Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқайұлы Әбіқаевпен сұхбат
– Құрметті Нұртай Әбіқайұлы! Санаулы уақыттан кейін тәуелсіз еліміздің төрінде тағы бір дүбірлі оқиға өткелі тұр. Ол – Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) 10 жылдығына арналған мерейтойлық саммит. Осыдан он жыл бұрын Президенттің Қытайға сапарын газетте көрсету мақсатында Шанхайға барғанымыз, «Шанхай ынтымақтастыққа шақырады» деген мақала жазғанымыз есімізде. Осы ұйымның қалыптасуы мен дамуы сіздің көз алдыңызда өткені белгілі. Олай болса, Еуропа мен Азия материктері арасында транзиттік рөл атқаратын, геосаяси және геостратегиялық жағынан орналасуы ерекше еліміздің осындағы алатын орны қандай, өткен жылдар ішінде аталған ұйым өзінің міндетін қаншалықты ақтады деп ойлайсыз? Сұхбатымызды осындай мәселелерден бастасақ?
– Сауалыңыз орынды. Қызмет бабына байланысты осы ұйымның құрылуына қатысты бірқатар ұйымдық жұмыстардың басында болғаным рас.
Дүние жүзіндегі кез келген мемлекет өзінің өркендеп дамуы үшін ең алдымен қауіпсіздік мәселесіне терең көңіл бөледі. Қазақстан тәуелсіздігін алған күннен бастап Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бұл мәселені әрдайым қырағы назарда ұстап келеді. Биылғы Жолдауында: «Үстіміздегі жылдың маусымында Астанада Шанхай ынтымақтастық ұйымының мерейтойлық саммиті өтеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы біздің белсенді қатысуымызбен құрылған болатын және біз оның нығаюы үшін барлық қажетті нәрсені жасауға тиіспіз. Мұның бәрі Қазақстанның аймақтық және ғаламдық тұрақтылықты нығайтуға қосқан қомақты үлесі болуға тиіс», деп ерекше атап өтті. Аталған ұйым аясында еліміздің маңызды орын алатындығы Елбасының осы сөзінен көрініп тұр.
Осыдан он жыл бұрын Шанхай ынтымақтастық ұйымын құру туралы шешімнің қабылдануы стратегиялық жағынан өте дұрыс таңдау болғандығын уақыттың өзі дәлелдеп берді. Азғантай уақыттың ішінде алдына қойған міндет-мақсаттарды табыспен атқаратын қуатты және перспективалы ұйым ретінде танылды. Шекарамыздың бойында қауіпсіздік пен сенімділіктің кең аумағы құрылды. Қазіргі кезде ұйымның негізін алты мемлекет қалап отыр: Қазақстан, Қытай Халық Республикасы, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Тәжікстан және Өзбекстан.
Аймақтағы бейбіт өмірді, қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау, қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы бірлесіп қимылдау секілді басты міндеттер жүзеге асып отыр.
Терроризм, сепаратизм, экстремизм, заңсыз есірткі және қару-жарақ айналымына, трансұлттық қылмыс, заңсыз миграцияға, адам саудасына тосқауыл қою секілді тағы да басқа бағыттарда ұйымның Аймақтық антитеррорлық құрылымының кеңесі мен Атқарушы комитеті қомақты жұмыс жүргізіп келеді. Ал, экономикалық, ғылыми-техникалық ынтымақтастық және гуманитарлық байланыстар өңірдегі халықтың дамуы мен гүлденуіне жаңаша серпін беруде. Осыдан-ақ ұйым болашағының зор екендігін бағамдауға болады.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының белсенді бір мүшесі тәуелсіз Қазақстан дейтін болсақ, соның ішінде өзіңіз басқарып отырған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің аталған ұйымның дамуы мен қалыптасуына қосып отырған үлесі туралы айтып берсеңіз.
– Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті алғашқы күндерден бастап ұйымның жұмысына белсенді қатысып келеді. Өйткені, ҰҚК терроризмге қарсы күрес жүргізетін бірден-бір құзырлы орган болып табылады.
Ұйымның Хатшылығымен, Аймақтық антитеррорлық құрылымның атқарушы комитетімен бірлесе отырып жан-жақты жұмыс істеу тұрақты жолға қойылған.
Лаңкестікке тосқауыл қою бағытында тиісті бағдарламалар жасау, заң жобаларын, құқықтық-нормативтік актілерді дайындау, жоғары дәрежелі саммит, кездесулер мен келіссөздер, оқу-жаттығуларын өткізу, ғылыми конференциялар, семинарлар ұйымдастыру секілді көптеген шараларға ҰҚК тарапынан үлкен көңіл бөлінеді.
Былтырғы жылы Алматы қаласында ұйымның Аймақтық антитеррорлық құрылымы кеңесіне Қазақстан Республикасы төрағалық етіп, оның кезекті 17-ші мәжілісі Алматы қаласында өткізілді. Аймақтық антитеррорлық құрылымы Атқарушы комитетінің директоры мемлекетіміздің тарапынан бекітілді.
