• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2011

«Көкбозат» көмек көрсете бастады

462 рет
көрсетілді

Астана қаласындағы «Көкбозат» қоғамдық бірлестігі «Ішкі саясат басқармасы» ММ-мен бірлесе отырып бүлдіргіш секталардың әсеріне ұшырағандарға қызмет көрсету орталығын ашты. Осыған байланысты кеше «Деструктивті діни ағымдар: өзекті мәселелер» тақырыбымен конференция ұйымдастырылды. Конференцияға қатысқан дін­танушылар, заңгерлер және психологтар еліміздегі діни ағым­дар­дың бүгінгі күй-жайы туралы әртүрлі тақырыпта баяндамалар жасады. Тәуелсіздік алып, діни сенімге еркіндік берілгелі бері, Қазақстанда 1989-2004 жылдар аралығында 160 діни бірлестіктер болса, 2004-2009 жылдар ішінде олардың саны 254-ке дейін жеткен. Сонымен бірге 2009 жылдан бастап бұл көрсеткіштің белгілі бір дәрежеде қысқарға­нын да айтады дінтанушылар. Осыған қарамастан бүлдір­гіш діни ағымдар ықпалынан зар­дап шеккендерге қызмет көр­сету ор­талықтарының көптік етпейтінін осы бірлестіктің арнайы психо­ло­гы, Қазақстан психологтары ассо­циациясының мүшесі Лимана Құт­ты­бекқызының сөзінен бай­қау­ға бо­ла­ды. «Бүгінде Қазақстанда дәс­түрлі емес діни ағымдардан зардап шеккендерге қызмет көрсететін 17 орталық  қызмет атқарады. «Көк­бозат» ҚБ мемлекеттік және ше­телдік тәжірибелерге сүйене оты­­рып деструктивті діни ағым­дар­дың әсеріне ұшырағандарға пси­холо­гиялық және заңдық көмек көр­сетуде. Дегенмен, біздің мүм­кін­дігіміздің жеткіліксіз екенін де айта кеткен жөн. Медициналық тұрғы­дан алғанда, зардап шеккендерге алты айдан төрт жылға дейін көмек керек. Бірақ, елімізде оларды ар­найы, ұзақ уақыт емдейтін клиникалар жоқ. Соған байланысты біз оқыту курстарын да ашып отыр­мыз», – дейді ол. Түрлі діни ағымдардың елге ағылуына байланысты деструктивті секталардың әсеріне ұшы­раушылар да көбейіп кетті. Біреуі мал-мүлкінен айырылса, кей­бі­реулерінің шаңырағы шай­қал­ды. Тіпті, қыршын жанын қиған­дар саны да арта түскені бар­шаға аян. Оның ең басты себебі, халықтың діни сауаттылығының төмендігі, рухани таяздық және қазақ ұл­ты­на тән еліктегіш қасиетінен деп атап көрсетті конференцияда сөз алған мамандар. Сол себепті дін­тану­шылар біздің мұсылмандық дініміздің дұрыс қалыптасуы үшін тәр­биені түзеп, діни сауат ашуды балабақша қабырға­сын­дағы жеткіншектерден бастауы­мыз керек деп есептейді. Сонда ғана кітап, кино, интернет және басқа да жолдарман халықты адас­тыра­тын бұрмаланған діни ағым­дар­дан сақтана алатынымыз анық. Майгүл СҰЛТАНҚЫЗЫ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 4-курс студенті.