Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Біржан Нұрымбетовпен әңгіме
– Біржан Бидайбекұлы, Еңбек пен халықты әлеуметтік қорғау министрлігі халықты жұмыспен қамтудың үш бағыттан тұратын жаңа жобасын жасап шыққаны белгілі. Қанатқақты жоба қай өңірлерде басталмақ?
– Елбасы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп Үкіметке 2011 жылғы 1 мамырға дейін халықты жұмыспен қамтудың жаңа бағдарламасын әзірлеуді тапсырған еді. Осы тапсырма бойынша Үкімет биылғы жылдың 15 ақпанында мақсаты тұрақты және өнімді жұмыспен қамтуға жәрдемдесу арқылы халықтың табысын арттыру болып табылатын «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын бекітті. Осы бағдарлама бойынша алғашқы, яғни биылғы жылы еліміздің 5 өңірінде қанатқақты жоба қолға алынады. Олар – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстары.
– Бағдарлама шеңберінде ауылда кәсіп ашқысы келетін ынталы адамдарға 3 млн.теңгеге дейін несие берілетіні белгілі. Бұл қолы қысқа жандарға үлкен демеу болары анық. Өйткені, несие ставкасы төмен екен. Бірақ қарыз кәсіптің қай түріне, қандай шарттармен беріледі? Кепілдікке ауылдағы мүлік алына ма?
– Жалпы, бұл бағдарлама азаматтардың экономикалық белсенділігін жеке ісін ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлікке ынталандыруды арттыруға бағытталған. Бағдарламаның бірінші бағытына жеке ісін ұйымдастыруды қалайтын әрі оған мүмкіндігі бар азаматтар қатыса алады. Оның ішінде, өз ісін ауылда ұйымдастыруды қалайтындардың мүмкіндігі молырақ. Бұл бағыт шеңберінде азаматтарға шағын несие беру, өндірістік инфрақұрылымды дамыту, консультативтік қызмет көрсету, кәсіпкерлік негіздерін оқыту сынды мемлекеттік қолдау түрлері көрсетіледі.
– Несиелеу жүйесі қандай қаржы құрылымдары арқылы жүзеге асырылады? Оған шағын несиелік ұйымдарды қатыстыру жоспары бар ма?
– Шағын несие беруді ұйымдастыру үшін бағдарлама операторы, яғни Үкімет белгілеген тәртіппен жергілікті атқарушы органдарға 5 жыл мерзімге бюджеттік несие береді. Ал олар өз кезегінде мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, микрокредиттік ұйымдарды немесе несиелік серіктестіктерді бағдарламаға қатысу үшін іріктеу ережесі мен критерийлерін айқындайды. Кейбір шарттарын айта кетсем, республикалық бюджеттен берілетін бюджеттік несие жергілікті атқарушы органға қайтарымдылық, қамтамасыз ету, жеделділік және ақылы қағидаттар негізінде ұсынылады. Ал бюджеттік несиенің нысаналық мақсаты жеке ісін ұйымдастыру немесе кеңейту, айналым капиталын толықтыру. Бұл несиелер тұтынушылық мақсаттарға, бұрынғы қарызды өтеуге және жылжымайтын тұрғын үй алуға берілмейді. Беру мерзімі бес жылдан аспайды, сондай-ақ оның ең жоғары сомасы 3 млн.теңге. Несие бойынша сыйақыны төлеу және негізгі қарызды өтеу бойынша 1 жыл мерзімге жеңілдікті кезең ұсынылуы мүмкін. Оның тәртібін жергілікті атқарушы орган бағдарлама операторымен келісе отырып айқындайды. Ал облыстарда жергілікті атқарушы орган шағын несие беретін уәкілетті органды өзі анықтайды. Ал олар ережеге сәйкес бағдарламаға қатысу үшін микрокредиттік ұйымдарды іріктеу бойынша ашық конкурс өткізеді.
– Жұмыссыз жүрген жандарды өндірістік аймақтарға тарту бір облыс шеңберінде ғана жүзеге аса ма, әлде азаматтарға дұрыс кәсіп табылса, облыстан облысқа ауысуға жағдай жасала ма?
– Бағдарламаға қатысушыға 3 бағыт бойынша басқа өңірлерден жұмыс ұсынылды делік. Бұл жағдайда қатысушыға қойылатын басты талап олардың өзін-өзі жұмыспен қамтыған, аз қамтылған әлеуметтік топтан және ауыл тұрғыны болуы міндетті. Осы жағдайда ғана бағдарлама шеңберінде жаңа елді мекенге көшу шығынына қаржылай көмек көрсетіліп, жеңілдетілген шарттармен арендалық баспана ұсынылады. Сондай-ақ, жаңа тұрғылықты жері бойынша оқу курстарынан өтіп, кәсібінің қыр-сырын меңгереді. Ал өзге аймақтарда жұмыс істейтін азаматтарды сол ортаға психологиялық тұрғыдан бейімдеу секілді көмектер қарастырылады.
– Бұл азаматтар үшін жалға баспана қандай шарттармен беріледі? Отбасы мүшелерінің саны, жұмысшы біліктілігі ескеріле ме?
– Жалға берілетін үлгілік тұрғын үй салуды немесе сатып алуды, сондай ақ тұрғын үй құрылысы аудандарында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жобалауды, дамытуды, абаттандыруды және жеке құрылыс салушылардан сатып алуды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын болады. Құрылысты қаржыландыру республикалық бюджеттен берілетін несие есебінен жүзеге асырылатын болады. Бұл тұрғын үйлерді сатып алу немесе сатып алмау бағдарлама қатысушысының өз еркінде. Жаңа тұрғылықты жеріне келгеннен кейін бағдарламаға қатысушының бірге тұратын отбасының жан басына шаққандағы орташа табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аз күйінде сақталған жағдайда тұрғын үйді сатып алу, жалдау мерзімі кезеңінде тұрғын үй құны төлемін толық ескере отырып, 15 жыл ішінде жүзеге асырылуы мүмкін. Жалға берілетін тұрғын үйді беру ережесін бағдарлама операторы мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып әзірлеу үстінде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Венера ТҮГЕЛБАЙ.