Президенттің тапсырмасымен құрылған ҰҚК Антитеррорлық орталығы бүгінгі таңдағы қауіп-қатерлердің жолын кесу бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Қазақстанның басқа құзырлы органдары да қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өзіндік үлестерін қосып келеді. Мысалы, тоғыз мемлекеттік органның өкілдері қатысатын ведомствоаралық үйлестіру кеңесінде осы бойынша нақтылай жұмыстар атқарылады.
Ұйымның құзырлы органдарын қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету мақсатында арнайы қорғалған деректер банкі құрылуда. ҰҚК бастамасымен экстремистік ұйымдардың іс-әрекетіне қарсы бірлесе қимылдау үшін сарапшылар тобы ұйымдастырылды.
Осы жылғы ақпан айында Алматыда «Қауіпсіздік пен ынтымақтастық жолындағы – 10 жыл: Шанхай ынтымақтастық ұйымы кеңістігіндегі қазіргі заманғы қауіп-қатерлерге қарсы сәтті тәжірибелер» деген тақырыппен өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияда ұйымды дамытуға, жұмыс пәрменділігін арттыруға қатысты ұсыныс-пікірлер көп айтылды. Солардың барлығы алдағы уақытта ескерілетін болады.
– Қалыпты жұмыс істеу үшін толыққанды заңдылық, нормативті-құқықтық базаның болуы – қажетті алғышарттардың бірі. Қазіргі уақытқа дейін аталған ұйымның құқықтық негізі толығымен қалыптасып болды ма?
– Ұйымның құқықтық негізі толығымен қалыптасып болды. ҰҚК тарапынан ұсынылған Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмыс істеуіне қажетті мемлекетаралық оннан астам конвенциялар, заңдар, нормативті-құқықтық актілер Парламентте ратификацияланды. Олардың ішінде «Шанхай ынтымақтастық ұйымының терроризмге қарсы күрес конвенциясы», «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдердің аумағында тыйым салынған террористік, экстремистік және сепаратистік ұйымдардың тізімі», «Террористік немесе экстремистік әрекеті үшін іздеу жарияланғандарды іздестірудің бірегей реестрі», «Бірлескен оқу-жаттығуларын өткізу туралы», «Ақпарат алмасу туралы», «Жедел іздестіру туралы», «Қару-жарақ пен оқ-дәрілердің заңсыз айналымының жолын кесу туралы», «Терроризмді қаржыландыру туралы» және тағы да басқа құжаттар бар.
Сондай-ақ, өткен жылдар ішінде Антитеррорлық құрылым Кеңесінің мәжілістерінде қабылданған 200-ден астам шешімдер де жұмыс істеуге қолайлы жағдай жасауда.
«Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің 2010-2012 жылдарға арналған терроризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес бойынша ынтымақтастық бағдарламасы» да басым бағыттардың қатарында.
Осындай заңдық актілер бойынша елімізде тиісті іс-шаралар жүзеге асырылуда. Мысалы, Жоғарғы Соттың шешімімен оннан астам террористік, экстремистік ұйымдардың іс-қимылына республика көлемінде тыйым салынды. Мұндай жұмысты ұйымның басқа мүшелері де жүзеге асыруда.
Заман ағымына сай бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғаса беретін болады.
– Кез келген салада интеграциялық үдерістердің айтарлықтай орын алатындығы белгілі. Осы жағынан келгенде ҰҚК-ның шетелдік арнаулы қызметтермен әріптестік қарым-қатынастары қандай деңгейде?
– Ұйым аясында Ұлттық қауіпсіздік комитеті барлық арнаулы қызметтермен әріптестік байланыстар орнатып, олармен екіжақты, көпжақты келісімдер жасады.
ТМД елдерінің Антитеррорлық орталықтарымен қызметтік байланыс өз деңгейінде жұмыс істеп тұр. Қауіп-қатерлердің алдын алу бойынша ақпарат алмасу, бірлескен операциялар өткізу тұрақты жолға қойылған.
Бұдан бөлек, егемен еліміздің тыныштығын сақтауда, сондай-ақ қоғамдық-саяси сипаттағы, спорттық саладағы, басқа да маңызды шаралардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде бір-біріне әріптестік көмек көрсету кеңінен қолданылып келеді. Мәселен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммиті, Пекин мен Астана-Алматы қалаларында өткен Олимпиада және қысқы Азия ойындары, «Шанхай-ЭКСПО» көрмесі секілді шаралар кезінде жүзеге асты.
Арнаулы қызмет басшыларымен жоғары деңгейдегі кездесулер тұрақты өтуде. Онда маңызды деген түрлі мәселелер талқыланып, шешімін табуда. Жақында ғана Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің мүшесі – Қоғамдық қауіпсіздік министрімен болған кездесу барысында ұйымның негізгі бағыттары сөз болды. Оның ішінде екі елдің қауіпсіздік органдары мен құқық қорғау органдарының арасындағы ынтымақтастықты одан әрі нығайту, мемлекеттік шекараны күзету, терроризм мен экстремизм қауіп-қатеріне қарсы күресу, халықаралық есірткі айналымы, заңсыз миграцияға қатысты мәселелер талқыланды. Осындай кездесулерді Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстандағы құзырлы органдармен өткізу дәстүрге айналған.
