Ұрпақ мәселесі ұрымтал екенін уақыт көрсетіп отыр. Бір сәт көзден таса, көңілден ұмыт қалдырсаң, жас шыбықтай теңселіп тұрған ұл мен қыз бір жағына тартып кетері анық. Ондай жағдайлар еліміздегі мектептерден, өзге де білім орындарынан аз кездесіп жатқан жоқ. Осы мәселені қалай жөнге келтіреміз, тиімді жолы қайсы, тиісті адамдар нендей жұмыстарды жүргізу керек деген мәселелер Үкімет жанындағы Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті тоғызыншы отырысында қаралды.
Бас прокуратураның, Ішкі істер, Әділет, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Статистика агенттігінің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, облыстық, Астана және Алматы қалалары әкімдерінің орынбасарлары қатысқан алқалы жиын Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың төрағалығымен өтті. Кәмелетке толмағандарды дағдарыс жағдайынан шығару жолында тек шұғыл көмек көрсетіп, оларды орналастырып, отбасын әлеуметтік жағынан қолдауды қамтамасыз етіп қана қоймай, панасыздықтың алдын алу жүйесіндегі барлық субъектілердің қызметін жүйелі үйлестіру, жат қылық орын алғаннан кейін енді не істеуге болады демей, оны болдырмау жайы жан-жақты сөз болды. Сол секілді орталықтардың қызметін тиімді үйлестіру жергілікті атқарушы органдарға жүктелгені белгілі. Әсіресе, кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарының материалдық-техникалық базасын нығайту, онда жұмысқа қабылдансам дегендердің өзі тәрбиелі болу жағын психологиялық диагностикадан өткізу арқылы анықтап, конкурстық негізде жұмысқа алу қажеттігі де жан-жақты айтылды. Сондай-ақ біліктілікті жетілдіру институттарының базасында қызметкерлерді оқыту, практикалық семинар-тренингтер жүргізу ұсынылды.
Жасыратыны жоқ, қазір еліміз бойынша балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтік мінез-құлықтың белең алып отырғаны мәлім. Оны болдырмау жайы комиссия жұмысында кеңінен талқыланды. Психикалық ауытқушылықтан суицидтік мінез-құлықтың қалыптасуының астарында әлеуметтік көңіл-күйдің әсер ететін факторлары тілге тиек болып, балалар мен жасөспірімдердің арасындағы бұл қасіретті шешуге барлық мекемелер мен азаматтар тізе қосып әрекет ету жайы да назардан тыс қалмады. Бұл мәселе бойынша отырысқа қатысушылар кәмелетке толмағандарға психологиялық және медициналық қызмет көрсетуді жақсарту, жастарға арналған денсаулық сақтау орталықтарын құру және отбасылық психотерапия жұмыстарын жандандыру жолдары талқыға ұсынылды.
Білікті кеңеске немесе медикаментозды емге мұқтаж адамдарға медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмекті ұйымдастырудың жаңа нысандарын пайдалану туралы ұсыныстар да енгізілді. Сонымен қатар, практикалық іс-шаралардың тиімді жүйесі, суицидтік мінез-құлықтың себептерін ашу және оны адам өліміне жеткізбей анықтауды ғылыми тұрғыдан зерттеп, зерделеу қажеттігі туралы ой-байламдар ортаға салынды. Бұған қоса тағы бір қадап айтар маңызды мәселенің бірі – бала құқықтары туралы конвенцияға сай, отандық заңдар кепілдік беретін балаларды жұмыспен қамту, олардың бос уақытын тиімді пайдалану, құқықтарының бұзылмауын қамтамасыз ету жайы әңгіме үстінде алуан түрлі пікірлерге арқау болды. Отанымызда қосымша білім беретін 620 ұйым бар десек, осының 21,6% пайызындағы балалар ғана бос уақытын пән үйірмелерінде, спорт секцияларында өткізеді екен.
Уақытын тиімді пайдаланған балалардың бойында рухани мәдениеттің, жоғары болатынын, моральдық және азаматтық сапаның биік тұратынын тәрбиесі тәлімді мектептерден көріп жүрміз.
Сүлеймен МӘМЕТ.