты. Олар да режиссер сенімінен шыға білді. Дайындық шеберлігін шың­даудан жалықпайтын театр­дың әр актері Шекспирдің әлемдік деңгей­дегі шығармасын «Ассалаумаға­лайкүм, «Гамлет!» деп қуана қарсы алды. Өйткені, олар өздерінің ішкі қуатына, да­йындығына сенімді еді. Көрер­мен­нің де көңілінде осы сөз тұр­ған­дай, өйткені олар театр өнері­­нің әлемдік қазынасынан қа­нып ішкісі келеді де. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.