– ШЫҰ көлемінде шешілмеген мәселелер бар деп айтуға бола ма?
– Өткен он жыл ішінде көптеген мәселелердің шешілгендігін айтумен қатар, шешілмеген шаруалардың да бар екендігіне тоқталуға тиіспіз.
Баршаға белгілі, террорлық актілер көршілес елдерде болып жатыр. Қазақстан шекарасы олардан таяқ тастам жерде тұрғандығын ұмытпауымыз керек. Мәселен, соңғы уақыттардағы Мәскеудің «Домодедово» әуежайындағы немесе Минск қаласының метрополитенінде болған алапат жарылыстар елді шошындырғаны рас. Бұған іргеміздегі Қырғызстан, Тәжікстан елдеріндегі қайғылы оқиғаларды қосыңыз. Міне, арнайы қызметтер осы жағына көбірек көңіл бөліп, бірлесе қызмет етуі керек.
Терроризм, сепаратизм және экстремизмнің трансұлттық түр-сипатының таралуына байланысты нақтылай шаралардың қажеттілігі сезіліп отыр.
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында өткізілетін оқу-жаттығуларда қандай тәсілдердің пысықталатындығы, олардың сапасы мен нәтижесі туралы айтып өтсеңіз?
– Шанхай ынтымақтастық ұйымының Аймақтық антитеррорлық құрылымы жоспарлы түрде оқу-жаттығуларын ұйымдастырып келеді. Оқу-жаттығулар ұйымға мүше әрбір елдің аумағында кезектесіп өтеді. Онда негізінен тиісті құрылымдардың өзара бірлесіп қимылдауы, жеке құрамның күш-қуат жұмылдыруы, әскери техникалардың пәрменділігін байқау секілді тәсілдер пысықталады.
Өткен жылдар ішінде ұйым шеңберінде «Восток-Антитеррор-2006», «Иссык-Куль-Антитеррор», «Норак-Антитеррор», «Саратов-Антитеррор» секілді оннан астам бірлескен жаттығулар ұйымдастырылды. «Тянь-Шань-Антитеррор №1» жаттығуы Қазақстан мен Қытай аумағында өткізілді. Ал әскери ведомстволардың арасында біздің елімізде өткен «Бейбіт миссия-2010» жаттығуына ҰҚК арнаулы бөлімшесі қатысып, өздерінің жоғары дайындықтарын көрсетті. Осы жылдың мамыр айында ҰҚК-нің өкілдері Қытайдың Қашқар аймағындағы таулы мекенде өткен «Тянь-Шань-Антитеррор №2» бірлескен оқу жаттығуына қатысты.
Оқу-жаттығулардың сапасы, нәтижесі туралы айтар болсақ, антитеррорлық құрылымдардың бірлескен түрде кез келген уақытта, кез келген жерде терроршыларға соққы беруге дайын екендіктерін байқауға болады. Құзырлы органдар аймақтағы тыныштықты, қауіпсіздікті қамтамасыз етуге күштерінің жететіндігін дәлелдеп отыр.
Мұндай іс-шараларды алдағы кезде де өткізу жоспарланған. Ол жағы дұрыс деп санаймын. Әскери мамандардың «Жаттығуда қиын болса, ұрыста жеңіл болады» деген қағидасын ұмытпауымыз керек.
– «Кадрлар бәрін де шешеді» деген сөзді еске алатын болсақ, кез келген істің жоғары деңгейде атқарылуы білікті мамандарға байланысты екендігі белгілі ғой.
– Жалпы, комитет жүйесінде қызметке білікті мамандар қабылдау, дайындау мәселесі өзіндік қалыптасқан, ерекше жүйе бойынша жүргізіледі.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының құзырлы органдары үшін мамандар даярлауға ҰҚК үлкен көңіл бөлуде. «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің антитеррорлық құрылымдары үшін мамандар дайындау туралы келісім» негізінде тиісті іс-шаралар атқарылуда. Бұл дегеніміз – ұйымның болашағына, дамуына жасалып отырған үлкен қадам. Дайындық барысында терроризмге қарсы күрес саласындағы мамандардың теориялық және практикалық біліктілігін арттыру, қазіргі заманғы тактикалық тәсілдерді меңгеру, тәжірибе алмасу жағы қарастырылып отыр. Қаржы мәселесі де бірлесе шешіледі.
Мамандар ұйымға мүше мемлекеттердің әскери оқу орындарында, арнайы орталықтарда дайындалады. Оның ішінде ҰҚК академиясында, Әскери академиясында және арнайы бөлімшенің оқу орталығында бірлесіп оқу, семинар және тренингтер өткізу секілді бағдарламалар бар. Алдағы кезде де бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамыту басты назарда болады.
– Әңгімеңізге рахмет. Қауіпсіздігіміз берік болса, еліміздің де қуатты болатыны даусыз.
Сұхбаттасқан Сауытбек АБДРАХМАНОВ.